"Айқын" республикалық қоғамдық-саяси күнделікті газет
Мемлекет тік тілді нығайтуға атсалысып жатырмыз
Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетінің деканы, профессор
– Жуырда Қазақстан халқы ассамблеясының жиынында Елбасымыз Қазақ елінің бірлігін, елдігін сақтап тұрған тіл мәселесін көтерді. Бұл орайда осы салаға мықты мамандар даярлап, тіл төңірегінде іргелі ойлар айтып жүрген көрнекті ғалым ретінде мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Елбасымыз дәстүрлі Жолдауында қазақ халқы төл тарихымен, ана тілімен Мәңгілік ел болатындығын айтты. «Қазақстан – 2050» стратегиясының түпкі мақсатында Мәңгілік ел идеясы жатыр. Терең түсінген адамға тәуелсіздігіміздің мәңгілік болуы осынау ұлы идеямен сабақтас.
Ұстаз, ғалым ретінде де ана тіліміздің қолдану аясын кеңейту мақсатында мемлекеттік деңгейде қандай іс-шаралар жасалып жатқанына үнемі баса назар аударамын. Бұл жерде жыл сайын Үкіметтің қолдауымен, Білім және ғылым министрлігінің оқу гранттарының көпшілігі Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына бөлінетіндігін айта кеткеніміз жөн болар. Осының өзі – қазақ тілінің мамандарын даярлауға көп көңіл бөлінетіндігінің дәлелі. Әрбір мемлекеттік қызметкер қазақ тілін білуге міндетті. Мемлекеттік қызметке тұру үшін «Қазтест» жүйесі енгізілді. «Қазтесті» жасауға біздің қазақ тілі ка-федрасының мұғалімдері қатысты. Меніңше, «Қазақпен қазақ қазақша сөйлессін!» деген Елбасы ескертуіне байланысты мемлекеттік тіл мәселесі күн тәртібінен түскен емес.
– ҚазҰУ-ға шетелден келіп оқитын студенттердің және өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін меңгеруі қай деңгейде?
– Қара шаңырақтағы филология факультетінде қырыққа жуық мұғалім ҚазҰУ-дағы 14 факультетке қазақ тілінен дәріс береді. Жыл сайын қазақ тілінің аясын кеңейтуге арналған байқаулар өткізіледі. Бүгінгі таңда қазақ тілінде білім алатындардың қатары көбеюде. Өзге тілде мектеп бітірген басқа ұлт өкілдері бірінші курстан бастап қазақ тілін оқиды. Екі жылдың ішінде қазақ тілін жетік меңгеріп шығады. Университетте студенттер арасында өтетін түрлі байқауда өзге ұлттың балалары қазақша өлең айтады, қазақтың ұлттық киімін киеді. Ана тілімізде шешен сөйлейді. Сондықтан бізде қазақ тілін меңгертуде күн тәртібінде тұрған мәселе жоқ. Ал өз ұлтымыздың азаматтары туған тілін жетік білмесе, ол ата-анасына, өзіне сын деп ойлаймын.
– Биыл оқу ордасының ашылғанына 80 жыл толады. ҚазҰУ-дың жаңа заман талаптарына сай жүзеге асырып жатқан жобалары ретінде нені айтар едіңіз?
– ҚазҰУ соңғы жылдары халықаралық деңгейде жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Әлемдегі ең үздік 300 топ университеттің құрамына енді. Орта Азияда осынау 300 үздік оқу орнының қатарына енген бірінші білім ордасы.
Мамыр айында университетімізде тұңғыш рет Азия университеттері ректорларының Үшінші форумы өткелі отыр. Бұл форум оқу ордамызды әлемге танытудың және мойындатудың төте жолы деп есептеймін. Білім сапасын көтеру, ғылыми жұмыстарды жандандыру, халықаралық тәжірибелердің сәтті жүзеге асуы – біз үшін үлкен мақтаныш. Халықаралық қауымдастық мойындап отырған жетістіктерге жету нәтижесінде ҚазҰУ Орталық Азия жоғары оқу орындары аясында бірінші болып БҰҰ-ның «Академиялық ықпалдастық» жаһандық бағдарламасына қабылданды.
ТМД елдерінің жоғары оқу орындарының ішінен 2012 жылы БҰҰ-ның «Рио+20» жаһандық саммитінде өз секциясын ашқан бірден-бір оқу орны. Аталған саммитте ҚазҰУ ҚР Президентінің «ХХІ ғасырдағы тұрақты дамудың жаһандық энергоэкологиялық стратегиясы» және «Жасыл көпір» идеяларын жүзеге асыру бойынша университеттердің күш-жігерін біріктіретін «Жасыл көпір – ұрпақтан-ұрпаққа» платформасын құру бастамасын көтерді. ТМД университеттері ішінде алғашқылардың бірі болып ҚазҰУ БҰҰ-ның «Академиялық ықпалдастық» бағдарламасының тұрақты даму мәселелері бойыша жаһандық хабқа жетекшілік жасады. Сонымен қатар ҚазҰУ базасында ЮНЕСКО ұсынған UNITWIN бағдарламасына сәйкес тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО-ның Ортаазиялық аймақтық хабы құрылды. Осының барлығы – университеттің ғылымға қосқан үлесі, сапалы білім арқылы жоғары нәтижеге қол жеткізуі арқылы келген ұжым еңбегінің жемісі. Жыл сайын оқу гранттарын алуда да көш бастап келеміз.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға еліміздің аса көрнекті ғалымы, академик Ғалымқайыр Мұтанұлы ректор болып келгелі білім, ғылым саласындағы ең үздік тәжірибелер мен озық технологиялар университеттің іс-тәжірибесіне батыл енгізілуде. Бүкіл ұстаздар еңбегінің нәтижесі индикативті көрсеткіштер арқылы бағалануы жұмыс сапасын жаңа биікке көтерді. Енді әрбір университет оқытушысы өзінің білімін тереңдетіп, заманға сай еңбек етпесе, көшке ілесе алмайды. Соңғы жылдары қазақ тілімен қатар «Үштұғырлы тілдің» аясында халықаралық талаптарға сай бірқатар пәндер ағылшын тілінде өтеді. Ағылшын тілін меңгеру – заман талабы. Қазір көп тілді меңгерген маманға қоғамда сұраныс көп. Қыруар еңбектің арқасында қара шаңырақ Орта Азияда көш бастап тұр.
– Орта Азияда кітап қорының көптігі жөнінен ең үлкен әл-Фараби кітапханасы ашылды. Жыл сайын Фараби оқулары өтіп тұрады. Екінші ұстаздың құрметіне тағы қандай іс-шаралар өткізіледі?
– «Адамға ең әуелі білім емес, тәрбие керек, тәрбиесіз білім – адамзаттың қас жауы» деп әл-Фараби бабамыз айтқандай, студенттердің оқуымен қатар, тәрбиесіне, жеке тұлға болып қалыптасуына ерекше назар аударамыз. Жаңа жобалар, идеяларды іске асыруда ҚазҰУ-дың студенттері елімізге үлгі көрсетіп отыр. Барша студент қауымы оқуы тиіс «Жүз кітап» жобасын жасадық. «Жүз кітап» символикалық мағына, мүмкін, студенттер екі жүз кітап оқитын болар. Бұл – ұлттық идея. Студенттік жылдары әр бала өз мамандығына қатысты жүз кітап оқуы керек. Ұлт ұстазы Абай Құнанбайұлынан бастап, бүкіл тарихымыз бен әдебиетіміз, мәдениетімізді түгендейтін көркем әдебиеттерді жүз кітаптың тізіміне кіргіздік. Сонымен қатар шетелдің үздік әдебиет жауһарларын да қостық. Жүз кітап идеясын бүкіл Қазақстанның студенттері қолдады. Біздің мақсат – жастарға бағыт-бағдар беру, жол сілтеу.
Сонымен қатар жақында «Айналаңды нұрландыр» атты бағдарлама қабылданды. Басты мақсаты – студентке адамгершілік, кісілік, рухани жағынан жетілу жолында рухани қолдау көрсету. Мәселен, қазір мамыр айында өтетін ҚазҰУ-дың сексен жылдығына орай әл-Фараби оқулары басталды. Посткеңестік елдердің ішінде тұңғыш рет кітап қоры екі миллионнан астам әл-Фараби кітапханасы ашылды. Қазақтың бетке ұстары Олжас Сүлейменов бастаған бір топ зиялы қауым тұсауын кесті. Мерейтойға орай Фараби оқулары басталды. Фараби бабамыздың ғылымның әр саласында қолтаңбасы бар. Ғылым мен білімнің дамуына қосқан үлесі ұшан-теңіз. Сондықтан факультеттер арасында әл-Фараби бабамыздың мол мұрасын әр қырынан таныту, насихаттау үшін Фараби оқулары өтіп жатыр. Ғылымның барлық саласындағы мұрасымен жете танысу, бүгінгі жастарға насихаттау арқылы баға жетпес еңбегін келешек ұрпаққа табыстай аламыз.
– Болашақта филология факультетінің жұмысын одан әрі қарай жандандыру мақсатында қандай жаңа жоспарлар жүзеге асырылады?
– Бүгінгі таңда Қазақ тілі факультетінде қос диплом беру қолға алынды. Бізде орыс тілі мен орыс әдебиетінің магистранттары Ресейдің Халықтар достығы университетінде бір жыл оқып келеді. Әрі ҚазҰУ-дың, әрі Ресейдің Халықтар достығы университетінің, яғни қос диплом алады. Сондай-ақ Анкараның Гази университетімен келісімшарт жасауды қарастырып жатырмыз. Былтыр Түркиядан 12 студент бізде үш ай оқып кетті. Бізге түркітілдестердің ішінде ең жақыны – түрік тілі. Қазақ филологиясында оқығандар әрі түрік тілін де меңгеріп шығады. Екі мемлекеттің дипломын алады. Біздің магистранттар 3-6 ай АҚШ, Еуропа, Түркия, Ресейдің ең таңдаулы университеттерінде өз мамандығы бойынша іс-тәжірибеден өтеді. Шетелдің профессорлары ҚазҰУ-ға келіп лекция оқиды. Қазіргі уақытта Польша, Ыстамбұл мемлекеттік университетінің, Анкараның Гази университетінің профессорлары ҚазҰУ-да өз пәндері бойынша сабақ беріп жатыр. Қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі, профессор Алуа Темірболат Мәскеу мемлекеттік университетінде Әдебиет теориясы бойынша лекция оқып қайтты. Орыс пен қазақ әдебиеттану саласының байланысын көптен бері зерттеп жүрген ғалым болғандықтан, Мәскеуге арнайы шақыртты.
Бітіруші студенттер әлемнің кез келген елінде қажетті кадр болуы керек. Ана тілімен қатар ағылшын тілін де терең білуі керек. Әлемнің жетекші оқу орындарымен тәжірибе алмасу студенттердің білім көкжиегін кеңейтуде маңызы өте зор.
– Сексен жылдық мерейтой қарсаңында оқу орнының өткенін бүгінгі студенттерге насихаттау мақсатында қандай жұмыстар жасалып жатыр?
– Өткенсіз келешек жоқ. Тарихы тереңде жатқан қара шаңырақта қазақтың жақсылары мен жайсаңдары еңбек еткен. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов 30 жылдай, Зейнолла Қабдолов жарты ғасырға жуық сабақ берген. Бізде Алаш арыстарының қолтаңбасы қалған тарихи мектеп, бай дәстүр бар. Ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан, Мұхамеджан Қаратаевтан бастап, кеше өмірден озған академик Рымғали Нұрғали ақсақалға дейін, оның арғы жағында Нығмет Сауранбаев, Мәулен Балақаев, түрколог-ғалым Алтай Аманжоловтар сабақ берген. Қазір сол ұлағатты ұстаздардың көзін көрген, лекциясын тыңдаған шәкірттер сабақ береді. Ғасырлар бойы осы дәстүр бізде ұрпақтан-ұрпаққа сақталып келеді. Жыл сайын гранттың иегері атанған 100 баланың жетпісі ҚазҰУ-ды таңдау себебі де сондықтан. Сексен жылдықтың қарсаңында оқу орнының негізін қалап, бүкіл ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған атақты ғалымдардың орасан еңбегін насихаттауда түрлі іс-шаралар жасалуда. Зейнолла Қабдолов, Рымғали Нұрғали оқулары тұрақты өтіп тұрады.
