Физиканы философия тілінде сөйлеткен ғалым

8 қазан, 2023

Бірнеше мыңдаған жылдықпен сабақтасқан философия ғылымы қазақ халқының көне замандардан бері құры­лым­данған дүниетанымында, өмір салтын айшықтайтын тұрмыс-тіршілігінің тәжірибесінде философиялық ой-толғамдар түзілімі ретінде көрініс тауып, Кеңес өкіметі тұ­сында академиялық үлгідегі ғылыми философия арна­сын­да қанат жайды. Оған сол кезеңдегі ғылым мен бі­лімге бет бұрған қазақтың зиялы қауымдары өз үлес­терін қосты. Солардың бірегейі – философия ғылымының док­торы, профессор, әлемдік масштабта танылған елі­міздегі диалектикалық логика саласының жетік маманы ретіндегі академик Ж.Әбділдин бастаған философтар то­бының құрамындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лау­реаты Мұрат Сәбитұлы еді. 

Ол 1938 жылы 17 қазанда Пав­лодар облысы Лебяжі ау­да­нының Жаңа таң ауылында дүниеге келген.

1956-1961 жылдары С.М.Ки­ров атындағы Қазақ мемле­кет­тік университетінің физика фа­­куль­тетін тамамдайды. Сту­­дент кезінен білімге құш­тар­лығы оны биік мақсаттарға же­те­лейді, таланты мен бі­лік­тілігін негізгі принцип етіп ал­ған Мұрат Сәбитұлы ғылымға деген өз құлшынысын арттыра түседі.

Оның жалындаған шабытты өмірінің қазақстандық фило­со­фияның жан-жақты дамуға қарай бет түзеп, кемелдене бас­таған кезеңге тұспа-тұс бо­луы, сәйкесінше, жас физик маманға деген сұранысқа дөп келді. Нәтижесінде ол 1961 жы­лы Қазақ ССР Ғылым ака­де­мия­сының Философия және құқық институтына жұмысқа шақырылды. Сол бір кезең фи­зиканың философиялық мәсе­ле­лерін тереңнен зерттеп, отан­дық философияның әрі қа­рай өрлеуіне, әлемдік дең­гейде танылуына деген қа­жет­тіліктің артқан сәті болатын.

Физиканың іргелі мәселе­ле­рін жете зерделеген Мұрат Сә­битұлы арнайы кәсібиленген сала болып қалыптасқан диа­лек­тикалық логика мектебіне айтулы үлес қосады. Сол ке­зең­дерде Қазақстанда фи­ло­софияның физикалық мәсе­ле­лерін тиянақты түрде қолға ала­тын мамандар жоқтың қасы еді. Сондықтан ағамызға отан­дық философия ғылымы ая­сын­да осы бағыт бойынша зерт­теулер жүргізуді қажет ете­тін үлкен жауапкершіліктер жүк­теледі. М.Сәбитұлы өзінің із­де­німпаздығы мен өзіне се­німділігі арқасында кванттық механиканың қалыптасуы мен дамуы, оның заңдылықтары мен ғылыми-техникалық прог­ре­с­тегі орнын жете түйсіне отырып, ондағы қажеттілік пен кездейсоқтық мәселесін зерт­теу­ді қолға алып, нәтижесінде аталған тақырып аясында кан­дидаттық диссертациясын сәтті қорғап шығады.

Отандық ғылыми фило­со­фия­лық кеңістік аясында диа­лек­тикалық логиканы терең зерттеуге бет бұрған бұл руха­ният­тық бағыт 40 жылға жуық уақыт бойы үздіксіз сабақтаса келе, әлемдік деңгейге көте­ріл­ді, нәтижесінде «Диа­лек­ти­калық логика» деп аталатын 4 томдық іргелі ұжымдық ең­бек 1985-1987 жылдары жа­рық көр­ді.

