ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ ОҚЫТУШЫ ПРОФЕССОРЛАРЫНЫҢ ПІКІРІ
СТРАТЕГИЯЛЫҚ МІНДЕТІМІЗ – ІТ МЕМЛЕКЕТКЕ АЙНАЛУ
Қазіргі кезде әлемде және көрші елдердегі әлеуметтік-экономикалық, геосаяси жағдайдың қиын кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты жолдауы үлкен тарихи маңызға ие. Негізінен, халық бұрынғы жолдаудан өзгеше болуынан қатты үміт еткен болатын. Біздің байқағанымыз, құрғақ сөз емес, ел болашағын елең еткізетін өткір мәселелер мен ұлт болашағына арналған жоспар болып табылады. Оның негізгі мазмұнында экономикалық, әлеуметтік, білім, тәрбие, ғылым, экология, демографиялық, өнеркәсіп т.б. мәселелерді шешу бағытын құрайды. Яғни дүниежүзіндегі ахуалды талдай отырып: «Технологиялық бәсеке қызып тұр. Барлық жерде ресурстар үшін талас жүріп жатыр. Климаттың өзгеруі, азық-түлік қауіпсіздігі және демографиялық тұрғыдан орнықты даму ең өзекті мәселеге айналды. Бір сөзбен айтқанда, адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер мен түбегейлі өзгерістер дәуірі басталды. Осындай аса маңызды шақта зор экономикалық серпіліс жасауға еліміздің толық мүмкіндігі бар. Ол үшін біз біртіндеп жаңа экономикалық үлгіге өтуіміз керек. Бұл жұмысты батыл жүргізуіміз қажет. Басты мақсат – қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болуға тиіс», – дейді. Демек, жалаң пайыздық өсудегі жалған деректер емес, шынайы халықтың әлеуметтік және тұрмыс жағдайын жақсарту қажеттігі нақты айтылды.
Сонымен қатар халықтың арасында проблемаға айналған атом электр станциясы туралы: «Атом энергетикасын дамыту аса маңызды экономикалық және саяси мәселеге айналды. Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет. Ендеше өз жерімізде атом электр станциясын салуға әбден қақымыз бар. Кейбір сарапшылар шағын ядролық станциялар салу керек деген пікір айтады. Алайда көптеген азаматтар мен бірқатар сарапшылар ядролық станцияның қауіпсіздігіне күмәнмен қарайды. Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі – бұл еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын. Нақты мерзімін кейін анықтаймыз», – деді Президент. Демек, елдің проблемасы сын сағатында тұрғанда халықпен ақылдасып, «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» демекші, елдің мүддесін жоғары қойып, шешу жолын ұсынуы шынайы демократиялық тұрғыдан үлкен маңызға ие деп білеміз.
Бүгінгі таңда әлеуметтік желілерде тараған және қоғамда резонанс тудырып отырған жасөспірімдерге зорлық-зомбылық үлкен проблемаға айналды. Мемлекет басшысы кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді, зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек екенін баса айтты. Сонымен қатар: «Ғимарат, киім-кешек, азық-түлік, яғни барлығы балалар үшін қауіпсіз болуы керек. Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажет. Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырған жөн», – деді Президент. Яғни балалардың қауіпсіздігін жалпыұлттық деңгейде қолға алуды ұсынды. Бұл мықты шешім, себебі балалардың қауіпсіздігі ол ұлттың болашағы болатын тұлғалардың, елдің қауіпсіздігі деп білеміз.
Жолдаудағы білім саласына қажетті ең маңызды мәселе «сапалы білім» беру туралы, интернеттің жылдамдығы мен мұғалім кадрлардың біліктілігі де назарға алынды, яғни: «Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – «сапа». Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет. Бәріне бірдей білім беру үшін интернет жылдамдығы жоғары және білім берудің цифрлық ресурстары тегін әрі қолжетімді болуы шарт. Білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп отыруы керек», – деді. Мұның астарында орта білім мазмұнында түйткілді мәселені дер кезінде шешпесек, ол мемлекеттің дамуына кедергі болатыны сөзсіз деген ой жатыр. Себебі сапалы білімнің арқасында ЖОО-ға білікті, талантты оқушылар қабылданып, болашақта білікті мамандар қалыптасып шығады.
Сондай-ақ халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында, күнкөріс деңгейі мен жалақы туралы: «2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы 85 мың теңге болады. Бұл шара 1 миллион 800 мың адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді. Жалпы, еңбек нарығын жан-жақты дамыту үшін Үкімет қысқа мерзімде 2030 жылға дейінгі кешенді жоспарды бекітуі керек», – деп тапсырды Мемлекет басшысы жолдауда. Яғни қоғамдағы әлеуметтік саланы күшейтіп, жалақыны көбейтіп, халықтың жағдайын жақсарту қажеттігі баса айтылды. Қазіргі кезде әлемде өркениетті елдердің даму көрсеткіші ІТ саласындағы жетістіктерімен көш ілгеріліп бара жатқаны да жолдауда негізге алынды. Атап айтар болсақ: «Біздің маңызды стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру. Цифрландыру ісінде нақты жетістіктеріміз де жоқ емес. Біз электронды үкіметті және финтехті дамыту индексі бойынша әлем көшбасшыларының қатарында тұрмыз», – деген болатын. Сондықтан цифрландыру мен ақпараттық қоғамның алғышарттарына тоқталып, оның болашағына зор мән берілді.
Жолдау соңында Президентіміз ұрпақ тәрбиесіне қажетті, маңызды ұлттық тәрбиеге мән беру керектігі туралы: «Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ. Абайдың «толық адам» ілімінен бастау алатын «адал азамат» тұжырымдамасының түпкі мәні – осы. Тағы да қайталаймын: «Әділетті Қазақстан» және «Адал азамат» ұғымдары егіз құндылық ретінде әрдайым қатар жүруге тиіс. Шын мәнінде адалдық жоқ жерде ешқашан әділдік болмайды. Әрбір адам ісі мен сөзі бір жерден шығатын адал азамат болса, әділдік орнайды», – деп, елдің әрбір азаматының халқымыздың тәрбиесін, патриоттық сезімін нығайтып, адал болуын меңзейді.
Абай ДҮЙСЕНБАЕВ,
Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының доценті, педагогика ғылымының кандидаты
ЖОЛДАУ БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ ЭКОНОМИКАНЫҢ БАСЫМ БАҒЫТТАРЫН АНЫҚТАДЫ
Жаhандану кезеңінде бәсекеге қабілетті және сұранысқа ие болатын мамандарды даярлау өте маңызды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған жаңа жолдауында ұлттық экономиканың салаларын терең өңдеуге көшу бағыттарын дамытуға, су және көлік министрліктері құрылатынын атап көрсетті.
Президент жолдауында көтерілген мәселелер Тұрақты дамудың барлық 17 бағытын қамтыды.
Жолдауда негізінен құрлықтың экожүйелерін және су ресурстарын ұтымды пайдалану, климаттың өзгеруі, инклюзивтік өсу және экономикалық өзгерістер, жаһандық серіктестік, ресурстарды жұмылдыру, технологиялар, әлеуетті арттыру, сауда мәселесіне басымдық берілді.
Жолдауда көрсетілген жоғары оқу орындарындағы білім сапасын әлемдік деңгейге сай жетілдіру қажеттілігін өмірдің өзі талап еткенін айта келе, Президент біздің болашақ дамуымыз білім саласында инновация жетістіктерін кеңінен пайдалануға байланысты екенін баса айтты. Әсіресе білім беру саласындағы көптеген өзгерістер жоғары оқу орындарындағы күрделі де шешімін күтетін ғылыми мәселелерді анықтап берді. Жолдауда соның орнын толықтыруды ұсына отырып, даярланатын мамандардың оқуына, үздіксіз білім алу және ғылым жетістіктерін кеңінен ұлттық экономикаға енгізудің тетіктерін жетілдірудің маңыздылығына тоқталды. Қазіргі кезде басқарудың заманауи әдіс-тәсілдерін меңгерген мамандарға деген қажеттілік күннен-күнге артып келеді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бүгінде Қазақстанда ғана емес, шетелдік университеттер қатарында да бәсекеге қабілетті екенін мойындатып отыр.
Жолдауда қойылған нақты міндеттер ҚазҰУ-да бәсекеге қабілетті мамандар даярлаудың жаңа білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ.
Қазірдің өзінде университеттің Менеджмент кафедрасында Болон үдерісіне сәйкес, әлемдік сұраныс талаптарына сай келетін үш деңгейде білім беру бағдарламалары жүзеге асырылып келеді. Осы бағдарламалар нәтижесінде бүгінгі таңда университет шетелдің жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатқан және де білім беру бағдарламасы стандартына сай, білімгерлердің шетелде өз білімін шыңдауға мүмкіндік беріп отыр.
Студенттер, магистранттар, докторанттар АҚШ (Вашингтон), Италия, Нидерланды, Польша, Ресей (РУДН), Чехия мемлекеттерінің университеттерінде білім алмасу бойынша академиялық тағылымдамадан өтуде. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларын гранттық қаржыландыру конкурсында 75 жобаны университетіміз жеңіп алды, соның ішінде Менеджмент кафедрасының ғалымдары үш жобаның авторлары болып отыр.
Экономика және бизнес жоғары мектебінде теориялық және қолданбалы пәндерді оқыту университеттік білім берудің академиялық дәстүрлі рухында жоғары деңгейде жүзеге асырылуда. Университет деңгейінде жоғары білікті кадрларды даярлаудың үздік отандық дәстүріне сүйене отырып, факультет мемлекеттік қызмет үшін кадрлар даярлаудың әлемдік жетекші орталықтарының стандарттарына сәйкес келетін студенттердің құзыреттіліктерін қалыптастыруға ұмтылуда.
Менеджмент кафедрасының профессор-оқытушылары Мемлекет басшысының ел экономикасын жан-жақты талдап, дамудың стратегиясын көрсеткен жолдауын қолдай отырып, оны іске асыру бағытында жүйелі жұмыстар атқара бермек.
Оңалбек АБРАЛИЕВ,
Менеджмент кафедрасының профессоры,
экономика ғылымының докторы
ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРГЕ ЖОЛ АШАТЫН ЖОЛДАУ
Президент жолдауындағы міндеттерді шешіп, мақсаттарға жету үшін әрбір адам және бүкіл қоғам жаңғыруы қажет екенін әрбір қазақстандық саналы азамат терең түсінеді.
Мемлекет басшысының әділетті Қазақстанның экономикалық бағдарын құру жолындағы көтерген негізгі бастамалары мен салмақты ойлары мемлекетіміздің өркендеп дамуына тың серпін беріп қана қоймай, жаңа мүмкіндіктер мен қоғамдық маңызды мақсаттарға жол ашатыны анық.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында өте маңызды келелі міндеттерді белгілеп берді. Атап айтсақ, әлемде геосаяси ахуал ушығып тұрғанына қарамастан, ел экономикасының негізгі бағыттары бойынша көрсеткіштер өскенін, экономикалық серпіліс жасауға еліміздің толық мүмкіндігі бар екенін айта отырып, еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру қажеттігін көрсетті және «Біз жаңа өнеркәсіп саясаты арқылы жаңаша даму үлгісіне көшуге тиіспіз» деген нақты міндеттермен бекітті.
Президенттің «Біздің маңызды стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру» деген маңызды пікірі біздің білім-ғылым саласына да үлкен міндеттер жүктейді. Сондай-ақ психология ғылымы бойынша да нақты міндеттерді көрсетті. Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажеттігін атады. «Білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп отыруы керек» деген маңызды ойлары бізге де үлкен жауапкершілік артады.
Жолдауда ғылым мен білім беру жүйесіне айрықша мән берілді, осы саланың өкілі болғандықтан, бұл жолдау бізге де жауапкершіліктерді жүктейді.
Білім беру жүйесі қоғамның әлеуметтік-экономикалық маңыздылығын арттыруда жетекші рөл атқаратыны баршамызға мәлім. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – еліміздің ең ірі ғылыми және білім беру орталығы, білім беру мен ғылым саласындағы жүйелі өзгерістері әлемдік деңгейдегі жаңашыл бастамалармен үндестіріп, мемлекеттің интеллектуалдық және рухани ресурстарының қайнар көзі ретінде басты рөл атқарады.
Біздің философия және саясаттану факультетінің ұжымы да университеттің алдыңғы қатарлы ғылыми және білім беру орталығына айналып отыр. Жалпы және қолданбалы психология кафедрасының профессор-оқытушылар құрамы, білім бағдарламаларын орындап жатқан студенттер, магистранттар мен докторанттар Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына жасаған кезекті жолдауын тыңдап, ой бөлістік.
Жалпы және қолданбалы психология кафедрасының ғылыми әлеуеті, білім алушы жастарымыздың біліктілігі – университеттің жаһандық бәсекеге қабілеттілігінің бір көрінісі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылы 1 қыркүйекте жариялаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына жолдауына бір жыл өтті. Осы уақыт аралығында біздің кафедраның ғалымдары көптеген табыстарға жетті, соның бір көрінісі әлемдік кеңістіктегі атақты халықаралық конференциялар мен конгрестерге қатысып, өз зерттеу нәтижелерін баяндады.
Солардың бірі жақында өзім қатысқан, 2023 жылғы 23-25 тамызда Оңтүстік Кореяда, Инчхон қаласында өткен 8-ші халықаралық «Тәуелді мінез-құлық» атты конференциясының (ICBA 2023) психология ғылымы үшін рөлі өте маңызды. Конференция барысында симпозиумдар, негізгі баяндамалармен қатар, шағын баяндамалар, постер баяндамалар тыңдалып, адамзат үшін қауіпті болып отырған әртүрлі мінез-құлықтық тәуелділіктер бойынша ғылыми зерттеулер, жаңалықтар, тың идеялар, ұсыныстар қызу талқыланды.
Қазіргі таңда өте өзекті болып отырған, IT технологиялардан туындайтын мінез-құлықтық тәуелділік, соның ішінде смартфонға тәуелділік барысында «мінез-құлықты» конструкциялауды түсіну, ойынға тәуелділіктегі патологияны емдеудегі миға негізделген механизмдердің соңғы жаңартулары, аддиктивті мінез-құлық мәселесі, құмар ойындар, компьютерлік ойындарға тәуелділік сұрақтары талқыланды.
Конференция барысында әйгілі ғалымдардың негізгі баяндамалары біз үшін үлкен қызығушылық тудырады. Атап айтсам, Сидней университетінің профессоры, құмар ойындарды зерттеу және емдеу клиникасының директоры Салли Гейнсбери, Кореядағы Курихам медициналық және наркологиялық орталықтың құрметті директоры Сусуму Хигучи, Любек университетінің Психиатрия және психотерапия кафедрасының доценті, Интегративті психиатрия орталығының жетекшісі Ханс-Юрган-Румпф зерттеулерін тыңдаумен қатар, бірнеше ғылыми тәжірибелер алмасу бойынша Қазақстанмен ынтымақтасуға негізделген ұсыныстарға да қол жеткіздік.
Біз үшін мұндай конференциялар үлкен ғылыми платформалық тәжірибе алаңы болып табылады. Тың идеялар, жаңалықтар, ғылыми психологиялық мәселелерді шешудің тың жолдарын алып, ғылыми тәжірибе жинақтай отырып, өз елімізде зерттеулер жүргізіп, әлемдік психологиялық зерттеулерге үн қосу біз үшін маңызды.
Ғылым мен білім және практиканы интеграциялау жолында үлес қосып келе жатқан кафедра ұжымы жолдауда айтылған білімге, ғылымға қатысты реформалардың жүзеге асуы үшін үлес қосу біздің де парызымыз деп есептейміз.
Бүгінгі Президент жолдауы еліміздің болашақ дамуы мен ертеңгі күнге бетбұрысын айқындап берді. Барлық бағыттардың дамуы ел тағдыры үшін маңызды.
Еліміз жыл сайын үлкен үмітпен күтетін Президент жолдауы 2023/24 жаңа оқу жылының басталуымен қатар келуі біздің Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті үшін үлкен жауапкершілік жүктейді. Президент алға қойған міндеттерді жүзеге асыруда университет отандық жоғары оқу орындарының жұмысын сапалы өзгертуге жоғары деңгейде қызмет етеді және білім беру сапасын көтерумен қатар, әлемдік деңгейдегі ғылыми зерттеулер жүргізу жолында маңызды міндеттерді орындайды.
Света БЕРДІБАЕВА,
Жалпы және қолданбалы психология
кафедрасының профессоры,
психология ғылымының докторы
ЖОЛДАУДАҒЫ ЖАҢА ЭКОНОМИКАЛЫҚ САЯСАТ АСПЕКТІЛЕРІ
1 қыркүйек күні Парламенттің мінберінен қос палатаның бірлескен отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты жолдауы қалың көпшіліктің көңілінде жаңа үміт отын жақты.
Әлемді жайлап отырған ауыр экономикалық әрі саяси дағдарыстардың салқыны тиген қазақстандық қоғамды осы тығырықтан шығарудың ұтымды жолдарын іздестіру, прагматикалық саяси және экономикалық реформалар негізінде мықты мемлекет ретінде қарқынды даму мәселелері аталмыш алқалы жиында талқыланады. Мемлекетімізде жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік реформалар ақырындап өз жемісін бере бастағаны анық. Кезек күттірмес әлеуметтік мәселелер қордаланған елімізде өмірге келген әрбір сәби мен еңкейген қарттарға дейінгі аралықтағы барлық қоғам өкілдерін әлеуметтік жағынан қорғауға арналған жаңа Әлеуметтік кодекстің қабылдануы құптарлық қадам. Биылғы жаңа оқу жылында еліміздегі жоғары оқу орындарының 380 мың студенттері үшін стипендия көлемі едәуір көбейді. Бұл өте жағымды жаңалық, бұл да былтырғы жолдауда алға қойылған мақсат-міндеттердің орындала бастауының белгісі.
Шынайы экономиканың анық драйвері болып есептелінетін шағын және орта бизнестің 27 пайызға өсіп, осы саланы қамтитындар санының 4,1 миллион адамға ұлғайуы да өте жақсы көрсеткіш. Бұрынғы жолдауларда берілген нақты тапсырмалар аясында алпауыттардың жекеменшігіне заңсыз өтіп кеткен 8 миллион гектардан артық ауылшаруашылық жерлерінің үкіметке қайтарылуы да үлкен қажырлылықты талап етті.
Президент Қ.Тоқаев биылғы жолдауда Қазақстанды Еуразиялық құрлықтағы жетекші аграрлық орталыққа айналдыру біздің стратегиялық мақсатымыз екенін айрықша атап өтті. Ауылдағы ағайынның табысын еселеу мақсатында дүниеге келген «Ауыл аманаты» арнайы мемлекеттік бағдарламасына 1 трлн қаржы бөлінсе, соның 100 млрд теңгесі биыл игерілмек. Кең көлемді осы жұмыстың нәтижесінде 4500 жаңа жұмыс орны ашылып отыр. Агроөнеркәсіп өнімдерін 70 пайызға ұлғайту арқылы ауылшаруашылық тауарларын сапалы шығару – кезек күттірмес шара. Осы мақсатта жеңілдетілген несие беру арқылы ауылдағы тозып тұрған шаруалар техникасының 8-10 пайызын жаңалау қажет. Қазақстандағы IТ саласы қызметтерінен түсетін пайданы 1 млрд долларға жеткізу шарт, сонымен бірге жасанды интеллект өнімдерін көбейтудің, жоғары оқу орындарының негізінде біртұтас инновациялық экожүйе құрудың маңыздылығына жолдауда ерекше көңіл бөлінді.
Президенттің айтуынша, орта кәсіпкерліктің даму қарқыны бәсең, оны тежеп тұрған тетіктерді жою үшін кешенді бағдарлама қажет. Кейінгі уақыттарда өзінің тиімділігін көрсетіп отырған «Қарызсыз қоғам» жобасының игілігін халық одан әрі көре түсу үшін, халықты шектен тыс несиелендіруден сақтау үшін «Amanat» партиясы үкіметпен одан ары бірігіп жұмыс жасауы керек.
Жолдауда сонымен бірге азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуді көздейтін «Отбасы банкін» қайта құрып, оның саясатын облыс орталығы емес, моноқалалар мен аудандарға аудару көзделді. Қазақстан азаматтарының табысын ұлғайту мақсатында 2024 жылдың 1 ақпанынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгеге көтеріледі.
Қуантатын жағымды жаңалықтың бірі – биыл еліміздің сыртқы сауда айналымы 136 млрд долларға жеткен. Жолдауда сапа мәселесіне аса зор көңіл аударып, сауда-саттық саласында отандық өнім мен қызметті пайдалануды 60 пайызға арттыру тек ұлттық бизнесті қолдағанда ғана мүмкін болатыны негізделді. Қазақстандағы атом энергетикасындағы күрмеуі қиын шиеленіскен мәселелерді шешу мақсатында уранды байытуды көбейтіп, атом электр станциясын салу мәселесін жалпыұлттық референдум арқылы шешу ұсынылды. Бұл қадамды Президенттің мемлекетіміздегі экономикалық тәуекелдерді дұрыс безбендей отырып ұсынған салмағы ауыр саяси шешімі деп қабылдау керек деп ойлаймыз.
Трансшекаралық су көздеріне тәуелді ел ретінде көршілес достас елдермен су мәселесін оңтайлы шешу үкіметтің баса көңіл аударатын саласы екеніне мән берілді. Келешекте су үнемдеу технологияларын қолдану мақсатында елімізде жаңа 20 суқойма салу көзделді. Себебі «судың да сұрауы бар» заманда судың маңызы мұнайдан кем емес екені шындық. Сондықтан болар, Президент жаңадан су ресурстары және ирригация министрлігін құруды Үкіметке сеніп тапсырды.
Жаһандық дүрбелең дәуірінде біздің халқымызға біртұтас болудан басқа жол жоқ екенін ескерткен Мемлекет басшысы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру – басты міндетіміз екенін қадап айтты. Олай болса, жолдаудың басты бағыты Қазақстанда игіліктерді бәріне бірдей бөлетін әділетті қоғам орнату болғандықтан, осы бір салиқалы саясат одан әрі жалғастырылады деп сенеміз.
Есенай ІҢКӘРБАЕВ,
Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының доценті, саяси ғылымдар кандидаты
ТҰРАҚТЫ ДАМУ МАҚСАТТАРЫНЫҢ БІРІ – САПАЛЫ БІЛІМ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстан халқына жолдауын жариялады. Жолдаудың негізгі түйіні – Қазақстанның жаңа экономикалық үлгіге көшуі, яғни бүкіл экономикалық жүйені түбегейлі қайта қарау. Қазақстанның басты мақсаты дамыған елдердің қатарына қосылу, халықаралық нарықта өз орнын қалыптастыру болып табылады. Қазақстан – геосаяси жағдайы дамыған елдердің бірі. Мемлекет басшысы жолдауда атап өткендей, жаһандық экономика мен халықаралық еңбек нарығы өзгеріп жатыр. Сын-қатерлер мен түбегейлі өзгерістер елге қауіп төндіргеніне қарамастан, Қазақстанның экономикалық жағдайы бірқатар жоғары көрсеткіштерге ие: ЖІӨ 104 трлн теңгені құрады және 28 млрд доллар шетелдік инвестициялар тартылды, сыртқы сауда 136 млрд доллар, оның ішінде экспорт 84 млрд долларды құрап отыр.
Мемлекет басшысы жолдауда Қазақстандағы бірқатар мәселелерді атап өтті. Олардың негізгілері: шикізатқа тәуелділік, өңдеуші секторды дамыту, туристік әлеуетті арттыру, бәсекелестік артықшылықтарды тиімді пайдалану, отандық кәсіпкерлікті дамыту, ішкі нарықты қорғау, сауда-саттық саясатын дамыту, АӨК дамыту, халықтың әлеуметтік жағдайын арттыру, кедейлікті жою, кірісті арттыру.
Қ.К.Тоқаев АӨК саласына ерекше тоқталып өтті. Себебі алдағы үш жылда Қазақстан Еуразия құрлығындағы басты агронарыққа айналуы тиіс. Ауыл шаруашылығындағы кәсіпорындардың дамуына, ескірген техникаларды жаңартуға, инновациялар мен жоғары технологияларды пайдалануды қолға алу қажет. Егістік шаруашылығында жаңа реформаларды жасап, суды көп қажет ететін егістікті азайту, жаңа сұрыпты дәнді дақылдарды шығару мәселелерін шешуді ұсынды.
Қазақстанда жасыл экономика соңғы жылдары 5 пайызға өсті. Дамыған елдерде шикізатқа тәуелді емес, жаңартылған энергия көздеріне негізделген экономика қарқынды дамуда. Қазақстан жасыл экономикаға көшуі қажет. Аталып өткен мәселелерді шешу жолы ретінде инновациялық экожүйелерді құру қажеттілігін көрсетті. Астана хабы тәжірибесін кеңінен пайдалануымыз қажет.
Бүгінгі таңда цифрлық трансформациялар мен цифрландыру процестері ақпараттық-коммуникациялық технологияларды ғана емес, өмірдің барлық салаларын қамтитын жалпыәлемдік трендке айналуда. Цифрлық технологиялар мен цифрлық трансформациялар кез келген елдің бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыруда басым болып табылады. Қазақстан цифрландыру бойынша жақсы көрсеткіштерге ие. Президент жасанды интеллект мүмкіндіктерін толық пайдалануға шақырды.
Тұрақы даму мақсаттарының бірі – сапалы білім беру. Осы мақсатта Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономика кафедрасында 2021 жылы енгізілген «Цифрлық экономика» жаңа білім беру бағдарламасын атап өтуге болады. Алдағы бес жылда әлемдік экономика мен жаһандық еңбек нарығының дамуы туралы болжамдарға сәйкес, түлектер жергілікті және әлемдік еңбек нарығында сұранысқа ие болады. Білім бағдарламасын аяқтау туралы дипломдар еңбек нарығында тар бейінді мамандықтарды бітіргендерге қарағанда артықшылық береді. Сонымен қатар бакалаврлар магистратурада оқуын жалғастыра алады.
Креативті индустрия құруда талантты жастарға назар аударуды, жұмыспен қамтуды, үкіметке стратегиялық тұрғыдан маңызды саланы кешенді түрде дамыту жоспарын құруды тапсырды. Яғни ғылым, мәдениет және заманауи шығармашылық салалары бойынша еліміздің барлық өңіріндегі дарынды жастарды тартуға мүмкіндік ашу қажет. Осыған байланысты креативті жастарды бөлек қаржыландыруды жолға қою керек. Тек Алматы, Астана, Шымкент қалаларында ғана емес, Қазақстанның барлық өңірлерінде дарынды жастарға берілетін мүмкіндіктерді арттыру қажет.
Президент экономиканың тұрақты өсімін 6-7 пайыз деңгейінде, ұлттық экономиканы екі есеге ұлғайту, яғни 450 млрд доллар құрау қажет деген тапсырма берді. Бұл, әрине, ұзақ уақыт пен қажырлы еңбекті талап етеді. Бірақ соған қарамастан, дамыған және бәсекеге қабілетті ел боламыз десек, экономиканың ахуалын жақсартуға барынша атсалысу қажет.
Ғалия ДӘУЛИЕВА,
Экономика кафедрасының меңгерушісі, э.ғ.к.
БӘСЕКЕЛЕСТІК КІЛТІ – ПАРАСАТТЫ ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУ
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының халыққа жолдауының негізгі өзегі мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық проблемаларына бағытталған. Соның ішінде мемлекетіміздегі жол логистикасы саласын жетілдіру, елді мекендерді қолжетімді су құбырларымен қамтамасыз ету, сонымен қатар «судың да сұрауы» бар дегендей, ресурсы шектеулі суды үнемдеп қолдану жайын айтты. Еліміздің ендігі мақсаты – егіндік жер және агротехнологияларды қалпына келтіріп қана қоймай, жаңа инновациялық технологияларды тауып, мықты мамандар даярлап, мемлекетіміздің дамуы өндіріс көзінде екенін атап өтті.
Масштабты шешімдерді, соның ішінде атом электр станцияларын салуды тек халықтық референдум арқылы шешілетінін кесіп айтты. Тағы бір көңілден шыққан мәселе – ұлттық идеология. Еліміздің айнасы – оның мәдениетті әрі тәрбиелі халқы, өркениетті бәсекелес мемлекеттермен қатар тұрудың кілті – өнегелі әрі парасатты ұрпақ тәрбиелеуде. Білім мен ғылым, мәдениет пен өнер кеңістігін толықтыратын әрі дамытатын, дарынды әрі талантты азаматтарға үлкен мүмкіндіктер жасау қажеттігін ұсынды.
Президентіміз алға қойған бағыт жаңа Қазақстанның интеллектуалды ұрпақ пен интеллигентті қоғам қалыптастыру екенін түсіндік. Біздің Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия және саясаттану факультетінің жаңа оқу жылына алған бағыты мен мақсаты да – осы. Интеллектуалды ұрпақ тәрбиелеп, мәдени интеллигенцияны қалыптастыру арқылы, бәсекелі тұлғалар арқылы өркениетті Қазақстанды аяғына нық тұрғызып, келесі жаһандық толқынның тізгінін келер онжылдықта алатынымызға сенімім мол.
Айжан КҮДЕРИНА,
Дінтану және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы
ЖАҢА ЖОЛДАУ АДАЛДЫҚ КОНЦЕПЦИЯСЫН ҰСЫНАДЫ
Күздің алғашқы күні қашаннан-ақ Қазақстан қоғамы үшін тың қозғалыс пен серпіліске толы. Тамыздың өткенін, жайма-шуақ жаздың біткенін бәріміз жан-тәнімізбен дәл осы күні сезінеміз. Оған бір шетінен ҚР Президентінің жолдауы да әсер етеді.
Халық дәстүрлі Президент жолдауынан тың бастамалар мен жаңа идеяларды күтеді. Жалақының өсуінен бастап, әр салаға тікелей және жанама қатысты болатын жаңалықтарды, күнделікті өмір ағысында өздеріне өзгеріс әкелетін дүниелерді естігісі келетіні анық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жолдауында осындай сұрақтардың бір парасына жауап берілді. Қазақстан жетекшісі бұған дейінгі сөз жүзінде деп қатты сынға қалып жүрген ойдан арылатын күннің жеткенін айтып: «Басты мақсат – қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болуға тиіс», – деп, жаңа экономикалық үлгіге өту керек екенін меңзеді. Бұл қаңтар оқиғасынан кейін жаңа реформаларды күтіп жүрген қоғам үшін де өте маңызды екенін айта кетуіміз керек. Өйткені қымбатшылықтан бастау алатын түрлі деңгейдегі сын-қатерлерден бастап, жаһандық көлемдегі күрделі саяси ахуалдар осыған жетелейді.
Мәселен, жолдауда қарапайым тұрғындар үшін өте қажетті ақпараттар айтылды. Айталық, мұғалімдердің жалақысы екі есеге артқан. «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 400-ге жуық білім ошағы салынып, ауылдық жерлерде 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны бой көтеріп жатыр. Былтырғы еліміздің ішкі жалпы өнімі 104 триллион теңгеге жеткен.
Осындай ауыл және су шаруашылығында, орта және шағын бизнесте, салық пен қор биржасында, банк ісі мен жылу энергиясында, көлік логистикасы мен теміржол саласы секілді түрлі «қырыққабат» салаларды тың өзгерістер күтіп тұр. Жаңа министрлік, жаңа мекемелер мен кейбір салаларда тың реформалардың болатыны айтылды. Соның ішінде Мемлекет басшысының цифрландыру мен инновациялық ойлауға ғылыми көзқарас қалыптастыру бағытындағы пікірі менің көкейіме қонды. «Мен сайлау алдындағы бағдарламамда «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң қабылдау туралы бастама көтерген едім. Қазір әзірленіп жатқан заң жобасында экономикамызды ғылым мен инновацияға сүйене отырып дамыту логикасының көрініс табуы өте маңызды», – деген Қасым-Жомарт Тоқаев заманауи даму үшін кез келген салаға ғылыми ұстанымның қажет екенін баса айтты.
Сондай-ақ «Экономиканы өркендетуге және халықты жұмыспен қамтуға ықпал ететін тағы бір бағыт – медиа, кино, музыка, дизайн, білім беру, ақпараттық технология салаларын қамтитын креативті индустрия» деген Мемлекет басшысы осы жолдауында бұл бағытқа да зор күш жұмсау қажеттігін ескертті. Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда креативті индустрия орталықтары ретінде Астана, Алматы, Шымкент қалалары танылса, өзге өңірлер шетте қалып отыр. Дарынды азаматтарды өзіне тартатын орындар, яғни креативті индустрия орталықтары барлық облыс орталығында болуға тиіс екенін жеткізген Мемлекет басшысы креативті адамдардың өз өнімін коммерцияландыруына көмек көрсетілуі қажеттігін айтты. Расында, бұл сала субъектілері өндіріс ерекшелігіне байланысты кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларына сәйкес, қаржылай көмек ала алмайды. Осыған байланысты Президент үкіметке оларға қолдау көрсетуге арналған шаралардың жеке топтамасын әзірлеуге тапсырма берді. Бұл өреде еліміздегі жоғары оқу орындарының көшбасшысы, халықаралық кеңістікте беделді Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары да тың жобаларды ұсынып, өздерінің кадрлық әрі инновациялық әлеуетін көрсете алады деген үміттемін.
Сонымен қатар Мемлекет басшысының балалар үшін кез келген тұтынатын дүниенің қауіпсіз болғанын қалайтыны қуантты. Себебі бұл біздің елімізде аса өзекті екенін білеміз. Зорлық-зомбылыққа қарсы пікірі, бес жастан асқан балаларға арналған «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі де интеллектуалды ұлт қалыптастырудағы тың ой деп ойлаймын.
Бұл жолдау қоғамға Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен айтылып жүрген «Әділетті Қазақстан» дегеннің қандай екенін тағы да бір ұғындырғандай. Ол – «Адал адам» концепциясы. Өйткені вандализм мен тәртіпсіздіктен ада, айналасы мен қоршаған ортаға таза, өз ісі мен кәсібіне адал адам ғана мемлекеттің дамуына өз үлесін қоса алады. Демек, қоғамның өзгеруін әр адам өзінен бастауы керек деген сөз.
Дәрмен СМАЙЫЛ,
Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік
кафедрасының аға оқытушысы
ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКАНЫ ӘРТАРАПТАНДЫРУҒА СЕРПІН БЕРЕР ТЫҢ ҚАДАМ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы жолдауының басты ерекшелігі – шикізаттық бағыттан тереңдетілген өңдеу мен тауар өндіруге, еңбек өнімділігін арттыруға айрықша көңіл бөлінген.
Әсіресе Президентіміз ауыл шаруашылығын дамытуды Қазақстанның стратегиялық мақсаты ретінде айқындап, Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу міндетін қойып отыр. Мемлекет басшысы бұл биік мақсатқа қол жеткізу үшін алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек деп нақты меже белгіледі.
Қазіргі таңда дүниежүзіндегі өзекті мәселелердің бірі азық-түлік қауіпсіздігі болып отыр. Азық-түлік мәселесі, оған деген сұраныстың артуы жыл өткен сайын өткір сезілуде. Сондықтан Қазақ елі үшін де агроөнеркәсіп кешенін дамытуға басымдық берілуі аса маңызды. Қазақтың тарихи тамыры ауылда екенін ескерсек, ауыл шаруашылығының өркендеуі – Қазақстанның өркендеуі деп салыстыруға бара-бар. Қазақстан картасына зер салсақ, ұлан-ғайыр кең даламызда аграрлық сала шешуші орында болуға сұранып-ақ тұр. Жерінің кеңдігі жөнінен әлем елдерінің арасында 9-орын алса да, халқының саны жөнінен 64-орындағы Қазақстан ірі аграрлық-индустриялық мемлекеттердің қатарына кіру мүмкіндігі бар. Яғни ел экономикасының басым саласы ауыл шаруашылығы болуы тиіс. Жалпы, ауыл шаруашылығы жоғары экономикалық әлеуеті мен мүмкіндігі мол, ұдайы өндірістік және әлеуметтік мәнді негізгі саланың бірі болып саналады. Ауылда қазіргі кезде Қазақстан халқының 40,8 пайызы, экономикалық белсенді халықтың үштен бір бөлігі тұрады. Оған қоса, ауыл шаруашылығы – қазақ халқы үшін дәстүрлі атакәсіп.
Өткен ғасырда Қазақстанның дүрілдеген ауыл шаруашылығы тәуелсіздік жылдары құлдырап кеткені тарихи шындық. 1990 жылдардың басында бұрынғы кеңестік шаруашылық жүйесінің бұзылуы, жаңа нарықтық қатынастар мен құрылымдардың толық қалыптасып үлгермеуі, шаруа-экономикалық байланыстардың үзілуі мен басқа да көптеген факторларға байланысты отандық ауыл шаруашылығы дағдарысқа ұрынды. Төрт түлік малдың саны бірнеше есе азайып, eгicтік көлемі де едәуір қысқарып кетті. Ауылдарды жаппай жұмыссыздық жайлап, ауыл халқы қалаларға қоныс аудара бастады. Яғни ауыл шаруашылығы санаулы жылдардың ішінде-ақ бұрын қол жеткізген әлеуметтік-экономикадық көрсеткіштерінің көбінен айырылып, тұралап қалды.
«Ресурстардың қарғысы» ұғымын ғылыми айналысқа ендіруші Ричард Аутидің айтуынша, қоныстанып отырған атамекенінің асты-үсті табиғи кен-байлыққа толы болғанымен, билеушілері қолда барды ұқсатып игере алмаса, ондай ел «ресурстардың қарғысына» ұшырайды екен. Р.Аути «Ресурсқа тәуелді елдердегі тұрақты даму: ресурстық қарғыстың проблемасы» атты еңбегінде экономикасы минералды ресурстарға тәуелді мемлекеттерді салыстырып зерттеген. Ол Бразилия, Мексика сияқты жері кең, қазба байлықтары мол, халқының саны да көп елдерді Тайвань, Оңтүстік Корея, Сингапур сияқты табиғи ресурстары аз елдермен салыстырып, дамуындағы айырмашылықтарын көрсетуге тырысқан. Сөйтіп, тауар өндірісі, жаңа технологияларды дамыту, туризм мен еркін сауда жасауды дұрыс жолға қою, білім беру мен денсаулық сақтауды, құрылыс пен ауыл шаруашылығын жаңаша өркендетуден түсетін табыс табиғи қазба байлықтарды шикізат күйінде сатумен салыстырғанда әлеқайда көп табыс әкелетініне көзі жетеді. Тіптен шикізат сатушы елдер өздері сатқан шикізаттан өндірілген тауарларды бірнеше есе қымбат бағамен қайта сатып алып тұтынатынын көрсетеді. Сондықтан Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев ұсынып отырған жаңа экономикалық үлгі өте өзекті, отандық экономиканы шикізатқа тәуелділіктен арылту мен әртараптандыруға серпін беретін тың қадам.
Бұл тұрғыда Президентіміз ауыл шаруашылығы саласында ірі компаниялар көбірек болса, нақты серпіліс жасауға болады, экспортты ұлғайта отырып, ішкі нарықты да ұстап тұра алатын жағдайда боламыз деуі қисынды. Орта және шағын шаруа қожалықтарының қолы қысқа, олар агроөнеркәсіптік кешен ретінде қызмет етуге қауқарсыз. Сондықтан отандық агрофирмалардың ірі компаниялар қатарына кіруі, өзара тиімді шарттар негізінде халықаралық корпорацияларды белсенді түрде тарту арқылы ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты еліміз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал.
Сонымен қатар мынадай міндеттер де шешімін табуы қажет:
– ауыл шаруашылығында жағымды инвестициялық ахуал жасауға бағытталған кешенді іс-шараларды жүзеге асыру;
– қысқа мерзімде капитал құйылуына және инвестициялық жобалардың іске асырылуында оны ұтымды пайдалануға қажетті инфрақұрылым құру, ауыл шаруашылығының ерекшеліктерін ескеретін жетілген инвестициялық жобалар жасау;
– тарихи тәжірибеде өзінің тиімділігін көрсеткен ауылшаруашылық кооперациялары мен мемлекет көмегімен машина-трактор станцияларын нарықтық қатынастарға сай бейімдеп құрып, қайта жаңғырту. Себебі қазір ауылдағы шаруаның қолы қысқа, ауылшаруашылық техникасы тапшы. Кеңестік дәуірден мұраға қалған техника әбден ескіріп тозған, көбісі металл сынығы ретінде сатылып кеткен;
– ауыл шаруашылығына аралас жоспарлы-нарықтық қатынас енгізу керек. Бұл тұрғыда ауыл шаруашылығы дамыған елдердің тәжірибесін терең зерделеп, еліміздің хал-ахуалына сәйкестендіріп қолдана білу қажет.
Жерінің жалпы аумағы 2,7 миллион шаршы шақырым, өкінішке қарай, оның басым бөлігі ауыл шаруашылығына жарамайтын шөл, шөлейтті, тақыр және сортаң жерлер. Су ресурсы – еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан су шаруашылығын реттеу мен дамыту аса маңызды. Бұрын өз алдына дербес министрлік болған су шаруашылығы саласы «бюджеттік қаражатты үнемдеу», «оңтайландыру», «әкімшілік реформа» сияқты түрлі желеулермен ұсақталып, бірнеше министрліктің құрамына бөлшектеліп еніп кеткен болатын.
«Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес», – дей келе, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өз жолдауында су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп атап көрсетті. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылатын болды. Сөйтіп, жаңа министрліктің аясында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс істейтін болады. Бұл жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешуге арналған дұрыс шешім болып табылады.
Қорытып айтар болсақ, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту Қазақстанның экономикалық саясатының негізгі басымдықтарының бірі болып табылады. Бұл, бір жағынан, бос жатқан ауылшаруашылық жерлерді, іске асырылмаған өндірістік қуаттарды ұтымды пайдалану, ішкі нарық пен әлемдік нарықтардағы сұранысты қанағаттандыру деген сөз.
Екінші жағынан, агроөнеркәсіпті жетілдіру, ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу, отандық тауар өндірушілерді, оның ішінде ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілерді қолдау мыңдаған жұмыс орындарын ашуға көмектеседі. Ал Қазақстан халқының жартысына жуығы ауылдық жерлерде тұратынын ескерсек, бұл көптеген маңызды әлеуметтік-экономикалық мәселелердің шешілуіне ықпал етері сөзсіз.
Сейілбек МҰСАТАЕВ,
Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының доценті, саяси ғылымдар докторы
ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӘЛЕУЕТ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» деп аталатын жолдауы қоғам мен мемлекет өмірін тұтасымен қамтыған өзекті мәселелерді көтеріп, оны нақтылы шешудің жолдары жан-жақты байыпты саралануымен ерекше ықылас туғызды. Геосаяси ахуал шиеленіскен бүгінгі заманның көкейкесті талаптары экономикалық дербестігін дамытуға және сақтауға ұмтылып отырған еліміз үшін аса маңызды. Сондықтан Президент биылғы жолдауын ұлттық экономиканың өркендеуіне арнап, оның шын мәнісінде әлемдік саясаттағы басым тренд екенін көрсетіп, талдап берді.
Президент ұлттық экономиканы дамытудың келелі мәселелері ретінде ауыл шаруашылығын заманауи сапада дамыту, тау-кен өнеркәсібі мен табиғи қазба байлықтарды, жер ресурстарын тиімді ғылыми және қолданбалық тұрғыдан игеруге шақырды.
Еліміздің табиғи қазбалар мен шикізаттық ресурстарға толы қазыналы аймақтары жетерлік. Қазақстанның ежелгі металлургтар мекені екендігі отандық археология ғылымын әлемдік деңгейге көтерді. Алайда қазба байлықтарымызға қатысты салалардағы дағдарыстар, ысырапшылдық, кен өндіруші азаматтарды әлеуметтік-медициналық тұрғыдан қорғаудағы осалдықтар жолдауда ашып айтылып, оларды шешуге қатысты мемлекеттік шаралар кеңінен қозғалды. Осы орайда, «Жаңа заманның мұнайына» айналған сирек және жерде сирек кездесетін металл кеніштерін игеру басты бағыттың бірі болуы керек. Өзінің осы саладағы әлеуетін аша алған елдер келешекте бүкіл әлемнің технологиялық даму бағдарын айқындайтын болады», – деген президент пікірі қисынды құптарлық болжам ретінде бағаланары сөзсіз.
Сондай-ақ Қазақстан инфрақұрылымының өзегі – көлік және логистика саласына қатысты Президент ұсыныстары мен шешімдері айрықша назар аудартады. Еуразиялық сайын сахараны мекендеген ата-бабаларымыз ұрпағына осынау алып территорияны аманат етіп қалдырды. Қасиетті жерімізді қорғау және оны сақтап, ел игілігіне орынды жарата білу бүгінгі замандастарымызға әжептәуір салмақ және абыройлы міндет. Өз кезегінде Президент бұл мәселеге қатысты орын алған ділгірліктерге тоқтала келе: «Қазақстан солтүстік пен оңтүстікті, батыс пен шығысты байланыстыратын жаһандық жолайрықта орналасқан. Бұл біздің елімізге зор мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан көлік-логистика саласы экономикамызды алға бастайтын басты күштің біріне айналуға тиіс. Қазақстан көлік саласында Ресеймен және Қытаймен ынтымақтастығын жалғастыра береді. Біздің транзиттік әлеуетімізді нығайту ісінде Транскаспий бағдары айрықша рөл атқарады. Орта мерзімдік кезеңде осы дәліз арқылы тасымалданатын жүк көлемі бес есе артуы мүмкін. Ол үшін Қытай, Әзірбайжан, Грузия, Түркия сияқты серіктес мемлекеттермен бірге күш жұмылдыруымыз қажет», – деп, еліміздің географиялық, геосаяси мүмкіндігін жан-жақты ашып көрсетеді.
Жалпы, ұлттық экономиканың күретамыры болып саналатын жол-көлік логистикасына тұтастай креативті мемлекеттік менеджменттің қатысуының уақыты келгенін мойындауымыз қажет. Сол тұрғыдан алғанда, ХХ ғасыр басындағы қазақ инженериясының көшбасшысы, тұңғыш инженер, Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері Мұхамеджан Тынышбаевтың (1879-1938) тұлғасы мен инженерлік кәсіби мұрасын насихаттаудың, зерттей түсудің жөн екенін атауға тиіспіз.
Еліміз ақпараттық технология, жасанды интеллект, цифрландыру тәрізді кибернетика ғылымының қарыштап дамыған нәтижелерінің белсенді тұтынушысы ғана емес, оның мамандарын даярлауға да өзіндік үлесін қосып келеді. «Кемінде үш белгілі жоғары оқу орны жасанды интеллект саласына қажетті кадр даярлаумен және зерттеулер жүргізумен айналысуы керек. Еліміз есептеу қуаттарын жаһандық тұтынушыларға сататын орынға айнала алады. Сондықтан ірі мәлімет орталықтарын салуға инвестиция тарту үшін түрлі жеңілдіктерді де қамти отырып, барынша қолайлы жағдай жасау керек. Сондай-ақ мәліметті сақтау және өңдеу саласында Қазақстанның мүддесін ілгерілету қажет», – дей келе, Президент цифрландыруға қатысты заң-қағидаттарды орнықтыруды көтереді.
Мемлекет тірегі – адам. Адам капиталы жетілмеген елде ешбір дамудың, өркендеудің болмайтыны аксиомалық шындық. Қоғамда жеке тұлғаға, адамға мән берудің «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатымен орындалуы, осы бір ұғымнан прагматикалық және әлеуметтік мемлекетті орнықтыру рухын сезінеміз. Мұны өз кезегінде Президент: «Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру еліміз үшін айрықша маңызды. Әрбір азаматымыз, әсіресе жастар, ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет. Оның бәрі бірігіп біртұтас қоғамдық қасиетке айналады. Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ. Абайдың «толық адам» ілімінен бастау алатын «адал азамат» тұжырымдамасының түпкі мәні – осы», – деп түйіндейді. Жолдау осындай мән-мағынаға ие және еліміздің дамуына тың серпін берерлік батыл бағыттарымен қолдауға лайықты.
Гүлбану ЖҮГЕНБАЕВА,
Дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының ассоц. профессоры, тарих ғылымының докторы
СУ МӘСЕЛЕСІ МАҢЫЗДЫ
Жаңа оқу жылының басында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауын жасады.
Жолдауда Қазақстан Республикасының негізгі бағыттары белгіленді, билік органдарына нақты тапсырмалар берілді, жаңа міндеттер қойылды.
Қазақстан халқының болашағына, өсіп-өнуіне әсер ететін негізгі мәселе – су ресурстарының қолжетімділігі мен сапасы мәселесі өзекті болып қала береді. Халық пен экономиканың өсу үрдісін ескере отырып, 2040 жылға қарай Қазақстанда су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін.
Сол себептен Президент бұл мәселені орынды көтерді, жолдауда белгіленген су тапшылығын жоюға байланысты міндеттер орындалуы тиіс, оларға қол жеткізген жағдайда ұрпағымыздың болашағына зор үміт арта аламыз.
Жолдауға сәйкес, «Су үнемдеу технологияларын енгізу – шұғыл шараларды талап ететін өте маңызды мәселе. Сонымен қатар қазір біз ағымдағы шындыққа сәйкес келетін жаңа тарифтік саясатсыз жасай алмаймыз. Ескірген инфрақұрылым мүмкіндіктер шегінде жұмыс істейді. Жаңасын құру – нарықтың міндеті. Суды шамадан тыс тұтыну тарифтің жоғарылауына тең болады. Бір сөзбен айтқанда, сіз суды үнемдеуіңіз керек. Бұл жағдайда судың «қара нарығы» толығымен жойылуы керек. Су – шектеулі ресурс, оның болуы фермерлердің өмір сүруінің кепілі болып табылады. Сондықтан осы саладағы бұзушылықтар қатаң түрде басылып, заңның барлық қатаңдығымен жазаланады», – делінген.
«Сәйкесінше Қазақстан Республикасының су қатынастарын құқықтық реттеуді қамтамасыз ететін заңнамасына және осы саладағы су заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершлік көздейтін Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске және Қылмыстық кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет. Сонымен қатар су ресурстары біздің еліміз үшін мұнай, газ немесе металдардан кем емес маңызға ие. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамытумен дербес ведомство айналысуы тиіс деп санаймын. Осыған байланысты Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады», – деді Президент. Бұл өте орынды.
Жалпы алғанда, бүкіл саланы айтарлықтай материалдық және, ең бастысы, кадрлық күшейту қажет болады. «Өсіп келе жатқан су тапшылығы Орталық Азия елдері үшін ортақ проблема болып табылады. Су ресурстарын ұтымды пайдалану энергетика және көлік салаларымен қатар, өңірлік кооперацияның жаңа моделінің тағы бір маңызды элементі бола алады. Үкіметке бұл мәселені көрші мемлекеттермен жан-жақты пысықтауды тапсырамын», – деді Президент.
Айгаринова Гулнар,
Кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының доценті
БОЛАШАҚҚА НЕГІЗДЕЛГЕН БАСТАМАЛАР
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа дәстүрлі жолдауын арнады. «Менің өткен жолдауда айтқандарымның көбі орындалды. Өткен парламент мәжілісі мен мәслихаттар сайлауы еліміздің көппартиялық жүйесінің дамуына оң ықпалын жасады. Иә, біз саяси реформа жасадық, алайда еліміздің толыққанды дамуы үшін бұл жеткіліксіз», – деп сөзін сабақтады ту ұстаушымыз.
«Әлемде болып жатқан күрделі саяси жағдайға қарамастан, еліміздің экономикасы тұрақты өсуде. Біз еліміздің тиімділігін толық пайдаланып, ауылшаруашылық өнімдерін ең соңғы сатысына дейін өңдеуіміз керек. Шикізатқа байланған менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыруға міндеттіміз. Ол үшін ауылды дамыту, орта және шағын шаруашылықты қолдау қажет. Жеңілдетілген несие берумен шектелмей, өндіріс техникасының жыл сайын 4 пайызға жаңарту керек. Шетелдік озық өндіріс тәсілін енгізіп, кірісі мол, түсімі жоғары көп түрлі дақылдарды егіп, суды көп ішетін өнімдерді азайту қажет. Су тапшылығы Қазақстанда ғана емес, Орталық Азия елдеріндегі ортақ күрделі жағдай. Көрші елдермен жақсы қатынасты сақтай отырып, су мәселесін оңтайлы шешу үкіметтің алдында тұрған маңызды міндет. Су үнемдейтін технологияларды енгізу керек. Елімізде ескі инфрақұрылым зорға жұмыс істеп тұр, соны жаңартуға күш салуға тиіспіз», – деді Президент. Бұл сөздер біздің тамырымызға жан берді. Оған біз қуандық.
«Жылу жүйесін жаңарту. Жылу беру құрылымын үкімет зерделеп, жоба жасап, түбегейлі шешуі тиіс. Монополистердің жауапкершілігін екі есеге арттыру керек. Алпаут компаниялар газды қолжетімді бағамен ұсынуы керек». Дұрыс нұсқауға біз іштей сүйіндік.
Сондай-ақ «Біз әлемде уран өндірісі бойынша алдыңғы қатарлы елміз, сондықтан да бізге атом энергиясын салу керек деп ойлаймын. Көптеген ұлт жанашырлары алаңдауда. Бұл мәселенің шешімін халық өзара дауыспен шешетін болды. Қазақстан – батыс пен шығысты, Азия мен Еуропаны жалғайтын күретамыр, біз осы мүмкіндікті жақсы пайдалануымыз керек», деді Президент.
Қытайтану кафедрасының аға оқытушысы,PhD,
Абдырақын Нұрхалық
ЕЛ ДАМУЫНЫҢ КЕПІЛІ
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы мен журналистика факультетінің, сондай-ақ Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының ұжымы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты жолдауын аса ынта-ықыласпен тыңдап, зор сеніммен қабылдады.
Президент сөз басында елімізде жүргізілген саяси реформаларға тоқталып, елімізде «Күшті президент – ықпалды парламент – есеп беретін үкімет» тұжырымдамасы бекем орныққанын, әділдік пен заң үстемдігін орнату үшін ілкімді істер атқарылғанын айта келіп, осы жұмысты түбегейлі және жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформаға ұштастыру қажет екенін айтты.
