Альмира ҚҰСТЫБАЕВА: Арманым – ми институтын ашу
Ғалым ғылымға шынайы құштар болған кезде ең батыл жобаларды шалқар шабытпен орындай алады. Өйткені адам бойындағы құштарлық түбі тәуір нәтижеге жеткізбей қоймайды. Бұл өмірде дәлелденген жағдай. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті биология және биотехнология факультетінің Биофизика, биомедицина және нейроғылым кафедрасының меңгерушісі Әлмира Құстыбаева өзінің әу бастағы арманы – Когнитивтік нейроғылым орталығын ашты. «Нейроғылым – әрі күрделі, әрі нәзік сала. Ғалымнан аса сезімталдық пен жинақылықты талап етеді. Біздің мамандық қалт кетуді көтермейді», – дейді бізбен әңгімесінде Әлмира Құстыбаева. Профессор бүгінде ми және адам санасының сан қырлы мүмкіндігін тану ізденісін тереңдетіп, еліміз үшін тың сала – нейроғылымды дамытуда.
Әлмира Мэлсқызы бала кезінен ғалым болуды армандаған әрі өзін басқа салада елестетіп те көрмеген. Тек ғылыммен бетпе-бет келіп, таңдау құқығы берілгенде аздап жүрексінген. Өйткені мектеп қабырғасында жүргеннен өзінің жақсы көрген математикасына көңілі бұрып тұр. Кішкентайынан есеп-қисапқа ынтық еді, кейін оқушы кезінде пән бойынша олимпиадаларда талай жеңіс тұғырына көтерілгені бар. «Осылай әрі-сәрі күйде жүргенде медицина ғылымының докторы дәрежесіндегі ағамның: «Биологияны меңгер. Бұл салада атқарылатын жұмыс өте көп. Математикалық қабілет-қарымыңды биологияда қолданасың», – деген ақыл-кеңесін тыңдадым. Ниетім оң болып қателеспеппін. Нәтижесінде ҚазҰУ-дың биология факультетіне оқуға түсіп, биофизика мамандығын таңдадым. Профессор Замира Бияшева мені миды зерттеу әдістерімен ерекше баурап алды», – дейді зерделі ғалым. Университетті тамамдаған соң, Әлмира Мэлсқызы 1994 жылы Мәскеудегі халықтар достығы институтында Н.А.Агаджанянның жетекшілігімен кандидаттық диссертация қорғады.
Оның әу бастағы математикаға деген сүйіспеншілігі нейроғылыммен айналысқан кезде көмекке келді. Осы бағытты жетілдіру ойы 2003 жылы ҚР Президентінің гранты бойынша Турку қаласындағы (Финляндия) Когнитивті нейроғылым орталығында жас ғалымдарға арналған тағылымдамадан бастау алды. Дәл сол кезде Қазақстанда ұқсас орталықты ашу идеясы пайда болып, ол бірнеше жыл өткен соң ҚазҰУ-да жүзеге асты. Одан кейін өмір жолындағы JFDP (АҚШ), TEMPUS (Ұлыбритания), Fulbright (АҚШ) және басқа да гранттар бойынша ғылыми тағылымдамалар ғалымның ми функцияларын интегративті әдіс тұрғысынан зерттеу бойынша көзқарасы мен ұстанымын қалыптастырды. Цинциннати университетінің (АҚШ) Психиатрия және мінез-құлық нейрологиясы кафедрасы жанындағы Нейроимиджинг орталығында өткен постдокторантура мен ғылыми жұмыс тәжірибесі де Әлмира Мэлсқызы үшін маңызды кезең болды. Осының бәрі ми сигналдарын талдау саласының маманы болуға, функционалды магниттік-резонанстық томография әдісін игеруге, қалыпты және бұзылған эмоционалды күй мен когнитивті бақылау бойынша зерттеулер жүргізуге мүмкіндік берді, тіпті даңғыл жол ашты десек, артық айтқандық емес.
«Өмір жолымда М.Познер, Дж. Маттьюс, Ю.Александров, Дж. Элиассен, Дж. Дункан сынды танымал тұлғаларды кездестірдім және олардың мамандыққа деген сүйіспеншілігі маған ерекше әсер етті. Нейроғылым – бұл ғылыми зерттеулердің таңғажайып сарқылмайтын саласы. Мысалы, біздің миымыз ақыл-ой әрекетін қалай қамтамасыз етеді, сана дегеніміз не, оның нейрофизиологиялық механизмдері қандай, миымыз ақпаратты қалай кодтайды, ми сигналдары арқылы біздің ойлау жүйемізді түсінуге бола ма деген сұрақтарға үнемі жауап іздейді», – дейді ғалым.
«Қазір мен Қазақстанда нейроғылымды дамытуға бар күш-жігерімді жұмсаудамын. Шәкірттерім М.Жолдасова, А.Қамзановамен бірге Когнитивтік нейроғылым орталығын құрдық, – деп әңгімесін жалғастырды Әлмира Мэлсқызы. – Бұл салада интегративті ойлау қабілеті бар мамандардың аса қажет екенін түсіне отырып, «Нейроғылым» мамандығын үш деңгейде: бакалавриат, магистратура және докторантурада ашуды ұйғардық. Нейроғылымға қадам басқан алғашқы студенттерге қарап-ақ, олардың біздің ісімізді жалғастырушы екеніне қуанамын. Нейроғылымдағы келешек тамаша зерттеулерге жол ашып, ерен еңбек етіп, тер төгіп жатқанымыз бекер болмауға тиіс. Шынында да, қай салада болсын алғашқы қадам жасаушыларға әрқашан қиынырақ. Қазақстанда алғаш рет атақты академик Серік Ақшолақовтың жетекшілігімен Ұлттық нейрохирургия орталығының базасында функционалдық магниттік-резонанстық сканерлеуді қолданысқа енгізгенімізді мақтан тұтамын. Енді біз бұл әдісті ми ісігі сырқатымен ауыратын науқастар үшін мидың когнитивті функцияларын картаға түсіруге қолданамыз. Бұл мидың жұмыс істеу құпияларын ашатын зерттеудің жаңа түрінің бастамасы».
Ғалымның пайымынша, Қазақстанда нейроғылымды дамытуға алғашқы қадам жасалды. Оның негізгі діңгегі қаланып, әдістемелік кешені енгізілді. Сөйтіп, әлемдік деңгейде іргелі зерттеулерді жүргізу қажет екені дәлелденді.
Бүгінгі біздің кейіпкеріміз Әлмира Құстыбаеваның отандық ғылымның дамуына қосқан үлесін мемлекет жоғары бағалады: көрнекті ғалым Қазақстан Республикасының ғылымын дамытудағы елеулі қызметі ескеріліп, «Ерен еңбегі үшін», «ЖОО-ның үздік оқытушысы – 2019» медальдарымен марапатталды.
«Менің ендігі басты мақсатым мен арманым – ми институтын ашу. Мұндай институт Қазақстанда жоқ. Әлемдік қор көздерінен миды зерттеуге қатысты халықаралық қаржыландыру тәсілін тартуға қабілетті ғылыми құрылым құрудың алғышарттары бізде бар. Қоғамның нейроғылымға деген қызығушылығы артып келеді. Өйткені әркім өзінің, тіпті басқа біреудің сана-сезімін, мінез-құлқын тереңірек түсінуге, эмоционалдық күйді реттеуге, қабілет-қарымын дамытуға және ойлау жүйесін оңтайландыруға мүдделі», – деп қорытындылады ғалым әңгімесін.
Света ӘБІЛҒАЗЫҚЫЗЫ