Өркениет өлшемі
Талай түлектің арманына айналған еліміздегі шоқтығы биік білім ордасы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрылғанына 80 жыл толды. Университеттің мерейтойы аса маңызды әрі жинақтаушы әлеуеті жоғары оқиға. Қазіргі кезеңде, жоғары оқу орындарында ғылым үйретіп, білім берудің сапасын арттыру мен ұйымдастыру бойынша жүргізіліп жатқан кең көлемді өзгерістер мен реформалар тұрғысынан алып қарағанда, тәрбие жұмысы саласында да жаңаша көзқарас пен жаңаша ұстанымдар қажеттілігі айқын сезіліп отыр. Сондықтан да отандық білім мен ғылымның қарашаңырағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің бұл саладағы тәжірибесі өзгеше.
Иә, университет – іргелі білім ордасы, кешенді ғылым орталығы, заманының заңғар перзенттері қызмет еткен қасиетті қарашаңырақ. Білім мен ғылымның ғана емес, аса көрнекті мемлекет пен қоғам қайраткерлерін тәрбиелеп өсірген, азаматтық тұлға қалыптастыру мен шеберлік шыңдаудың да жоғары сатысы.
Мәселен, аталмыш оқу орнының құрылу тарихына үңілсек, сонау кеңес заманының заңдылықтары үстемдік құрып тұрған шақта КСРО Халық комиссарлары кеңесі қазақ халқы үшін аса маңызды тарихи құжат қабылдады. Ол – Қазақстан тарихында «Қазақстан үшін кадрлар дайындау туралы» деген атаумен белгілі. Ол 1933 жылдың 20 қазанындағы қаулы еді.
Сонымен, қазақ халқының бағына құрылып, бой көтерген алтын ұямыз 1934 жылдың 15 қаңтарынан бастап өз қызметін ресми түрде бастаған. Қазір әл-Фараби атындағы ұлттық университеті қазақтың жетекші классикалық университеті мәртебесіне ие. Бүгінгі күні елдегі білім мен ғылымның ірі орталығына айналып отыр. Университет инновациялық дамудың көшбасшысына айналды. Отанымыздағы барлық білім беру жүйесінің тірегі, білікті ордасы. Мыңдаған түлектері Қазақстанда және оның аумағынан тыс жерлердегі өндірістің барлық салаларында табысты еңбек етіп жүр.
Білім ордасы Президенттің «Сапа саласындағы жетістіктері үшін» сыйлығын иеленді. Оқытушы-профессорлар құрамы 2500 мың адамнан асады екен. Олардың ішінде 400-ден астамы ғылым докторлары, профессорлар болса, ал 800-ден астамы ғылым кандидаттары мен доценттер. Университеттің 14 факультетінде беделді ғылыми мектептер шоғырланған. 180 мамандық бойынша кадр дайындайды. Қарашаңырақ Орталық Азия мемлекеттері жоғары оқу орындары арасында алғашқы болып Еуропалық білім кеңістігіне кірді.
ҚазҰУ-де еліміздің барлық өңірінен, сондай-ақ, алыс және жақын шетелден келген 15 мыңға жуық студент білім алып жатыр. Әлемдік бәсекеге төтеп берудің басты шарты – күшті рух пен білім. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесінің мазмұны өзгеріп, жаңа сипатқа ие болды. Елбасының жүргізіп отырған сындарлы саясатының арқасында, білім саласында көптеген реформалар жүзеге асып, тың идеяларға дем беріп, жаңаша бетбұрыс жолына түсті.
Ұлттық университет Америка, Еуропа және Азия университеттерімен бірігіп, қосдипломды білім беру бағдарламасын алғаш қолға алды. Бұл әлемдік білім беру кеңістігіндегі ҚазҰУ-дің жоғары бәсекеге қабілеттілігін айқындап берді. Мемлекет басшысының «Жасыл экономиканың стратегиялық трансферт идеясын» және Еуропа, Азия, Америка елдерімен жаһандық әріптестікті ұсынуы әлемде үлкен қызығушылық танытып отыр. Нұрсұлтан Назарбаевтың «XXІ ғасырдағы орнықты дамудың жаһандық энергоэкологиялық стратегиясы» атты еңбегінде жаһандық энергетикалык дамуды қалыптастыру әдістерін пайдалану арқылы XXІ ғасырдағы энергоэкологиялық орнықты даму стратегиясының негіздері ұсынылған. Қасиетті білім ордасының ғылыми-зерттеу жұмыстарының қайнар көзі Елбасымыздың «Қазақстан – 2050» Стратегиясынан және «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық еңбегінен бастау алады.
