"Қазақ әдебиеті" газеті

23 мамыр, 2014

УАҚЫТТЫҢ ТАЛАБЫНА САЙ ӨРКЕНДЕУ

Бүгін, қазақ білімінің қарашаңырағы – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің мерейтойында, біз өзінің 80 жылдығын тойлап жатқан биология факультетінің тарихынан кейбір кезеңдерді еске түсіргіміз келеді. Биология факультетіне сонау 1934 жылдың қаңтар айында 22 студент қабылданған екен. Ол уақытта факультет құрамында Қазақстанның өсімдіктер және жануарлар әлемін зерттеуге кадрлар дайындау үшін 2 кафедра ашылды: ботаника және зоология. Айта кетерлігі, факультет өмірінің алғашқы жылдарынан бастап Алматыға Мәскеуден, Ленинград, Киев, Қазаннан қоныс аударған ғалымдардың тобы жұмыс істеді. Факультет өте қарқынды дамып, нәтижесінде кафедра саны сегізге жетті. Ал 1936 жылы зоологиялық музей, ботаникалық бақ және аумағы 30 га жететін ғылыми тәжірибелік шаруашылық ашылды. Жыл сайын ғылыми жұмыстар мен көрмеге материалдар жинау үшін экспедициялар ұйымдастырылып тұрды. Көптеген оқу экспонаттары мен препараттары факультетіміздің студенттері мен оқытушыларының қолдарымен жасалынды.


Біздің оқытушыларымыз, биофактың алғашқы тү­лектерінің бірі академик Е.В.Гвоздев пен Т.М.Мә­сенов өздерінің ұстаздарын: профессор А.Н.Бартеновты, Б.А.Домбровскийді, Н.В.Пав­­­­­­­ловты, А.С.Лазаренконы, КСРО ҒА-ның кор­респондент-мүшесі В.А.Догельді, доцентер В.С.Бажановты, Н.З.Хусаинованы, П.И.Гро­маковскийді, ассистенттер Н.Т.Агеева мен В.С.Корнилованы, З.А.Ува­ро­ваны ыстық ықыласпен еске алады.
Екінші Дүниежүзілік соғыс жылдары майдан да­ласына ҚазМУ-дың 59 қызметкерлері мен 176 с­туденттері аттанды. Соғысқа кеткен 14 биологы­мыз ұрыста қаза тапты. Биология факультетінің тү­легі А.Г.Попов Кеңес Одағының Батыры, ге­не­рал-лейтенант атанды. Әскери жағдайға, қиын материалды жағдайға қарамастан, факультет оқу процесін жалғастырып, ғылыми және тәрбиелік жұмыстарды атқарып отырды.
Соғыстан кейінгі жылдары факультет өте қар­қынды дамыды. Материалдық-техникалық база жақ­сарып, ғылыми процесс шыңдалды, қыз­мет­кер­лер мен оқытушылардың жоғары квалификациялы кадрлық құрамы қалыптасты.
Жас зерттеушінің ғылымдағы жолы – зерттеу ба­ғытын таңдауымен басталады және жоғарғы буын­ның жетістіктерімен анықталады. Дәл осы ғы­лымда орнын тапқан ғалымдар, студентке немесе жас маманға зерттеу аймағын таңдауына жол сілтейді. Біз үшін жол сілтеп, бағдар көрсеткен ірі ғалымдар биология ғылымының жаңа бағы­ты­ның негізін қалаушы академик Бронислав Алек­сандрович Домбровский және ҚазКСР ҒА-ның корреспондент-мүшесі Төлеген Мәсенұлы Мәсенов болды. 1930 жылдардың аяғында Қаз­Му-де оқытушылар жетіспегендіктен, өз ісіне ше­бер білімді де дарынды жоғарғы курс студент­тері, соның қатарында Төлеген Мәсенов те бар, тө­менгі курс студенттеріне сабақ жүргізген. Жі­гер­лі де қабілетті студентті Арал теңізінің биоре­сурстарын зерттеуші профессор Б.Домбровский байқап, КСРО ҒА-ның экспедициясына қатысуға кеңес береді. Экспедиция жұмыстарына Мәскеу мен Ленинградтан келген ірі ғалымдар да қатыс­ты. Ол ғалымдармен араласу ғылымда өз жолын жаңа бастап келе жатқан жас ғалымға үлкен әсе­рін тигізді. Соның салдарынан ол экспедиция­лар­ға ұзақ жылдар қатысып жүріп, жануарларды жақ­сы зерттеді. Иә, әрине, биология факультетінде бас­қа да ірі ғалымдар болды. Ол адамдар респуб­ликамызда биология ғылымының аяғына тік тұруына көп үлес қосты және осы орайда академиктер Т.Б.Дарқанбаев, Г.З.Бияшев, К.Т.Ташенов және М.Х.Шигаева жайлы бірнеше сөздер айта кеткіміз келеді.
