ҚазҰУ-да түркі тілдес елдер жазуы мен латын әліпбиіне арналған дөңгелек үстел отырысы өтті

25 ақпан, 2015

Тарих, археология және этнология факультетінде «Түркі жазуы және латын әліпбиі: өзекті мәселелері» атты дөңгелек үстел отырысы болып өтті.

Жиынға Қазақстан мен Түркияның, тарихшы ғалымдары мен филолог мамандары: А. Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтынан: Бас ғылыми қызметкері, ф,ғ,д., Әлімхан Жүнісбек, Бас ғылыми қызметкері, ф,ғ,д., профессор Нұргелді Уәли, жетекші ғылыми қызметкер, ф,ғ,д., Ғарифолла Әнес, директор орынбасары, ф,ғ,к., доцент Фазылжанова Анар Мұратқызы, Анкара (Түркия) Хажетепе университетінің профессоры Мехмет Дервиш Калынчкая, С. Демерел атындағы унивеситеттің Қазақ филологиясы кафедрасының доценті, ф,ғ,д., Құралай Күдеринова, ф,ғ,к., доцент Аманқос Мектептегі, сондай-ақ ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорлық құрамы мен студенттері қатысты.

Дөңгелек үстелде Түркі халықтарына ортақ әліпби құрастыру қажеттігі сонымен қатар латын әліпбиіне көшу үдерістеріне тоқталды. Сөз алған Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының жетекші ғылыми қызметкері, ф,ғ,к., Нәпіл Базылхан латын қарпіне көшу кезеңіне байланысты өз жобасын таныстырды. «Біздің еліміз латын әліпбиіне көшуге толыққанды дайын. Құрамында филологтар, лингвистер, тілтанушылар болған біздің ғылыми қауымдастық латын әліпбиіне ауысудың барынша тиімді тұстарын қарастырмақ. Біз өзгеріске дайынбыз, сондай-ақ, үнемі ізденіс пен зерттеу үстінде жүрген әріптестер тілдің дыбыстық фонемасын сақтай отырып, дыбыстың әріппен үндестік табуына да көңіл бөлмек», – деді Н. Базылхан.

А. Байтұрсынов атындағы Тіл біліми институты директорының орынбасары Фазылжанова Анар осы ғылыми зерттеу барысында жинақтаған тәжірибесімен бөлісе отырып, латын әліпбиіне көшу маңыздылығына тоқталды. «Қазіргі таңда әлем елдерінің 80% -дан астам бөлігі латын әліпбиін қолданады. Елбасымыз біздің алдымызға айқын мақсаттар жүктеп, 2025 жылға дейін латын әліпбиіне көшу үдерісі мен тиімді әдістерді ұсынуды тапсырды»,-деді Анар Фазылжанова.


ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі