ҚазҰУ Ғылыми кеңесі жұмыс регламентін қайта қарады
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Ғылыми кеңестің кезекті отырысы өтті. Онда 2023/24 оқу жылының қабылдау науқанының және оқу процесін ұйымдастырудың қорытындылары мен университет қызметінің негізгі көрсеткіштері талқыланды. Алғашқы болып Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі, академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ләззат Еркінбаева баяндама жасады.
Биыл ҰБТ-ға (бакалавриат) тіркелу екі кезеңде өтті. Біріншісі 28 сәуірден 6 мамырға дейінгі, екіншісі 7-14 мамыр аралығын қамтыды. Шығармашылық емтихандар 8-13 шілде аралығында, конкурсқа құжаттарды қабылдау 13-20 шілдеде және бакалавриатқа қабылдау 25 тамызға дейін жалғасты. Магистратураға құжаттар 1 маусымнан 15 шілдеге дейін, докторантураға 3 шілдеден 3 тамызға дейін қабылданса, оқуға түсушілерді қабылдау 28 тамызға дейінгі уақытты қамтыды. Қабылдау комиссиясы бакалавриатқа түсушілерден 6548 өтініш қабылдаса, докторантураға түсушілерден 452, ал мақсатты грантқа 86 құжат қабылданды.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің бұйрығы бойынша докторанттардың ҚазҰУ-ға түсуі үшін 406 грант және 99 мақсатты грант бөлінді. Сондай-ақ спикер 16-28 мамыр аралығында кестеге сәйкес, Алматы қаласы бойынша ҰБТ өткізуге жауапты болған ҚазҰУ-дың атқарған жұмысы жайлы айтты. 2023/24 жылдарға арналған ҚазҰУ қабылдау комиссиясының есептеуі бойынша бакалавриатқа 8566, магистратураға 1337 және докторантураға 283 адам түскен. Білім алушылардың жалпы саны 10 186 адамды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп.
Айта кету керек, бакалавриатқа түсушілердің басым көпшілігі медицина және қоғамдық денсаулық сақтау факультетін таңдаған. Атап айтсақ: онда 1391 білім алушы, физика-техникалық факультетіне 823, география және табиғатты пайдалану факультетіне 713 адам түскен. Спикер сондай-ақ ЖОО-ның әлеуметтік жауапкершілігін еске салып, әлеуметтік осал топтағы балалар мен жеңілдіктер берілген балалар санатын да атап өтті.
Биыл ҚазҰУ-да жалпы 573 білім беру бағдарламасы іске асырылуда, оның ішінде: 144 – бакалавриат, магистратура – 284, докторантура – 145. Сондай-ақ спикер ғалымдарды 2023/24 оқу жылына арналған «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» КеАҚ қызметінің негізгі көрсеткіштері туралы таныстырып, ҚазҰУ-дың сапалы білім беруді іске асыру тұжырымдамасына назар аударды. «Оның мақсаты ТДМ қол жеткізудегі білім беруді қайта бағалау, қайта қарау және экология, қоғам және экономика сияқты барлық үш салада тұрақтылықты қамтамасыз ету», – деп атап өтті ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі, академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ләззат Еркінбаева.
ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ ғалымдары оңалту орталықтарында үлкен әлеуеті бар ғылыми жобалар мен жаңа технологияларды әзірлейтін шетелдік университеттермен белсенді түрде тәжірибе алмасып, ынтымақтастықты кеңейту тиіс екенін атап өтті. Шетелдік жоғары оқу орындарына жұмыс сапарымен баратын ғалымдар бірлескен ғылыми-білім беру қызметі бойынша уағдаласып, нақты нәтижелерге қол жеткізуге тиіс, оның қорытындылары ҚазҰУ-дың зерттеу университетіне айналуына ықпал ететін болады. Сондай-ақ ағылшын тіліндегі бағдарламаларды ұлғайту, смарт жүйеде көрсетілетін жұмыс регламентін қайта қарау қажет екені атап өтілді.
Сонымен қатар күн тәртібіне сәйкес, ЖОО делегацияларының Сидней, Ханьянг, Ноттингем және Цукуба университеттеріне жасаған іссапарларының қорытындысы туралы Экономика және бизнес жоғары мектебінің деканы Лейла Бимендиева, география және табиғатты пайдалану факультетінің деканы Әлия Ақтымбаева, халықаралық қатынастар факультетінің деканы Думан Жекенов сөз сөйледі.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі