Кемел Тоқаев шығармаларындағы шындық пен шеберлік

4 қыркүйек, 2023

Түрлі кезеңдерде билік құрған идеялардың ауы­суын, өмірдің өзгерісін, қоғамның дамуын, әр заман­ның шындығын бейнелеп, кешегі мен бүгінгіні са­лыс­тыруға мүмкіндік беретін әдебиеттің ерекше қасиеті бар. Кеңестік кезеңді тым идеализациялап, сол құ­ры­лымды жаппай көкке көтере мақтау, кемшіліктерін елемеу ел арасында белең алған қазіргі шақта қа­зақ­тың қарымды қаламгері Кемел Тоқаев шығар­ма­ларын оқуға кеңес беруге болады.

«Қазақ детективінің атасы» ата­нып кеткен Кемел Тоқаев өз шы­ғармаларында қоғамның кө­лең­­ке­лі тұсын, елге зор­лық-зом­былықпен, ұйымдаса жасаған қандықол қылмыстарды көрсетіп, оларды ашуға бар күшін, ақылы мен интеллектін жұмсайтын, бай­қа­ғыш, сергек те сезімтал, бірінің өмірін бірі құтқаруға дайын Талғат Майлыбаев пен Кузьменко секілді екі дос тергеуші адам­дар­дың образын сомдады. Олар «Сар­ғабанда болған оқиғада» заң­сыз алтын сатушылар бан­дасын әшкерелесе, «Тасқын» по­ве­сінде жоғалды деп арыз жа­зылған адамды іздестіреді. «Көш­кен үйдің қонысы қайда?» шығармасында алыпсатарлар мен дүкен тонаушыларды, кісі өлтірушілерді ұстап, жазалайды.

Жазушы шығармаларының көбі детектив жанрының заңды­лық­тарына сай, бірден қылмыс­тың жасалуымен басталып, оқыр­манды қызықтырып алып кетеді де, соңына дейін интрига күшейіп, өрбіп, ақыры заңды шешімін тауып, әшкере болады. Жазушы қай шығармасында болсын кіш­кен­тай детальдарды шебер ой­на­тады. Мәселен, сюжеті Тал­ды­қорған облысында өтетін «Сар­­­ғабанда болған оқиға» по­ве­сінде қарапайым адамдар аса зер сала қоймаған, тіпті кейбір милиция қызметкерлері де «мылқау дала» деп назар аудар­ма­ған жайттарды ізкесушілер сөйлетіп, ілік етеді. Милиция мойо­ры Талғат оқиға болған жер­ден, бірінің үстіне бірі түскен малдың, адам іздерінің арасынан таяқ батқан шұқырларды тауып, фактілерді жинақтап, адам өлті­ру­шінің бір аяғы жоқ, күпшектей ағаш аяқпен жүретін, бату тереңдігіне қарап, оның салмағы 85-90 келідей кесек, ірі денелі екенін, жеңіл протез кимегеніне қарап, оның жас емес, қарт әрі пайдакүнем деп пайымдайды. Осындай логикалық ойдан шық­қан қызықты түйіндер шығарма соңына дейін оқырманды жете­леп, қорытындының дұрыстығына таңғалдырып, бас шайқатады. Айдалада қой бағып жүрген қой­шыны өлтірген адамды табу – қиынның қиыны, алайда оны өлтіру тәсіліне қарай, азаптап, жанды жерлеріне тиетін тәсіл­дер­ді қолданғанына қарап, тер­геу­ші­лер мұны жасаған адамның ме­ди­цинадан хабары бар әрі қой­шыдан бір деректі білмек бол­ған деп топшылайды. Қыл­мыс­кер­лер де ақымақ емес, олар да өз ізін жасырмақ болып, неше түр­лі айла-шарғы жасап, жа­зық­сыз­ға кінә артуға, кейде тер­геу­шілерге жала жабуға ұмтылады. Бі­рақ осы жерде тергеушілердің қисынды, дедукциялық ойлауы әрқашан көмекке келіп, ақ пен қараны айыруға сеп болғаны оқырманды сүйсінтеді.

Суреткер тілін әсемдеп, түрлі көр­кемдеуіш құралдарды молы­нан пай­даланады десек, асыра айтқандық болар. Де­генмен К.Тоқаевтың стиліне тән ерекшелік – кейіпкердің әлеумет­тік рөлін нанымды сомдауында, жанды портретін жасап, әрекет ету мотивтерін иландыра сурет­теуінде. Оның прозасындағы сим­вол­дар әрқашан заттық әлемінен табиғи көрініс тауып отырады. Мәселен, қара жамылып отырған үйге кіргенде «Гүлсара тұтас қара киім киіп, басына қара орамал жамылыпты. Талғаттар үйге кір­ген­де шәлісімен бетін көлегейлеп, теріс бұрыла отырып, ұзақ жылады» десе, ал оларға жақын, жанашыр адамдардың үйін «Еденге сырмақ төсеп тастапты. Ақ киізге қызыл барқытты мүйіз­деп ойып, сары жібек жіппен әдіп­теген. Шам жарығымен жай­нап, көздің жауын алады. Үстіне жата қалып аунағың келеді» деп, сол үйдің мамыражай ауанын, кейіпкерге әсерін бейнелеп жет­кі­зеді.

«Көшкен үйдің қонысы қай­да?» деген атауының өзінде жұм­бағы бар, сюжеті Жамбыл облысында өтетін шығармасында масайған адамның өң мен түс арасындағы талықсу сәтін шебер жеткізген. Оған төнген қауіпті де табиғатпен шендестіре «Осы сәт­те қалқыған айдың қара таң­ба­сы­на қыбырлап жан біткендей бол­ды. Бара-бара ұлғайып ба­ра­ды. Міне, жақындап та қалды.  Сөйткенде терезені кернеп, біреу аттап өтті. ... Жылымшы жас қан­ның иісі келді. Бұдан кейін ол еш нәрсені сезбеді. Бұл соңғы тыныс еді... Құбыжық көлеңке тастаған, толған ай, қанды кештің куәсі болудан тайсалғандай қоңыр бұлт арасына кіріп бара жатты», – деп жазады.

Ауыл-үй арасында тіпті миға сыймайтын, үрейлі, қорқынышты әңгімелер, ауыздан-ауызға та­ра­лып айтылатыны рас. Жазушы осындай фольклордық дәстүрге сай, «Қара мысық», «Қобызшы шал» туралы дақпырт әңгімелерді оқырманның мәтінге әуестігін арттыру үшін шығарма поэти­ка­сына сәтті енгізеді. Тергеушілер болса мұндай аңыздарды та­ра­ту­шылар өз қылмысын жасырып, халық арасында үрей туғызу, шатастыру секілді белгілі бір мақсат-мүддені көздеп әрекет еткенін анықтайды.

Жазушы шығармаларында тар­тыс ашкөздік пен ынсап, тойым­сыздық пен қанағат, нем­құрай­дылық пен жұмысқа адал­дық, рақат пен азап, арсыздық пен ұят, жеке бас мүддесі мен қо­ғам игілігі арасында өрбіп, психологиялық, әлеуметтік жайт­тар­мен астасып отырады. Осы тартыстардан кеңестік кезеңнің шындығын, заңдарын, сол кездегі қоғамдық түсінікті көреміз. Мә­се­лен, алыпсатарлықпен айналысу­шы­ларды еңбексіз жеңіл нәпақа та­бушылар деп күрессе, бүгінгі нарық заманында ол заңды бо­лып есептеледі, дегенмен алыпсатарлық өнімнің бағасын еселеп қымбаттатып, тұтынушыға залалын тигізіп отырғаны да жасырын емес. Немесе қазіргі батыстық полицейлер мен құт­қа­рушылардың өміріне арналған фильмдерде кейіпкердің жұмыс­бас­тылығы соншалық – тіпті от­басын да ұмытып кетіп, конфликт сол арадан туындап жатады. Осындай жайттар К.Тоқаевтың  1957-58 жылдары жазылған шы­ғар­маларынан да көрініс табады. Де­тектив жанрының заңды­лы­ғына сай, әрине, зұлымдықты жақсылық, айуандықты адамдық, көргенсіздікті ар-намыс жеңіп отырады. Осындай адамгершілік заңдарын астарлы түрде насихат еткен К.Тоқаев шығармалары құнды әрі өміршең.

Еркінгүл СОЛТАНАЕВА,

ф.ғ.к., аға оқытушы