Сонымен қатар «Өнегелі өмір» сериясымен ұстаздарымыздың өнегесін сөз ететін басылым «Қазақ университеті» баспасынан жеке кітап болып жарық көріп жатыр. Мұхтар Әуезов, Қалижан Бекхожин, Бейсенбай Кенжебаев, Ермұхан Бекмаханов, сондай-ақ арамызда еңбек етіп жүрген көрнекті ұстаздар Сұлтан Сартаев, Тұрсынбек Кәкішұлы ағаларымызға арналған кітаптар да жарық көрді. Біріншіден, «Өнегелі өмірді» ҚазҰУ-дың студенттері оқиды. Екіншіден, Қазақстанның барлық оқу орындарына таралады. ҚазҰУ-дың негізін қалап, дамуына, осындай биік дәрежеге жетуіне, өркендеуіне үлес қосқан ғалымдарды ғана шығаруды мақсат еттік.
– «Өнегелі өмір» арнайы пән ретінде оқытыла ма?
– Біздің факультетте арнайы абайтану, әуезовтану пәндері көп жылдан бері оқытылып келеді. Енді Абайдың кемел адам туралы ілімін тереңдетіп оқытатын таңдау пәнін университет көлемінде жүргізсек деген мақсатымыз бар. Себебі Фараби ілімі, Абай ілімі іштей сабақтас, бір-бірін байытатын, толықтыратын тұтас дүние деп есептейміз. Әл-Фараби студенттің ойлау көкжиегін әлемдік деңгейге алып шықса, ал Абай ілімі күллі қазақ елінің рухани болмысына үңілдіреді. Абайдың қанша уақыт өтсе де құндылығы арта түсетін қара сөздері, өлеңдері мен поэмалары қазақтың бойындағы барлық жақсы қасиеттерін танытуда ерекше маңызды. Абайтану – қазақ тарихының, салт-дәстүрінің, рухани мәдениетінің алтын өзегі. Шетелден келген студенттер Абайды оқу арқылы ұлтымыздың салт-дәстүрін, мәдениетін, әдебиетін таниды. Абайдың ілімі – қазақ қоғамында ешқашанда құндылығын төмендетпейтін асыл қазына.
– Студенттердің сапалы білім алумен қатар әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесіне қаншалықты көңіл бөлінуде?
– Студенттердің әлеуметтік, тұрмыстық жағдайын жақсарту үшін «Бір терезе» бағытымен жұмыс жасайтын студенттер орталығы ашылды. Тіркелуден бастап құжат алуға дейінгі қызметтің барлығы бір жерге шоғырланған. Енді студенттер бұрынғыдай есіктен-есікке сабылып, табалдырық тоздырмайды.
Ерекше айта кетерлік жайт, болашақта университет жанынан «Нұрлы қалашық» салынады. Студенттердің білім алуына, ғылыммен айналысуына жан-жақты жағдай жасалады. Сеул университетімен бірігіп студенттік емхана бой көтереді. Студенттерімізге бір қалашықта білім алып, емделіп, спортпен шұғылдануға барлық жағдай жасалады.
Сонымен қатар спорт кешені, бассейн салу жоспарланып отыр. Ректорымыз Елбасының қабылдауында болғанда осындай үлкен жұмыстардың жасалатынын айтты. Жастардың келешегі үшін жасалып жатқан жобаларды Елбасымыз ерекше қолдап отыр.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Майра ЖАНЫСБАЙ