ҚазҰУ инновациялық экономика үшін бәсекеге қабілетті мамандар дайындайтын алдыңғы қатарлы әлемдік зерттеу университеттерінің қатарына енеді. Басты миссиясы – білім беру, ғылым мен инновациялық қызметтің тиімді ықпалдастығы негізінде, қазіргі интеллектуальды талаптарға және еліміздің даму стратегиясына сай кадрлық әлеуетті – жаңа формацияның мамандарын қалыптастыру.
Университет халықаралық рейтингтік ғылыми журналдардағы жарияланым саны бойынша да өзге ЖОО-лардан көш ілгері. Мұнда еліміздің басқа оқу орындарында кездеспейтін бірегей ғылыми-инновациялық инфрақұрылымы жұмыс істейді. Ең қуатты ғылыми-техникалық парк құрылған. Онда елімізде атқарылып жатқан ғылыми-зерттеу жобаларының басым бөлігін жүзеге асырып отырған 30-дан астам ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтары жұмыс істейді. Орталық Азия аймағында алғаш рет әлемге танымал «Нewlett-Packard» компаниясы ҚазҰУ-де заманауи оқу-ғылыми орталығын ашты. Ал жапондық «Konіkcamіnoltа» компаниясы университетте алдыңғы технологиялар лабораториясын құрды.
Елбасы бір сөзінде: «Біз білім, ғылым және инновация билігі жүретін постиндустриялық әлемге кетіп барамыз» дей келе, үшінші постиндустриялық төңкеріс дәуірі басталған тұста қазақстандықтардың алдында үлкен міндеттер тұрғанын шегелей айтқан болатын. Бұл да осы үлкен ұлағатты жолмен келе жатқан ірі оқу орнының көтерер жүгі, жүрер жолы деп білеміз.
Заманауи дәстүр мен инновацияларды біріктіре білген, өзіндік бай дәстүрлерімен танымал әл-Фараби университетінің қазақстандық элитаның бас шеберханасы екендігі жалпыға мәлім. ҚазҰУ-да оқу қашан да үлкен мәртебе және мақтаныш болған. Мұнда мыңдаған талапкерлер мен олардың ата-аналарының үміттері ақталып, армандары орындалады. Түлектері үкіметте, мемлекеттік органдарда, ел экономикасының түрлі салаларында таңдаулы, беделді қызмет атқарады, бұл ЖОО мәртебесін қалыптастыруда басты фактордың бірі.
Университет дипломы бірқатар мамандықтар бойынша беделді Лотарингия университеті, Страсбург менеджмент мектебі, Валенсия политехникалық, Ланьяжоулық т.б. шетелдік университеттер дипломымен тең дәрежеде. Білім ордасы әлемнің ең ірі 400 университетімен әріптестік орнатқан. Олармен жасалған келісімшартқа сәйкес 2011-2013 жылдары академиялық тәжірибе алмасу аясында 3 мыңнан астам шетелдік студент білім алып жүр.
Ұлттық мәртебесі бар оқу орны әлемдік заманауи зерттеу университеттері сынды Вильгельма фон Гумбольдтың мынадай маңызды ұстанымына сүйенеді: «Оқыта отырып зертте, зерттей отырып оқыт». Мұнда еліміздің басқа университеттерінде кездеспейтін бірегей ғылыми-инновациялық инфрақұрылым жұмыс істейді. Соңғы екі жылда ҚазҰУ-да ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-құрастырымдық зерттемеге бөлінетін қаражат 3,8 есе өсіп, 4,5 млрд. теңгені құрады. Бұл белсенді жүргізіліп отырған зерттеу жұмыстарын, бәсекеліліктің барлық талаптарына сай жаңа технологиялар, өнімдер мен материалдар жасалатындығын айқындайды.
