Қазіргі кезең білектің емес, білімнің заманы
Елбасымыз 2050 жылға дейінгі стратегиялық бағдарымызды анықтаған тарихи Жолдауында: «Біздің ендігі міндетіміз – егемендік жылдары қол жеткізгеннің барлығын сақтай отырып, ХХІ ғасырда орнықты дамуды жалғастыру» деген болатын. Оған жетудің басты факторы – ғылым мен білімді дамыту. Әсіресе, ғылыми қамтымды экономика құру. Себебі, болашақта экономиканың дамуы ғылыммен тығыз байланысты болмақ.
Әлемдік кеңістіктегі ірі ғылыми-зерттеу орталығына айналып отырған әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің бүгінгі көкжиегі айрықша. Ұлттық білім ордасының ашылуының 80 жылдық мерекесі – бүгінгі таңда Қазақстан білімінің үлкен мерекесіне айналып отыр. Біз осыған орай, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің бірінші проректоры, химия ғылымының докторы, профессор Мұхамбетқали Мырзабайұлы БҮРКІТБАЕВТЫ әңгімеге тартқан едік.
– Мұхамбетқали Мырзабайұлы, бүгінгі таңда әлемдік білім беру үрдісінде жүріп жатқан өзгерістерде бәсекеге қабілетті болу үшін, еліміздің жоғары білім беру бағыттары мен саясаты қайта қарастырылып, университеттерде шет ел тәжірибелері кеңінен қолданылуда. Осы бағытта білім ордасының негізгі қағидаты неде?
– Оқытудың жаңа жүйесіне көшу, халықаралық қарым-қатынасты нығайту, озық технологияны меңгеріп, білікті маман даярлауды дамыту – Елбасы Жолдауының негізгі өзегі болса, біз сол үдеден шығуға бар күшімізді жұмылдыру жолында еңбек етудеміз. Біздің бүгінгі ұранымыз – «Білімді ұрпақ – болашақ кепілі». Адамзат қоғамының даму тетігі білім мен ұлттық тәрбиеде. Онсыз ешбір қоғам ілгері баспайды. Еліміздің ең байырғы оқу орындарының бірі – Қазақ Ұлттық университеті бүгінгі таңда сан мыңдаған отбасының Анасы да, Атасы да болып отыр. Білім ордасының дамуына осы оқу орнын басқарып отырған академик Ғалымқайыр Мұтановтың үлесі ерекше болып отыр. Жаңашыл басшы білімді басқарудың заманауи, инновациялық жолдарын тиімді жүргізуінің арқасында оқу ордасының аты бүгінде әлемге танымал болып отыр. ҚазҰУ-де еліміздің барлық өңірінен, сондай-ақ, алыс және жақын шет елден келген 20 мыңға жуық студент білім алып жатқан Қазакстанның ең ірі университеті. Оқу ордасы елімізде оқу үдерісіне білім берудің модульдік ұстанымы негізінде құзыреттілік тәжірибесін, пәнаралық және мәселелік-бағыттаушылық оқытуды енгізген бірегей ұжым. ТМД елдерінің ең ірі ЖОО-дары оның тәжірибесіне жүгініп келеді. Білім ошағының Қазақстанның білім беру саласында жасап жатқан бренді де жеткілікті. Әлемдік бәсекеге төтеп берудің басты шарты – күшті рух пен білім. Тәуелсіздіктің жиырма екі жылында Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесінің мазмұны өзгеріп, жаңа сипатқа ие болды. Елбасының жүргізіп отырған сындарлы саясатының арқасында білім саласында көптеген реформалар жүзеге асып, тың идеяларға дем беріп, жаңаша бетбұрыс жолына түсті.
– Ғылымды индустрияға жеткізу, ғылымды өндіріске енгізу мәселесі еліміз үшін басты мұрат болып отыр. Бұл бағытта тек ғалымдардың ғана күші емес, өндірістің, индустрия өкілдерінің де күші қажет екендігі айқын. Осы саладағы байланыс қандай деңгейде?
– Еліміз басқа елдер үшін жүз жылды қажет ететін жолды жиырма екі жылдың ішінде жүріп өтті. Соңғы үш жылда Қазақстан жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде үлкен серпіліс жасап, 72-орыннан 50-орынға шықты. Ең маңыздысы, осы серпінге инновациялар және адами капиталды дамытуға бағдарланған Мемлекет басшысының сындарлы саясаты негіз салды. Осыған орай, қазақстандық білім беру жүйесінде түбегейлі жаңарулар жүргізілуде. Ғасырлар тоғысындағы жаһандану үрдістері әлемдегі барлық елдер мен аймақтардың өзара кірігуіне, халықаралық байланыстардың кең серпінмен дамуына, рухани-мәдени, тарихи қатысымдық жүйені жетілдіруге алғы-шарттар туғызып отырғаны жаңа дәуірдің жасампаз қуатын танытады. Білім жер бетіндегі миллиардтаған адам баласының негізгі іс-әрекетіне айналды. ҚазҰУ Америка, Еуропа және Азия университеттерімен бірігіп, қосдипломды білім беру бағдарламасын алғаш қолға алды. Бұл әлемдік білім беру кеңістігіндегі ҚазҰУ-дің жоғары бәсекеге қабілеттілігін айқындап берді. Бүгінде ҚазҰУ дипломы бірқатар мамандықтар бойынша беделді Лотарингия университеті, Страсбург менеджмент мектебі, Валенсия политехникалық, Ланьяжоу және т.б. шетелдік университеттер дипломымен тең дәрежеде есептеледі. ҚазҰУ әлемнің ең ірі 400 университетімен әріптестік орнатқан. ҚазҰУ — ТМД елдері университеттері арасында Рио-де-Жанейрода өткен БҰҰ-ның «Рио+20» тұрақты даму бойынша конференциясында жеке секциясын ашқан жалғыз университет. Секция жұмысының нәтижесінде «Жасыл көпір – ұрпақтан-ұрпаққа» халықаралық университеттер бірлестігі құрылды. Бұл университеттің ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жасыл көпір» жаһандық идеясына көрсеткен үлкен қолдауы болды. Қазақстан Президентінің «Жасыл экономиканың стратегиялық трансферт идеясын» және Еуропа, Азия, Америка елдерімен жаһандық әріптестікті ұсынуы әлемде үлкен қызығушылық танытып отыр. Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «XXІ ғасырдағы орнықты дамудың жаһандық энергоэкологиялық стратегиясы» атты еңбегінде жаһандық энергетикалык дамуды қалыптастыру әдістерін пайдалану арқылы XXІ ғасырдағы энергоэкологиялық орнықты даму стратегиясының негіздері ұсынылған. Университетіміздегі ғылыми зерттеу жұмыстарының қайнар көзі Елбасымыздың «Қазақстан – 2050» Стратегиясынан және «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық еңбегінен бастау алады. Мемлекет басшысының «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы елімізді әлемдік өркениеттің биік белестеріне жеткізетін басым бағыттарын саралап берген маңызды құжат, халқымыздың кемел келешегіне, жарқын болашағына деген сенімін нығайтып, ұлы мақсаттарға бастап, жігерлендіретін сындарлы бағдарлама. Тәуелсіздігіміздің 22 жылында университетте қоғам өмірінің барлық салаларында өте жоғары жаңғырту жұмыстары жүргізілді.
– Студенттерді ғылымға тарту мен ғылым мен бизнестің кооперациясы қалай қолға алынып отыр?
– Білім – тәрбие ошағы. Онда берілген тәрбие кез келген жастың буынына бекиді. Кезінде ұлы гуманист Махатма Ганди адамзатқа жойқын залал келтіруі мүмкін жеті әлеуметтік күнәдан сақтандырған. Олар – «принципсіз саясат, бейнетсіз байлық, арсыз рахат, ақиқатсыз білім, имансыз сауда, ізгіліксіз ғылым, құрбандықсыз құлшылық». Осы ақиқи ой танымдардың бәрі университетте басшылыққа алынған.
Елбасы Жолдауында көтерілген келелі мәселенің бірі – жаңа қазақстандық патриотизм. Өз Отанына деген сүйіспеншілік пен сенім әрбір қазақстандықтың жүрегіне ұялаған кезде ғана біз өз елімізді гүлдендіре аламыз. Отансүйгіштік пен елжандылықтың бастау бұлағы – ел ішіндегі ауызбірлік пен түсіністік, ынтымақ пен бірлік. Ынтымағы мен бірлігі жарасқан ел ғана өзін мемлекет ретінде сақтап, қорғай алады, әлемге дамыған мемлекет ретінде танытады. Қазіргі кезең білектің емес, білімнің заманы. Жастары білімді елдің жүзі жарық, болашағы жарқын. Студенттерді отаншылдыққа, патриотизмге тәрбиелеу, мемлекет саясатына баулу жөніндегі іс-шаралар кешені жүзеге асырылуда. Жолдау талаптарына сәйкес жастар саясатын жоғары деңгейге көтеру үнемі ескеріліп отырады. Ұлт көшбасшысы: «Осы құндылықтар арқасында біз әрдайым жеңіске жеттік, елімізді нығайттық, ұлы жетістіктерімізді еселедік. Жаңа қазақстандық патриотизмнің идеялық негізі осы мемлекет құраушы, жалпыұлттық құндылықтарда жатыр», – деп атап көрсетуі тегіннен-тегін емес. Елбасының ойлағаны – еркін елдің ертеңі. Бұл қанатты қамқорлықтың қайтарымы қомақты болуға тиіс. Студенттер өмірін жақсарту, рухани- тәрбиелік құндылықтарды арттыруға инновациялық әлеуметтік бағдарламалардың оң ықпал ететіні айқын. Университетте «Айналаңды нұрландыр», «ҚазҰУ — жасыл кампус», «Салауатты дене мәдениеті», «Отандық кино күні» және т.б. бар. «100 кітап» жобасы аясында ЖОО студенттері оқуға тиіс кітаптарды талқылайтын бірегей пікірталас алаңы құрылған. «Өнегелі өмір» және «Аманат» кітап сериялары университеттің жастарға үлгі боларлық үздік ғалымдары мен түлектеріне арналған. Университеттің қоғамдық басқаруына Түлектер қауымдастығы, Жұмыс берушілер кеңесі, «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ достары» халықаралық клубы тартылған. ҚазҰУ Қазақстан ЖОО-дары арасында ғылыми-технологиялық және инновациялық мүмкіншілік жағынан талассыз көшбасшы болып табылады. Университет халықаралық рейтингтік ғылыми журналдардағы жарияланым саны бойынша да өзге ЖОО-лардан көш ілгері. Мұнда еліміздің басқа университеттерінде кездеспейтін бірегей ғылыми-инновациялық инфрақұрылым жұмыс істейді. Ең қуатты ғылыми-техникалық парк құрылған, онда Қазақстан Республикасында атқарылып жатқан ғылыми-зерттеу жобаларының басым бөлігін жүзеге асырып отырған 30-дан астам ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтары жұмыс істейді. Орталық Азия аймағында алғаш рет әлемге танымал «Нewlett-Packard» компаниясы ҚазҰУ-де заманауи оқу-ғылыми орталығын ашты. Ал жапондық «Konіkcamіnoltа» компаниясы университетте алдыңғы технологиялар лабораториясын құрады. ҚазҰУстуденттері алғаш рет Токио университетінде іс-тәжірибеден өте отырып, жапондықтармен алғашқы қазақстандық наноспутникті жасау туралы ортақ бірегей жобаны жүзеге асыруға кірісті. Бұл зерттеулер болашақта өзге жобалар мен талдамалармен қатар планеталық деңгейдегі «ЭКСПО – 2017» көрмесіне қойылатын болады. «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ инновациялық кластері» жобасы 2010 – 2014 жылдарға арналған Мемлекеттік инновациялық даму бағдарламасына енді. Жоба аясында маңызды басым бағыттар бойынша зерттеулер жүргізілуде: нанотехнологиялық, баламалы энергетика және энергия үнемдеу технологиялары, биологиялық және физико-химиялық технологиялар, фармацевтика салалары негізінде әлеуетті жұмыстар жүргізілуде. ҚазҰУ-де студенттердің оқу-зерттеу және ғылыми-зерттеу жұмыстарының интегративті жүйесі қабылданған, оның нәтижесінде бітіруші және магистрлық жұмыс тақырыптары нақты ғылыми-зерттеу тәжірибелік-құрылымдық зерттемелер тақырыбымен үйлестірілген. Әрбір факультетте студенттік бизнес-инкубатор жұмыс істейді және олар студенттік бастауларды жүзеге асыруда. Елбасы: «Біз білім, ғылым және инновация билігі жүретін постиндустриялық әлемге кетіп барамыз» дей келе, үшінші постиндустриялық төңкеріс дәуірі басталған тұста қазақстандықтардың алдында үлкен міндеттер тұрғанын шегелей айтқан болатын. Бұл бойынша да білім ордасында жоспарлы жұмыстар қолға алынып отыр.
Елбасының «Қазақстан білім қоғамы жолында» атты интерактивті дәрісі елімізді жарқын болашаққа бастаған дара даңғылдың кезекті белесіне жол салып берді. Олардағы асулардан сүрінбей өтудің жолын сілтеп, еңселі еліміздің кемел келешегіне өзіндік сүрлеу салды. Бағдар – еңбекке құрылған қоғамды біліммен ұштастыра отырып, елімізді тек биіктерге ғана жетелейді. Оның шынар басынан Қазақ Ұлттық университетінің көрінетініне сеніміміз мол.Оған оқу орнының профессорлары мен оқытушыларының біліктілігі толық жетеді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен – Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ.