"Қазақ әдебиеті" газеті

23 мамыр, 2014

ҒЫЛЫМ-БІЛІМНІҢ ҚАРАШАҢЫРАҒЫ

Отандық білім-ғылымның қарашаңырағы – әл-Фа­раби атындағы Қазақ ұлттық университеті биыл 80 жылдық мерейтойын атап өткелі отыр. Осынша ұзақ уақыт ішінде қаншама қазақстандық бұл университетті тәмамдап, жоғары білімді мамандық иесі ретінде үлкен өмірге жолдама алды десеңізші! Қаншама адамның тағдыры осы оқу орнымен байланысты екені өз алдына бөлек әңгіме. Ғасырға жуық тарихы бар қарт ҚазҰУ-дің қол жеткізген жетістіктері де орасан зор.


1971 жылы Кеңес Одағының жоғарғы марапат­та­рының бірі – Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған, 1975 жылы Университеттердің халықаралық ассоциациясына мүше болған, академик Ө.А.Жолдасбеков ректорлық еткен жылдары ҚазҰУ қалашығы салынып, әлемдік стандарттағы кампусы бар университетке айналды. Бүгінгі таңда ректор Ғ.М.Мұтанов басқа­ратын ҚазҰУ әлемдік білім беру кеңістігіне тереңдеп еніп, бі­регей ұлттық университет ретінде өзіндік орнын алып отыр. Соңғы жылдары Quacquarelli Symonds (QS, Ұлыбритания) агенттігінің зерттеулеріне сәйкес, ҚазҰУ үздік секіріс жасап, дүниежүзі деңгейіндегі уни­верситеттер көрсеткіші бойынша әлемнің 700 үз­дік университеті арасында жүргізілетін топ-уни­вер­си­тет­тер рейтингінде 200 орынға жоғарылап, 401-450 дәре­жеге енді. Яғни ҚазҰУ – әлемдік үздік универси­тет­тердің ортаңғы бөлігіне жақындаған Орталық Азия­дағы тұңғыш университет. Посткеңестік кеңістікте Қаз­ҰУ-мен қатар мұндай дәрежеге жеткен тек М.Ло­мо­­носов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті ғана. QS рейтингін жүргізуде жұмыс берушілердің ұсы­ныс-талаптары, ЖОО қызметкерлері мен студент­тері ғылыми жұмыстарына сілтеме жасау индексі, жал­пы ғылыми-зерттеу іс-әрекеттері ескеріледі. Сон­дай-ақ, академиялық абырой-бедел индекстері, оқыту­шы-профессорлар құрамы мен студенттердің ара­ салмағы, шетел оқытушылары мен студенттерінің үлесі секілді түрлі көрсеткіштер де назардан тыс қал­майды. Сонымен қатар, ТМД мен Балтық елдерінің 200 университеті арасындағы рейтингте әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ 20 орынды иеленеді. Салыстыру үшін ай­та кетсек, бұл рейтингте Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ – 53 орында, ал Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ – 70 орын­да екен.
Сексен жылдықтың сеңгіріне шыққан әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ 2011–2012 оқу жылы көктемде, 2012–2013 оқу жылында күзде, яғни бір жылда екі рет мемлекеттік аттестацияда өзінің жоғары деңгейін дә­лелдеп, 2013–2014 оқу жылы күзде халықаралық аккредитациядан, ҚР БҒМ Білім беру жетістіктерін сырт­тай бағалаудан (ВОУД), ал 2014 жылдың басында ұлттық аккредитациядан сәтті өтті. Мұның барлығы бет­ке ұстар Қазақ университетінің атына заты сай еке­­нін көрсетсе керек. Иә, әл-Фараби атындағы Қаз­ҰУ ешбір жарнамаға мұқтаж емес, ел іші мен ха­лық­аралық дәрежеде ерекше орны мен имиджі бар эли­талық жоғары оқу орны, ғылыми-зерттеу универ­ситеті. Біз­дікі тек «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!» деген ниет қана. Қазіргі таңда ҚазҰУ ұжымы 80 жылдық мерейтойды мәні мен мазмұны бай іс-шара­лармен лайықты атап өтуге дайындалуда. Бұл мақ­сат­та төмендегідей бағдарламасы бар мерейтой он­күн­дігін өткізу жоспарланған:
21–22 мамыр. «Еуразиялық әртүрлілік және тұрақ­ты дамуда университеттердің ролі». Азия универси­тет­терінің үшінші форумы.
23 мамыр – «Қазақстандағы Болония процесі: білім беру реформаларын басқарудың тәжірибесі». Халықаралық конференция.
24 мамыр – «Білімнен біліктілікке – кәсіби өсу жолы». ҚазҰУ жазғы семестрінің ашылуы.
25 мамыр – «ҚазҰУ – студенттік спорттың көшбас­шы­сы». Қалалық веложарыс және университеттің үз­дік спортшыларына құрмет көрсету.
26 мамыр – «Қариялар – алтын қазына». Әл-Фа­ра­би атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми және педаго­гикалық қыз­меті ардагерлеріне құрмет көрсету.
27 мамыр – «ҚазҰУ – Қазақстан элитасының ше­бер­ханасы» БАҚ және журналистер арасындағы бай­қау жеңімпаздарын марапаттау.
28 мамыр – «Университет Қазақстан экономи­ка­сының ғылымы қажет ететін даму көзі ретінде». Ғы­лыми-тәжірибелік симпозиум.
29 мамыр – «Интеллектуалды оқудан – интеллектуалды ұлтқа». Халықаралық кітап жәрмеңкесі.
30 мамыр – «Университет – бизнес – қоғам: тәжі­ри­бе және серіктестік болашағы». Жұмыс берушілер форумы; «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – болашаққа ұм­тыл­ған университет». Университет ұжымының салтанатты отырысы мен ҚазҰУ түлектерінің форумы.
31 мамыр – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі күнін тойлау. Түлектер балы.
Сонымен қатар, әлемдік тәжірибеге сәйкес, ҚазҰУ Түлектер қауымдастығы мақсатты капитал жинау жә­не университетті қолдау үшін арналған «ҚазҰУ даму эн­даумент қорын» құруда. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 80 жылдық тойы осылайша мәнді әрі сән-салтанатпен аталып өтпекші. Қазақтың қажырлы Университеті гүл­деніп дами берсін! Университет ұжымына бақыт пен шығармашылық табыс, тәлімгерлеріне жарқын бо­лашақ тілейміз!
Сейілбек МҰСАТАЕВ,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Саясаттану кафедрасының профессоры,
саяси ғылымдарының докторы.