ХХ ғасырдағы физика әлем­ді басқаша тұрғыдан түйсінудің жаңаша парадигмаларын қа­жет етті. Сайып келгенде, квант­тық физиканың дамуы, бейсызықтық физиканың ұсы­ны­луы, әлемді тұтас голограм­ма ретінде қарастыру, синер­ге­тикалық жүйе т.б. бір қы­­рынан философиялық мәсе­ле­ге келіп ойысатынын және оны аша түсу қажеттігін түй­сінген М.Сәбитұлы осы арнаны тереңдей зерттейді. И.Нью­тон­нан классикалық физи­ка­сын, А.Физоның әлемдік эфир туралы көзқарастарын, Н.Бор­дың толықтырушылық прин­ципін, Джон С.Белл ашқан тео­ре­ма – локальді емес эффект, яғни белгілі бір дененің өзіндік қозғалысы оқшау, қатыссыз тұрған денеге әсер етіп, оны қоз­ғалысқа келтіруі мүмкін­дігін, Эйнштейн-Подольский-Розен парадоксын, А.Май­кель­­сон­ның фотондардың қоз­­ғалу бағыты туралы ой­ла­рын, А.Эйнш­тейннің уақыт жа­рық жыл­­дамдығымен шарт­­­тал­ға­нын, жарықтың үздік­ті­лігі оның қасиеті екенін атап өт­кенін, кейіннен ол фо­тон атан­­ған жа­рық-квант­та­рынан құ­ра­латы­нын не­гіз­деуін, А.Ком­п­тонның жарық бір ме­зет­те толқынды және кор­пус­кулярлы (бөлшекті) бо­ла­тынын ұсынғанын, Луи де Бройль­дің корпускулярлық-толқындық дуализм теория­сын, Поль Ди­рак­тың бөлшектер мен анти­бөл­шектерді зерде­леуін, А.Е.Аки­мовтың тор­сион­дық өріс туралы пайым­дау­ларын, Г.И.Шиповтың алғашқы сана туралы идеяларын т.б. терең зерделеген Мұрат Сә­бит­ұлы 1990 жылы «Кванттық механи­ка­ның қалыптасуы мен дамуын логикалық-гносео­ло­гиялық талдау» атты докторлық дис­­серта­циясын сәтті қорға­ған еді.

Әлем мен қоғам дамуы ту­ра­лы пайымдаулардың фи­зи­ка­дағы релятивистік ұс­та­ным­­дарының философиялық не­гіздемелерін қарастырған ғалым Қазақстанда физиканың философиялық мәселелерімен алғашқы шұғылданушы ойшыл ғана емес, оны диалектикалық логика әдіснамасы негіздері арқылы саралаудың өзіндік үлгісін көрсете отырып, әлем­нің ғылыми бейнесін фило­со­фия тілінде сөйлетеді, физика­да­ғы заңдылықтардың қазіргі заманда іргелі философиялық ойлаудан тыс бола алмайтынын дәйектейді.

Ол төрт ғылым докторы, 15 фи­­ло­софия ғылымының кан­дидат­тары және бір PhD док­то­рына жетекшілік етіп, оларға бағыт-бағдар көрсете отырып, жас мамандарды ғылыми ой­дың тұңғиығына баулуда ай­тар­лықтай еңбек етті.

1996-2001 жылдары Қазақ бас сәулет құрылысы акаде­мия­сында Философия, тарих және құқық кафедрасын бас­қа­рып, 2001-2010 жылдары Абай атындағы ҚазҰПУ-дың Философия және ғылым мето­до­логиясы кафедрасының мең­герушісі қызметін атқарған кездері де сол ұжымның ғы­лыми әлеуетінің артуына еңбек сіңіре отырып, қазақстандық философия ғылымының әрі қарай дамуына өзіндік серпін берушілердің бірінен саналды. Кейіннен сол университеттің жанындағы философия маман­дығы бойынша диссерта­ция­лық кеңестің төрағасы қыз­ме­тін атқарады, «Қазіргі за­­­ман: пікірлер әлемі» атты фи­ло­софиялық альманах жур­налын ашып, бірнеше жыл оның редакторы қызметін ат­қарады.

Қазақстандық философия­ның дамуына үлес қосатын «Әлемдік философиялық мұ­ра», «Мәдени мұра» бағдар­ламасына, «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясы т.б. ғылыми жобаларға белсене қатысып, шетелдік философия тарихын­дағы ойшылдардың еңбектерін қазақша да сөйлетеді.

«Талантты адам жан-жақты да талантты болады» дегендей, ағамыз кезінде спортпен терең шұғылданып, шахмат өнерінен, бокстан спорт шебері атағына ие болғанын да атап өтпеске болмайды.

Бүгінде ағамыз отбасында қа­дірлі әке, немерелеріне сү­йік­ті ата, халқына «ғалым ақ­са­қал», «көпті көрген қария» ре­тінде танымал.

Лесхан АСҚАР,

Берік АТАШ,

Философия кафедрасының ұстаздары