"ӘДІЛЕТ" ұлттық апталық басылым

14 мамыр, 2014

Вторник, 06 Май 2014 13:58

БІЛІКТІ МАМАН – ҰЛТТЫҢ АЛТЫН ҚАЗЫНАСЫ

Сонау алыс армандарға талпыныс жасап, ертеңгі болашақтың баспалдақтарын таңдай бастаған тұстан үкілі үмітімізге айналған Қазақ ұлттық университетінің табалдырығын аттаған сәтіміз бәріміздің де есімізде. Бойымызды қорқыныш пен күдік билеген біздерді қасиетті алтын ұя сондай бір жылылықпен қарсы алды. Арман жүзеге асты, студент атандық, білім алдық, білікті маман болып шықтық. Есейдік, ер жеттік. Бірақ осынау қасиетті қара шаңыраққа деген ризашылық сезім жүрек түкпірінен саналы ғұмырда өшпестей орын алды. Сол үшін де туған университетіміз біз үшін қадірлі де қастерлі.

Оқу бітіріп, университет қабырғасында еңбек етіп жүрген бүгінгі күндері күнделікті қызметтегі қарбаластың барысында кейде қайда еңбек етіп жүргенің естен шығып кетер сәттер болады. Сондай кезде санада "ҚазҰУ" деген аяулы ұғым жарқ ете қалғанда жүректі ерекше сезім бөлеп, өткен мен бүгіннің жарқын кезеңдері мен кездері көз алдыңда дөңгеленіп жүре береді. Шынын айтсам, сондай сәттерде бір тыныстап, жеңілденіп қалып, қайтадан жұмысқа сондай бір ынта-жігермен кірісіп кетесің. Бұл өзіңді ұясынан қанаттандырып ұшырған қасиетті қара шаңырақтың құдіреті мен оған деген шәкірттік құрметтің қуат-күші болса керек.

Жалпы қазақ білімінің қара шаңырағы деген киелі ұғым – мен үшін халқымыздың дәстүрінен, тарихынан сабақтастық алатын дүние. Міне, биыл біздің университетіміз адами болмыс тұрғысынан алып қарағанда көпті көрген, көп білетін көнекөз даналық жасқа жетіп отыр. Меніңше осы салыстыруда тарихи, рухани жағынан толық негізделген мағыналық мән бар деп білемін. Шындығында солай емес пе?! Еліміздегі университеттердің ең үлкені – біздің университет! Тіпті екіншілікті еншілеген – Қарағанды мемлекеттік университетінен аттай 42 жас үлкендігі бар екен. Мен университетіміздің өсу-өркендеу жолын адам ғұмырымен бекер салыстырып отырған жоқпын. Өйткені білім ордасының негізгі мақсат-міндеті – адам тәрбиелеу, жаңа талап, жас өрімнен қоғамға пайдасын тигізер, ел үмітін ақтар азаматтық тұлға тәрбиелеп шығару. Ендеше балалықтан даналыққа өсірер білім мен ілім бесігін неге шартты түрде адам болмысымен салыстырмасқа? Әрине, университет ел барда, ұлт барда мәңгілікке ұласары белгілі жайт. Оның тарихы да тереңде. Біздің университет бүгінгі мерейлі мерейтойына тарихтың аумалы-төкпелі кезеңдерінен өтіп, уақыт тезіне шыдас бере отырып жетті. Осының өзі оның мәңгілікке кетер болашағына деген сенімділікті оятады.

Мәселен, университетіміздің құрылу тарихына үңілсек, сонау кеңес заманының заңдылықтары үстемдік құрып тұрған шақта сол кездегі КСРО Халық комиссарлары кеңесі қазақ халқы үшін аса маңызды тарихи құжат қабылдады. Ол – Қазақстан тарихында «Қазақстан үшін кадрлар дайындау туралы» деген атаумен белгілі КСРО Халық комиссарлары кеңесінің 1933 жылдың 20 қазанындағы қаулысы. Осылайша, жоғарыдан түсірілген қаулы негізінде Қазақ өлкелік комитеті 1933 жылғы 9 желтоқсанда Қазақ мемлекеттік университетін құру жөнінде тиісті қаулы қабылдады.