М.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік уни­верситетінің түлегі, өзінен кейін үлкен ғылыми мек­теп қалдырған Темірбай Байбосынұлы Дар­қан­баев дән биохимиясы саласында мойындалған ке­ремет маман болды. Ол университетімізде био­химия және өсімдіктер физиологиясы кафед­ра­сының және Ғылым Академиясында ақуыз бен нук­леин қышқылдарының зертханасының мең­геру­шісі бола жүріп, әр түрлі жоғарғы оқу орында­ры мен ғылыми мекемелерде қазіргі таңға дейін жұмыс жасап жүрген бірнеше өте қабілетті биохи­мик мамандарды дайындап шықты. Дәл сол кезде ол талантты студент Мұрат Айтхожинге кө­ңіл аударып, Мәскеу Мемлекеттік универ­си­те­ті­нің биология факультетіне ауысуына көмек­тес­ті.
Академик Гакаш Закиұлы Бияшев агротехника және қант қызылшасының селекция саласында керемет беделге ие болған адам. Ұзақ уақыт ол Қазақстанда Ботаника институтын, өзі негізін қалаған дарвинизм және генетика кафедрасын басқарды, биология факультетінің деканы болды. Қатал сырт келбетіне қарамастан, Гакаш Закиұлы айналасына тым мейірбан еді. Соның бір мысалы, биология факультетінің әйгілі профессорларының бірі – Владимир Фурсов, өзінің соғыстың алғашқы күн­дері неміс тұтқынына түскеннен соң, аспи­рантураға жолы жабылғанын еске алады. Ол қа­ла маңындағы «Горный Гигант» колхозында бел­гілі бір уақыт аралығында агроном қызметін ат­қара жүріп, Гакаш Закиұлынан көмек сұрайды. Ал ол көмегін аямай, өзінің беделін пайдалана оты­рып, Владимир Фурсовты өзіне аспирант етіп ала­ды. Кейінірек Г.Бияшев кафедраға талантты ға­лым, академик атанып, өзінің ғылыми мек­тебінің негізін қалаған Рахметқажы Берсімбаевты Ре­сейден жұмысқа шақырады.
Әдетте, ірі ғалымдарға деген көзқарас бірдей емес. Бірақ академик Майя Хажетдиновна-Шы­ғае­ва үлкен құрмет пен махаббатқа ие адам­дар­дың бірегейі. М.Х.Шығаева Микробиология инс­титутында көп жылдар бойы жемісті жұмыс іс­теп, факультетке қалыптасқан ғалым болып кел­ді. Ол Ғылым Академиясында ғалым және ұйым­дастырушы ретінде өсті, бірақ ол өмірінің ор­тасында керемет бетбұрыстар жасай алып, уни­верситеттен шақырылған жолдауды қабыл ал­ды. Оның негізгі қасиеттерінің бірі – өзгеріс­тер­ге бейімділігі, ол жаңашылдықтан қорықпай, жақ­сыны танып-білуге тырысуында.
