ТҮРКІ ӘДЕБИЕТІ БАСТАУЛАРЫ: ЗЕРТТЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІ МЕН ОҚЫТУ ӘДІСТЕМЕСІ

29 қыркүйек, 2023

2023 жылдың 29 қыркүйек күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Филология факультеті, Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедарасының ұйымдастыруымен   «ҚР ЖОО үздік оқытушысы»,  білім беру саласындағы ерекше еңбегі үшін Ы. Алтынсарин медалі және  «Қазақстан Республикасының Еңбек Озаты» төсбелгісінің иегері, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор  САРБАСОВ БОЛАТХАН СЕРҒАЗЫҰЛЫНЫҢ  50 жас мерейтойына арналған  «Түркі әдебиеті бастаулары: зерттеу мәселелері мен оқыту әдістемесі» атты  республикалық ғылыми-практикалық  конференция онлайн және офлайн түрде өтті.

Конференцияның модераторы: Өмірхан Әбдиманұлы, филология ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры  «Түркі әдебиеті бастаулары: зерттеу мәселелері мен оқыту әдістемесі» атты  республикалық ғылыми-практикалық конференцияның мақсатымен таныстырды.

Конференцияда қарастырылған мәселелер: Әдебиеттану, түркітану ғылымының өзекті мәселелері; Қазақ әдебиетінің тарихы және оның даму бағыттары; Қазақстандағы фольклортану ғылымы: өткені, бүгіні, болашағы; Көне түркі дәуірінің жазба әдеби мұралары; ЖОО мектепте қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың  әдістемесі.

Конференцияның ашылу салтанатын Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Алуа Берікбайқызы Темірболат  Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма-Төрағасы Ректор Ж.Түймебаевтың құттықтау хатымен бастады.

Конференцияның пленарлық мәжілісінде Нұрдәулет Ақыш, филология ғылымдарының докторы, профессор М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері «Оғыз-наме» эпосының тарихи негіздері», Гүлжахан Орда, филология ғылымдарының докторы, профессор М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері «Ежелгі дәуірдегі қазақ әдебиеті» оқулығы туралы, Пәкизат Әуесбаева, филология ғылымдарының кандидаты, доцент М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері «Оғыз-наме» кітаби эпос ескерткіші»,  Қоңырбаева Сараш Сахиқызы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, педагогика ғылымдарының кандидаты, педагогика кафедрасының доценті  «Ұлттық тәрбие құндылықтары», Юсуп Фархат, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Қазақ әдебиеті кафедрасының  аға оқытушысы «Азамат, дос, ұстаз»,  Мухтаров Аманғали Хамидоллаулы, Адамның үйлесімді дамуы ұлттық институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты  «Оғыз-наме» дастанының фольклорлық және кітаби сипаты» атты мазмұнды баяндамалар жасады. Конференция соңында Карбозов Ерхан, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, филология ғылымдарының кандидаты, аға оқытушысы «Алымды ғалым» атты арнау өлеңін  оқыды.

Конференцияда онлайн баяндамалар мен құттықтауларда болды. Атап атйқанда, Картаева Айжан Маратбекқызы, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, Абай интитутының директоры, Дәуренбекова Лаура, А.Құсайынов атындағы Еуразия интитуты, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор  және Шығыс Қазақстан облысы, Самар ауданы, Көкжота орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сарбасова Индира Серғазықызы мерейтой иесін арнау өлеңмен құттықтады.

Сонымен қатар, мерейтой иесін құттықтауға Алматы қаласындағы бірнеше жоғары оқу орындары мен мектеп, гимназиялардан арнайы өкілдер келді. Атап айтқанда, Матыжанов Кенжехан Ісләмжанұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, Алуа Василийқызы Таңжарықова, филология ғылымдарының докторы, профессор Абай атындағы ҚазҰПУ Филология институтының директоры, Юсуп Фархат, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті,  Оспанбек Бұлбұл Расбекқызы, Алматы қаласы,  Алмалы ауданы №15 гимназияның директоры,  Қасымова Айжан Тойбекқызы, Алматы қаласы, Түрксіб ауданы, №211 мектептің директоры,  Әлдіғазы Руфинат, Алматы қаласы, Жетісу ауданы, №108 мектептің директоры,   Сарбағысов Асқар Темірханұлы, Алматы қаласы, Әуезов ауданы  Ғ.Мүсірепов атындағы №86 мектептің директоры мерейтой иесіне арналған құттықтау хаттарын тапсырды.

Конференция соңында филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор  Сарбасов Болатхан Серғазыұлының  «Қазақ университеті» баспасынан шыққан «Ежелгі дәуірдегі қазақ әдебиеті» (Оқулық) және «ОНОН» баспасынан жарық көрген «Оғыз-наме» - кітаби эпос ескерткіші»  монографиясының тұсаукесер рәсімі өтті. Кітаптардың тұсаукесер рәсіміне конференцияның құрметті қонақтары Зейнел-Ғабден Бисенғали, филология ғылымдарының докторы, профессор, Аслан Жаксылыков, филология ғылымдарының докторы,  профессор және  Нұрдәулет Ақыш, филология ғылымдарының докторы, профессор М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері ортаға шақырылды.

Қорыта айтқанда, менің мерейтойыма арналған  «Түркі әдебиеті бастаулары: зерттеу мәселелері мен оқыту әдістемесі» атты  республикалық ғылыми-практикалық конференцияның сәтті өтуіне атсалысқан  Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Филология факультеті, Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедарасының ұжымына және пленарлық мәжілісте баяндама жасаған ғалымдар мен әріптестеріме алғысымды айтамын. Барлықтарыңызға шығармашылық табыс тілеймін, еңбектеріңіз елене берсін! Қуанышты сәттеріңіз көп болсын!

Құрметті көпшілік қауымға! Әріптес досым, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, филология ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы  Ерхан Карбозовтың арнау өлеңін ұсынғанды жөн көріп отырмын.

 

АЛЫМДЫ ҒАЛЫМ

 

Жар болып, бір өзіңе Жаратқаным,

Жаныңа жалқаулықты жолатпадың,

Қырықтың қырқасынан қарғып өтіп,

Елуді еңсеруде Болатханым.

 

Дәрісте білгеніңді шын ұқтырып,

Шәкіртті шығарушы ең шынықтырып.

Орта ғасыр кезеңіне сапар шектің,

Көк бөріні мініп алып, күлік қылып.

 

Көп құлап, ғылым жолға азы шыдар,

Елеулі еңбегіңді ел, қазы сынар,

Түркіні түптеп берген бір өзіңе,

Оғыз бен Қорқыт бабаң разы шығар.

 

Жан болсаң да, тағдырдан сынақ алған,

Төбеңнен сәуле төгіп тұрады арман.

Озбайтын ар, әдептен болмысың бар,

Тозбайтын және артынан мұра қалған.

 

Өлеңнің әппақ таңы тойында атар,

Білімің көп мықтыны мойындатар.

Мағжанның маңғаздығы мінезіңде,

Сәкеннің сұлулығы бойында бар.

 

Ұлы едің Көкжотаның бақ дарыған,

Өзіңмен мен де бүгін мақтанамын.

Абайдың ақылымен алға басып,

Жамбылдың жасын берсін Хақ Тағалам!

 

29.09.2023 жыл.