ТІЛЕКҚАБЫЛ РАМАЗАНОВ: «Ғылым өндірісті дамытуы керек»
Ғылымы дамымаған елдің өндірісі дамымайды, өндірісі дамымаған ел өркендемейді. Қазақстан ғылымында болып жатқан соңғы кездегі өзгерістер мен өзекті мәселелер жайлы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Ғылыми-инновациялық жұмыс жөніндегі проректоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, физика- математика ғылымының докторы, профессор Рамазанов Тілекқабыл Сабитұлымен сұқбаттасқан едік:
– Тілекқабыл Сабитұлы, 2010 жылы диссертациялық кеңестер жабылып қалды. Бұрынғы аспирантура алынып тасталды да «магистр», «Доктор PhD» ғылыми деңгейі енгізілді. Осы «Доктор PhD» ғылыми деңгейі туралы айтып берсеңіз?
– Шын мәнісінде, 2010 жылы диссертациялық кеңестер жабылып қалды. Ғылым және білім саласындағы бұрынғы жүйе кандидат, ғылым докторы деген тоқтатылды, жаңа жүйеге көштік. Болон үдерісіне, яғни, бакалавр, магистр және PhD үш сатылы білім беруге бет бұрдық. Осыған байланысты бірқатар талаптар да бар. Еуропалық ғылым жүйесінен интеграциялау мақсатында жүзеге асты. Жалпы PhD доктор академиялық дәреже. 3 жыл міндетті түрде күндізгі бөлімде білім алу қажет. Жас ғалым 3 жылдың ішінде ғылыми тағлымдамадан өтеді, диссертациясының негізгі нәтижелері бойынша бірнеше конференцияларға қатысады. Әрбір докторантқа екі ғылыми жетекші тағайындалады. Бір жетекші ретінде шетелдік беделді ЖОО- ның ғалымдары алынады. Диссертациясының нәтижесін шетелдік ғылыми басылымдарда ағылшын тілінде мақала жариялайды. Шынайы ғалым атақ, дәреже дегенге көп көңіл бөлмейді. Әлемдік деңгейде ғылыми кадрлар еңбегімен бағаланады. Ғылыми базалық журналдарда мақалалары шықса, ғалымның зерттеуіне сілтемелер жасалса, басқа ғалымдар оның ғылыми тұжырымдарын пайдаланса, сол ғалымның еңбегінің нәтижесі саналады. Кеңес үкіметі тұсында жоғары деңгейдегі ғылыми кадрлар дайындау жүйесі бар еді. Бұрын аспирантура, кандидаттық, докторлық қорғайтын. Қазіргі докторлық (PhD) диссертациялар деңгейі бұрынғы Кеңес одағында қорғалған кандидаттық диссертациялар деңгейінен төмен болатын жағдайлар да кездеседі. Шетелде постдокторантура деген бар. Онда оқу мерзімі 3-5, кейбір елдерде 7 жыл. PhD докторлар өзінің жеке тақырыбын зерттеп, ғылыми жобалармен айналысады, ғылыми ізденісін жалғастырады. Сосын жоғары деңгейдегі мақалалар жазады. Ғалымның ғылыми еңбектеріне қарай оны ЖОО қабылдайды. Біз Министрлікке постдокторантуралар ашуға ұсыныстар жібердік. Елімізде 10-15 жылдан кейін кемелденген деңгейдегі ғалымдар мүлде азаяды. Қазіргі PhD докторлар өспейді, керісінше өшеді. Себебі олар ғылыми зерттеулерін постдокторантурада жетілдірулері керек. Сондықтан постдокторантура ашу қазақ ғылымына ауадай қажет. Біз жаңа ғылыми жүйеге көштік, бірақ толық аяқтаған жоқпыз.
