«Президент сайлауы жаһандық сын-қатерлерге берілген тиімді жауап ретінде» атты дөңгелек үстел өтті

20 наурыз, 2015

Қазақстан Республикасында кезектен тыс президенттік сайлау 2015 жылдың 26 сәуірінде өтеді. Осыған орай, ҚазҰУ-дың экономика және бизнес жоғары мектебінің мәжіліс залында «Президент сайлауы жаһандық сын-қатерлерге берілген тиімді жауап ретінде» атты дөңгелек үстел өтті. Жиынға университет басшылығы, саясаткерлер конгресінің мүшелері, әкімшілік құқық кафедрасының профессорлары мен қатысты.

Қазақстан Халқы Ассамблеясының кеңесінде ұсынылған кезектен тыс президент сайлауы бүгінгінің басты жаңалығына айналғаны рас. Өйткені, президент қызметі - жария қызмет, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бір ұлттың тағдыры, яки болашағы басшының сол елге жасаған қызметінен, игілікті ісінен көрінері хақ. Қазақстанда президент болуды қалайтын адам ең алдымен, мемлекеттік тілді жетік білу керектігі заңда міндетті деп жазылған. Осы орайда, заң ғылымдарының докторы, «Құқықтық тәрбие» орталығының директоры- Ағыбаев Арықбай: «Бүгінгінің күн тәртібінде тұрған бірінші мәселе «тіл» мәселесі. Үлкен лауазымды тұлға «президент» болғандықтан, одан мемлекеттік тілді талап етеміз. Ал парламент депутаттары мен әкімдерден мұны неге талап етпейміз? Мемлекеттік қызметтегі адам мемлекеттік тілді жетік білетін болса, ұлттың болашағы зор, келешегі кемел болады. Орталық сайлау коммиссиясы сайлаудың қалай және қай күні өтетін мерзімін тізбектеп жариялады. Конституциямызда Президент болуға әркімнің өзін ұсынуға дейін құқығы бар екендігі айтылады. Ендеше, халқымыздың өркендеп өсу жолында аянбай тер төгетін абзал жанның саясатын қолдайық, дауыс берейік»,-деп баяндамасын оқыды.

Расында да, президент сайлауына түсуге ынталы үміткерлердің көпшілігі қазақ тілі сынағынан сүрініп жатады. Десекте, мемлекеттік тілде баяндамасын оқып, ана тілінде таза сөйлейтін кандидаттардың да бар екенін жоққа шығармағанымыз абзал. Еске сала кетейік, президенттікке кандидат болғысы келетін үміткерлер лингвистикалық комиссия талаптарына сәйкес үш түрлі сынақтан өтуге міндетті. Бірінші, лингвистикалық комиссия ұсынған тақырыптардың біріне шығарма жазады. Екіншіден, комиссия ұсынған кітаптан көлемі үш беттен аспайтын мәтінді кібіртіктемей мәнерлеп оқиды. Үшіншіден, үміткерлер өздеріне ұсынылған тақырып бойынша көпшілік алдында кемінде 15 минут сөз сөйлейді.Міне аталған жоғарыдағы талаптарға сай кандидат президенттікке үміткер ретінде тіркеле алады. Философия ғылымдарының докторы, дінтану және мәдениеттану кафедрасының профессоры Тұрсын Хафизұлы: «Сайлау негізінен батыс өркениетіне тән. Олардың түсінігіндегі демократия мен олардың түсінігіндегі саяси таңдауменен біз шара жүргізуіміз керек. Шын мәнісінде, сайлауды да кез келген саяси әрекеттің мақсаты өз халқына, өз адамдарына еркін тақырып таңдау жағдайы, яғни адамдық ынтымақтастықты арттыру көзі болып табылады. Біздің елдегі сайлаудың кеңейтілген тәртібі осылай қалыптасқан»,- деп өз пікірін ортаға салды.

Жастардың атынан сөз сөйлеген ҚазҰУ-дың Жастар ұйымдары комитетінің жетекшісі - Нұрлан Әбдықадыров: «Біз үшін, яғни жастар үшін 26-сәуір ерекше күн. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері барлық факультеттің жастар ұйымдары мен клубтары бірлесе отырып ілгерілеп дамуымыз үшін бірігіп үндеу жариялаған болатынбыз. ҚазҰУ жастары кезектен тыс президенттік сайлауды толығымен қолдаймыз»,- дей келе университетіміздің студенттері бір кісідей сайлауға қатысып, өзіндік үлесін қосуға ниетті жандардың бар екендігін тілге тиек етті.

Қазақстанда кезектен тыс президенті сайлауы 26 сәуірде өтеді. «Кімде-кім өзінің уақыты үшін бар мүмкін істі жасаса, барлық уақытта өмір сүреді»,-деп неміс драматургі Иоганн Фридрих Шиллер айтпақшы, ендеше, бізде қарап қалмай әрқайсысымыз өзімізге берілген таңдауда Қазақстанның көркеюіне, құлаштап қанатын кеңге жаюына орасан зор үлесін қосатын, «жастар» санасын улаған сектадан біржола құтылып, еліміздегі діни ахуалға көңіл бөлетін әлемдік деңгейдегі көшбасшыны бірге таңдауға атсалысайық!


Баспасөз қызметі