PR мамандығының екінші тынысы ашылды

6 қазан, 2023

Біздің бүгінгі қонағымыз, елімізге белгілі экономи­ка­лық журналист, қоғаммен байланыс маманы, про­фессор Жетпісбай Бекболатұлы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ та­бал­дырығын 1988 жылы аға оқытушы ретінде аттағаннан бергі 35 жыл ішінде қара шаңырақпен бай­ланысын үзген жоқ. 1990 жылдары қаржы-банк саласы мен мемлекеттік мекемелерде баспасөз қызметінің бас­шысы, Ақпарат министрлігі департамент директо­ры­ның орынбасары, Ал­маты қалалық ақпарат басқар­ма­сының бастығы сияқты лауазымды орындарда абыроймен еңбек етті. 2018 жылы университетіміздің баспагерлік-редакторлық және дизай­нерлік өнер кафедрасының меңгерушісі, профессор дәре­же­сінен зейнетке шықса да, қаламын тастамай, оқу құрал­дары мен сөздіктер жазып, жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне белсене атсалысып келеді. 

– Жетпісбай Бекболатұлы, соңғы 30 жылдың ішінде жур­­­налистика саласында пай­да болған жаңа кәсіп­тер­дің бірі – қоғаммен бай­ла­ныс. Сіз халықаралық қа­уым­­­дас­тық PR деп ай­­шық­таған осы тың маман­дық­ты алғаш­қы­лардың бірі болып игеріп, оның теориясы мен тәжіри­бе­сін зерделеп, тарихын жаз­ған адамсыз. Ана тілі­міз­де жарық көрген он шақты оқу құралдарыңыз бен сөз­дік­теріңізді бүгінде студент­тер игілігіне тұтынып жүр. Сондықтан «PR-шы» маман­ды­ғының іргесін қалаған адам­дардың бірі ретінде та­рихта қалатындардың бірі­сіз. Осы саланың өткеніне үңіліп, бүгінінен қысқаша мағ­лұмат берсеңіз.

– Иә, жылжыған жылдарға көз салсам, кәсіби және ғылы­ми-педагогикалық қызметімнің елеулі бөлігі тілге тиек етіп отыр­ған осы мамандықпен ты­ғыз байланыста болыпты. Қа­зақ­стандағы PR-дың қоғамдық институт ретінде негізінің қа­ла­нуы көз алдымда өтті. Бұл еліміз тәуелсіздікке нық қадам басқан, ал Президент баспасөз қызметі конференцияларды Мәс­кеуге жалтақтамай, тікелей өздері өткізе бастаған 1991 жыл­дың соңы еді. Сол кездегі ас­тана – Алматы қаласы әкім­дігінің құрылымына еліміз ай­мақ­тарының арасында алғаш­қы болып қоғаммен байланыс бойынша жетекші маман сана­ты енгізілді, кейіннен ол бас маман деңгейіне көтерілді. Сол жылы қараша айында журфакта сабақ беріп жүрген мені журна­лис­термен қарым-қатынас жа­сау­ды және қазақша-орысша аударманы меңгерген кадр ре­тінде Алматы қалалық әкім­ді­гіне жұмысқа шақырды. Ол кезде әкім көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Заман­бек Нұрқаділов болатын. PR тұр­ғы­сынан келгенде демокра­тия­лық өзгерістер лебі ескен бұл тұста қай деңгейдегі бол­сын бас­шы­лардың есігі БАҚ үшін ашық болатын. Сөйлер сөз­ге келгенде Зәкең қамшы сал­дырмайтын, дегенмен спич­райтер ретінде басшымыздың кейбір сөздерін, жарияла­ным­дарын дайындап жүрдік. Кейін­нен, 1997 жылдың желтоқса­нын­да Алматы облы­сы­ның әкімі бо­лып тағайын­дал­ғанда За­ман­бек Қалабайұлымен тағы да бір командада жұмыс істеп, әкімнің баспасөз хатшысы ре­тін­де облыстың баспасөз қыз­метіне басшылық жасадым. Талап­шыл басшы Нұрқаділовтің жұмыс стилі өзіңе де жақсы мә­лім, мен бұл ретте ол кісі рес­пуб­ликалық Төтенше жағдайлар министрлігін басқарғанда бас­па­сөз хатшысы болғаныңды меңзеп отырмын.

– Алғаш кәсіби «PR-шы» клубы сол жылдары құрылды емес пе?

– Иә, оған мүше болғаныма биыл, міне, ширек ғасыр то­лып­ты. Бұл клуб жыл сайын қо­ғам­мен байланыс саласы мәсе­ле­лері талқыға салынатын фо­­рум­­дар өткізіп, «Бозқараған» атты студенттердің PR-жоба­ла­ры байқауын ұйымдастырады. Соңғы кезге дейін клубтың қа­зақ­тілді жалғыз мүшесі бол­дым, сондықтан да жыл сайын білікті мамандар мен корпо­ра­тивтік БАҚ-қа берілетін «Ақ мер­ген» атты сыйлығымызға ат қойып, айдар тағу үлесі маған бұйырды. Биыл да сыйлықтың қазылар алқасына кіріп, жүлде­гер­лерді айқындауға атсалыс­тым.

– Сіздің шетелдік журна­лис­­тикамен жұмыс істе­ге­ніңізді де білеміз...

– Тағдырдың жазуы болар, сексенінші жылдары одақтық-республикалық бағыныстағы Сыртқы істер министрлігі мен ТАСС жүйесінде шетелдік жур­на­листермен және дипломат­тар­мен қоян-қолтық араласып, сырттағы тілшілерімізден түс­кен ақпаратпен жұмыс істедім. Ол кезде өзге мемлекеттердің БАҚ өкілдері капиталистік және социалистік елдерден келген болып бөлінетін-ді. Журналис­тер­ді тіркеумен айналысып, оларға арнап баспасөз конфе­рен­цияларын ұйымдастырдым, жинаған тәжірибенің кейіннен Польшада халықаралық журна­лист болып істегенімде де көп көмегі тиді. Менің айналысқан шаруам шын мәніндегі PR қыз­меті еді. Мамандық тарихына қатысты осы және басқа да мағлұматтарды 2021 жылы жарық көрген «Қазіргі заманғы баспасөз қызметі» атты кіта­бым­да келтірдім. Осылайша қоғаммен байланыс саласының ыстығына күйіп, суығына тоңып келе жатқаныма қырық жыл болыпты. Мұның өзі, келешекті қайдам, бүгінгіні безбендеп, өт­кенге көз жіберуге мүмкіндік беретіні рас.

– PR қызметі еліміздің жа­ғымды бет-бейнесін жасау­да, экономикалық қарым-қа­­тынастарды жетілдіру мен әлеуметтік-саяси үдеріс­тер­ді реттеп отырады. Алайда осы мамандық бойынша ка­др даярлау бір кездері рес­ми доғарылды. Сіз бір ма­қа­ла­ңызда PR-ды рес­пуб­ли­калық клас­сификаторға 2007-2010 жылдары Білім және ғылым министрі болған қазіргі рек­торымыз, филология ғылы­мы­ның докторы, профессор Жансейіт Түймебаев енгіз­ге­нін жазған едіңіз...

– Ол былай болды. Кезінде қоғаммен байланыс бойынша мемлекеттік стандарттар кон­кур­сын жеңіп, типтік оқу бағ­дар­ламаларын жасау құқ­ы­ғына ие болған Алматы ха­лық­аралық журналистика институты объек­тивті жағдай­ларға бай­ла­нысты жабылып қал­ды да, бұл маман­дық клас­си­фикатордан алынды. Сөйтіп, PR бойынша білім беру 2004 жылдан тоқтатылып қал­ған. Бұл тұста Алматы қалалық ақ­парат басқармасының бас­шы­сы және журфакта «поча­со­вик» сабақ беріп жүрген маған оның се­беп-салдарлары жақсы мәлім еді. Әдетте мұндай кез­дері жо­ғары жаққа хаттар, үн­деулер жа­замыз ғой. Біз де со­лай іс­тедік. 2006 жылы бір кез­де өзім еңбек еткен Мәде­ниет және ақпа­рат министр­лігінен қар­жы­лай қолдау алып, Астанадағы Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда универси­те­тінде «Қазақстан қоғамын­да­ғы ақпараттық про­цес­тер: ме­недж­мент және мар­кетинг» атты республикалық ғы­лыми-прак­тикалық конфе­рен­ция өт­кіздік. Конферен­ция­ның ма­ман­дықты қайтадан ашу жө­­ніндегі қарарын хаттап, Білім және ғылым министрлігіне жө­нелт­тік. Министрліктер бір-бі­рінің уәжіне құлақ асар деген дәме де. Бірақ үмітіміз ақтал­мады.

Содан 2007 жылдың басында білім саласын басқару тізгінін Жансейіт Қансейітұлы қолына алған соң, жолдаған хатымызға министрдің қоғаммен байла­ныс жөніндегі кеңесшісі Аяған Сандыбай арқылы «көзіқарақты көпшілікті құлақтандырып, қо­ғам­ның пікірін алға тарту керек және оқу құралын әзірлеу артық болмас еді» деген жауап жетті. Сөйтіп, жоғарыда аталған «PR-шы» клубының, Қоғаммен бай­ланыс жөніндегі ұлттық ассо­циа­цияның және Қазақстан Бас­пасөз клубының басшыл­а­ры­мен кеңесе отырып, бір­қатар шараларды қолға алдық. Атап айтқанда, «Жұртшы­лық­пен бай­­ла­ныс мамандығы: қам­қорлық қажет» деген тақырып­пен министрлік назарына Ашық хат жолдадық («Экономика» га­зеті, 18 сәуір 2008 ж.). Қа­зақ­стан Баспасөз клубының пре­зи­денті Әсел Қарауылова екеу­міз 23 сәуірде университеттің журна­лис­тика факультетінде сол кез­дегі декан Бауыржан Жа­қып пен кафедра меңгеру­шісі Шарбан Нұрғожинаның бас­шылығымен оқытушылар мен студенттерді, мамандарды қатыстыра оты­рып, «Қазақ­стан­дағы PR білімі проб­ле­ма­лары» тақырыбында дөңгелек үстел өткіздік. («Эко­но­мика» газеті, 2 мамыр). Осы құжаттар­дың ба­сын қосып, «Жұртшылық­пен бай­ланыс» ма­ман­дығын Қазақ­стан Республи­ка­сының бака­лав­­риат және магис­тра­тура, докторантура маман­дық­тары класси­фика­то­ры­на енгізу» жө­нінде өтініш ай­тылған үшбу хатпен бірге ми­нистр Жансейіт Түймебаев атына жолдадық. Ол кісі тара­пы­нан мамандық бо­йын­ша әдіс­те­мелік құралдарға қатысты сауал туындаған соң, жазылып біткен «Жұртшы­лық­пен байла­ныс» атты оқу құра­лым­ның қол­жазбасы мәртебелі комис­сия­ның қарауына жө­нел­тілді.

– Сонымен...

– Сонымен, министр Ж.Түй­ме­баевтың бұйрығымен 2009 жылғы наурыз айында ҚР жо­ға­ры және жоғары оқу орын­да­рынан кейінгі білім класси­фи­каторына қоғаммен байланыс бакалавриат, магистратура бо­йынша кадр даярлайтын ма­мандық ретінде енді. Осы бұй­рық бұл мамандыққа екінші ғұ­мыр берді. Өзің атап өткендей, бұл жөнінде мен жазып та, ай­тып та жүрмін. Бүгінгі күн биі­гінен қарағанда, еліміздің PR-қауымдастығы кәсібімізге қам­­қорлық танытып, тынысын аш­қан Жансейіт Қансейіт­ұлы­на борыштар деп ойлаймын. Жеке адам­ның емес, қоғамның мүд­десін қозғайтын, тұтас бір ғы­лым мен білім саласына қа­тыс­ты болғаннан кейін, сту­­дент­­теріміздің бұл жайтты біліп жүргені ләзім. Келесі, 2024 жылы PR мамандығының рес­пуб­ли­калық білім сыныптама­сына қайтадан еніп, қатарға қосылғанына 15 жыл толады. Бұл аз уақыт емес, барды ба­зар­лап, жоққа сұрау салатын, келешекке көз жіберетін мерзім екені ақиқат.

