Университеттің көзі, құлағы hәм тілі
Қазақ білімінің қара шаңырағы – ҚазҰУ-дың «Qazaq universiteti» газетіне 1998-2000 жылдар аралығында бас редактор болдым. Сөйтіп, бұдан бұрын шетелдердегі қандас бауырларымызға арнап шығарылған халықаралық «Біздің Отан», кейіннен белгілі себептермен атын «Шалқар» деп өзгерткен басылымда тілші болғандағы және ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы басшылық еткен «Қазақ» газетін жалғастырып, қайта шыққан «Қазақтың» бас редакторының орынбасары қызметін атқарғанда жиған мол тәжірибем кәдеге жарағаны бар. Оның үстіне 1998 жылы «Қазақ» газетіндегі ұлттық саяси-әлеуметтік мәселелердің жазылуы» деген тақырыпта кандидаттық диссертациямды сәтті қорғағанымды ескерген болу керек, университеттің сол кездегі басшылығы осы қызметті сеніп тапсырды.
Сенім үдесінен шығу – өмірлік №1 ұстанымым. «Qazaq universiteti» газеті тізгінін қолыма алғаннан кейін тағы да сол талап төрінен көрінуге бар күш-жігер, қайратымды сарқа пайдаланғаным есімде.
Атақты «Қазақ» газетінің табыс кілті халықшылдығында екенін зерттеушісі ретінде терең түсіндім. Сондықтан «Qazaq universiteti» газетінің тізгінін ұстаған күннен оның таралымын арттыруға күш салдым. Газеттің тиражын өсіру үшін оны қызықты етіп, оқылымын арттыру керектігін ұқтым. Ол үшін біржақты жағымды жаңалықтарды ғана жариялайтын газет мазмұнына өзгеріс енгізу керек болды. Біртіндеп сыни материалдар да жариялай бастадық. Факультеттерге рейдтер ұйымдастырып, студенттерге сөз мінберін беруге тырыстық. Газеттің ашық пікір алмасу алаңына айналуы өз жемісін бере бастады. Басылымның тиражы аз уақыттың ішінде 500 данадан 3000-ға дейін өсуі соны аңғартты.
«Қазақ университетіне» әкелген тағы бір жаңалығым – осыған дейін университет баспасының құрамында құрылымдық бірлігі болып келген газет редакциясын арнайы бөлім етіп, жеке қаржыландыру мүмкіндігіне қол жеткіздік. Нарық тілімен айтқанда, дербес қаржыландыру тетігін таптық. Әр факультет декандарымен жеке-жеке келісім жасап, олардың есебінен газеттің ішкі есепшотына қаржы аударуларын қамтамасыз еттік. Сөйтіп, алғаш рет газеттің өзін-өзі қаржыландыруына жағдай жасадық. Соның арқасында тұрақты авторларымыз бен студенттерге ынталандыру үшін қаламақы төлеп, қуантқан кездеріміз де болды. Түрлі корпоративтік шаралар ұйымдастыруға мүмкіндік артты. Мұндай жағдай көп білім ордаларының басылымдарында күні бүгінге дейін болмағанын ескерсек, оның өзін үлкен жетістік деп санаймын.
«Qazaq universiteti» – тарихы терең, дәстүрі бай басылым. Газет ұжымына өткеннен сабақ алып, дәстүрлі жолды жанды жалғастыруға жазсын деген тілек қосамын. Қара шаңырақ ҚазҰУ-ымның көзі, құлағы һәм тілі – «Qazaq universiteti» жасай берсін!
Қайрат САҚ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінің деканы, алаштанушы-ғалым