«Шәкіртсіз ұстаз – тұл». Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, заңгер Сұлтан Сартаев еліміздің заң саласының дамуына сүбелі үлес қосқаны өз алдына, шәкірт тәрбиелеп, соңынан ізбасарларын ілестіре білген ұлағатты ұстаз. Ғалымның елеусіз қалмауы, үнемі назарда болуы өзі тәрбиелеген шәкірттерінің де арқасы. Бүгінгі жүрекжарды естеліктер соның айғағы.
Мемлекетіміздің қалыптасуына үлкен үлес қосты
Академик Сұлтан Сартаев егемен мемлекеттің қалыптасу тарихында, қоғамдық қызметте, халықаралық қатынастарда, заң білімі мен заң ғылымында, Қазақстанның құқықтық саласында тәуелсіздік алғанға дейін де, егемен мемлекет пайда болғаннан кейін де ерекше орын алады.
Сұлтан Сартайұлы көптеген жылдар бойы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінде қызмет атқарды. Оның мемлекет, құқық, егемендік, құқықтық жүйе туралы тамаша дәрістері көптеген заңгерлердің құқықтық санасында үлкен із қалдырды. Ол елімізде алғашқылардың бірі болып жоғары білікті заңгерлер дайындайтын өз жоғары оқу орнын ашты. 1992 жылдан 2007 жылға дейін КИПМО-да (Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институты) белсенді жұмыс істеп, ректор болды.
Академиктің ғылыми идеялары мен көзқарастары кең саланы қамтиды. Бұл егемендік, мемлекеттік тіл, ұлттық қауіпсіздікті ерекше қорғау қажеттілігі, адамның демократиялық құқықтары мен бостандықтарын қолдау, құқықтық тәрбие мен құқықтық мәдениет туралы идеялар заң ғылымы мен құқықтық практикаға үлкен әсер етті.
С.Сартаев өз еңбектерінде бостандық пен тәуелсіздік – қазақ халқының ұлттық санасында ерекше орын алатын ұғымдар екенін ерекше атап көрсетеді. Ежелгі заманнан бері қазақ халқының санасында оның бостандыққа, тәуелсіздікке, әділдікке, тең құқыққа деген табиғи құштарлығы мықты болды. Мұның бәрі болашақ ұрпақ үшін нұсқаулық болып саналды. Шексіз дала кеңістігі, бейбіт өмірдің өзі халқымыздың психикасының ішкі әлеміне, санасына ерік пен еркіндік сезімін мықтап енгізді. Академик Сұлтан Сартайұлының ғылыми еңбектері мен мемлекеттік-құқықтық қызметі еліміздің құқықтық жүйесіне оң әсер етті.
Алуа ИБРАЕВА,
профессор,
заң ғылымының докторы
Динара
ТҰРСЫНҚҰЛОВА,
заң ғылымының
кандидаты
Саясаттағы салмағы басым еді
Мемлекеттің, қоғамның қарқынды дамуында ұстаздың алатын орны ерекше, атқаратын қызметі маңызды да жауапты. Ол білімді, адами қасиеттері жоғары болашақ маманды тәрбиелеу арқылы қоғамның жарқын болашағының сенімді тетігін, негізін қалыптастырады. Себебі, егемен еліміздің болашағы жас ғалымдардың, бүгінгі студенттердің – болашақ мамандардың білім дәрежесінің тереңдігімен, сапасымен өлшенеді. Олай болса, ұстаз мемлекеттің, тұтастай қоғамның, оның жеке салаларының жарқын болашағының сенімді тұтқасы, негізі болып табылады.
Өзінің ұстаздық парызына аса жауаптылықпен қарап, тиісті міндетін жүзеге асыруда талмай, шаршамай еңбек еткен азаматтардың бірі – ҚР ҰҒА академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор Сартаев Сұлтан Сартайұлы. Академик өзінің өмір жолында мемлекет пен қоғамның істеріне белсене қатысып, жауапты қызметтер атқарды. Ол адал еңбектің үлгісі, нақты азаматтық ұстанымы бар адам болды. Сұлтан Сартайұлы өмірінің басым бөлігін (1952 жылдан бастап өмірінің соңына дейін) аса жауапты қызмет – ұстаздық қызметке арнады. Ұстаздық қызметке мемлекеттің болашағы тікелей байланысты, тіптен тәуелді деп айтуға болады. Себебі, мемлекеттің сәтті дамуының негізгі алғышарты – тамырын тереңге жайған білім, дамыған ғылым болып табылады. Сондықтан да, қарқынды даму бағытын ұстанған кез келген мемлекеттің негізгі бір міндеті – білімді де білікті, мәдениетті, жан-жақты дамыған ұрпақты тәрбиелеу. Бұл міндетті орындаудың негізгі, қоғам дамуының басты қозғаушы күші – ұстаз болатыны ешбір дау тудырмайды. Өйткені, білікті, кәсіби маманды қалыптастыру процесіне белсенді қатысатын негізгі тұлға – бұл ұстаз.
Табысты адамның жиған дүниесіне емес, оның ұзақ жылдар бойы тер төгіп жасаған еңбегі мен ел алдында жинаған абыройына, табысқа жету жолындағы табандылығы мен жанкештілік әрекеттеріне, қалтқысыз атқарған еңбегіне қарап өлшейміз, бағасын беріп жатамыз. Сұлтан Сартайұлы өз өмірін халқына және ғылымға шексіз қызмет етуге арнады. Осылайша өз замандастары үшін ғана емес, қазақстандық ғылымның жас буыны үшін де үлгі бола білді. С.Сартаев – саясаттағы салмағымен, шешендігімен, ғалымдығымен көптеген елдерде танылды.
Әйгерім
ЖАРБОЛОВА,
заң ғылымының кандидаты
Әділ заңның тірегі
Тұтас бір заңгерлер буынын қалыптастыруға сүбелі үлес қосқан мемлекетіміздің көрнекті заңгер ғалымы, еліміздің ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор Сартаев Сұлтан Сартайұлы ортамыздан кетсе де, есімі мен еңбегі жадымызда.
Заңгер – адамгершілік қасиеттер мен құндылықтарды бойына сіңіре білген, жеке өмірі мен кәсіби өмірін ұштастыра білетін тұлға. Ар, ұят, намыс, әділдік – заңгердің жеке басының сипаты болумен қатар кәсіби қызметінің рухани негіздерін қалайтын басты шындық. Осындай жолда әділдік пен адалдықты ту еткен Сұлтан Сартайұлының еңбегі мен сара жолы келешекте де жастардың бастамашыл ұранына айналып, заң мен ғылым саласында ерекше орны бар өнегелі, өрісі кең нақылға айналатыны анық. Ғалымның еңбек еткен жылдары мен естелік еңбектері өз алдына бір даналық қор болып артында қалды.
Тәуелсіздіктің көк туын көтеріп, жаңа қадам басқаннан бері мемлекетіміздің Ата заңынан бастап, Тіл, егемендік және тәуелсіздіктің барлық маңызды заң құжаттарын қалыптастыруда Сұлтан Сартайұлының үлесі зор болған. Ол тәуелсіз мемлекетіміздің игілігі үшін қай кезде де аянып қалмады. Еселі еңбектің жемісі қашанда мәуелі екенін мойындатқандай. С.Сартаев ақылдың, үлкен ұстамдылықтың, мейірімділіктің, биік адамгершіліктің иесі болды. Ғылымды терең меңгерген және сүйетін ұстаз ғана өз шәкірттерінің бәріне жемісті ықпал жасайды екен. Сұлтан ағай шәкірттерінің тамырын тереңге бойлатып, жемісті еңбектерінің жеңісіне куә болды. Бүгінде ортамызда болмаса да ұстазымыздың ғылым саласына қалдырған құнды ғылыми еңбектерін университет қабырғасындағы студенттер, магистранттар, докторанттар, жалпы ғылымға бет бұрған жас мамандар пайдаланып, оқып білуде. Бүгінгі жаңарған талаптар қоғамы ең алдымен нағыз маманды көбірек бағалайды. Кәсіби шеберлігі жоғары маман дайындау – дәстүрлі міндетіміз. Сондықтан болашақта еліміздің тізгінін ұстайтын ұрпақ әзірлеу жолында ел алдындағы жоғары жауапкершілікті біз жақсы түсінеміз,
Сұлтан ағайымыз өмірінің соңына дейін «Ұлт өрге шығу үшін, ұстаз төрге шығуы керек» деген әділ заңгер, ұлағатты ұстаз еді. Артында өшпес із қалдырған нар тұлғалы Сұлтан Сартайұлының жарқын бейнесі есімізде мәңгі сақталады!
Қарлығаш УСЕИНОВА,
заң ғылымының кандидаты
Ақылбек ИСАБЕКОВ,
заң ғылымының кандидаты
Президенттік басқарудың теориялық негізін қалады
Академик Сұлтан Сартайұлы өзінің бар ғылыми өмірін 1955 жылдан 2019 жылға дейін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қабырғасында өткізді. Заң факультеті құрылғаннан бастап, осында қызмет етті.
Елімізге еңбегі сіңіп, ғылымымыздың өркендеуіне ерен үлес қосқан біртуар тұлғаның мемлекет қайраткері, қоғам белсендісі ретіндегі рөлі жеке зерттеуге әбден лайық. Қазақстанның барлық заңгерлері одан әділдікті үйренді, құқық әлемін танып білді.
Еліміздің тарихында айрықша із қалдырған елеулі жалғыз кеңес, еліміздің ең құрметті он азаматынан құралған Президент Кеңесіне мүше болды. Тәуелсіздіктің тұғыры қаланған тоқсаныншы жылдардағы маңызды да өтпелі кезеңде Сұлтан Сартаевтың Қазақ елі үшін сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ол 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Қазақ КСР-інің мемлекеттік Егемендігі туралы Декларациясының басты авторларының бірі болды. Еліміздің 20-дан астам маңызды заңдарына талдау жасауға қатысты. Еліміздегі президенттік басқарудың теориялық негізін қалады. Қазақ КСР-нің Жоғары Кеңесінің депутаты бола жүріп, Қазақ КСР-інің Президенттік институтын енгізу туралы заң жобасын дайындаушылардың тобын басқарды. Қазақстан Республикасы Ата заңының 91-бабы 2-тармағында белгіленген мемлекеттің біртұтастығын, Республиканы басқару нысанын өзгертуге болмайтыны туралы құқықтық норма да Сұлтан Сартайұлының бастамасы бойынша енгізілгенін айта кеткен жөн.
Бір сөзбен айтқанда, С.Сартаевтың жасаған бұл идеялары Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін қамтамасыз етуге негіз болды. Сұлтан Сартаевтың бірқатар еңбектерінде оның патриотизмін атап өтпеуге болмайды.
Сұлтан Сартайұлы мемлекет және құқық теориясы, конституциялық және әкімшілік құқық саласында өзінің ғылыми мектебін қалыптастырды. Оның ғылыми жетекшілігімен жиырма заң ғылымының докторы, елуден астам заң ғылымының кандидаты дайындалды.
Сұлтан Сартайұлы өз өмірін халқына және ғылымға шексіз қызмет етуге арнады. Осылайша өз замандастары үшін ғана емес, қазақстандық ғалымдардың жас буыны үшін де үлгі бола білді.
Нұрлайым
МЫҢБАТЫРОВА,
Заң ғылымының кандиаты