Біз студент шағымызда академик Мұрат Айт­хожинді керемет құрмет тұттық. Кандидаттық дис­сертациясын қорғағаннан кейін Мұрат Әбе­н­ұлы Алматыға келіп, Ғылым Академиясының ірі ғы­лыми қызметкері болды, ғылыми жұмыстардың көп­тігіне қарамай, ол университетте молекуляр­лық биология саласында лекциялар оқыды. Айтхожин керемет лектор болатын. Өзінің пәнi туралы айтқанда, біз кірпік қақпай тыңдаушы едік. Оның қаталдығы мен қатаң талап қоя біле­тін­дігіне қарамастан, көп адамдар оның зерт­ханасының маңынан табылатын. Өкінішке орай, Мұрат Әбен­ұлы өмірден ерте өтті. Бірақ қысқа уа­қыттың ішін­­де ол қазақстандық моле­куляр-биологтар мек­тебін құрып, Ғылым Ака­де­мия­сы­ның құра­мында Биохимия және молекулярлы биология институтының негізін қалады. Өзінің атақ-даң­қына қарамастан (Ғылым Академиясының пре­зиденті, Лениндік премияның лауреаты, депутат жә­не т.б.), қызметкерлеріне үлгі болып, зерт­хана­да тынбай еңбек етті. Ол – жастайынан үлкен ғы­лыми ашылымдар жасаған зерттеушілердің ке­ремет ұжымында жұмыс істеу бақыты бұйырған жан.
Сирек кездесетін адами қасиеттерге ие академик – Қазис Тәшенұлы Тәшенов туралы бір ауыз айтқымыз келіп отыр. Ғылым Академиясында жұмыс жасай жүре, отыз жылдай Қазақ ұлттық университетінде сабақ берген ол бүкіл өмірін Қа­зақстан Ғылым Академиясының Физиология институтымен байланыстырды.
Биофактың 1970–85 жылдар аралығында өр­кендеуіне Өмірбек Жолдасбековтың ректор болуы өз әсерін тигізді. ҚазҰУ-не Жолдасбековтың келуіне Д.А.Қонаевтың тікелей қатысы бар екені белгілі. Ол Жолдасбековті қалалық партия ко­ми­тетінің, Қаз КСР-інің Жоғарғы Кеңес құрамына кір­гізіп, бұрынғы ректорларда болмаған билікті қо­лына берді. Бәлкім, сол кезде еліміздегі жал­ғыз университетті жаңа деңгейге көтеру туралы мә­селе туындаған болар. Осының нәтижесінде жа­ңа университеттік кешен салыну жоспарланды. ҚазМУ қалашығының, жатақханалардың, спорт кешендерінің салынуы туралы мәселенің бә­рі Ө.Жолдасбеков арқылы шешілген. Дәл сол кезде ҚазМУ қалашығы ғылыми-зерттеу жұ­мыстары, студенттердің тұрмысы бойынша жаңа деңгейге көтеріліп, Кеңес Одағының жетекші Уни­верситеттерінің біріне айналды. Академик Жол­дасбековтың кезінде биология факультеті Каз­МУ қалашығынан жаңа корпуске ие болды, оның материалдық техникалық базасы ны­ғай­ты­лып, биологиялық музей құрылды.
1980 жылдардың аяғы мен 1990 жылдардың ба­сы ҚазМУ тарихындағы қиын кезең еді. Әлеу­мет­тік саясаттың және экономиканың шеңберін­де дағ­дарыстың өсуі Кеңестік державаның құ­ла­уына, өндірістің құлдырауына, жұмыс орын­­дары­ның қыс­қаруына алып келді. Көптеген маман-био­лог­тарға өздерінің қызметін, тұратын мекен-жайын ауыстыруына тура келді. Шетелге шыққан биология факультетінің түлектерінің бірқатары алыс шетелдерде және Ресейде керемет ғылыми және қызметтік мансапқа қол жет­кізді. Олардың арасы­нан профессор Дос Сарбасовты (UTHealth Уни­верситетінде молекулярлы және клеткалық онкология кафедрасының профессоры (University of Texas Health Science Center at Houston), Мұрат Сапарбаевты (Фран­циядағы Густав Рози Институтының ДНК репарациясы зертханасының жетекшісі), Руслан Бияшевті (АҚШ-тағы Вирджиния Политехникалық Инс­ти­тутының зертха­на­сының жетекшісі), Тяттим Шай­кеновты (АҚШ-тағы Норфор Университетінің профессоры), Вальтер Вухрерді (ФРГ уни­вер­ситеттерінің профессоры) атап өткеніміз жөн.
Қазіргі таңдағы ҚазҰУ-дің гүлденуі Қазақстан­ның егемендік алуымен қатар келді. Осы уақытта ҚазҰУ-ді К.Н.Нәрібаев, Т.А.Қожамқұлов, Б.Т.Жұ­мағ­ұлов сынды азаматтар басқарғаны белгілі. 2003 жылы ҚазҰУ Орталық Азияның елдері мен жоғарғы оқу орындарының арасында Универ­си­теттердің Ұлы Хартиясына қол қойып, еуропалық білім беру саласына қосылды. Президентіміздің көмегімен 2-ші ҚазҰУ қалашығының құрылысы бас­талып, ескі корпустар мен жатақханалар жөн­деу­ден өтіп, кітапхананың іргетасы қаланды.
Ректор қызметіне академик Ғалымқайыр Мұ­тановтың сайлануымен, ҚазҰУ жаңа көлемді міндеттерді жүзеге асыруға кірісті: халықаралық та­лаптарға сай келетін, ЖОО-ның әлемдік рей­тин­гісінде лайықты орын алатын және білім беру с­­­­­тан­дарттары және ғылыми-зерттеу бағдар­лама­лары, түрлі жобалармен тығыз байланысқан классикалық университетті – зерттеу уни­вер­си­тетіне айналдыру. Соңғы 3 жылда қаржылан­дыру­шы ғылыми жобалардың, біздің ғалымдар мен студенттердің рейтингі халықаралық журналдар­дағы жұмыстарының саны 3-4 есе өсті. Университет құрамында әлемге әйгілі Батыс компания­ла­рының оқу-ғылыми орталықтары құрылған. Сту­денттердің ғылыми зерттеу жұмыстары іске қо­сылды. Қазіргі таңда барлық магистранттар мен докторанттар, сондай-ақ, бакалавриаттың бел­сенді студенттері шетелдік жетекші жоғары оқу орындарына тәжірибе алмасуға шығып тұ­рады, ал өз кезегінде бізде әлемнің дамыған ел­дерінің университеттерінің студенттері ғылыми-өн­дірістік тәжірибеден өтіп жүр.
Заманауи биологияның медицина және ауыл­шаруашылық ғылымының негізі болып табы­ла­тындығы белгілі. Назарбаев Университеті бір­не­ше жыл бұрын факультетіміздің қазіргі таңдағы де­каны, профессор Тамара Шалахметованың 4 да­рынды түлектерін жұмысқа шақыруы кездейсоқ емес. Заманауи медицинаның жоғарғы технологиялы және ғылыми қызметтің бір түрі екені бел­гілі. Дәл осы медицинаның жетістіктеріне бай­ланысты, дамыған елдерде халықтың орта жа­сы 80 жылға жетіп отыр. Осы орайда ҚазҰУ-нің жа­қын жылдарға қойған міндеті – биология және био­технология факультетінде мықты медико-био­логиялық кластер дайындау. Болашақта салынатын Биомедициналық орталық биология факуль­тетін, әлемдік деңгейдегі ғылыми зерттеу ор­та­лығын және заманауи аурухана кешенін бі­рік­тіреді деп болжануда. Осы жоба аясында Оң­түстік Корея университетімен тәжірибе алмасу жоспарлануда. Бұл жобаның жүзеге асуы елі­міздің барлық тұрғындары үшін өте маңызды бол­мақ.

С.Т.НҰРТАЗИН, Қ.Ә.САПАРОВ,
биология ғылымдарының докторлары, профессорлар,
биология және биотехнология факультетінің түлектері.