Ихтиология ғылымына өз үлесін қосып келеді

2 сәуір, 2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті биология және биотехнология факультетіндегі «Биология, геоботаника, биотехнология, балық шаруашылығы және өнеркәсіптік балық аулау» мамандықтары бойынша Диссертациялық кеңестің мәжілісінде «8D08401 – Балық шаруашылығы және өнеркәсіптік балық аулау» мамандығы бойынша «Сообщества рыб и состояние их популяций в Алакольском бассейне» атты тақырыпта философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін диссертация қорғалды. Бұл осы мамандық бойынша елімізде қорғалған тұңғыш диссертация, ал диссертант Биология және биоресурстар кафедрасының аға оқытушысы – Саят Шарахметов.

Шәкіртіміз әрі әріптесіміз 2004 жылы «Балық шаруашылығы» мамандығына грантқа оқуға түсіп, оны 2008 жылы ойдағыдай аяқтады. Оқу бітірген соң, мамандығы бойынша Алматы қаласында «Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ихтиология зертханасында аға лаборант, кейін кіші ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді. Жас маман Қазақстанның оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан суқоймаларындағы кәсіптік балық түрлерінің қазіргі жағдайларын зерттеумен айналысып, біраз тәжірибе жинады.

Білімін ары қарай жетілдіру мақсатында 2009 жылы ол өзі оқыған факультетке «Биология» мамандығы бойынша магистратураға қабылданып, ғылыми жұмысын жалғастырды. Туған өлкесінің суқоймалары, атап айтқанда, Алакөл көлінің ихтиофаунасының қазіргі жағдайын зерттеумен айналысты. 2011 жылы магистратураны аяқтаған соң, факультет және кафедра басшылығы оның ғылым мен білімге деген құштарлығын ескере отырып, кафедраға оқытушылық қызметке ұсынды. Жас маман студенттерге әртүрлі пәндерден сабақ берумен қатар, магистратурада бастаған ғылыми жұмысын ары қарай жалғастырып, бірнеше ғылыми мақала жазып, зоология, ихтиология пәндері бойынша тәжірибе сабақтарын жүргізуге арналған оқу құралдарын дайындауға үлес қосты.

Оқытушылық қызметпен қатар, ғылыми жұмыстармен айналысып, көптеген ғылыми тақырыптарды орындауға қатысты. Өз саласы бойынша білімінің жоғары деңгейде екенін көрсете білді. Мысалы, 2008-11 жылдары «Комплексная оценка эколого-эпидемиологического состояния биоресурсов основных рыбохозяйственных водоёмов Казахстана для формирования государственного кадастра. РАЗДЕЛ: Алакольская система озёр»; 2015-17 жылдары «Современное состояние и тенденции изменений аквальных экосистем и ихтиофауны реки Иле и западной части озера Балкаш»; 2018-20 жылдары «Изучение и оценка современного состояния экосистем дельты р. Жайык с прилегающими побережьем и акваторией Каспийского моря, и разработка рекомендаций по экологически устойчивому сохранению и использованию природных ресурсов проектного региона» және т.т.

Осындай ғылыми жұмыстарды орындау барысында мол тәжірибе жинаған Саят Ермұханбетұлы 2019 жылы ҚазҰУ-да тұңғыш ашылған «Балық шаруашылығы және өнеркәсіптік балық аулау» мамандығы бойынша докторантураның бірінші докторанты болып қабылданды. Қазақстанда ғана емес, алыс-жақын шетелдік ихтиолог-ғалымдардың ортасында аса танымал, белгілі ғалым, педагог, биология ғылымының кандидаты, қауымдастырылған профессор, кафедрамыздың ұстазы Надир Мамиловтың жетекшілігімен жоғарыда аталған тақырып бойынша ғылыми жұмысты ойдағыдай орындап шықты. 2022 жылы Ресейдің Борок қаласында орналасқан «И.Папанин атындағы ішкі суқоймалар биологиясы» ғылыми-зерттеу институтында тағылымдамадан өтіп, бағыт-бағдар алды. Сонымен қатар Ресей ғылым академиясының Зоология институтында да (Санкт-Петербург) ғылыми тәжірибеден өтті. Сол жерде ихтиология ғылымындағы инновациялық жетістіктермен етене танысып, оны диссертациялық жұмысында ойдағыдай қолдана білді. Нәтижесінде ихтиологиялық дәстүрлі зерттеу әдістерінен басқа, морфологиялық, генетикалық және экологиялық әдістер негізінде Алакөл көліндегі балықтар қауымдастығы және олардың популяцияларының жағдайын жаңа көзқараспен қарастырып, аборигенді балықтардың генетикалық алуантүрлілігін, филогенетикалық шежіресін және гаплотиптік жүйесін жан-жақты шешті. Шетелдік кеңесшісі, Ресей ҒА «И.Папанин атындағы ішкі суқоймалар биологиясы» ғылыми-зерттеу институты «Балықтар экологиясы» зертханасының жетекші ғылыми қызметкері, б.ғ.к. Борис Лёвин біздің университет түлегінің ихтиология саласы бойынша білімінің тереңдігін және ғылыми жұмыстарды орындауда түрлі әдістерді жете меңгергенін аса мақтанышпен атады.

Докторантурада оқу кезінде «Орталық Азияның аборигенді балықтарының алуантүрлілігін сақтау мәселесі» бойынша ҚазҰУ биология және биотехнология факультеті Биоалуантүрлілік және биоресурстар кафедрасында Халықаралық табиғат қорғау одағы (IUCN), Түрлерді сақтау комиссиясы (SSC), Тұщысу балықтарын сақтау бойынша мамандардың (FFSG) қолдауымен және TOYOTA корпорациясының қаржылық көмегімен ұйымдастырылған, 2020 жылы өткен халықаралық семинар (workshop) жұмысына белсене қатысып, Алакөл көлдер жүйесіндегі аборигенді ихтиофаунаның қазіргі жағдайы және оны сақтаудың өзекті мәселелері жайында өз ойымен бөлісті. Семинар барысында ғаламдық масштабта балықтардың жекелеген түрлерінің жағдайларына баға берілді. Семинар жұмысына қатысқан шетелдік ғалымдар, солардың арасында Нина Богуцкая (Жаратылыс тарихы мұражайы, Вена, Австрия), Екатерина Васильева (М.Ломоносов атындағы ММУ, биология факультеті, Зоология ғылыми-зерттеу мұражайы) және т.т. Қазақстан ихтиологтарының, соның ішінде кафедраның ихтиолог-ғалымдарының атқарып жатқан жұмыстарының ихтиология ғылымының дамуына зор үлес қосатынын баса көрсетті.

Сонымен қатар Саят Ермұханбетұлы диссертациялық жұмысын орындау мақсатында қысқа мерзімде орындалатын қолданбалы ғылыми жұмыстармен де айналысып, білімін шыңдады. Мысалы, 2019 жылы «Заключение по факту продолжительной гибели рыб на р. Урал в декабре 2018 года по результатам гистопатологического анализа образцов тканей»; 2019 жылы «Батыс Қазақстанның радиациялық ластанған аймақтарының (Капустин Яр полигоны) биотаға, табиғи ортаға және тұрғындар денсаулығына әсері салдарын экологиялық бағалау»; 2019 жылы «Изучение патологических изменений в организмах рыб, обитающих в районе исследования реки Жайык»; 2020 жылы ESERA жобасы бойынша «Исследование местных водоемов на ОТРХ Аральского района, Кызылординской области» және т.б.

Осы жұмыстары кафедраны, факультетті және ең бастысы, университетімізді ғылымның тағы да бір саласы – әлемдік ихтиология ғылымында танытуға үлесін қосты деп айта аламыз. 

Жас ғалым орындаған жұмыстарының нәтижелері бойынша 50-ге жуық мақала жазды. Оның бесеуі Scopus-та жарияланды. Хирш индексі әзірге – 3, оның ары қарай көтерілетініне ешқандай күмәніміз жоқ.

Бірлікбай ЕСЖАНОВ,

биология және биотехнология факультетінің доценті,

б.ғ.к.