– Біраз тарихты таразыға тартқаныңызға рақмет. Енді қоғаммен байланыс бойын­ша жарық көрген еңбекте­рі­ңізге тоқталсаңыз.

– Кез келген білім саласының тұғыры оның ұғымдық аппа­ратына, яғни түсініктері мен терминдеріне негізделеді. Ал ұғымдық аппарат болса ғылыми мақалалар, монографиялар, оқулықтар жазу, диссерта­ция­лар қорғау жолымен қалып­та­сады, сөздіктер түзу арқылы жүйе­ге түсіріледі. Жеке өзіме келетін болсақ, қоғаммен бай­ла­ныс және онымен қанаттас жарнама және брендинг, бас­па­сөз қызметі салалары бо­йын­ша бірқатар оқу құралдары мен оқулықтарды, бірқатар сөз­діктерді жаздым. Атап айт­қан­да: 2009 жылы «Жұртшы­лық­пен байланыс», «Жарнама негіздері», 2010 жылы «PR және жарнама», 2012 жылы «Жұрт­шы­лықпен байланыс. Жарнама, Брендинг», 2013 жылы «Қоғам­мен байланысқа (PR) кіріспе», «Жар­нама өнері», «Ел брен­дин­гі», 2021 жылы «Қазіргі заманғы баспасөз қызметі» атты кітап­та­рым «Экономика» және «Қа­зақ университеті» баспала­ры­нан жарық көрді. Бұл ба­сы­­лымдарда сондай-ақ экономикалық бағыттағы сөз­діктерімде қоғаммен байланыс пен жарнамаға қатысты тер­мин­дердің анықтамалары бе­рілген. Қазақстандағы қоғам­мен байланыс бойынша өзім мұрындық болған бірнеше ғылыми конференция өтті.

– Бүгінде әрбір ведомство­да қоғаммен байланыс қыз­меті бар, сондықтан жоғары білім беру орындарында PR бойынша диссертациялар жазылып жатқан шығар?

– Бұл әлі де жетілдіруді қажет ететін мәселе. Бұдан бірер жыл бұрын менің бір магистрантым «Қазақстанда қоғаммен байла­ныс­тың қалыптасу және даму кезеңдері: коммуникологиялық көзқарас» тақырыбында дис­сер­­тация жазды. Сөйтсем, бо­ла­шақ ғалым менің 2009 жылы шыққан «Жұртшылықпен бай­ла­ныс» атты оқу құралымның тұ­тас тарауларын көшіріп, қор­ғау алдында ғана ұсынып тұр. «Өз бидайыңды өзіңе қуырып беру» деген осы болса керек. Бұл, ашығын айтсақ, екі жыл бо­йы магистратурада оқып, шә­кірт тәрбиелейтін ұстаз бол­ғалы тұрған талапкердің қазіргі таңдағы PR қызметі бүгінде «жұрт­­шылықпен байланыс» емес, «қоғаммен байланыс» деп аталатынынан мүлдем бей­хабар екенін көрсетеді. Мұндай «жиендердің» антиплагиат жүйе­сін қалай айналып өтіп, мемкомиссияға қалай жететіні назарға алынуы керек деген пікірдемін. Осы орайда, «кімді оқытып жүрміз, кім оқытып жүр» деген орынды сауал туын­дай­ды. Ұлт тәрбиешісі Ахаң айтқандай, кәсіптегі адалдық өмірдегі тазалықтан бастау алатынын ұмытпауымыз керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үстіміздегі жылғы Қазақстан халқына жол­дауында Абайдың «толық адам» ілімінен бастау алатын «адал азамат» тұжырымдамасын ұсы­на келе, «жастар адалдық, әділ­дік сынды ең басты қасиеттерді бойына сіңіруі қажет» деп атап өткені бұл пікірді қуаттай түседі.

– Ғибратты сұхбатыңызға рақмет. Шығармашы­лығы­ңыз­ға табыс тілеймін!

Әңгімелескен

Қайыржан ТӨРЕЖАН