«Қазір әлемде геосаяси ахуал ушығып тұр. Соған қарамастан, ел экономикасының негізгі бағыттары бойынша көрсеткіштер өсті. Былтыр Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 104 триллион теңге болды. Елімізге 28 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Сыртқы сауда-саттық бұрын болмаған деңгейге, яғни 136 миллиард долларға жетті. Оның 84 миллиарды – экспорт. Сыртқы қорымыз 100 миллиард долларға жуықтады. Бұл ең алдымен экономикалық тұрақтылығымыздың аса маңызды кепілі екені сөзсіз. Әрине, басқа елдер де қарап отырған жоқ, олар да алға қарай ұмтылып, дамуда. Бір сөзбен айтқанда, жаһандық экономика және халықаралық еңбек нарығы түбегейлі өзгеруде. Технологиялық бәсеке қызып тұр. Барлық жерде ресурстар үшін талас жүріп жатыр. Климаттың өзгеруі, азық-түлік қауіпсіздігі және демографиялық тұрғыдан орнықты даму ең өзекті мәселеге айналды. Бір сөзбен айтқанда, адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер мен түбегейлі өзгерістер дәуірі басталды. Осындай аса маңызды шақта зор экономикалық серпіліс жасауға еліміздің толық мүмкіндігі бар. Ол үшін біз біртіндеп жаңа экономикалық үлгіге өтуіміз керек», – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент осы жолдауда өңдеуші және тау-кен өнеркәсібі, қорғаныс-өнеркәсіп кешені, ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік-логистика, қаржы, IT және цифрландыру, су ресурстары, креативті индустрияны дамыту, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін қолдау жөнінде үкіметке нақты міндеттер жүктеді. Сонымен қатар мемлекеттің экономикаға ықпалын азайтуға, экономиканы монополиядан арылтуға, макроэкономикалық саясатты қайта қарауға, салық, бюджет саясатын және әкімшілік басқару жүйесін реформалауға қатысты бірқатар маңызды бастама көтерді. Мәселен, жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құру, еліміздің туристік әлеуетін көтеру, геологиялық барлау ісін дамыту, қорғаныс-өнеркәсіп кешенін нығайту, елімізді аграрлық орталыққа айналдыру, энергетикалық қауіпсіздік және трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу, көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалану, Қазақстанды IT мемлекетке айналдыру. Міне, осы қадау-қадау міндеттердің бәрі болашағымыздың жарқын болуы мен ел дамуының нақты кепілі.
«Мен аймақтарға барғанда дарынды әрі ойы ұшқыр, яғни креативті азаматтармен үнемі кездесемін. Біз олардың өз әлеуетін толық ашуына жағдай жасауымыз керек. Аймақтағы жоғары оқу орындарының негізінде біртұтас инновациялық экожүйе құру қажет. Оны нақты сектормен тығыз ынтымақтаса отырып жүзеге асырған жөн. Бұл жұмысты әрбір облыс орталығында жүргізу керек. Астана хабының тәжірибесін кеңінен пайдаланған жөн. Экономиканы өркендетуге және халықты жұмыспен қамтуға ықпал ететін тағы бір бағыт – медиа, кино, музыка, дизайн, білім беру, ақпараттық технология салаларын қамтитын креативті индустрия», – деді Президент.
Біз, Әл-Фараби атындағы журналистика факультетінің оқытушы-профессорлар құрамы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауын қызу қолдап, онда айтылған міндеттердің дер кезінде орындалатынына бек сенеміз. Өйткені осы жолдауда атап көрсетілген міндеттің бәрі үш жылдың ішінде орындалуға тиіс екенін Президенттің өзі қадап айтты.
Ермахан Шайхыұлы,
Баспагерлік-редакторлық және
дизайнерлік өнер кафедрасының
аға оқытушысы
ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТІНІ ДАМЫТУ – ЖАҢА ЗАМАН ТАЛАБЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдауында көтерілген мәселелер Тұрақты дамудың барлық 17 бағытын қамтыды. Жолдауда негізінен құрлықтың экожүйелерін және су ресурстарын ұтымды пайдалану, климаттың өзгеруі, инклюзивтік өсу және экономикалық өзгерістер, жаһандық серіктестік, ресурстарды жұмылдыру, технологиялар, әлеуетті арттыру, сауда мәселесіне басымдық берілді.
Президент жолдауында көтерілген өзекті мәселенің бірі – ІТ технологияларды дамыту. Жолдауда Мемлекет басшысы «Маңызды стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру» деп атап өтті. Сондай-ақ үкіметке жасанды интеллектіні дамытуды тапсырып, білікті мамандар дайындау қажеттілігін айтып, «Кемінде үш белгілі жоғары оқу орны жасанды интеллект саласына қажетті кадр даярлаумен және зерттеулер жүргізумен айналысуы керек», – деді.
Бүгінде ақпараттық технологиялар, жасанды интеллект саласында қажетті мамандарды дайындаумен айналысып жатқан қазірдің өзінде үш емес, одан да көп университетті айтуға болады. Алматыда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Қ.Сәтбаев университеті және СДУ, ҚБТУ, ХАТУ сияқты жоғары оқу орындары нарыққа білікті ІТ мамандарын шығарып отыр. Сондай-ақ соңғы жылдары АЭжБУ мен АТУ өзінің техникалық, материалдық базасын жылдан-жылға жетілдіріп, болашақ ІТ мамандарына «сен оқимын деп келсең, мен оқытуға дайынмын» деп барлық шарт-жағдайын жасап отыр.
Маман дайындау ісімен бірге, жасанды интеллект бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары да өзіндік нәтиже беруде. Оның бәрін тізіп айтар болсақ, бір жазба емес, бірнеше мақала болатын шығар. Тек соның бір-екеуін атап өтейін. Осы салада үлкен зерттеулер жүргізіп отырған Ғылым ордасына қарасты Ақпараттық және есептеуіш технологиялар институты мамандарының еңбектері «Скопус» базасындағы журналдарда жиі жариялануда. Институт директорының ғылым жөніндегі орынбасары Өркен Мамырбаев сынды ғалымдардың жасаған қазақша аудиомәтінді текске айналдыратын қосымшасы қазір көптеген журналистердің көмекші құралына айналды.
Оқу орындарын айтар болсақ, Қазақ ұлттық университетінің ақпараттық технологиялар факультеті Ақпараттық жүйелер кафедрасының ғалымдары да түрлі тақырыпта ғылыми зерттеулермен айналысуда. Машиналық аударма саласы бойынша өз мектебін қалыптастырған профессор Тукеев Уалшер мырза мен Диана Рамазанқызы бастаған шәкірттері нәтижелі еңбек етуде. Кафедра басшысы Шынар Жеңісбекқызы мен Батырхан Омаров бастаған ғалымдар да ЖИ саласы бойынша бірнеше PhD докторларды дайындауда. Аталған ғалымдардың бәрі жылда бірнеше ғылыми жобаларды орындап, web science, Scopus базаларына ғылыми мақалалары жариялануда. Мысалы, Батырхан Сұлтанұлының Scopus базасына енген журналдарда қазірге дейін 66 мақаласы жарық көрген.
Білікті ІТ мамандарын дайындауда мемлекеттік грант жақсы бөлінуде. Енді жоғары оқу орындары соған сай материалдық базалары жетілдірілуі тиіс. Президенттің жолдауда айтқан Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру жоспары орындалады деп үміттенеміз.
Құрметқан ТҰРДЫБЕК,
Ақпараттық жүйелер кафедрасының
аға оқытушысы
ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКАНЫ ДАМЫТУҒА МӘН БЕРУІМІЗ КЕРЕК
Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауын Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың физика-техникалық факультетінің оқытушы-профессорлары студенттермен бірге тыңдап, қызу талқыладық.
Президент жыл сайын халыққа жолдауын Парламент сессиясының ашылуында жариялауы жақсы дәстүрге айналғанын, нақты іске асқан шараларды, атқарылған ауқымды жұмыстарды атап өтіп, болашақта да өз жалғасын табатынын айтты. Жаһандық экономика алға қарай ұмтылып дамуда, сондай-ақ еңбек нарығы түбегейлі өзгеруде және технологиялық бәсеке артып, климаттың өзгеруі, азық-түлік қауіпсіздігі орнықты дамудың ең өзекті мәселесіне айналуда. Осындай аса маңызды шақта зор экономикалық серпіліс жасауға еліміздің толық мүмкіндігі бар. Дегенмен жаңа экономикалық саясатта жүзеге асуы екіталай ұзақ мерзімді мақсат қоюға болмайтынын, бұл міндеттің бәрі үш жылдың ішінде орындалуға тиіс және оларды жүзеге асыру үшін нақты мерзім бекітілетінін атап өтті.
Осы орайда, Мемлекет басшысы экономиканың құрылымына қатысты реформаның негізгі тұстарына тоқталды. Инфрақұрылымды жаңғырту арқылы жаңа экономикалық үлгіге көшу қажеттігі, энергетикалық қауіпсіздік мәселесін өз ресурстарымызды қолданып шешуіміз қажет. Әрине, осы тұста университетіміздегі физика-техникалық факультетіндегі ғалымдарымыздың жаңартылатын энергетика жобаларын жүзеге асыру қарқынды жүргізуі қажеттілігі назардан тыс қалмайды.
Біз жасыл экономиканы дамыту мәселесімен қажетті деңгейде айналысуымыз керек. Болашақта бүкіл әлем таза энергетикаға көшетіні сөзсіз. Жалпы, әлемдегі күрделі қаржы салымдарының үштен біріне жуығы жаңартылатын энергетика жобаларының еншісінде екені белгілі, сондықтан біздің еліміздің ғалымдары осы бағытты дамытуға арналған халықаралық іргелі зерттеулерге белсенді атсалысуы қажет. Ең бастысы, елімізде шикізат қоры жеткілікті болғандықтан, сутегіден қуат өндіру ісін дамыту қажет. Қуат көздерін кеңейту ісі энергетикалық машина жасау саласында технология трансфертін жүзеге асырып, жергілікті өндірісті дамытуға, аккумулятор өнеркәсібін құруға негіз болады.
