«Qazaq universiteti» — ҚазҰУ шежіресі
«Qazaq universiteti» газеті редакциясымен 2011 жылы таныстым. Ол кезде ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне оқуға түсуге талпынып жүргенмін. 11-сыныптың оқушысымын әрі осы ЖОО өткізген байқаудың жүлдегері атандым. Сол жайлы шыққан газетті алу үшін редакцияға барған едім. Ректораттың 11-қабатындағы басылым қызметкерлері Саягүл Әлімбекова мен Еңлік Ақжігіт сондай бір жылы шыраймен қарсы алды. Сұраған газеттерімді жылдам тауып берді. Мерзімді баспасөздегі журналистика, жалпы, журналистикаға деген әдемі әңгіме өрбіді. Содан бастап бұл редакция менің университеттегі ең сүйікті орталығыма айналды. Әрі ең бірінші жұмыс орным болды.
2013 жылы басылымның бас редакторы Саягүл Әлімбекова редакцияға 0,5 штаттық бірлікпен беттеуші-дизайнер қызметіне жұмысқа шақырды. Ол кезде университеттің «Баспа ісі» мамандығының 3-курс студенті едім. Оған дейін университет газетіне жиі мақала беріп тұратынмын. Бірақ газет беттеу деген, – мақала жазу емес. Бұл – бір жағы, мен оқып жатқан мамандыққа тікелей жақын жұмыс. Сабақта ұстазымыз Сағатбек Медеубекұлының жетекшілігімен «Баспагер» оқу-тәжірибелік газетін, кафедраның аға оқытушысы болған Бәтіш Омарова, Роза Әбдиева ұстаздарымызбен «Шуақ» оқу-тәжірибелік жастар журналын, Ұлттық журналистік зерттеу орталығының президенті, аға оқытушы Дәрмен Смайыл ұстазымызбен «Күн сәті» кітабының толық баспа-полиграфиялық жұмыстарын жасап, тәжірибе жинақтағанбыз. Сондықтан болар, бұл қызметтің аса қиын болмайтыны түсінікті еді. Бірақ бұл оқу-тәжірибелік газет емес, сондықтан жауапкершілік жүгі салмақты. Оның үстіне бірінші жұмыс күнім – газеттің 65 жылдық мерейтойына сәйкес келді. Бұл тіпті жұмыстың салмағын еселей түсті. Редактормен бірге газетті түн ортасына дейін беттедік. Газет таңертең уақтылы баспадан басылып шықты. Ол кезде жауапты хатшы Дариға Амангелдиева апамыз баспада күн-түн демей отырып, шығарып, ректоратқа алып келетін. Кейде апаймен ілесіп біз де барып, газеттің шығу барысымен танысып, баспахана машиналарының қасында жүретінбіз. Бұл бір қызық дәурен еді.
Сол жылдары департамент директоры Дәурен Дүйсебаев, басылым редакторы Саягүл Әлімбекова «Qazaq universiteti» газетінде жастар бетін көбейту, студент жастардың ой-пікірлерін, әңгімелерін, өлең-жырларын, студенттік өмірлерін бейнелейтін фотосуреттердің болуына көп көңіл бөлді. Осының негізінде «Жезқоңырау» айдарын ашып, оны тұрақты түрде жүргізіп отырдым. Газетте Бейбіт Мекеев, Әйгерім Әлімбековалар да бас редакторлық қызметті атқарды. 2018-2021 жылдар аралығында университеттік «Qazaq universiteti» газеті бас редакторының міндетін атқарушы, бас редакторы қызметтерін атқардым. Бұл осы басылымдағы ең үлкен жауапкершілік міндет жүктелген жылдар болды.
2018 жылы басшылық газетке басылымның бас редакторлық міндетін атқарушы қызметін жүктеді. Редакцияда кадр аз болды, ортақ Баспасөз қызметіне біріккен бөлім болғандықтан, негізгі ақпараттарды осы бөлім қызметкерлерінен алатынбыз. Өзім 0,5 штаттық бірлікте жұмыс істедім. Бөлім басшысы Гүл Баяндина газеттің біраз жұмысына көмектесті, бірлесіп шығардық. Мен жұмысты толық алып кеткенше Гүл Құттыбекқызы газеттің орыс тіліндегі материалдарына ұқыптылықпен қарады. Баспасөз қызметінен Жанна Сағади, Анвар Ушуров, Айнұр Ақынбаева, Еңлік Ақжігіт, Қайыржан Төрежан, Светлана Өмірғалиевалар газет жұмысына жанашырлық танытты.
Осы жылдары алғаш рет газетте латын әріптерімен жазуды қолдану үрдісі жүріп жатқан еді. Газеттің ішкі айдарларын, қысқа-нұсқа, жүгіртпе жол ақпараттары латын әріптерімен басылды. Сондай-ақ газетімізден тәжірибеден өтуге мүмкіндіктер қарастырылды.
2019 жылы университетіміз 85 жылдық мерейтойын атап өтті. Жыл бойы басылымда университет тарихынан бастап, ғалымдарымыздың, студенттеріміздің пікірлерін, ойларын, ұсыныстарын жариялап отырдық. Мерейтоймен алыс-жақын шетелдерден құттықтаулар да толастамады. ҚазҰУ түлектері де қара шаңыраққа тарту жасап жатты. Мұның барлығы біздің газеттің бетінде жарияланды.
2020 жылы газет әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын барынша насихаттады. Газеттің қаңтардағы №1 нөмірінен бастап, жыл соңына дейін ұлы ғұламаның ғылымдағы орны ғалымдар тарапынан терең зерттеліп, сараптамалық-танымдық мақалалармен үздіксіз жарияланып отырды. Әл-Фараби мерейтойын осылайша университетіміз БҰҰ-мен бірлесіп әлемдік деңгейде атап өтті. Мерейтой жылының ашылуы мен ғылыми жиындарда, конференцияларда, мемлекеттік шараларда, мерейтой жылының жабылуында газеттің арнайы нөмірлері жарық көріп, ол барлық қатысушыларға таратылды. Бұл өз кезегінде «Qazaq universiteti» газетінің халықаралық аренада медиа ұтқырлығын көрсете алған тамаша уақыты болғаны сөзсіз.
Бір жағынан, 2020 жылы коронавирус пандемиясы жарияланғандықтан, газет алғаш рет онлайн форматта оқырманға ұсынылды. 2021 жылы сәуір айының соңында газеттегі бас редакторлық жұмысымның соңғы күнін аяқтадым.
«Qazaq universiteti» газеті мен үшін үлкен тәжірибе мектебі болды. Осында жүріп дизайнер-беттеуші, журналист, бас редактор қызметтерінен өттім. Бұл осы саладағы үлкен мүмкіндік деп білемін.
Осы естелік мақаланы жазғанда «Qazaq universiteti» газетіндегі жылдарым көз алдымнан сырғып өтті. Қалай ғана ұмытуға болады, ол жылдарды!?. Төл мерекеңмен, сүйікті газетім!
Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ,
философия докторы (PhD)