«Qazaq universiteti» газеті маған студент кезімнен-ақ ыстық. Ұстазымыз Кәкен Қамзин бас редактор болып тұрғанда алғашқы өлеңдер топтамамды басып, оған аңыз тұлға Темірбек Қожакеевтің өзі сын айтқаны әлі есімде. Тіпті республикалық газеттердің өзі басудан бас тартқан сыни материалымды да «Qazaq universiteti» жарқ еткізіп шығарып, ол да жадымда жатталып қалған еді. Осыдан-ақ бұл басылымның жастар өмірінде қандай маңызға ие екенін байқаймыз. Кейін оның тізгінін бес жыл өзім ұстаймын деген ой үш ұйықтасам түсіме де кірмепті...
Кез келген мекеме үшін корпоративтік газеттің маңызы өте зор. Оның қадірін түсінбейтіндер баспасөздің ақпараттық әрі үгіт-насихаттық рөліне де назар аудара бермесі анық. «Ұжымдық басылым» дегенде, ел арасында «оның аясы тар, ауқымы мен көтерген тақырыбы өз «пұшпақтары», троллейбус пен трамвай секілді тиесілі аумағынан өзге жаққа аттап баса алмайтын газет» деген «миф» қалыптасқан. Бірақ Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Qazaq universiteti» газеті ондай басылымдардың қатарынан емес. Өйткені «Qazaq universiteti» – жаңалықты жасайтын газет, оқиғаны тудыратын ақпарат көзі.
«Qazaq universiteti» талай ректорды көрді ғой. Газеттің бас редакторлығын белгілі ақын, журналист Бекжан Әшірбаевтан қабылдап алғаннан кейін мен үш ректормен жұмыс істедім. Олар – Төлеген Қожамқұлов, Бақытжан Жұмағұлов, Ғалымқайыр Мұтанов. Төлеген Қожамқұловтың кезінде басылымның мән-мазмұнын арттыруға танымал ұстазымыз, университеттің тәрбие ісі жөніндегі проректоры Намазалы Омашев тікелей жауапты болды. Одан асып ешкім газетке қол сұға алмайтын. Ақпараттық технологиялық тұрғыдан редакцияның мүмкіндігін дамытуға мұрындық болған Нәкең қоғамдық-саяси тұрғыдан басылымның июі мен қиюын еш қателікке ұрындырған жоқ.
Бақытжан Жұмағұлов «Qazaq universiteti-нің» беделін көтеруге жоғары деңгейде күш салды. Осыны пайдаланып біз университетте «Ректор «Егемен Қазақстаннан» бұрын «Qazaq universiteti-н» оқиды» деген көзқарас қалыптастырдық. Рейтингке кіргіздік.
Ғалымқайыр Мұтановқа келер болсақ, ол газеттің қоғамдық-саяси құндылығын арттыруға көп мүмкіндік берді. Айына шығатын басылымды осы кезден бастап апталық газетке айналдырып, тарих тігіндісіне жаздық, шежіресін молайттық. Сол кезден бастап «Qazaq universiteti» апталығына мақала табылмай қалады деген қауесет жоққа шықты. Әрине, соған орай, газеттің де жауапкершілігі артты. Ректоратта талқыланған мәселелер мемлекеттік деңгейдегі тақырыптармен қатар, факультетке, әрбір кафедра мәжілісіне жедел жету үшін газетті дүйсенбі күні түнде бастық. Сейсенбі күні басылым кафедра мәжілістерінің тақырыптарына тұздық берді. Сол күні жоспарлы түрде сағат 15:00-де өтетін жиналыстарға оперативті түрде жеткізілуін қамтамасыз еттік.