Бүгінгі күнгі қоғамдағы даулы мәселелердің бірі Қазақстанда атом электр станцияларын (АЭС) салумен байланысты. Бір топ бүгінгі технологияның даму деңгейін, көмірсутекті шикізат қорының шектілігін және экологиялық зардаптарын, Қазақстанның уран шикізатына бай екенін ескере отырып, Қазақстанда АЭС-ті салуды қолдаса, екінші топ Қазақстанда бұл саладағы инженер-техник мамандардың тапшы екенін, бұл мәселенің тек экономикалық қана емес, саяси астары бар екенін ескере отырып, бұл кезеңде әлі де болса мұндай станцияларды салу ерте екенін айтады. Бұл мәселе БАҚ құралдарында, әлеуметтік желіде де қызу айтыстар туғызуда. Мәселенің осы жақтарын ескере отырып, Президент өз жолдауында аса орынды ұсыныс жасады. Бұл мәселе қоғам мүшелерінің барлығының мүддесіне тәуелді болғандықтан, шешім мемлекетіміздегі жалпыға бірдей референдумның негізінде ғана қабылдануы тиіс екенін қадап айтты. Бұл әділ әрі көрегендікпен жасалған шешім алдағы қызу айтыстардың демін басады деп ойлаймыз.
Бәріне бірдей мүмкіндік беретін өркениетті ел – әділетті Қазақстанды құруда тәртіп, өзара түсіністік, тілектестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұратын тиімді мемлекет боламыз. Осы орайда, біз тәжірибелі азаматтар, студенттер, жас мамандармен бір толқында болып, олардың білім мен ғылымды меңгерудегі сұраныстарына төтеп бере алатындай бейімділік танытуымыз қажет. Мысалы, кез келген қоғамдық орында тәртіпті қамтамасыз ету арқылы қазіргі ашық әлемнің мәдениетті, білімді, интеллектуалды бөлшегі болуға ұмтылуымыз керек.
«Әділетті Қазақстан» және «Адал азамат» ұғымдары егіз құндылық, адалдық жоқ жерде ешқашан әділдік болмайтынын саналы түрде жадымызға сіңіруіміз қажет. Президентіміздің ел азаматтарын осы қасиетті парызға адал болуға шақыруын қуана қарсы аламыз.
Президент жолдауын үлкен ықыласпен тыңдағаннан кейінгі алғашқы әсерден келген ойлар осылар. Бұл жолдауды терең талдау, одан туындайтын салиқалы салдарларды саралау алдағы уақыттың үлесінде деп ойлаймыз.
Нұрзада БЕЙСЕН,
физика-техникалық факультетінің деканы
ӘДІЛЕТТІ ҚОҒАМНЫҢ БАСТЫ БАҒДАРЫ
1 қыркүйектегі ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты кезекті жолдауын жариялады. Мемлекет басшысы депутаттарды кезекті сессияның ашылуымен құттықтай келе, Парламенттегі саяси партиялардың көбейгенін, депутаттар құрамының өзгергенін айта келе, халық қалаулыларының еліміздегі өзекті мәселелерді шешу жолында және көптеген заң жобасына бастамашылық жасап, белсенді де табысты қызмет атқарып жүргеніне тоқталып, оларға алғыс айтты.
Мемлекет басшысының бастамалары, негізінен, тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтып, Қазақстанның экономикасын арттырып, халқымыздың әл-ауқатын, тұрмысын жақсартуға бағытталған, олардың басым көпшілігі жүзеге асты, сонымен қатар бірқатар жұмыстар қазіргі кезде тың қарқынмен іске асырылуда. Мысалы, 2020 жылдан бастап ұстаздардың еңбекақысы екі есе өсті, медицина қызметкерлерінің де жалақысы едәуір көтерілді. Халыққа зейнетақы қорындағы жинақтан бір бөлігін өз мұқтажына пайдалануға мүмкіндік берілді. Миллиондай халық баспана мәселесін оңтайлы шешіп, үйлі болуға қол жеткізді. Қазіргі уақытта «Жайлы мектеп» жобасы бойынша 400-дей мектеп жаңа оқу жылында есік ашты, ауылдық жерлерде 300-ден астам денсаулық сақтау ғимараттары салынып жатыр. 2024 жылдан бастап балалардың жарқын болашағын қамтамасыз етуге бағытталған игілікті «Ұлттық қор – балаларға» жобасы бойынша олардың есепшотына қаржы түсе бастайды.
Президент білім беру саласына сапалы біліммен қатар, әр баланың, білім алушының өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету, зорлық-зомбылыққа, буллингке тап болған балаларға арнап бағдарлама мен психологиялық қолдау көрсететін қызметті институционалды түрде нығайту керектігін баяндай келе, білім сапасын көтеру үшін интернет жылдамдығын көтерудің, мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттырудың ауадай қажеттілігіне тоқталды. Оқу орындарының түлектерге жұмыс ұсына алатын еңбек мекемелерімен байланыс жасап, ұзақ мерзімге әріптестік орнатуын ұсынды. Еліміздегі демографиялық өсім білімге деген сұранысты арттыра түскенін және мемлекетімізде білім саласында тұтастық, яғни жүйе жоқтығына тоқталып, сол себепті бес жастан балаларға арнап «Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін енгізуді тапсырды.
«Қазір әлемде геосаяси ахуал ушығып тұр. Соған қарамастан, ел экономикасының негізгі бағыттары бойынша көрсеткіштер өсті», – дей келе, Мемлекет басшысы еліміздегі экономиканың құрылымына қатысты реформаның басты тұстарына тоқталды. Елімізде мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру мен экономикамыз өз елімізді толық қамтамасыз ете алатындай деңгейге көтеру үшін өңдеу саласын қарқынды дамыту мен экономиканы әртараптандырудың қажеттілігін айтты. ҚР Президенті еліміздегі, жалпы, Орталық Азиядағы су тапшылығы – өткір мәселе, сол себепті суды үнемдеп жұмсау, суды үнемдейтін технология жүйесін енгізуді және үкіметке су мәселесін көрші елдермен бірлесе отырып шешуді тапсырды. Еліміз үшін тағы стратегиялық маңызы зор сала – көлік-логистикасының әлеуетін толық пайдаланудың маңызы мен «құрғақ порт» салуды, Ақтау контейнер хабының құрылысын жылдамдатудың қажеттілігін, айлақ әлеуеттерін арттырсақ, жүк тасымалы бес есе көлемде арттыру мүмкіндігіне ие болатынымызды атап айтты.
Рахила НАРАЛИЕВА,
Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының оқытушысы
ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫ – БІЗДІҢ БАҒДАРЫМЫЗ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған жолдауы көп сала бойынша өркендеудің бағытын айқындады. Білім, экономика, демография т.б. негізгі салалар бойынша бағдары мен идеясын ұсынды.
Қазіргі кездегі геосаяси, геомәдени, демографиялық, экологиялық, экономикалық жағдай күрделі болып жатқанда біздің еліміз адал азамат, әділетті Қазақстанды құруға атсалысып жатқаны құптарлық іс. Әділдік болмаған жерде дұрыс жұмыс жүрмейтіні белгілі. Жолдауда Президентіміз: «Адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады. Сондықтан біз жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге тиіспіз. Мен Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін», – деп нақты дәйектеді.
Технологиялық бәсеке қызып тұрған жағдайда барлық жерде ресурстар үшін талас жүріп жатыр. Климаттың өзгеруі, азық-түлік қауіпсіздігі және демографиялық тұрғыдан орнықты даму ең өзекті мәселеге айналды. Бір сөзбен айтқанда, адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер мен түбегейлі өзгерістер дәуірі басталды. Ресурстарды өндіру, оларды өңдеуге дейінгі жұмыстарды жүргізу, алдыңғы қатарлы агросекторды, цифрландыру, инновацияларды енгізу сияқты жұмыстарды одан әрі жүргізу керектігі айтылды. Сонымен қатар жаңа экономикалық саясатта жүзеге асуы екіталай, ұзақ мерзімді мақсат қоюға болмайтыны көрсетілді. Бұл бағытта әділдік, инклюзивтік және үнемшілдік жаңа экономикалық бағдарымыздың өзегіне айналатыны анықталды.
Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының ұжымы үшін биылғы жолдау көп міндет артып отыр деп түсінеміз. Өйткені жолдауда «Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – «сапа». Сондықтан білім сапасын жақсарту және педагогтардың біліктілігін арттыру ауадай қажет. Бәріне бірдей білім беру үшін интернет жылдамдығы жоғары және білім берудің цифрлық ресурстары тегін әрі қолжетімді болуы шарт. Білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп отыруы керек» екені міндеттелді.
Сапалы білім алу, білім беру мүмкіндіктерін одан әрі дамытсақ, білім алушылар да сапа, адалдық, әділдік дегенге бетбұрыс жасайды. Сонымен, «Тыңдайтын мемлекет» шын мәнінде өз жұмысын жүзеге асыруда. Бұл бізге шабыт беріп, үлкен үміт артады. Әрине, қай кезде болсын жаңару, жаңғыру оңай нәрсе емес. Осы жылдары мемлекетіміз талай оқиғаларды бастан кешті, болған іс – болды, біздің мақсатымыз – алға жылжу, өркендеу. Біз одан көп сабақ алдық. Қорыта айтқанда, 1 қыркүйектегі жолдау – біздің бағдарымыз, сонымен қатар жаңа міндеттерді жүзеге асыруға жол көрсетеді деп санаймыз.
Айша БЕГАЛИЕВА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы