- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ-да «Өңір-Орталық Азия: көші-қон мәселелері бойынша журналистік білім беру» жобасы басталды
ҚазҰУ-да «Өңір-Орталық Азия: көші-қон мәселелері бойынша журналистік білім беру» жобасы басталды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ЮНЕСКО-ның коммуникацияны дамыту жөніндегі халықаралық бағдарламасы аясында «Өңір-Орталық Азия: көші-қон мәселелері бойынша журналистік білім беру» жобасы басталды. Жобаны Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан бойынша Алматыдағы ЮНЕСКО Кластерлік бюросының қолдауымен ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасы бірлесе іске асыруда.
Шараға Орталық Азияның бес елінен келген жұмыс тобының мүшелері, БҰҰ мен ЮНЕСКО, көші-қон саласындағы ұлттық және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, ғалымдар мен журналистер қатысты. Шараға Алматыдағы ЮНЕСКО Кластерлік бюросының коммуникация және ақпарат бөлімінің басшысы Сергей Карпов модераторлық етті.
Жиында сөз алған ҚазҰУ-дың ғылым және инновация жөніндегі проректоры Жамила Айтжанова ҚазҰУ Орталық Азиядағы ең ірі университет ретінде танымал екенін атап өтіп, білім ордасы жыл сайын Тұрақты даму мақсаттары бойынша жобаларды іске асыратынына тоқталды.
«ҚазҰУ көптеген жылдар бойы ЮНЕСКО-мен ынтымақтастықта жұмыс істеп келеді. Университетте ЮНЕСКО-ның екі кафедрасы жұмыс істейді. Жаппай ашық онлайн курстар оқу жүйесін демократияландыруға және көптеген мәселелердің шешімін табуға түрткі болды. ҚазҰУ платформасы жыл сайын жаңа пәндермен толықтырылып, бүгінде қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде 100-ден астам түрлі курстар ұсынылған», – деді проректор.
Іске қосылған «Өңір-Орталық Азия: көші-қон мәселелері бойынша журналистік білім беру» жобасының негізгі мақсаты – эстетикалық тәрбиені ескере отырып, жоғары сапалы бағдарламалар есебінен оқытудың жаңа технологияларын кеңейту.
Сондай-ақ, шарада ҚР СІМ Алматыдағы өкілдігінің Саяси ынтымақтастық басқармасының бастығы Алмаша Аренова сөз сөйлеп, Тұрақты даму мақсаттарын іске асыруда ҚазҰУ нәтижелі жұмыс атқарып отырғанын атап өтті.
ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының меңгерушісі Назгүл Шыңғысова баяндама жасап, тұрақты даму мақсатында журналистік білім беру бойынша ЮНЕСКО кафедрасының серпінді жобалары туралы айтты.
Пленарлық отырыста онлайн форматта Ала-Тоо Қырғыз халықаралық университеті журналистика факультетінің деканы Элира Турдубаева, Орта Теннесси мемлекеттік университетінің (АҚШ) профессоры Зени Сарабиа-Панол, факультет жанындағы БҰҰ Өңірлік ресурстық орталығының директоры Лейла Деловарова сөз сөйлеп, БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының бағдарламалық кеңсесі, бағдарламаның ұлттық үйлестірушісі Әділет Мұқышев және басқалар баяндама жасады.
Іс-шара барысында көші-қон мәселелері бойынша мобильді білім беру ресурсы тұжырымдамасының тұсаукесері, бастапқы материалдар ұсынылды. Шара соңыда шетелдік ғалымдар сараптамалық зерттеулері бойынша баяндама жасап, жиын өзара пікіралмасуға ұласты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі