Ұлттық білімнің ұстаханасы
Қазақстанның маңдайалды оқу орындарының бірі – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне 80 жыл толып отыр. Іргелі оқу орны өзінің шаңырағын 1934 жылы еліміз экономикасы мен шаруашылығын көтеруге бетбұрыс жасаған қиын-қыстау кезеңдерде көтерген болатын. Қазіргі таңда бұл оқу орны елдегі алдыңғы қатарлы жоғары да сапалы білім беретін білім ошақтарының біріне айналғаны анық. Сондықтан да атап өтілгелі отырған мерейтой республика жұртшылығын бейжай қалдырмайтындығы сөзсіз.
Тарих үшін 80 жыл аз уақыт болып көрінуі мүмкін. Ал аталған оқу орнының осы уақыт аралығындағы қызметіне терең үңіле қарайтын болсақ, еліміздің дамуында алар орнының салмақты екендігін аңғарамыз. Өйткені қазақтың қара шаңырағынан бүгінгі таңда аты республика деңгейінде ғана емес, бүкіл әлемге танымал талай білім мен ғылым қайраткерлері, ардақты азаматтар шыққандығы мәлім.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – тәуелсіз еліміздің жоғары оқу орындарының арасында шоқтығы биік, қашанда дара тұратын білім ордасы. Әрине, бұл асқақ мәртебе аталған оқу орнының бір күнгі жемісі емес, құрылған күннен бүгінгі уақытқа дейінгі қалыптасу мен дамудың, бірнеше буын өкілдерінің қажырлы еңбегінің нәтижесі. Қазіргі кезеңде бұл жоғары оқу орны дамудың жаңа сатысына аяқ басқандай. Себебі еліміздің тәуелсіздік мұратын баянды ету жаңа стратегиялық мақсаттарды алға тартуда. Сондықтан да ғаламдану үдерісінен қалмай, дамыған елдердің жоғары оқу орындарымен иық тірестіру үшін ғылым мен білімнің жаңа технологияларын оқу үрдісіне алғашқылардың бірі ретінде енгізіп, қомақты нәтижеге қол жеткізуде.
Студенттік спорттың көшбасшысы
«ҚазҰУ – студенттік спорттың көшбасшысы!» деген ұранмен қалалық веложарыстың ашылу салтанатында университеттің үздік спортшыларына құрмет көрсетілді. «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплині кешенінен басталған шара ҚазҰУ-дың спорт кешенінде жалғасты.
Стадионда өткен спорт мерекесінің ашылу салтанатында Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов: «ҚазҰУ еліміздегі ең бірінші ашылған университеттердің бірі. Білім жүйесіндегі орны ерекше бүгінгі университетте оқитын жастарымыз – еліміздің болашағы. Елімізге қажетті мамандықты иемденген түлектер егеменді еліміздің өсіп-өнуіне өзінің үлкен үлесін қосып келеді. Университет спорт, мәдениет және тағы басқа салаларға да көп мән береді. Өздеріңіз көріп отырғандай, ҚазҰУ ректоры, академик Ғ.Мұтанов бастаған ұстаздар мен студенттер жаппай велошеруге қатысып отыр. Осының бәрі салауатты өмір үшін, осының бәрі келешек ұрпағымыздың денінің саулығы үшін жасап жатқан шара» деп атап өтті.
Велошеру барысында спорттық топтардың мерекелік көрсетілімдері мен студенттердің концерті мерекелік көңіл күйді асқақтатты. Мерекенің соңы футболдан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері мен әр жылғы түлектердің арасындағы достық жарыспен аяқталды.
Қазіргі кезеңде университетте 14 факультет, бірнеше іргелі ғылыми зерттеу институттары мен зертханалары жұмыс істейді. Жыл сайынғы іргелі зерттеулерге бөлінетін гранттар мен қаржылардың басым бөлігін осы оқу орны иеленіп, игеріп жатыр. Мұның өзі университеттің тек білім бағытында ғана жүйелі іс жүргізіп отырғандығын білдірмейді. Сонымен қатар ғылымды да орайлы ұштастырып, тең ұстағандығын көрсетеді. Қазіргі кезеңдегі университеттер тек қана заман талабына сәйкес білім ошағы болып қана қоймау керек, сонымен бірге үлкен ғылыми зерттеулерді жүргізетін орталыққа айналуы керек. Университет Елбасы қойып отырған осы талапты ойдағыдай жүзеге асыруға күш салуда.
Іргелі оқу орны Қазақстанның демократиялық, құқықтық мемлекет ретінде орнығуында да өзінің өшпес қолтаңбасын қалдыруда. Университет түлектерінің басым көпшілігі еліміздің заң шығарушы және атқарушы органдарда жемісті еңбек етуде. Олардың қатарында елге танымал заңгерлер, Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сот Төрағасы Қ.Мәми, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы И.Рогов, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты З.Балиева және т.б. бар.