Сонымен, қазақ халқының бағына құрылып, бой көтерген алтын ұямыз 1934 жылдың 15 қаңтарынан бастап өз қызметін ресми түрде бастады. Сол уақыттағы құжаттық деректерге сүйен-сек, алғашқы болып физика-математика және биология факультеттерінің 54 студенті білім нәрімен сусындап, білікті маман атануға жолдама алды. Ашылған сәттегі білімнің берік тінді болашақ алып бәйтерегінің екі бұтағы іспетті болған екі факультеттен бүгінде 14 факультет, жалпыуниверситеттік әскери кафедрадан өзге 62 кафедра өніп шықты. Университеттің штаттық оқытушыларының саны 2000-нан астам, оның ішінде академиктер – 39, ғылым докторлары – 378, ғылым кандидаттары – 741, PhD докторлар саны – 52, тек соңғы үш жылдағы жоғарғы оқу орнының үздік оқытушысы грантының иелері – 46. Бұл күнде біздің түлектеріміздің жалпы саны 130 мыңға жуықтады. Асқаралы Алатаудың баурайында кезіндегі екі факультет пен 54 студенттен құрылған кішкене ғана ұжымнан бүгінде «ҚазҰУ қалашығы» деп аталатын «ақылды әрі бақытты қала» жайқалып, жайнап өсіп, қанатын кеңге жаюда.

Университетіміздің 80 жылдығы қарсаңында ғана тұсауы кесілген «AL-FARABI UNIVERSITY SMART CITY» атты ғылыми-инновациялық жоба біздерге жаңа серпін беріп, жарқын болашаққа жетелейді. Әрине, бұл жоба өзінің түп тамырын әл-Фараби бабамыздың «Қайырымды қала тұрғындарынан» алып отырғаны даусыз. Жоба аясында экономикасы және жалпы еңбек ету мүмкіндіктері дамыған қоғам құру мақсатына жетудің университеттік үлесі, жаңа дүниетаным қалыптастырудың басым бағыттары айқындалып, іске асырылатын болады. Университеттің зиялы қауымы алдында осынау университтетің болашағы жайлы жасаған аса қызықты баяндамасында ректор Ғ.Мұтанов бұл жоба жөніндегі ойын былай деп түйіндеді: «Ақылды университет дегеніміз – түптеп келгенде ақылды ұлт, яғни жоғары сапалы интеллектуалды капитал платформасы».

Екінші ұстаз әл-Фараби бабамыздың есімін иеленіп, заманауи технологиялармен жабдықталған, әлемдегі озық 300 университеттің қатарына енген қазақ білімінің қара шаңырағынан түлеп ұшып, бүгінде оның тұрғындарының біріне айналып отырған жандарды, яғни біздерді мен шынайы бақытты адамдармыз деп санаймын. Өйткені біздің университетімізге табиғи тектілік тән, біздің өзіндік дәстүріміз бен бай тарихымыз бар. Үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге үлгі боларлық ұрпақтар сабақтастығы мәңгілікке жол тартып жатыр.

Университетімізде осы 80 жыл ішінде аса қабілетті, дарынды басшылар қызмет еткенін тарихи құжаттамалық деректерді, ресми бұйрықтарды парақтап отырып көз жеткіздім. Ол тұлғалар қатарында Ф.Т.Оликов, И.К.Лукьянец, Т.Т.Тәжібаев, А.З.Закарин, Т.Б.Дарқанбаев, Ө.А.Жолдасбеков, Е.Ерғожин, М.Әбділдин, К.Нәрібаев сынды ректорларымыз бар. Есімдері руханият тарихына алтын әріптермен жазылған асыл оқытушыларымызды біз әрқашан мақтан тұтамыз. Мүмкін мерейтой сайын жасалатын жылнамаларда олардың есімдері сан рет қайталанатын болар, бірақ елінің болашағы үшін тер төгіп, қиын-қыстау кезеңдерде ұрпақ тәрбиесімен айналысқан азаматтардың есімін әр уақытта есімізде сақтауымыз керек. Сондықтан да біз университет қабырғасында еңбек еткен А.Б.Бектұров, Қ.И.Сәтбаев, М.Әуезов, С.Кеңесбаев, Ә.Марғұлан, Е.Бекмаханов, Б.Бірімжанов, А.Қасымжанов, З.Қабдолов, Ө.Сұлтанғазин, Я.Әубәкіров, Д.Сокольский, А.Т.Лукьянов және т.б. ғұлама оқытушыларымызға жүрегіміздің төрінен орын беріп, есімін қашанда ардақтап өтуге тиіспіз. Уақыт өткен сайын, университет есейе түсіп, тоқсан жылдық, бір ғасырлық мерейтойлық жылнамалары әр уақытта жазыла берері хақ. Себебі өткенін ұмытпаған, дәстүрін қастерлеген халықта ғана жарқын болашақ бар деп ойлаймын. Қазіргі ортамызда жүрген қазақ ұлтының зиялы қауымын құрайтын, даналықтың, парасаттың алтын қорына айналған заманауи ғалымдар сол бір кезеңдерде ардақ тұтар университетінің даңқын асқақтатарына біз сенімдіміз. Өйткені даналықтан тамыр тартқан дәстүр жалғастығы өзінің алтын арқауын еш үзбек емес.

