"Қазақ әдебиеті" газеті

23 мамыр, 2014

БІЛІМНІҢ БИІК ОРДАСЫ

Өткен жиырмасыншы ғасырдың алпысыншы жылдарының орта шені. Жасөспірім шағымыз, мектептің оныншы-он бірінші кластарында оқып жүрдік. Ол тұста, аудан орталығында газет-журнал сататын бір ғана киоскі-дүңгіршек болатын. Қолымыз босаған бетте сол жерден барып ақпараттанамыз. Көбінесе, бізді қатты қызықтыратын екі парақ қағазбен шығатын «Қазақ әдебиеті» газеті еді. Бар-жоғы екі тиын тұратын. Газет бетінде жарияланған материалдарды таласа-тармаса, түгін қоймай қақтап оқимыз. Ес жиып қалғандықтан да бүкіл ой-санамыз, екі көзіміз Алматы жақта. Бір жаңалық күтіп, елеңдеп жүреміз. Өйткені, астанамыз Алматы болғандықтан, бар жақсылық, шапағат сол жақтан тарайтын. Әрі қазақтың ең менмін деген бетке ұстарлары: ақындар, жазушылар, әртістер және ең атақты неше түрлі жоғары оқу орындары, толып жатқан зиялы қауым өкілдері – баршасы Алматыдан орын тепкен.


Ал, «Қазақ әдебиеті» газеті тура сол біз аң­са­ған ертегідей өңірден таң-тамаша, қызық-қы­­зық мақалалар, өлең-әңгімелерді жиі-жиі көп басатын. Таңдай қаға, тамсана танысып жа­­тамыз. Көбіне-көп өлеңдер оқимыз. Әсіресе, Әб­ділда Тәжібаев, Қуандық Шаңғытбаев, Сырбай Мәуленов, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мыр­­залиев, Қайрат Жұмағалиев, Жұмекен Нә­жі­меденов, Оспанхан Әубәкіров, т.б. өлеңдері біз­дерді қатты қызықтыратын, тіптен, жаттап ала­тынбыз. Ара-тұра Жамбыл Жабаев, Кенен Әзір­баев сынды ақпа-төкпе халық ақындарының да жырлары жарияланатын. Осындай-осындай материалдар біздің әдеби-көркем шығармашылыққа деген құштарлығымызды бұрынғыдан бетер арт­тыра түсті.

Және де бұлардан өзге газет бетінен Алматы­да­ғы студенттер өмірінен алынған мөлтек сырлы су­реттемелер немесе студенттердің өздері жаз­ған сын мақалалар да ұшырасып қалатын. Қа­зір ойлап қарасақ, солардың көпшілігін С.М.Киров атындағы Еңбек Қызыл Ту орденді Қазақ Мемлекеттік университетіндегі (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) фи­лология және журналистика факультетінің сту­денттері жазған екен ғой! Шамасы, ол кейін мәш­һүр жазушы, ақын, ғалым атанған Әбіш Ке­кіл­баев, Мұхтар Мағауин, Рымғали Нұрғалиев, Дулат Исабековтер оқып жүрген тұс болса керек. Олардың қаламынан шыққан мақалаларда көрініс беретін студенттер жатақханасы, ондағы жастардың тұрмыс-күйі, аңсар-ауаны тартымды баян­далатын. Нәтижесінде айдай Алматыға деген ынтызарлығымыз өлшеусіз өсті. «Шіркін-ай, Каз­ГУ-ді бір көрсек!», – деп армандадық. КазГУ-ден басқа оқу орны жоқтай көрінетін. Мінекей, сөй­тіп, «Қазақ әдебиеті» газеті қазақтың күллі ұл-қыздарын КазГУ-дегі (қазіргі әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ) филология мен журналистика фа­куль­тет­теріне ынтықтырып қойып еді.