Бүгінгі таңда университетіміз білім беруде жаңа деңгейге көтерілді. Қажырлығы мен қайратының арқасында талай жаңашылдыққа мұрындық болып отырған ҚР ҰҒА-ның академигі, ректорымыз Ғалымқайыр Мұтанұлы Мұтанов деп айта аламыз. Университет басшысы жауапты қызметке кіріскен алғашқы күндерден ұжым алдына жаңа мақсат қойып, оны шешудің нақты міндеттерін белгіледі. Оқу орнының басшылығы 2020 жылға қарай бәсекеге қабілетті мамандар дайындайтын алдыңғы қатарлы әлемдік зерттеу университеттерінің қатарына енуі үшін білім сапасын көтерудің жаңа саясатын тұжырымдады. Бұл саясаттың мақсаты – қоғамдағы жаңа әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге тез бейімделе алатын, жоғары білімді мамандарды даярлау болып табылады. Білім ордасының жаңа миссиясы –ұлттық университеттің білім беру жүйесін, ғылымы мен инновациялық қызметін тиімді ықпалдастыру, сонымен қатар қазіргі интеллектуалды талаптарға және Қазақстан Республикасының Даму стратегиясына сай мамандар әзірлеу.
Бұлардың қағаз жүзінде қалып қоймайтындығын университеттің оқытушы құрамы мен студенттер қауымы толық сенімді. Оқу орнында біліммен қатар ғылым да қарыштап дамуда. Көңіл қуантарлық жағдай университет тарапынан жүзеге асырылып жатқан бұл игі шаралар студенттер тарапынан оң қабылданып, олардың ерік-жігерін тасытуға ықпал етуде. Бүгінгі күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері аталған оқу орнында білім алып жатқандықтарын мақтан тұтады. Отанға деген сүйспеншіліктің, білімге деген құштарлықтың лебі университеттегі шәкірттердің бойында байқалатынын аңғарамыз. Бұл бәріміздің болашаққа деген сенімімізді ұлғайтады. Күннен-күнге осы оқу орнында білім аламын деген студенттер қатарының көбейе түсіп, толастамауы университетіміздің қоғамдағы беделінің арта беретіндігін көрсетеді.
Университет жетістіктері
Еліміздің жетекші жоғары оқу орны ретінде, ҚазҰУ Елбасы қойған міндеттерді орындауға белсене кірісіп, классикалық университеттен әлемдік деңгейдегі заманауи зерттеу университетіне айналу бағдарламасын іске асыру жұмысын бастады. 2011 жылы университеттің кешенді құрылымдық жаңғыртылуы жасалып, кластерлік әдіс негізінде факультеттер дамып, кафедралар ірілендірілді.
Нәтижеге негізделген басқару жүйесі белсенді қолға алынып келеді, ғылым мен инновацияның дамуына, материалдық және ғылыми-зертханалық негіздерге, білім беруге қажетті жағдайлар жасалуда.
Оқу орнының халықаралық деңгейде мойындалуының бір көрінісі – қосдипломдық білім беру бағдарламасының іске асуы болды. ҚазҰУ бұл жөнінде әлемдегі беделді университеттердің деңгейіне жетті.
Университеттің халықаралық ғылыми мүмкіндігінің бір белгісі ҚазҰУ-да әлемге танымал «Hewlett-Packard», «Cisco», «Konica minolta», «Microsoft» компанияларының оқу-ғылыми орталықтары мен зертханаларының ашылуы.
Орталық Азияда теңдесі жоқ жаңа әл-Фараби ғылыми кітапханасы ашылды. Жуық арада «Керемет» жастар ресурстық орталығының тұсауы кесіледі. Жаңа сапалық ұстаным негізінде мұнда «Бір терезе» қағидасымен студенттер барлық қажетті қызмет түрлеріне қол жеткізе алады.
Университет 2013 жылы Орта Азия және Қазақстан жоғары оқу орындары арасында бірінші болып QS World Universiti Rankings халықаралық рейтингісіне еніп, дүниежүзіне танымал 800 университет арасында 299-орынды бағындырып, әлемнің үздік 300 университетінің құрамына енді. Бұл топқа ТМД елдері ЖОО-лары арасында тек – Ломоносов атындағы ММУ, Санкт-Петербор университеті және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғана бар.
Университеттің жаңа формациясын жасау мақсатында ҚазҰУ биыл «Аl-Farabi university smart city» ғылыми-инновациялық жобасын іске қосты. Жоба технологиялық және рухани-адамгершілік тұжырымдардың біртұтастығы негізінде ғылыми, білім беру және әлеуметтік мәселелерді шешудің жаңа заманауи тәсілін ұсына отырып, университеттің кемелді ұрпақ дайындауына негіз болады.
Салтанат Атаханова,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің азаматтық құқық және азаматтық іс жүргізу, еңбек құқығы
кафедрасының профессоры,
заң ғылымдарының кандидаты