Білікті кадрларды іріктеу, болашақта еліміздің рухани алтын қоры болатын мамандарды университетке жинақтау, түрлі деңгейдегі марапаттаулар мен маңызды құжаттарды ведомстволық мекемелерге тиісті тәртіппен жолдау сынды ауыр да жауапты қызметті жүзеге асыратын кадр және мұрағат істері басқармасы да университеттің мерейтойын жағымды жаңалықтармен қарсы алудан үміткер. Осы тұста сонау кеңестік кезеңнен бүгінге дейін осы кішкене ғана бөлімде қызмет етіп, бүгінгідей «қайырымды әрі бақытты қала» атануға өз үлестерін қосып кеткен аға буын өкілдерін атап өткенді жөн санап отырмын. Олар: Х.Х.Мухамедов, И.П.Волохов, Т.М.Мирханов, З.С.Мякишева, С.Т.Байболатов, Ш.Б.Беркимбаева.

«Әлемдік өркениеттің барлық құндылықтары, барлық экономикалық және мәдени байлықтар виртуалды қаржы институттарымен емес, адамның еңбегімен жасалады» деген Елбасының принципті ойларына біздің ұжымда ерекше көңіл бөлінеді.

Ең басты принцип – адам еңбегіне лайықты баға беру, заман ағымына сай маман болу үшін біліктілікті арттыру міндеттерін жүзеге асыру университеттің персоналды басқару бөліміне жүктелген. Осы міндеттерге жету үшін университетте қызметкерлер аттестациясы туралы, еңбекке қатысу принципін ескеріп қосымша еңбекақы төлеу туралы ережелер дайындалып, іске асырылуда.

Осы мақаланы жазу барысында университетіміздің әр жылдардағы тарихын баяндайтын жылнамаларды сараптай отырып, университет қабырғасында еңбек еткен асыл ұстаздардың өнегелі өмір жолы, ғылыми-ұлағаттық мектебі көз алдымда тізбеленіп, қатты толқыдым. Заң факультетінің түлегі болғандықтан бүгінде өмірден озып кетсе де әрбір қадамы бәрімізге үлгі болған, аса қимас ұстаздарымыз Қ.Бегалиевтің, К.Халиковтың, Н.Мұхитдиновтың жарқын бейнелері әр уақыт есімде. Өмірдің өтпелігіне, уақыттың ауыспалығына өкіне отырып, қастер тұтар университетімнің түлегі болғанымды мәртебе тұтып, «шәкірт жанын аялаған, еңбегін еш аямаған» аяулы ұстаздардан тағылым алғаныма тәубе еттім! Зиялы жанмен өткен әр сұхбатың тағылым мектебі емес пе?! Ондайда мерейің үстем болып, мәртебең өсіп қалады. Өмір мектебі дәрістері өзгешелігінің сыры осында жатса керек.
Иә, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – іргелі білім ордасы, кешенді ғылым орталығы, замананың заңғар перзенттері қызмет еткен қасиетті қара шаңырақ, білім мен ғылымның ғана емес, аса көрнекті мемлекет пен қоғам қайраткерлерін тәрбиелеп өсірген азаматтық тұлға қалыптастыру мен шеберлік шыңдаудың жоғары мектебі.

Ойымды қорыта келе, еліміздің небір ақыл-ой алыптары тарыдай болып талпынып келіп, талап пен талант арқасында тау тұлғаға айналған ұлт мақтанышы – университетіміздің 80 жылдық мерейтойы құтты болсын, ұлағатты ұстаз, талапты білімгер бірлігінің білім-ғылымдағы жемісі мол болсын деген тілек айтқым келеді.

Айнұр МАДИЯРОВА,
кадр және мұрағат істері басқармасының басшысы,
заң ғылымдарының кандидаты