«ҚазҰУ-дың студенті оқуға тиіс 100 кітап»
ҚазҰУ-да қолға алынған жобалардың бірі – «ҚазҰУ-дың студенті оқуға тиіс 100 кітап» жобасы. Осы жоба аясында ҚазҰУ-дың шығыстану факультеті, қытайтану кафедрасының ұйымдастыруымен халқымыздың аяулы ақын қызы Фариза Оңғарсынова апамыздың шығармашылығына арналған іс-шара өтті. Іс-шараға кафедра оқытушыларымен қатар магистранттар, студенттер қатысты. Іс-шара барысында ақын өмірбаяны, жүріп өткен жолдары тыңдаушы қауымға таныстырылып, ақынның өлеңдерінен жыр-шумақтары тыңдалды. Студенттер және көзін көрген адамдар ақын жайлы естеліктерін айтты. Бір сағаттан астам уақытты қамтыған іс-шарадан өте жақсы әсер алып тарқастық.
Әсіресе, ақынның шығарма-сымен етене таныс емес студенттер мен кейбір оқытушылар үшін Фариза апамызды тану кезеңі енді басталғандай болды. Барлық қатысушылар Фариза апамыздың шығармасымен қайтадан танысуға, оқуға шабыт алып қайтты. Осындай іс-шараның рухани дамып-жетілуімізге, санамызда рухани сілкініс туғызатынына қаншалықты жәрдемі болатынына тағы бір мәрте көзім жеткендей болды. Бұл – «ҚазҰУ-дың студенті оқуға тиіс 100 кітап» жобасы аяасында өткен жүздеген іс-шараның біреуі ғана. Енді бағамдай беруге болады, ҚазҰУ-дың студенттерінің төрт жыл ішінде оқуға тиіс «100 кітап» жобасы халқымыздың, соның ішінде студент жастардың рухани дамуына қаншалықты серпін бермек. Оңды әсерін беретініне қандай мақтау, қолдау білдірсек те жарасады деп ойлаймын. Бұл – тек ҚазҰУ-мен ғана шектелмей, мемлекеттік тұрғыда қолға алынуы тиіс шара. Мұны әрбір үлкенді-кішілі жоғары оқу орындары, мектептер де жаппай қолданысқа енгізетін, ұлтты жарқын болашаққа бастар игі бастамалардың бірі деп есептеймін.
«Айналаңды нұрландыр» жобасы да студенттерді игі істермен айналысуға бағыттайтын шара. Бұл жоба аясында студенттер мен мұғалімдер жетімдер үйіне барып, қал-жағдайларымен танысып қайтады. Жастардың күнәсіз жас сәбилердің қоңырқай өмірін көріп, жүректеріне мейірім шуағы оянып, көздеріне жас алып, өмір сүрудің жауапкершілігі мен дұрыс адам болудың қаншалықты маңызды екенін сезініп, өздерінің ата-аналарының аяулы алақанында армансыз өсіп ер-жетіп келе жатқандарына тәубе келтіріп, өздерін қалай алақанға салып өсірсе, өздері де кейін ата-анасын сондай қамқорлыққа алу керектігін түсінгенін көргенде іштей өзің де бақытқа бөленесің.
Ұлтымыздың рухани дамуына, жастарымыздың өз тамырынан нәр алып өсуіне осындай көптеген игілікті бастамалардың бастаушысы, жаршысы, жанашыры, қамқоры болып жүретін ҚазҰУ-дың ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлының еңбегін ерекше атап өткім келеді. Ол кісінің Қазақстандағы маңдай алды оқу орны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін білім жағынан биік деңгейге көтеріп, білікті мамандар даярлайтын айтулы білім ордасына айналдырып қана қоймай, студент жастардың өз халқының тарихи тамырымен жалғасып, рухани қазынасынан бойына сіңіруге жағдай жасауын ата-баба аманатын арқалаған таза тектіліктің игі қадамы деп есептеймін.
Ұлтқа қызмет ету, туған халқыңа, қасиетті жеріңе деген адалдық, ұрпақ алдындағы жауапкершілік бәрі де осындай қарапайым әрі қасиетті істерден бастау алады. Халқымыздың өткені мен болашағын байланыстырып, Елбасымыз атап өткен дамыған 30 елдің қатарынан ойып тұрып орын алып, әлемдік озық ұлттардың қатарынан көрінетінімізге кәміл сенемін.
Нұртәліп Шарыпқазы,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы
Басқа жаңалықтар
26 қараша, 2024
26 қараша, 2024
26 қараша, 2024