Университеттегі әріптестік қарым-қатынасты реттеудің бір жолы ретінде мынадай маңызды құжаттар іске асырылуда: Оқытушылар мен қызметкерлердің корпоративті мәдениет кодексі, ҚазҰУ студентінің Ар-намыс кодексі, оқытушысы мен студенті ережелері. Сонымен қатар, түрлі қоғамдық бірлестіктер жұмыс атқарады: университеттің ақсақалдар алқасы, этика бойынша қоғамдық комиссия, студенттік өзін-өзі басқару ұйымы, эдвайзерлер кеңесі, әдістемелік бюро, т.б. Қоғамдық басқаруға түлектер қауымдастығы, жұмыс берушілер кеңесі, «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ достары» халықаралық клубы тартылған.
ҚазҰУ қалашығы тек көрікті ғана емес, еліміздегі жалғыз әлемдік деңгейдегі шәкірттік кампус. Оның аумағында: музей экспонаттары, Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы, ең ірі спорттық кешен мен стадион орналасқан. Студенттік қалашық толығымен Wi-Fi жүйесіне қосылған. Ыстықкөлде демалыс орны мен заманауи спорттық-сауықтыру лагері бар елдегі жалғыз университет екенін ескерген жөн.
Жоғары оқу орындарының сапалық көрсеткіштерін бағалайтың QS (Ұлыбритания) рейтингтік агенттігінің зерттеу нәтижесінің қорытындысы бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлемнің 800 үздік университеттері арасында 299-орынды бағындырып, әлемдік «Топ-300» үздік ЖОО-лардың қатарына енді. Айта кетерлігі, бұл тізімге ТМД елдерінен 3 жоғары оқу орны енген. Олар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Ломоносов атындағы ММУ мен Санкт-Петербург университеті. ҚазҰУ бұл жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқаны белгілі.
Халықаралық жетекші сарапшылардың пікірінше, ҚазҰУ қызметтің барлық бағыты бойынша сапалы көрсеткіштерді барынша арттырып отыр. Толығымен халықаралық стандарттарға жауап беретін білім бағдарламасына көшкен. Ғалымдар белсенді түрде ғылыми-зерттеулер жүргізеді. Халықаралық деңгейде инновациялық жобалар жүзеге асады, жаңа технологиялар жасалады. Жоғары импакт-факторы журналында ҚазҰУ ғалымдарының жарияланымдар саны жыл сайын артып келеді.
Ел Президенті Н.Назарбаев: «ҚазҰУ бастаған тоғыз ұлттық университетке біз үлкен үміт артамыз. Олар отандық жоғары білім берудің омыртқасы болуы керек», деген еді. Бұл үлкен баға.
Шынында да білім мен ғылым – келешектің кепілі екендігі рас. Ғылым, білімді өсірсе, білім алу секторы білімді тарата отырып, жұмыс күші мен халықтың саналық сапасын арттырады. Ғылымның қозғаушы күші – білім. Білім мен ғылым бірге болғанда ғана нәтижелі болмақ, яғни, жастарға білім бере отырып, оларды ғылымға бейімдеу қажет екендігі өмірлік мәні бар тұжырым.
Бүгінгі таңда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Ақпаратттық және есептеуіш технологиялары институтымен тығыз қарым-қатынаста еңбек етуде. Студенттер біздің ғылыми ортада тәжірибе жинақтап, диплом алды тәжірибеден өтуде. Біздің көптеген ғылыми қызметкерлер университетте дәріс береді, өздерінің ғылыми жетістіктерімен бөліседі. Осындай байланыстар арқасында біздің ғалымдар талантты шәкірттерін тауып жатады.
Мақсат ҚАЛИМОЛДАЕВ,
Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің Ақпараттық және есептеуіш технологиялары институтының басдиректоры, ҰҒА корреспондент-мүшесі, физика-математика ғылымдарының
докторы, профессор.