«Жазба дереккөздер мен архив құжаттары: зерттеу әдістері мен каталогтар жасау» атты республикалық ғылыми семинар өткізілді.

17 наурыз, 2014

Шығыстану факультетінің арабтану және ирантану кафедрасы Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты жанындағы республикалық тарихи материялдарды зерттеу орталығымен бірге тұңғыш рет 2014-жылдың 11-13 наурыз аралығында «Жазба дереккөздер мен архив құжаттары: зерттеу әдістері мен каталогтар жасау» атты республикалық ғылыми семинар өткізді. Семинардың мақсаты отандық шығыстанушы-ғалымдардың жазба дереккөздер мен архив құжаттарын зерттеу жұмыстарының нәтижелерімен және осы ғалымдардың зерттеу әдістерімен студенттерді, магистранттарды, докторанттарды және жас ғалымдарды таныстыру болып табылады. Сонымен қатар, жас шығыстанушыларды шығыстану ғылымының ең соңғы жетістіктерімен, нәтижелерімен таныстыру және осы әдістерді игерудің жолдарымен таныстыру болатын. Осы мақсатта семинарға танымал қазақстандық ғалым Шығыстану институты Республикалық тарихи материалдарды зерттеу орталығының директоры т.ғ.д., профессор, ҰҒА корреспондент мүшесі М.Қ.Әбусейітова мен бір топ шығыстанушы-ғалымдар атап айтқанда т.ғ.д., үндітанушы Л.Ғ.Ерекешева, т.ғ.к., қытайтанушы Ж.Ошан, ф.ғ.к., моңғолтанушы Н.Базылған, PhD доктор Ы.Палтөре, PhD доктор Ғ.Қамбарбекова, т.ғ.к. А.Нұрманова, т.ғ.к. Д.Медеровалар аталмыш семинарда шығыстану ғылымының түрлі салалары бойынша дәріс оқыды. Семинарға шақырылған дәріскерлер шығыс және батыс елдерінің қолжазба қорларында сақталған араб, парсы, түрік, моңғол және қытай тілдеріндегі жазба дереккөздер мен архив құжаттарын зерттеудің жолдары мен каталогтар жасаудың әдістерін қатысушылар назарына ұсынды. Семинарға қатысушылар семинар барысында отандық шығыстану ғылымының тың зерттеулерімен, қолжазбалар мен архив құжаттарын зерттеудің жаңа әдістерімен жан-жақты танысты және дәріскерлерге өздерін қызықтыратын сұрақтар қойып, пікір алмасты. Семинарға шығыстану факультетінің студенттерінен басқа, ғылыми зерттеу институттарының ғалымдары мен ЖОО оқытушылары, студенттер, магистранттар мен докторанттар қатысты. Сондай-ақ Ғылымы кітапхана мен Ұлттық кітапхананың Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар бөлімінің қызметкерлері де қатысып, үлкен белсенділік танытты. Ғылыми семинар барысында отандық деректану ғылымы мен мұрағат құжаттарын зерттеу саласының түрлі жаңалықтары мен өзекті мәселелер ортаға салынып, қызу талқыға түсті. Семинар соңында қатысушыларға сертификаттар беріліп ұйымдастырушыларға алғыс хаттар табысталды.