Ақырында, күндердің бір күнінде, Құдай жа­рыл­қап мен де КазГУ-дің филология факуль­те­ті­нің студенті атандым. Табаны күректей бес жыл оқы­дым. Студенттік өмірдің айтып тауысқысыз қи­лы-қилы қызықтарын, жұпыны-жүдеу күндерін, тұтқиыл-тосын оқиғаларын бастан кештім. Жақ­сы­сынан үйрендік – тәлім алдық, жаманынан жи­рендік – бойымызды аулақ салдық. Сондағы аса білімдар ұстаз-ағаларымыз бен апаларымыз Ісмет Кеңесбаев, Мәлік Ғабдуллин, Бейсенбай Кенжебаев, Мәулен Балақаев, Темірғали Нұр­тазин, Белгібай Шалабаев, Кәкен Аханов, Ыбырайым Маманов, Сұлтанғали Садырбаев, Ханғали Сүйіншәлиев, Тұрсынбек Кәкішев, Лениншіл Рүстемов, Мархабат Томанов, Орынбасар Төле­ге­нов, Хасан Кәрімов, Рымғали Нұрғалиев, Мұх­тар Мағауин және Нұртай Карбанова, Күлсім Қа­напиева, Ақанай Дәулетова, тағы басқа да өте те­рең ойлы, зиялы кісілерден сабақ алдық.
Аталған кісілердің жүріс-тұрысы, бой-басы, да­уыс-үндері әлі күнге дейін құлағымызда тұр. Тіп­тен, кейбірінің кейде студенттер тарапынан бой көрсетіп қалатын балдыр-балалығымызға, шал­дыр-шалалығымызға кейіп, қатты жекіп тас­тағандарының өзі бізге ғибрат еді. Айлар өтіп, жылдар жылжып, уни­верситетті бітіріп те шықтық. Тағдыр айдап, әр­кім әр жаққа кетті. Біразы Алматыда қалды: га­зет-журнал, радио-телевизия редакцияларын жа­ғалады, өзге де алуан түрлі баспаларда әдеби қыз­меткер атанды. Қайсыбір тобы қазақ тілі мен көр­кем әдебиет мәселелерін зерттеу жолына түс­ті. Соңыра ғылым кандидаттары, докторлары, ака­демиктері лауазымдарын алды.
Ал, мен болсам, студенттік тұрмысымның жұқа-жа­дау болғаны соншалықты, тезірек Алматыдан шы­ғып кетсем екем дедім. Әлде, пәтерде ұзақ жүр­гендіктен бе, қайдам, бұл Алматы дегеніңіз басқа жат жұрттықтар басып қалған, қазақтар қараң-құ­раң, бөтендер бізге тоң-торыс, суық мейірімсіз, тә­кап­пар қала болып шықты. Енді, міне, бір кезде армандай болған Алматыдан екі қолымды төбеме қойып қашып барам! Дипломды алған бетте, көп кешікпей пойызға отырып, жүріп те кеттім. Пойыз қозғалғанда вагон терезесінен сыртқа қарап отырып, «Үһ-һ, Алла-ай!» дегенім әлі есімде. Не айтары бар, содан оңтүстіктің бір қиыр шетіндегі Мойынқұм атырабындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметін жеті жылдай атқардым. Сол кеткеннен мол кетер ме едім, кім біледі, мүмкін, несібем шығар, мені кафедра меңгерушісі, профессор Бейсенбай Кенжебаев пен фольклорист оқымысты Сұлтанғали Садырбаев ұмытпапты.
Ол кез – орыстандыру саясатының барынша шың­ғыра шырқап тұрған уағы еді. Салдары жа­ман­дыққа бастады: ұлт әдебиеті мен мәдениеті, әдет-ғұ­рып, салт-дәстүрлері аяқ астында қалды. Мек­теп­тер­д­егі қазақ тілі пәні бір сағатқа қысқартылып, ол са­ғат орыс тіліне берілді. Жоғары оқу орындарындағы қазақ әдебиетінің аспирантурасы біржолата жабылды. Бұл аздай 1975 жылы орыс тілін одан әрмен те­реңдетіп, жетілдіріп оқыту жөніндегі бүкілодақтық конференцияны сонау Ташкентке апарып өткізді. Ша­масы, қазақтарды орыстандырып болдық де­ген­дегісі ғой деймін. Осындай сұры жаман уақытта Бей­секең мен Сұлтекең Оқу министрлігінің табал­ды­рығын тоздырып жүріп, әупіріммен қазақ әдебиеті ас­пирантурасын әрең дегенде қайтадан ашты-ау! Сон­дағы бір адамдық орынға бәрі жабылып жүріп, ме­ні қабылдады ғой! Ғылыми жұмыс ретінде Сүйін­бай Аронұлының өмірі мен шығармашылығын зерт­теуді міндеттеді. Абырой болғанда, 1981 жылы «Сү­йін­бай Аронұлының поэзиясы және оның тарихи не­гіздері» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап шықтым.
Осы күні осыншама бейнетті жұмыстарды тын­дыр­ған ұстаз-ағаларымды елжірей еске аламын. Жа­рықтық Бейсекең, аса қадірлі Бейсенбай ағамыз, қайран қаларлық кісі еді! Оқитын дәрістері мен семинар сабақтарын асқан ұқыптылық, керемет жауапкершілікпен жүргізетін. Дәріс айтып тұрып, небір әдеби-тарихи тың деректерді алдындағы қа­ғазынан ерінбей-жалықпай ыждаһаттана оқып бе­ретін. Сөйтсек, ауызша сөйлегенде жаңылысып кет­пес үшін, архив қорларындағы құжаттарды жазып алады екен. Студенттер нақпа-нақ, түпнұсқадан мәлімет алсын дегендіктен солай ететіндігін кейін түсіндік қой. Ол кісінің семинар са­бақтарын өткізуі де қызық, біртүрлі көрінетін. Сту­денттердің, әйтеуір, құтылу мақсатында дәптерлеріне шала-шарпы түрте салған жазуларына, курс жұмыс­тарына елеңдей ден қойып, кәдімгідей тыңдап отыратын. Олардың жүрдім-бардым істерін білмейді емес, біледі. Біле тұра, зор сабырлылық сақтап, ежік­теп, ентелеп сұрайды. Онысы мыналардың арасынан бір жылт еткен алтын-күміс кезігіп қала ма деген ниетінен екенін біз тым кеш аңғардық. Дегенмен, Бей­секеңнің ерекше еңбегі ақталып, іздеген алтын-кү­містерін тапты да. Мәселен, қазіргі жұртқа кеңінен мә­лім Мұхтар Мағауин, Мырзатай Жолдасбеков, Рым­ғали Нұрғалиев, Алма Қыраубаева, тағы бас­қалардың ғалым-ұстаздық болмыстары бұл пікірімізді дәлелдейді.
Тағы бір көңілімізге жылы ұялаған азамат – ұл­ты­мыздың ұлы тұлғалары Мұхтар Әуезов, Мәлік Ғаб­дуллин, Бейсенбай Кенжебаев сияқты даңқты кісілерінің үлгі-өнегесін көріп, олардың ізін баса шық­қан ерекше дарынды ғылыми бағыт-бағдары бар, ғажап фольклорист Сұлтанғали Садырбаев еді. Ол кісі бірінші курста «Қазақ халқының ауыз әде­биеті» пәнінен дәрістер оқып, семинар сабақтарын жүргізді. Әлі есімде, алғаш көлем-ауқымы едәуір кең аудиторияға қара костюм, ақ көйлек киген қара торы жүзді, жүрісі екпінді, өзіне аса сенімді жігіт ағасы кіріп келе жатқанда, бәріміз өре түрегеліп ізет көрсеттік. Ә дегенде түр-әлпеті сұсты, қатал көрінді. Айтқандарына құлақ түріп, үйренісе келе байыптап бай­қағанымыз, бұл кісі, әсіресе, сабақты зейін сала тыңдағанды, тапсырманы дер уағында орындағанды қалайды екен. Оқыған дәрістерінің баршасы ғылыми тұжырымды, дәлел-деректері қызғылықты шығып, өте соны тартымды өтетін. Содан да сөздерін есті­гіміз келіп, сабақтарын жібермеуге ұмтыла­тын­быз. Тағы бір ерекшелігі – ол кісі лекция мен семинарға арнаған дәптерлеріміздің сыртқы ұқыпты тазалы­ғына, ішкі мәтіннің мазмұндылығына, көркемдігіне ерекше мән беретін. Дәптердің ішкі-сыртқы бет­теріндегі қазақ ауыз әдебиеті кейіпкерлерін өзімізше ойша елестетіп, сылап-сипап салған бояулы сурет­терімізге ризашылықпен көз тоқтататын. Қайсыбір жұмыстарға аудитория назарын аударып, дәптердің иесін көтермелеп, мақтап қоятын, жақсы бағасын аямайтын. Жалпы, Сұлтан ағамыз студентке нашар, орташа баға қоймайтын. Баршамыз төрт пен бес ала­тынбыз. Сөйтсек, мұның сыры тереңде болып шық­ты – бұл кісі, ең алдымен, өзі жүргізетін «Қазақ хал­қының ауыз әдебиеті» атты пәнді айрықша аялап, шаң жұқтырмайды екен ғой. Халық әдебиеті кейіп­керлерін бейнелеген біздің дәптерге салған су­рет­теріміз, әйтеуір, келісіп тұрмаса да мақтайтындығы – сындарлы ұстазымыз студенттердің өз еліне, же­ріне, ұлтына деген сүйіспеншілігін барынша арттырып, азаматтық тұлғасын қалыптастыруды басты мақ­сат тұтқандығынан болады екен ғой!
Одан бері де талай жылдар өтті, заман құбылып, өз­геріс қазақтардың пайдасына шешілді, тәуел­сіз­дігімізді алдық. Соңғы жиырма үш жылдың ішінде бүгінгі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­си­те­ті де жаңаша жаңғырып, қатты түледі. Бұрындары ой­ға келмеген, келсе де қияли сағым нобайында қалған арман-ниеттер іс жүзіне аса бастады. Ертеректе, кеңестік қызыл өкіметтің кезінде жатақха­на­лар аз, бар-жоғы үш-төрт қабаттан аспайтын, орын жетпегендіктен студенттер сырттан тоғытылған ке­лім­сектердің есігін сағалайтын. Енді, міне, тәуел­сіз­діктің шарапаты тиіп, университеттің жаңадан бой көтерген оқу және жатын ғимараттары қараса көз тойғысыз дәрежеге жетті. Әрқайсысы тоғыз қабат­тан кем емес!
Университетті басқарған ректорлардың барлығы да университетіміздің өсіп-өркендегенін қалады. Ша­малары келгенше, хал-қадерлерінше оқытушы-про­фессорлардың жай-күйін, студенттердің тұрмыс, оқу жайын оңдауға күш салып бақты. Соңғы жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тех­ника ғылымдарының докторы, профессор, акаде­мик Ғалымқайыр Мұтанов басқарып келеді. Менің өзім­ше ойым – осы Ғалекең келгелі университетімізде бір жаңа леп пайда болды. Жаңа басшымыз академик Ғалымқайыр мырза мәселені жаңаша қоя бас­та­ды. Мәселен, бұл кісі университет шаруашылығын ұзын арқан, кең тұсауға салып қоя бермейді екен. Ай соңында көрерміз немесе тоқсан аяқталғанда байқармыз демейтін болып шықты. Бәрін тікелей өзі жіті қадағалап, куәсі болып көріп отырады.
Бәрін айт та бірін айт – тәуелсіз Қазақстан Рес­публикасы жоғары оқу орындарының маңдай алдысы, ту ұстаушысы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биыл 80 жасқа толып отыр­ған шағындағы қол жеткен зор табыстары, ұшы-қиыр­сыз оқу-ғылым, индустрия-өндіріс салала­рын­дағы жетістіктері бүгіндері дүниежүзілік мәнге ие болып отыр. Атап айтқанда, университет шет елдер­дің аса атақты деген оқу орындарымен ғылыми іс­кер­лік қарым-қатынас орнатқан. Жылма-жыл жер-жаһанның әр тарабындағы оқу-өндіріс орындарымен іс-тәжірибе алмасып, тығыз байланыс жасайды. Көрнекті оқытушы профессорларымыз жыл сайын мұхит асып, континент асып, небір жаңа технологияларды игерген білім-ғылым ордаларына барып дәрістер оқып қайтады.
Иә, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситетінде оқып, білім алған адамның арманы жоқ. Бұлай дейтініміз, университеттің ұстаздарының даусын естіп, тәлім-тәрбиесін көру – өз алдына бір қол жетпес биік мәртебе. Өйткені, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің оқу үйіне кіріп барғанда, оның қабырға­ла­рының өзі сізге дәріс оқып тұрғандай әсер аласыз. Ғи­маратына кіріп-шыққан кісінің өзі кенеттен ке­мелденіп, тосын жігер-күш дарығандай күй кешеді. Кеудеңізге ерекше бір нұр құйылып, бойыңызға қуат бі­тіп, қанаттанып, толысып қалғандай боласыз. Ендеше, әл-Фараби атындағы ардақты ұлттық универ­ситетіміз, оның басшылығы, оқытушы-профессорлар, қызметкерлер қауымы жарқырап-жайнап жасай бер­сін, жаңа жетістіктерге, толайым табыстарға ке­неле берсін дейміз!

Мүбәрәк ҮМБЕТАЕВ,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Қазақ әдебиетінің тарихы және теориясы кафедрасының доценті.