Әкім Тарази шығармаларындағы күрес
Адамға араша түсу, әлсізді залымның қорлығынан қорғау, жәбір көргеннің сөзін сөйлеу тек соттың ғана емес, қолына қалам ұстаған әрбір қаламгердің де миссиясы іспетті екенін Әкім Тарази шығармаларын оқи отырып байқайсыз. Жазушының қай шығармасын алсақ та, ұдайы, тоқтаусыз жүріп жатқан тартыс, күрес, арпалыс. Кейде қазақы ауылдардағы салт-санадағы сорақылықтармен, кейде қатып қалған қасаң қағидалармен, кейде көңілге сыймайтын пікірлермен, кейде ұлттық мінездегі дерттермен, кейде тіпті адамзат қоғамында ойып орын алған қате түсініктермен күрес.
1988 жылы жазылған «Қорқау жұлдыз» романы осындай меңіреу тобырға, қасаң жүйеге қарсы шыққан жалғыздардың драмалық күресіне арналған шығарма. Бір қарағанда бас кейіпкері жас, әдемі, сүйікті мамандығы бар, ақшадан еш тарлық көрмеген мұғалім қыз Лиманың өзін-өзі өртеуіне ешбір себеп жоқ секілді. Бірақ жазушы адам жанына терең үңілтіп, өз-өзіне қол жұмсауға итермелейтін әлеуметтік, психологиялық жайттар мен типтердің ықпалын детальдар арқылы шынайы суреттегенде еріксіз иланасыз.
Шығармадағы тартыс өте шебер ұйымдастырылған. Проблеманың рухани-адамгершілік аспектісінде «тобырлық сана» мен «мәдени ақсүйектік» қарама-қарсы қойылады. Елден ерекше жөн айтып, дұрыс ойланатын адамның дұрыс сөзін, әрекетін қате деп тауып, бұрмалап, жабылып, жалғыз өзіне түрлі қысым жасау, айыптау, жалған жала жабу, қорқау қасқырша талап, шеттету, «ақыл жоқ көпке», тобырға тән сипат екені әу бастан белгілі. Мұндай кезде көпке қарсы тұрып, әділдікті жақтау қиынның қиыны. Оның үстіне таразы басында Лиманың өз отбасы, яғни жолдасы мен қайын жұрты кіріп тұрса, бұл шығармада драмалық жағдаятты қиындата түсіретін, эстетикалық уайымды арттыратын жайт. Әділдікті жақтаса, өз отбасын қаралағаны болады, ал отбасыныкін дұрыс десе, онда әділдікті өлтіреді. Қайтпек керек? Ары, жаны таза Лиманың бар кінәсі – әділдікті жақтауы, жалған сөйлей алмауы, ақты жақтап, жалғызға пана болуға ұмтылуы Лима мен жолдасының арасындағы конфликтіні ушықтыра түседі.
Лиманың жанын азапқа салып, оның бойынан жаңа сананың, жаңа түсініктің оянуына себепші болатын күрескер жан – ауылдық мұғалім Тұңғатар. Ол мықты ұстаздық дарыны бар, қазіргі тілмен айтсақ, нағыз креативті ұстаз. Мәселенің мәнін терең ойланатын, сондықтан да ізденгіш, өз бетінше шешім қабылдай алатын, сол шешімдер үшін жауап беруге дайын күрескер жан. Алайда мектеп басшылығына бұл қасиеттер керек емес. Оларға соңғы нәтиже емес, яғни баланың пәнді (орыс тілін) меңгеріп шыққаны емес, оларға мұғалімнің бағдарламадан ауытқымағаны, жоғарыдан сызылып, жатталған-тапталған жолмен жүргені керек, нәтиже бермесе де, түрлі ережелер мен теориялық материалдың өтілгені керек. Тұңғатар өзінің сыни тұрғыдан сараптай алу қабілеті арқылы өз әдістемесін ұсынып, балаларды орысша түсініп, сөйлей алуға баулиды. Осы жерден жазушы Әкім Тарази шығармаларындағы «кассандралық бастау», яғни болашақты болжай алу қасиеті айқын көрінеді. Жазушы сонау 1988 жылы жазылған шығармасында қазіргі жаңартылған білім беру бағдарламасында енгізілген негізгі (әлі де таласты) принциптердің бірі, яғни теориялық ұғым-түсініктерсіз тілді меңгерту, коммуникация жасауды үйрету секілді идеялық сугессияны ұсынған.
Ал мәселенің символдық астарына үңілсек, Тұңғатар образы арқылы бүкіл бір жүйеге наразылық, яғни кеңестік кезең идеал тұтқан, жүр десе жүретін, тұр десе тұратын «тәртіпті адамға», стандартты ойлаудан аса алмайтын адам тұлғасына наразылық тұр. Менікі дұрыс деп, өзге пікірге құлақ аспайтын жүйе – жылт еткен жарықты жұтып қоятын алып қорқау жұлдыз секілді екені тұспалдап берілген. Бұл жағынан келгенде «Қорқау жұлдыз» романының кеңестік жүйені сынға алатын Д.Оруэлдің «Мал қора», К.Воннегуттың «Гаррисон Берджерон» шығармаларымен ойы өзектес. Онда кеңестік кезеңнің кемшіліктері, күштеп теңестіру идеясы көрсетіліп, аллегория арқылы сатиралық, фантастикалық түрде сынға алынса, ал Ә.Тарази романында өзіндік ерекшелігі жоқ, стандартты адам мәселесі, жүйенің, уақыттың кереғарлығы ретінде реалистік әдіспен көрсетілген.
Лиманың жары Арасанбай психологиялық тұрғыдан улы (токсичный) жан. Оның істеген әрекеттері жымысқы, ол мәселенің бетін ашып айтып, ашық сөйлесуге, талқылауға ойы жетпейтін, тіпті еркекше әрекет етуге батпайтын жан. Сондықтан да психологиялық қысым көрсетудің шебері. Бөлмесіне тығылған Лимаға араздасып, неше түн бойына жүйкесіне тиіп, есіктің түбін тырналап, тықырлатып, мияулап мазасын алады. Есік ашқан Лиманы ашық айыптап, ұрып жібермейді де, тек шымшылап, жанына батырып қорлайды. Тұңғатарға да түрлі қитұрқылықтар жасап, жалған жала ұйымдастырады. Сотқа сүйрейді. Осынша қысымға, әділдіктің жеңіліп, зұлымдықтың жеңіп жатқанына шыдамаған Лима өзіне-өзі қол жұмсауға мәжбүр болады. Әрине, Лима өзін-өзі өлтірген жоқ. Оған моральдық зорлық жасау арқылы өзін-өзі өлтіруге итермеледі деуге болады.
Әкім Таразидің қалыпқа сыя бермейтін кейіпкерлері («Қызыл шаш қатын» әңгімесіндегі анасын жарып өлтірген бала, «Жаза» романындағы жары мен балаларын өлтірген әке, «Қорқау жұлдыз» романындағы күйініп өзін-өзі өртейтін әйел, барлығы да) күнделікті елді дүрліктіретін жаңалықтарда менмұндалайтын бүгінгі күннің кейіпкерлері секілді. Жазушы шығармаларында осындай сұмдық жайттардың әлеуметтік, психологиялық астарын ақырындап, сақтықпен, байыппен, мәселенің мәнін үлкен байқағыштықпен ашып көрсетіп, болашаққа ескерту жасайтындай.
Дегенмен қаншама қорлықтың құрбандары болса да, жазушы соларға әрқашан араша болып, күрескерлердің жарқын идеясының өлмеуіне болысып отырады. Романның «Сенің қасіретің – менің қасіретім, Лима!» деп жанашырлықпен аяқталуы да сондықтан.
Еркінгүл СОЛТАНАЕВА,
Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ.к.