Негізгілері – осы. Өз кезегінде мен басшылық жасаған редакция да газетті түрлендіріп отырды. Басылымды офсетті қағаздан газеттің қағазына көшіріп, шынайы газет деген көзқарас қалыптастырдық. Дизайнын түрлі түсті етіп өзгертіп, жаңа айдарлар ашу, коллаж жасау, ойын-сауықтық материалдар беру, ең бастысы – мақалалардың идеялық-мазмұндылық сапасына талаптарды күшейту секілді жұмыстарды үнемі жүргізіп отырдық. Осы жерде оқиғаларды өзіміз тудыруды қолға алдық. Апталық газет болғандықтан, керек тақырыптарды індетіп іздеумен жаздық, университет авторларына жаздырттық. Қоғамдық пікір қалыптастыру үшін мәселелерді ауызға «шайнап» беруге тырыстық. Қарапайым ғана мысал, президенттік, парламенттік, үкіметтік деңгейде көтерілген ғылым-білім, жастар мәселелеріне қатысты тақырыптарды университет залдарынан «алып шығып», жатақханаға, ондағы бөлмелерге «кіргіздік», жастарға талқылаттық, пікір білдірттік, материалдар ұйымдастырдық. Қоғамдық-саяси ең маңызды деген тақырыптарды университет қызметкерлері мен студенттері кәнігі сарапшыдай талқылауға көшті.
Басылым жанынан «Өркен» студенттер газетін шығарып, жастардың өздерін бас редактор, тілші етіп қойдық. Кәдімгі газет ішіндегі газет болып, жеке стильмен, жеке баспа табақпен басылды. Онда жастар өздерін толғантқан оқиғалар туралы ой-пікірілерін ашық жеткізді. Шығармашыл жастарға бет бердік, өзіндік ойларын талқыға салуға мүмкіндік туғыздық, поэзиялық, прозалық туындыларын бастық. Бір сөзбен айтқанда, студенттерге шабытпен қоса, мінбер бердік, шығармашылық орта қалыптастырып, ылғи түлетуге күш салдық. Осы өртең жастардың біразы бүгінде ел тағдырына қатысты қоғамдық пікір айтатын жерлерде жүр. Осының өзі көңілге демеу.
Сол жылдары «Qazaq universiteti» газеті өзге университеттердегі ұжымдық басылымдарға да үлгі-өнеге болды. Оған өзге университет газеттерінің қарап бой түзегенін, тіпті бас редакторларының ақыл-кеңес алып отырғанын да айта кету керек. Бұл атқарылған істердің бір парасы ғана. Осының өзі ғана «аясы мен ауқымы тар» деген ұжымдық басылымдар туралы «мифті» жоққа шығарады.
Қарап отырсам, «Qazaq universiteti» газетін ылғи ығай мен сығайлар, мүйізі қарағайдай тұлғалар, белгілі азаматтар басқарған екен. Бір таңғаларлығы, олардың көпшілігі өзімнің біте қайнасқаныма 20 жылдан аса уақыт болған бүгінгі Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасында қызмет істегендер екен. Бұл шоғырды бір кездері газетті өз қамқорлығына алған белгілі ғалым, жазушы, қазақ кітаптану ғылымы зерттеуінің негізін қалаған Шериаздан Елеукенов бастайды. Одан кейін жазушы, журналистика профессоры Әбілфайыз Ыдырысов, «Казахский университет» атауын «Қазақ университеті» деп өзгертіп, сол үшін бюрода мәселесі қарала жаздаған, қазақ фантастикасы зерттеу ғылымының негізін қалаған профессор Абдул-Хамит Мархабаев, Еуразия ұлттық университеті журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Сақ, өзіміздің журфактың деканы болған Сағатбек Медеубекұлы, осылай кете береді. Сондай-ақ кейінгі жылдары зор сеніммен тізгінін ұстатқаннан кейін тұғырлы орнын тайдырмаған шәкірттеріміз Әйгерім Әлімбекова, Досжан Балабектер де осы кафедраның түлектері.
Демек, «Редакциялау – журналистиканың шыңы» деген ұранды ұстанған кафедраның миссиясы ақталып келе жатыр деп нық сеніммен айта аламыз. Бұл, бір жағынан, тұлға сомдап шығарудағы «Qazaq universiteti» газетінің рөлін де айқындаса керек. Яғни біздің «Qazaq universiteti» – оқиға ғана емес, тұлға да тудыра алатын басылым.
Дәрмен СМАЙЫЛ,
Баспагерлік-редакторлық
және дизайнерлік өнер
кафедрасының аға оқытушысы,
Ақпарат саласының үздігі