Аймақтық хаб құру бастамасын қолдаймын
ҚазҰУ заң факультетінің және басқа да жоғары оқу орындарының оқытушы-профессор ғалымдарынан құралған Қазақстанның ғылыми элитасы елімізде Орталық Азия мен Ауғанстанның орнықты даму мақсаттары бойынша аймақтық хаб құруға бастама көтеріп отырған мәселені қызығушылықпен талқылауда.
Өздеріңіз білетіндей, «хаб» ағылшын тілінен аударғанда орталық, қандай да бір желінің түйіні дегенді білдіреді. Бұл бастама туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдың 18-19 қыркүйегінде Нью-Йоркте өткен БҰҰ саммитінде көптеген елдердің әлемдік көшбасшылары БҰҰ-ның 2015 жылғы Бас Ассамблеясы «Барлығына жақсырақ және тұрақты болашаққа қол жеткізу жоспары» ретінде әзірлеген өзара байланысты 17 мақсат – Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) талқылап жатқан кезінде жариялады. Өйткені осы жаһандық мақсаттардың шешімдері, соның ішінде кедейшілікті жою және планетаны қорғау мәселелері 2030 жылға дейін шешімін табуға тиіс. Көптеген елдерде алға қойған мақсаттардың дені нашар орындалды немесе толығымен тоқтап қалды. Президентіміз оның орындалуын жіті бақылау қажеттігін атап өтті. Әрине, прогресті бәсеңдететін түрлі себептер бар. Олардың легіне COVID-19 пандемиясын, қалыптасқан проблемаларды тереңдеткен климаттық дағдарыс, аштықты жою, денсаулықты қорғау, қоршаған ортаны ластау және т.б. толып жатқан кедергілерді атап өтуге болады. Сондай-ақ, бұдан өзге тиімді, күшті мемлекеттік институттарды құру, әділет мәселелері және бейбіт өмір сүру мақсаттарына қол жеткізу түріндегі ТДМ міндеттерін орындауды кешіктірудің түсінікті себептері де жоқ емес.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде геосаяси сілкіністер арқылы асқынған, өз кезегінде елдердің ұжымдық күш-жігеріне нұқсан келтіретін қазіргі жаһандық сын-қатерлерге тоқталды. Бұл кедергілерді бір мемлекеттің күш-жігерімен еңсеру мүмкін емес. Көзге көрінетін нәтижелерге әлемдік қауымдастықтың бірлігі арқылы ғана қол жеткізуге болады. Бұл халықаралық қауымдастықты нығайтуға және тұрақты дамуға елеулі қауіп төндіретін климаттық, азық-түлік және энергетикалық дағдарыстарды еңсеруге де қатысты. Мемлекет басшысының синергетикалық тиімділікті қамтамасыз ету үшін өңірлік деңгейде «Бір БҰҰ» қағидатын күшейту талабы басымдықта болады.
ҚР Президентінің елімізде ТДМ бойынша осындай Өңірлік хаб құру туралы бастамасы дер кезінде көтерілді деп есептеймін. Өйткені хаб жұмысы аймақтағы БҰҰ-ның жобалық қызметін тиімді үйлестіруді қамтамасыз етуге бағытталады. Мемлекет басшысы сондай-ақ саммит қатысушыларын халықаралық қаржы-сәулет құрылысына жаңа тыныс беруге шақырды. Президенттің пайымынша, тұрақты даму мақсаттарына жету үшін қаржы жүйесі барлық елдердің теңдігін қамтамасыз етуі керек. ҚР Президенті осы саммитте қоршаған ортаны қорғау, білім беру және денсаулық сақтау мәселелерін шешуге, БҰҰ аясында техникалық қолдау, ғылыми зерттеулер мен тәуекелдерді бағалау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға көбірек қаражат бөлу қажеттігін айтты. Осылайша, Тұрақты дамудағы мақсаттар – барша халықты анағұрлым жақсырақ әлемге апаратын қадам әрі бұл барлық құқықтық жүйелердің өзара әрекеттесуі арқылы ғана мүмкін екеніне көз жетеді. Біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан үшін орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу ұлттық басымдық болатынын, осыған орай еліміз тұрақты болашаққа белсенді түрде инвестиция салып жатқанына тоқталды. Осылайша, елдің мемлекеттік бюджетінің 80 пайызы ТДМ мақсаттарына сәйкес келеді. Әрі осы жағдай бәрімізді қуантады. Қазақстан Президенті Біріккен Ұлттар Ұйымының 2030 жылға дейінгі күн тәртібін оң бағалады және Мемлекет басшысының болжамы бойынша, бұл – «қазіргі ұрпаққа гүлденген болашақты құруға берілген жалғыз мүмкіндік».
ТДМ өткізу саммитінің қорытындысы бойынша саяси декларация қабылданды. Оның векторы әлем елдерін биік белеске көтеруге ортақ күш-жігер береді. Жаңа Қазақстанда БҰҰ саммитінде айтылған стратегиялық мақсат орындалып, оның міндеттері іс жүзінде жүзеге асатынына сенгім келеді.
Нажия ҚАЛЫШЕВА,
заң ғылымдарының докторы