ҚазҰУ-да белгілі тарихшы Нұрлан Кенжеахмет көшбасшылық дәріс оқыды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Гарвард университетінің және ҚазҰУ-дың профессоры, Географиялық талдау жасау орталығының зерттеуші-ғалымы, тарихшы Нұрлан Кенжеахметпен кездесу өткізді. Жүздесуде тараптар «Көне Түркі қағанатының тарихи географиясы» атты монографияны жазу бойынша өзара пікір алмасты.
ҚазҰУ басшысына Нұрлан Кенжеахмет жүргізген зерттеу жұмыстары мен жазып шыққан кітаптары туралы ақпарат берді. Сондай-ақ құрметті қонақ өз сөзінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Гарвард университеті арасындағы ынтымақтастықты дамытуда барлық күш-жігерін салатынын жеткізді.
Кездесуден соң Нұрлан Кенжеахмет оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттер алдында «Қазақ хандығының тарихи географиясы» тақырыбында көшбасшылық дәріс оқыды.
Дәрісті тарих факультетінің деканы Досбол Байғонақов құттықтау сөзбен ашып, Нұрлан Кенжеахметтің еңбек жолына тоқталды.
«Нұрлан Кенжеахмет 1989 жылы Шыңжаң университетінің тарих факультетін бітірген. 2003 жылы Шыңжаң университетінің Орталық Азия мәдениеті институтында магистр дәрежесін алды. Докторлық дәрежесін тарих саласы бойынша 2005 жылы Мәскеуде және археология саласы бойынша 2007 жылы Бейжіңде қорғаған. Орталық Азия археологиясы, тарихы және тарихи географиясы бойынша көптеген ғылыми еңбектердің авторы. Білікті ғалым ретінде білімді шәкірттер тәрбиелеп, өзіндік мектеп қалыптастырды», – деді Досбол Сүлейменұлы.
Өз кезегінде Нұрлан Кенжеахмет көшбасшылық дәрісі барысында бүгінге дейін атқарған жұмыстары туралы толық ақпарат беріп, білім алушы жастар қазақ тарихын жақсы білулері қажет екенін баса айтты.
«Мен Гарвард университетінде жұмыс істеп жүрген кезімде Қазақстан туралы екі монография жазып шыққан болатынмын. Біріншісі – «Қазақстанның ортағасырлық тарихи географиясы» атты монография, кітап ХІІІ-ХVI ғасырлар аралығын қамтиды. Екіншісі – жақында шыққан «Қазақ хандығының тарихи географиясы» атты монография. Менің қазіргі жұмысым – Орталық Азиядағы, соның ішінде Қазақстандағы да тарихи жер-су аттарын анықтап, географиялық картада көрсету. Біз көбіне көне жер-су аттарын білмейміз, оны білмеген соң, бұрынғы шекарамыз қалай бекітіліп, қай кезде, кімдердің белгілегенінен де бейхабармыз. Көне тарихи атауларды қалыпқа келтіру қажет. Жалпы, қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалу бойынша тарихи географияның қазақ тағдырына үлкен ықпалы бар», – деді спикер.
Дәріс соңында тыңдаушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ой-пікірлерін ортаға салды.