ҚазҰУ-да «Тұрақты адамзаттық дамудың жаңа парадигмасы. G-Global – жаһандық диалог үлгісі» атты халықаралық конференция өз жұмыс бастады

10 қараша, 2014

Бүгін Қазақ ұлттық университетінде ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасымжомарт Тоқаевтың қатысуымен «Тұрақты адамзаттық дамудың жаңа парадигмасы. G-Global – жаһандық диалог үлгісі» атты халықаралық конференция ашылды. Адамзаттың жаһандық мәселелері жөніндегі әлемдік деңгейдегі үш күндік кездесу ғалам дамуының осы заманғы парадигмасын, болашақтың жаңа үлгісін жасау үшін беделді халықаралық ұйымдар өкілдерінің бастарын қосты.


ҚазҰУ-мен бірге конференцияны ұйымдастырушылар ретінде Бүкіләлемдік Өнер мен Ғылым Академиясы, Бүкіләлемдік Университеттер Консорциумы және ғалымдардың Еуразиялық экономикалық клубы, ал тең ұйымдастырушылар қатарында – Рим және Мадрид клубтары, Халықаралық Жасыл Айқыш, сондай-ақ, ірі халықаралық қоғамдық бірлестіктер, жоғары оқу орындары мен қорлар шығып отыр. Оның жұмысына ILO, ЮНЕСКО, ПРООН, OECD, Халықаралық Еуропалық Қозғалыс, Бүкіләлемдік Болашақ Даму Қоры және басқалар сияқты халықаралық ұйымдар да атсалысады.

Көптеген жылдар бойы аталған форум Еуропа мен Америка елдерінде өткізіліп келді. Биылғы жылы ұйымдастыру комитетінің шешімі бойынша әлемдік деңгейдегі шара Қазақстанда, елдің жетекші университеті, тұрақты даму жөніндегі БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» бағдарламасының Жаһандық хабына басшылық ететін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қабырғасында ұйымдастырылып отыр.

Конференцияны ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шараға қатысушыларды құттықтаған құттықтау сөзімен таныстырған ҚР Парламент Сенатының Төрағасы Қасымжомарт Тоқаев ашты. Сондай-ақ, пленарлық мәжілісте Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов, ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов, Бүкіләлемдік өнер және ғылым Академиясы мен Бүкіләлемдік университеттер консорциумының президенті Эйтор Гургулино де Соуз, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Олжас Сүлейменов, Рим клубының кеңесшісі және WAAS президент Иво Шлаус және осы ұйымның атқарушы директоры Гарри Джейкобс сөз сөйледі.

Конференция адамзаттың жаһандық үнқатуларын шешуге бағытталған жаңа парадигманы жасау мен жүзеге асыру жөніндегі көрнекті шетелдік және отандық сарапшылар, ел таныған қоғамдық және мемлекеттік қайраткерлер, ақыл иелері үшін ерекше әлемдік диалогтық алаң болып табылады. Алматы кездесуінің басты ерекшелігі – аталған тақырып тұңғыш рет «G-Global» платформасында – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бастама етіп көтерген жаһандық диалог алаңында талқыланып отыр.

Қазіргі заманның өзекті мәселелері Президенттің «2050-Стратегиясында» айқын көрсетілген. Олардың қатарында: демографиялық үйлесімсіздік; азық-түлік мәселесі мен аштық; судың зәрулігі; әлеуметтік теңсіздік; құндылықтар дағдарысы; жаңа әлемдік тұрақсыздық қаупі және басқалар бар. Жоғарыда аталған мәселелерді шешу үшін Мемлекет басшысы өз бастамасын – энергоэкологиялық дамудың жаһандық стратегиясы мен бүгінгі таңда жүзеге асырылып жатқан «Жасыл көпір» бағдарламасын ұсынды. Сондай-ақ, таза технологиялар мен энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалануды ынталандыруға үндейтін Астана қаласындағы «Болашақтың қуаты» – ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін атап көрсеткен жөн.

Соңғы 15 айдың ішінде Бүкіләлемдік академия қазіргі әлемдік дағдарыстардан шығу мәселелері жөнінде БҰҰ-ның Женевадағы (Швейцария) кеңсесінде, Александрия кітапханасында (Египет), Дамушы елдер академиясында (Италия), Черногория ғылым Академиясында, Берклидегі Калифорния университетінде, Вашингтонда (АҚШ), Оттавада (Канада) және Бакуде (Әзірбайжан) бірқатар конференция өткізді.

Алматы конференциясы дамудың жаңа парадигмасын іздеу мен осы заманғы әлемдік құрылымды жетілдіруді терең зерттеу мен талқылау үшін кең ауқымды қамтитын қоғамдастықтар мен ғылыми-ағарту бірлестіктердің өкілдерін жинап отыр. Белгілі шетелдік және отандық сарапшылар, ірі мемлекеттік және қоғамдық қайраткерлер, әлемдік атағы бар ғалымдар білім беру реформаларының, ғылымның әлеуметтік жауапкершілігінің, экономика мен экологияның бірігуінің, жұмыспен қамтудың, құқықтық үстемдігінің, әлеуметтік тұрақтылықтың, қауіпсіздіктің және басқалардың мәселелерін талқылайды. Сөйтіп, көптеген халықаралық ғылыми және білім беру ұйымдары тығыз ынтымақтастықта қалыптасып отырған жағдайдан шығар жолды табуға күш салады.

Форум аясында WAAS пен әлем университеттері Консорциумының президенті Эйтор Гургулино де Соуздың, WAAS-тың бас атқарушы директоры Гарри Джейкобстың, Рим клубының вице-президенті Роберто Печчеидің, Бүкіләлемдік өнер және ғылым Академиясының құрметті президенті Иво Шлаустың, Халықаралық Жасыл Айқыштың президенті Александр Лихотальдың, адамды зерттеу Институтының президенті Альберто Зукконидің қатысуымен баспасөз мәслихаты болып өтті.

Журналистермен жүздескен спикерлер тұрақты даму жөніндегі ағартушылық-зерттеу бағдарламаларын және ақпаратты, идеологияны таратушы орталық тар дәл осы университеттер болуға тиіс екендігін ерекше атап көрсетті. Тұрақты даму үшін қоғамға экология, қоршаған ортаны қорғау, қуат үнемдеу салаларында кәсіпқой мамандар қажет. Адамзатқа ортақ мәселелерді шешу ісінде, диалог жүргізуде және тәжірибе алмасуда әртүрлі елдердің академиялық бірлестіктері күштерін біріктіріп, табысты түрде ынтымақтастық орнатуға тиіс. Бұл бағыттағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың әрекеті үлгі етуге тұрарлықтай.

Сөйтіп, университет тұрақты даму мен қақтығыстарды шешу, сауаттылық, адам құқығына қатысты БҰҰ-ның әлем мойындаған он қағидасын қолдауға бағытталған «академиялық ықпал» бағдарламасына қосылған Орталық Азиядағы бірінші ЖОО болды. Оған қоса, биылғы көктемде БҰҰ-ның шешімі бойынша, ҚазҰУ тұрақты даму мәселелері жөніндегі «United Nation Academic Impact» жаһандық хабын басқаратын болып белгіленді. Аталған бағдарлама аясында университет өзін осы қызметке ғалымдарды белсенді түрде тартатын және ғылыми-ағартушылық ортаны жаһандық мәселелерді шешудің құралы ретінде пайдаланушы жетекші академиялық орталық есебінде табысты түрде көрсете білді.

ҚазҰУ ел Президентінің «Энергоэкологиялық дамудың жаһандық стратегиясы» және «Жасыл көпір» бастамаларына қолдау білдіріп, Бразилиядағы БҰҰ-ның Бүкіләлемдік Форумы аясындағы «РИО+20» жаһандық саммитінде «Ұрпақтарға жалғасар жасыл көпір» жобасымен шығып, секцияны ашқан ТМД университеттерінің ішіндегі бірегейі. Биыл ҚазҰУ-да ЮНЕСКО-ның бағдарламасы аясында тұрақты даму жөніндегі Орталық Азиялық аймақтық хаб құрылатын болады.

БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» бағдарламасының Жаһандық хабын басқара отырып, ҚазҰУ қауіпсіз де игі болашақтың игілігіне орай азиялық аймақтағы шоғырландырушы процестерге қуатты импульс болған Азия университеттері ректорларының ІІІ форумын ұйымдастырды. Жиында 40 елдің өкілі талқыға салып, «Тұрақты даму жөніндегі модельдік жоспарды» қабылдады.

Қазақстанның беделі, «G-Global» форматындағы диалогтың сындарлылығы, ірі ғылыми ақыл иелерінің шоғырлануы адамзат өркениетінің өзекті мәселелерін шешуге ықпал ете алатын, конференцияның күн тәртібі бойынша пәрменді ұсыныстар жасауға сенімділік береді.

Конференция нәтижелерінің өзін тұрақты дамудың мүдделерін көздейтін Онжылдық білім берудің аяқталуы ретінде көрсететін биылғы жылдың 10-12 қарашасында Жапониядағы (Нагоя қ.) ЮНЕСКО-ның Жаһандық саммиті барысында көрініс табатынын атап көрсетудің маңызы зор. Сондай-ақ, форум құжаттары БҰҰ-ның күн тәртібіне ұсынылатын және адамзаттың жалпыға ортақ тұрақты болашағы жөніндегі халықаралық ұйымдардың барлық стратегиялық жоспарларына енгізілетін болады.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі