Болашақтың университеті: ол қандай болуы керек?
Білім және ғылым министрлігінде реформа әзірлеуші мамандар алдымыздағы 10-30 жылда Қазақстан жаһандық білім беру кеңістігінде жетекші орындардың бірін алуы ықтимал деп есептейді. Осы орайда, жақын болашақта Қазақстанның жоғары оқу орындарында дәстүрлі және заманауи білім беру арасындағы тепе-теңдікті анықтау мәселесі тұр.
Болашақтың университеті жайлы біз педагогтар әулетінен шыққан ғалым, химия ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің химия және химиялық технология факультетінің деканы Ердос ОҢҒАРБАЕВПЕН әңгімелескен едік.
– Ердос Қалимоллаұлы, көпшілік қазір болашақтың университетінің моделі жайлы жиі айта бастады. Осыған байланысты жаңа сипаттағы білім берудің қандай трендтерін атап көрсетер едіңіз?
– Жоғары білім беру жүйесінде қазір Қазақстанның университеттеріне автономиялық жоғары оқу орны мәртебесін беру жоспарлануда. Бұл олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, жұмыс берушілердің талаптары бойынша білікті маман даярлауға, өздерінің студенттерінің контингентін және оқытушылар құрамын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мысалы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де болашақ маманның құзыреттілігін ескере және қарастыра отырып, жаңа оқу бағдарламалары әзірленіп, сол бойынша оқу үдерістері жүзеге асырылуда. Екінші тренд – заманауи жетістіктерге сай оқыту технологиясының өзгеруі, яғни бұрынғы дәрістік-семинар сабақтары біртіндеп онлайн-курстар мен онлайн-конференция форматына көшуде.
– Елбасымыздың халыққа Жолдауларында халықаралық деңгейдегі университеттер құру мәселесі айтылған еді.
– Иә, Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында зерттеу университеттерін құру жайлы айтылды. Бұл соңғы «Ғылым туралы» заңда да көрсетілген. Бұл – үшінші тренд. Зерттеу университеттері АҚШ, Германия, Жапония және басқа да дамыған елдерде бұрыннан бар, соңғы жылдары Ресейде де бірқатар университеттерге осындай мәртебе берілді. Қазақстанда бұл үдеріс басталып келеді және біздің университетімізде де осы жаңа сапаға лайықты өзгерістер орын алып, инновациялық экономиканы дамытуға қадам жасалуда.
– Бүгінде білім беру жүйесі жол айрығында тұрған сияқты, бір жағынан заман ағымына сай асығыстық дейміз бе, әлде ұтқырлық па, пайда болды. Бұл жаңа тұрпаттағы құбылыстарға алып келді, солардың бірі, өкінішке қарай, көңіл қуантпайтын жайт – қазіргі студенттер кітап оқымайды, «Википедиядан» кітаптың немесе материалдың қысқаша мазмұнын қарай салады. Екінші жағынан, мысалы, ұлттық университет байырғы жоғары оқу орындарының бірі ретінде көбіне дәстүрлі классикалық формаға жүгіне ме?
– Бүгінгі күні біз ақпараттық әлемде өмір сүріп жатырмыз және күн сайын жаңа білімдер пайда болады. «Кім ақпаратты білсе, сол әлемді билейді» деген сөз бар емес пе? Білімді алудың және жеткізудің классикалық және заманауи әдістеріне шекара қою қажет емес деп есептеймін, себебі, кез келген ғылымда студенттің белгілі бір білім қоры болуы керек және ол оны үнемі жетілдіріп отыруы қажет. Кітап терең білімнің көзі болып әрқашан да қала береді, ал Интернет кітапты сол қажет минутта тауып, қарап шығуға ғана мүмкіндік береді.
– Студенттеріңізге қандай әдебиетті оқуға ұсыныс жасар едіңіз?
– Біздің университетімізде әрбір студент оқып шығуға тиіс «100 кітап» деген әлеуметтік жоба қолға алынған. Сол 100 кітаптың тізімінде әлемдік және еліміздің классик және танымал ақын-жазушылары, философтары мен ғалымдарының еңбектері кіргізілген. Егер студент университет қабырғасында жүріп осы кітаптарды оқып шығатын болса, одан қоғамдық өмірде өз көзқарасы бар білімді де білікті маман шығады деген сенімдемін.
Ал белгілі бір нақты пәндер бойынша сол пәнге қатысты оқулықтар мен оқу құралдары ұсынылады. Сонымен бірге, ғылымға ден қойып жүрген жастарымызға біздің факультетте шығарылатын «ҚазҰУ хабаршысы. Химия сериясы», ағылшын тілінде жарық көретін «International Journal of Biology and Chemistry», Scopus мәліметтер базасына кіретін еліміздегі жалғыз «Eurasian Chemico-Technological Journal» журналдарын ұсынуға болады. Соңғы журналды Елбасымыз «жаһандық ғылымның рейтингісі бар журналдар санатына кіретін Қазақстандағы бірден-бір журнал» деп атап көрсеткен болатын.
– Осы жылы 80 жасқа келіп отырған университеттің басты жетістігі деп нені айтар едіңіз?
– Университеттің басты жетістіктерінің бірі – бұл әлемдік білім беру кеңістігіне енуі. Британдық QS агенттігі рейтингінің 2013 жылғы қорытындысы бойынша ҚазҰУ әлемдік үздік 300 университеттер тізіміне енді, бұл тізімге ТМД елдерінен ресейлік екі және біздің университет қана еніп отыр. Бұл жетістікке жетуге факультет ұстаздары мен ғалымдарының да қосқан үлесі өте жоғары. Бұл – белгілі химик-ғалымдар Х.Қ.Оспанов, З.А.Мансұров, Г.А.Мунның физикалық химия, химиялық физика, полимерлер химиясы салаларында ашқан, Халықаралық авторлар академиясында тіркелген жаңалықтары. Профессор М.Қ.Наурызбаевтың жетекшілігімен ағын суларды тазалауға арналған шунгитті композициялық материалдар өндірісі жұмыс жасап жатыр. Академик Қ.А.Жұбанов пен профессор Ж.Қ.Қайырбековтің жетекшілігімен көмірден синтетикалық мұнай алуға арналған кешен әзірленді. Профессор Ж.А.Әбіловтің жетекшілігімен бірқатар отандық дәрілік препараттар нарыққа шығарылды.
– «Қазақстан-2050» Стратегиясының аясында қандай инновациялық жобалар жүзеге асырылуда?
– Ректор Ғ.Мұтановтың бастамасымен әрбір факультет пен кафедрада жаңа серпінді жобалар іске асырыла бастады. Біздің факультетте «Қазақстандағы жасыл химия» ғылым-білім беру орталығы, табиғи нысандарды радиациялық бақылау орталығы жұмысқа кірісті. Қазақстан-Пәкістан бағдарламасы бойынша отандық өсімдік шикізаты негізінде дәрілік препараттар өндірісі іске қосылатын болады. Базалық майлар, экологиялық таза бензин алу және ілеспе газдарды өңдеу үшін катализаторлар дайындау жұмыстары жүргізілуде. Нанокөміртекті гемосорбенттер алу үшін Қазақстан-британ зертханасы құрылды.
– Сіз химик болуды өткен ғасырдың 90-жылдары таңдаған екенсіз, өзіңіз химиктер отбасынансыз ба? Мұны сұрап отырған себебім, сол жылдары көп нәрсе өзгеріп, көптеген салаларда сабақтастық жоғалып кетті ғой. Ал, бүгінде химия ғылымында қандай өзгерістер бар деп ойлайсыз?
– Иә, тәуелсіздік алған жылдары қай салада да күрделі кезеңдер болғаны белгілі. Өзіме келсем, ата-анамның арқасында терең білім алдым. Шешем Үміт Тәжібек – тарих пәнінің мұғалімі, әкем Қалимолла Оңғарбаев – химия пәнінің мұғалімі, «Қазақ КСР оқу-ағарту ісінің үздігі», ұзақ жылдар мектеп директоры болды. Әкеміз біздің, яғни балаларының химияға деген қызығушылығын оятып, соның нәтижесінде ҚазҰУ-ге оқуға түстім, кейін көрнекті ғалым, академик Зұлқайыр Мансұровтың жетекшілігімен диссертация қорғадым. 90-жылдары жастар ғылымнан бизнес немесе коммерцияға кетіп, қазір соның әсерінен ғылыми кадрлар тапшылығын сезініп жатсақ та, осы жылдары біздің факультет базасында жаңа ғылыми-зерттеу институттары: жану проблемалары институты, жаңа химиялық технологиялар мен материалдар институты, физика-химиялық зерттеу және талдау әдістерінің орталығы құрылғандығын айта кеткен жөн. Бүгінде бұл орталықтардың зерттеулері әлемге мәлім.
– Қазақстандағы химиктер мектебі Кеңес Одағы кезеңінен кейін де сақталып қалды ғой?
– Әрине, Қазақстандағы химия ғылымының ірі мектептерін белгілі академик-ғалымдар Ә.Б.Бектұров, Б.А.Бірімжанов, Д.В.Сокольский, М.Т.Козловский, О.А.Сонгина және басқалары қалыптастырған еді. Академик М.И.Усановичтің аты қышқылдар мен негіздердің теориясын ұсынған Бренстед пен Льюистің атымен бірге аталады.
– Жеткілікті қуатты зияткерлік негіз бар екен, ал қаржылық қолдау жағы қалай?
– Жоғары оқу орнына мемлекет тарапынан берілетін қолдау негізінен студенттердің және қаржыландырылатын ғылыми-зерттеу жұмыстарының санымен анықталады. 2013 жылы университет бойынша 4,2 млрд. теңгеге ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді, оның 1 млрд.-ы біздің факультет ғалымдарының жұмыстарына тиесілі. Білім және ғылым министрлігі мен Әлемдік Банктің «Технологияларды коммерцияландыру» жобасы бойынша факультет ғалымдары жалпы құны 4,2 млн. АҚШ долларын құрайтын төрт жобаны жүзеге асыруда.
– ҚазҰУ-ді әлемге «есігі ашық» университет деп атайды. Студенттерде шетелдерде оқуға қандай мүмкіндіктер бар?
– Соңғы жылдары мемлекеттің қолдауымен «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасы бойынша факультет студенттері мен магистранттары АҚШ, Малайзия, Ресей университеттерінде бір семестр оқып келді. Қазіргі кезде факультетте ағылшын тілінде оқытатын он бір топ ашылған, бұл олардың шетелде оқуын жалғастыруға мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ, шетелдік студенттер де біздің зертханаларда тағылымдамадан өтіп жүр.
– Болашақтың университетінің әлеуметтік функциясы қандай деп ойлайсыз? Кәсіби маман даярлау ма, әлде өмірге, адамдарға, дүниеге деген белсенді көзқарасты, қарым-қатынасты қалыптастыруға қабілетті маман дайындау ма?
– Екеуі де деп ойлаймын. Кезінде данышпан Әбу Насыр әл-Фараби «Адамға бірінші білім емес, тәрбие керек, тәрбиесіз берілген білім – адамның жауы» деп айтқанын білесіздер. Биылғы мерейтойлы жылы ректор Ғ.Мұтановтың бастамасымен университетте жаңа ғылыми-инновациялық «Al-Farabi University – Smart City» жобасы қолға алынуда, оның мақсаты – «жасыл» кампуста орналасқан «ақылды» университет құру. Мұндағы басты идея Әбу Насыр әл-Фарабидің қайырымды қала туралы еңбектеріне негізделген. Университеттің осындай моделін құратын болсақ, біздің студенттер тек кәсіби жағынан ғана емес, адамгершілік-моральдық тұрғыда да заманға лайықты адамдар болады деп ойлаймын.
– Зерттеу университеті – «ақылды» экономиканың өнімі, бұл ең алдымен, инвестициялар, жаңа технологиялар мен жоғары білімді мамандар, сіз тағы не қосар едіңіз?
– Креативті ғылыми-зерттеулерді қосар едім, бұл – жаңа техникалық зертханалары бар ХХІ ғасыр технологиялары. Мұндай зерттеулер жүргізу үшін, әсіресе, жаратылыстану-техникалық ғылымдар бағытында сәйкес материалдық-техникалық база қажет. Классикалықтан зерттеу университетіне көшкенде біздің еліміздің жоғары оқу орындары ел экономикасына айтарлықтай үлес қоса алады деген сенімдемін.
– Әңгімеңізге рахмет. Факультет деканы ретінде химия ғылымын дамыту, университет пен факультеттің тарихы мен дәстүрін берік сақтау, химиктердің кәсіби командасын ұйымдастыру ісінде табыс тілейміз.
– Көп рахмет. Факультетімізді жиырма алты жыл басқарған ұстаздарымыздың ұстазы Батырбек Бірімжанов «Біз бәріміз бір рудан – химиктер руынанбыз» деп жиі айтады екен. Соның нәтижесінде химиктер арасындағы ұрпақ, дәстүр сабақтастығы бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді.
Ақылды қоғам құру және елімізде «зияткерлік орта» қалыптастыру – Қазақстанның көптеген университеттерінің міндеті. Ғылымдағы жаңалықтар мен студенттерді өнеркәсіп пен бизнесте «ақылды шешім» шығаратын нақты жобаларға жұмылдыру – біздің жалпы әл-ауқатымызды арттыратын зерттеу университеттері деген сөз.
Әңгімелескен
Ирина НИКОНОВА.
АЛМАТЫ.