– Өзіңіз білесіз, 90–жылдардың басында еліміздің кез келген саласы әлеуметтік қиыншылықтарға тап болды. Ғылым саласындағы қаржы мардымсыз күйге түсті. Соған қарамастан, өз өмірлерін ғылымға арнап, аспирантура оқып, енді кандидаттық диссертацияларын қорғайын деп жүргенде, диссертациялық кеңестер жабылып қалды. ЖОО оқытушылардан ғылыми дәреже талап етеді. Сол тұстағы жас ғалымдар жасы қазір қырыққа таяды. Ғылыми дәреже ала-алмады. Ол буын бүгінде не өндіріске барарын, не ғылыми зерттеулерін жалғастырарын білмей, қырықтың қырқасына таяғанда орта жолда қалды. 90 –жылдары материалдық мақсат көздемей, тек ғылымға бет бұрған қазақ ғалымдары бүгінде докторантураға түсе алмай дал. Докторантураға бөлінетін гранттар тым аз. Кандидаттық диссертациясын қорғауға үлгермеген ғалымдарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Дұрыс айтасыз, дер кезінде қорғай алмай қалған, 90-жылдары ғылымға келген ғалымдар қазір назардан тыс қалды. Біріншіден, әрине мемлекет тарапынан көмек болу керек, докторантураға орынды көбейту керек. Өкінішке қарай, докторантураға физика, химия секілді қолданбалы, іргелі ғылымдарға бір-бір орын ғана бөлінеді. Кандидаттық диссертациясын қорғай алмай қалған мамандардың ғылыми ізденісін жалғастыруға екі жолы бар. Бірінші жолы - PhD докторантураға түсу керек. Университетімізде қазір PhD докторантураға қырықтан асқан ғалымдар түсіп жатыр. Бұл өте дұрыс. Тіпті оқытушылардың магистратураға да түсіп жатқаны да бар. Ол ғалымдар жаңа жүйе арқылы білім алады. Шетелде тағлымдамадан өтеді. Білім алуға ешуақытта кеш емес. Екінші жолы, 2010 жылға дейін бірқатар жұмысы дайын болып қалған, мақалаларын жариялаған ғалымдар өз диссертацияларын Қырғызстанда, Өзбекстанда, Ресейде қорғап келіп жатыр. Себебі аталған елдерде бұрынғы ғылыми жүйе сақталған. Министрлік белгілі бір талаптар негізінде олардың ғылыми дәрежелерін бекітеді. Екінші мәселе, ғылыми атаққа байланысты жалақыға үстемақы қосылады. Біздің университетте бұл мәселе шешілген. Толыққанды жұмыс істемейтін ғылым докторы, профессор, жақсы жұмыс істейтін доценттен аз алуы мүмкін. Себебі, біздің университетте рейтинг жүйесі енгізілген. 90-жылдары Германияның университеттерінде жұмыс жасадым. Ол жақта адамның еңбегіне қарайды. Соңғы жылдарда жариялаған мақалары мен екі-үш жерден ұсыныс болса болды. Ең бастысы ғалымның ғылыми еңбегі бағаланады.
– Қазақстандағы ғылым мен өндірістің байланысына қандай баға бересіз?
– Қазақстанда ғылым мен өндірістің байланысы төмен дәрежеде. Өркениетті елдерде ғылым адам өміріне, қоғамның дамуына пайда әкеледі. Осы тұрғыдан қарағанда Қазақстан ғалымдарының еңбектері зор, бірақ нақты экономика секторына енгізіліп жатқан еңбектер аз. Өйткені, бизнес ғылымға бет бұрған жоқ. Елбасы, Үкімет тарапынан ұсыныстар мен жобалар бар. Инвесторларға, жер қойнауын пайдаланушыларға Елбасының жалпы табыстың 1 пайызын ғылымға бөлесіздер деген ұсынысы бар. Бір үстел басында бір жағында бизнес, бір жағында ғалымдар отырып, бизнесмендер ғалымдарға: «Бізге мынадай-мынадай заттар керек, осыны жасай аласыздар ма?» - деп, тапсырыс береді. Ал ғалымдар кәсіпкер тапсырысына сай тауар жасайды. Финляндияны мысалға алсақ, бұрынғы Кеңес одағымен шикізат алмасатын. 80-жылдардың аяғында олар дағдарысқа ұшырады. Сол тұста олар, ғылым мен өндірісті байналыстырып, ел экономикасын көтерді. Мәселен NOKIA қалай шықты? NOKIA бренді осы бизнес пен ғылымның бірлескен күшінен пайда болған.
– Ғылым мен өндіріс байланысын арттыратын мемлекеттік бағдарламалар бар ма?
– Бар, қазірдің өзінде 19 миллиардқа министрлік байқау жариялады. Ғалымдар кәсіпкерлермен бірлесіп, бизнес 30 пайызын қаржыландырса, 70 пайызын үкімет қаржыландырады. Жайлап осыған біз де келе жатырмыз. Ғылым өндірісте жүзеге аспаса, қоғам игілігіне пайдаланбаса, ол не үшін керек? «Тек теория жүзіндегі ғылымды ешкім түсінбейді, не үшін қажет? Фундаменталды- іргелі теориялық ғылым керек емес» деген бұрыс пікір де бар. Мысалы, осыдан 100 жыл бұрын «кванттық механика» деген ұғым шықты, 3-4 адамнан басқа ешкім түсінген жоқ. Тіпті атақты ғұлама Энштейн де түсінбеді. Ол 60-70 жылдан кейін ғана өндіріске енгізілді. Ол дегеніміз мына компьютер, нанотехнология, биотехнология екен. Жалпы айтқанда ғылым қоғамның дамуына пайда әкелуі керек. Бүгін зерттеген дүниені ертең өндіріске енгіз деген де ағаттық болар. Кейбір ғылыми зерттеулер жүз жылдан кейін ғана пайдаға асып, нәтиже беруі мүмкін.
– Отандық ғалымдар еңбегі өз деңгейінде бағаланып жатыр ма?
– Бағалану деген жақсы қаржы бөлу деген сөз. Қазақстан бойынша айтсақ, қаржы жеткіліксіз. Өркениетті елдерде жалпы табыстан ғылымға 3-4 пайыз қаржы бөлінеді. Елбасы біздегі ғылымға бөлінетін қаржыны 2020 жылға дейін 2 пайызға жеткізуді тапсырды. Қазір елімізде ғылымға жалпы табыстан 0,16 пайыз қаржы бөлінеді. Қаржы жеткілікті болса, ғалымдардың еңбегі жоғары бағаланатын еді. Шын ғалым еңбегіне атақ, дәреже сұрамайды. Бұрын кім мықты болды? Атағы бар адам мықты болды. Қазір ондай емес. Шетелде ғылымды бағалайтын мәліметтер базасы бар. Мәселен Thomson Reuters, Scopus деген ғылыми базалардан әлемдік деңгейдегі ғалымның жазған еңбектері, оның еңбектерін қандай университеттер және кімдер пайдаланды деген мәліметтерді толық алуға болады. Біздің университетте 40-50 ғалымның еңбектері осы әлемдік ғылыми базада тұр. Олар рейтингісі жоғары ғалымдар қатарына жатады.
– Ғалымдардың шет елде ғылыми тағлымдамадан өтуіне қаншалықты көңіл бөлінуде?
– Бұрын жоқ еді. Ғалымдар ұтып алған ғылыми жобаларының есебінен ғана шетелдердегі ғылыми конференцияларға қатысып келетін. «Болашақ» бағдарламасы бұрын бакалаврларға бөлінетін. Қазір бағдарлама ЖОО ғалымдарының ғылыми тағлымдамадан өтуіне үлкен мүмкіндік беріп отыр. Бұл өте жақсы үрдіс. Болашақта кеңейеді, дамиды деп ойлаймын. – Қазір ғалымдардан батыстық импакт- факторы бар басылымдарға ағылшын тілінде ғылыми мақалалар жариялау талап етіледі. Осындай басылымдар туралы да айта кетсеңіз?
– Импакт–фактор туралы жоғарыда айтылды. Университеттегі ғалымдар Хабаршыларға қазақ немесе орыс тілінде мақалалар жариялайды. Бірақ оны кім оқып жатыр? Қазақстанның әлеуетін арттыру үшін, шетелдік ғылыми базаларда көрінгені дұрыс. Бұл жерде де алаяқтық орын алды. Кейбір шетелдік ғылыми басылымдар ғалымдардан үлкен көлемде ақша талап етеді. Бірақ ондай басылымдарды Thomson Reuters, Scopus компаниялары мәліметтік базасынан шығарып тастады. Ең жақсы импакт-факторлы ешбір журнал ешкімнен ақша алған жоқ. Керісінше менің ғылыми мақалама ғалымдар сілтеме жасап, зерттеулерінде пайдаланса, маған гонорар береді.
– Ғылыми дәреже беруде қандай парамертлерге басымдық беріледі? Ғалымның ашқан ғылыми жаңалығының қоғамға беретін прогрессивті сипаты мен өндіріске әкелетін пайдасын ескеру қажет сияқты. Сіз қалай ойлайсыз?
– Докторлық диссертациялар әлемдік деңгейдегі еңбек болу керек. Сондықтан шетелдік жетекші бекітеміз. Екіншіден өндіріске әкелетін пайдасы болу керек. Ол үшін жас ғалымға беретін диссертация тақырыбының маңызы мен өзектілігіне назар аударамыз.
– Өндірісте ұзақ уақыт жұмыс істеген маман жасы ұлғайғанда ЖОО-ларда дәріс оқығысы келсе, ғылыми дәреже алуына мүмкіндігі бар ма?
– Шетелде солай, өндірісте ұзақ жылдар бойы жұмыс істейді де жасы келгенде ЖОО-да сабақ береді. Ондай мамандар жоғары бағаланады. Біз де соған бара жатырмыз. Тәжирибелі маман ол – бұрынғы жұмыс беруші. Ол жас маманның олқы тұсын біледі, дәріс бергенде сол жағына басымдық береді. Бұл тәжірибе шетелде кеңінен таралған. Бізде де белең алып келеді. Себебі маман дайындауда бұл тәжірибенің ұтымды жағы басым.
– Диссертациялық кеңестер жабылмас бұрын ғылыми атақ алуға қатысты қоғамда әртүрлі сыни пікірлер айтылып жүрді. Екінің бірі кандидат, екінің бірі ғалым екендігі айтылып, ғылыми атақты алуда кейбір олқылықтарға жол берілгендігі жайлы мерзімді баспасөз беттерінде де мақалалар жарияланды. Ал қазіргі жүйедегі докторлық (PhD) диссертациялар деңгейі жоғары ма?
– Өкінішке орай, ескі жүйе өте жақсы жүйе, кеңес үкіметі кезінде екінің бірі кандидат, доктор бола бермейтін. Сұрағыңызда айтылған жағдай 90- жылдардың басында орын алды. Депутаттар, билік өкілдері ғылыми атақ алуға талпынды. Ізденуші болып тіркеліп алып, екі жылда кандидаттық, кейін екі -үш жылда докторлығын қорғап алды. Қазіргі жүйенің бір жақсы жері PhD докторантурада ақылы және сырттай оқуға болмайды. Егер қазір біз ақылы докторантура енгізсек, қалталылардың барлығы «PhD доктор» болып шығады.
– Тілекқабыл Сабитұлы, қазіргі қазақ жастарының ғылымға бетбұрысы қалай?
– Мен біраз шетелдерде болдым. Онда барғанда қазақ жастарымен міндетті түрде кездесуге тырысамын. Шетелде білім алып жүрген өте дарынды қазақ жастарын көргенде көңіл қуанады. Біздің жастардың біразы ғылыми еңбектерін шетелдерде қорғап жатыр. Олар шетелде жоғары сұранысқа ие. Бір жағынан жас ғалымдарымыз қазақ елін шетелге танытып жатса, екінші жағынан еліміз мықты ғылыми кадрлардан айырылып қалып отыр.
– Тілекқабыл Сабитұлы, өте маңызды мәселе төңірегінде өрелі ойларыңызбен бөліскеніңізге зор алғысымды білдіремін. Еліміздің ғылымы дамып, өндірісі өркендей берсін! Еңбегіңіз жемісті болсын!
Сұхбаттасқан Мәрия МАЙЛЫҚҰТОВА