ҚазҰУ ғалымдары жаңа астрофизикалық жобаны іске асыруда
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдары астрофизикадағы шағын объектілердің магнитосферасында болатын физикалық құбылыстарды зерттеу бойынша ғылыми жобамен жұмыс істеуде. Жобаға PhD Сәкен Тоқтарбай жетекшілік етеді.
Жобаның мақсаты – қара құрдымдар мен нейтрондық жұлдыздар сияқты ықшам объектілердің магнитосфера ішіндегі зарядталған бөлшектердің динамикасын аналитикалық сипаттау, сандық модельдеу және алынған нәтижелерді рентген сәулесінен квазипериодтық тербеліс сынды жоғары энергиялы астрофизикалық құбылыстарда қолдану.
«Қазіргі таңда астрофизикадағы шағын объектілердің қара құрдымдар мен нейтрондық жұлдыздардың магнитосферасында болып жатқан физикалық құбылыстарды зерттеу әлемде аса қарқын алды. Осы реттегі біздің негізгі бағытымыз – қисық кеңістік-уақыттағы зарядталған бөлшектердің тербелістерін, олардың шашырауы мен ыдырауын ескере отырып, біріктірілген гравитациялық және электромагниттік өрістердегі әртүрлі жоғары энергиялық процестерді аналитикалық және сандық зерттеулер жасау. Теориялық зерттеулердің нәтижелері микроквазарлардың квазипериодтық тербелістері, ықшам объектілердің релятивистік ағындары, аса жоғары энергиялы ғарыштық сәулелер және жалпы салыстырмалық теориясының релятивистік әсерлері маңызды болатын, әлі де толық түсіндірілмеген құбылыстарды түсіну үшін пайдалы және қолдануға болады», – дейді жоба жетекшісі Сәкен Тоқтарбай.
Теориялық зерттеулер үшін ҚазҰУ-дың жас ғалымдары жалпы салыстырмалылық, электродинамика және бөлшектер физикасы әдістерін қолданады. Осылайша олар зерттелетін модельдер мен сценарийлердің параметрлерінің шектеулерін табуды жоспарлап отыр.
Жоба аясында ғалымдар бірқатар жаңа бақыланатын әсерлерді қарастыруға және түпнұсқа шешімдерді ұсынуға, оларды алдыңғы қатарлы сандық әдістер мен компьютерлік модельдеуді қолдана отырып тексереді. Сондай-ақ ғылыми зерттеу жұмысы барысында алынған аналитикалық және сандық нәтижелерді көптолқынды және көпарналы бақылау деректеріндегі ықшам астрофизикалық дереккөздерден мысалға қара құрдымға үміткерлер нейтрондық жұлдыздар және екілік жүйелердегі корреляцияларды іздеу үшін қолдану жоспарлануда. Ғылыми зерттеуде ықшам нысандардың электромагниттік ортасын модельдеудің жаңа тәсілін сынауға және әртүрлі түсіндірілмеген жоғары энергиялық құбылыстардың жаңа үлгілері тұжырымдалады. Жоба 2024 жылдың соңына дейін жалғасады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі