Конституция – мемлекеттің мән-мазмұнын көрсетеді
Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында "Almaty AQSHAMY" қоғамдық-саяси газеті көрнекті қоғам қайраткерлері мен заңгер-ғалымдарға, соның ішінде з.ғ.д. Ш.А. Забихқа ҚР Конституциясына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға байланысты негізгі ойларды білдіру туралы өтінішпен жүгінді.
Шолпан Арапбайқызы 1995 жылғы 30 тамыздағы бүкілхалықтық референдумда қабылданған ҚР Конституциясы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары. ҚР Конституциясының ең жоғары заң күші бар, яғни барлық заңдар, Президенттің жарлықтары, Үкімет қаулылары және барлық мемлекеттік органдардың басқа да нормативтік-құқықтық актілері оның нормаларына негізделуге және оларға қайшы келмеуге тиіс. Мемлекеттік билiктiң бiрден-бiр бастауы - халық. Халық билiктi тiкелей республикалық референдум және еркiн сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билiгiн жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға бередi, - деген пікірін білдірді.
Қазақстанда 1998, 2007, 2017 және 2022 жылдары конституциялық реформалар іске асырылды, бірақ ҚР Конституциясына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар оны түбегейлі қайта құруды талап етпеді, яғни мемлекеттік басқару нысаны мен мемлекеттік құрылым, саяси және экономикалық жүйенің негіздері сақталды.
2022 жылы 5 маусымда өткен Референдумда Қазақстан Республикасының Конституциясына 32 толықтыру мен өзгерту енгізілді. Бұл өзгерістердің мақсаты – жаңа мемлекеттік үлгіге, мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының жаңа форматына көшу, сондай-ақ, ҚР Конституциясының 2012 жылғы 12 желтоқсандағы №112 қосымшасы болып табылатын ықпалды Парламенті мен есеп беретін Үкіметі бар Президенттік Республиканы нығайту. Осы түзетулердің нәтижесінде Конституциялық Кеңес Конституциялық сот болып қайта құрылды. Енді ҚР Парламентінің Мәсілісі аралас сайлау жүйесі бойынша сайланады, Президент ұсынған Парламент Сенаты депутаттарының квотасы қысқартылды.
ҚР Тұнғыш Президенті туралы баптар алынып тасталды. Сондай-ақ, 2022 жылдың 17 қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан астанасының атауын (Нұр-Сұлтаннан Астанаға) кері өзгерту туралы Жарлыққа қол қойды. ҚР Конституциясына «құқықтық мемлекет», «азаматтық қоғам» сияқты ұғымдарды айқындайтын нормаларды енгізу мақсатқа сай болды. Бұл орайда қоғамдық сананы дұрыс түсініп, бағыттауға мүмкіндік берілді. Жалпы, кез келген мемлекеттің Конституциясы – бұл мемлекеттің, қоғамдық құрылыстың басым мәселелерін көрсететін, адамның негізгі құқықтарын, міндеттері мен бостандықтарын бекітетін негізгі құжат.
Азаматтық құқық және азаматтық процесс, еңбек құқығы кафедрасы