Хинди тілі күні аясында Үндістанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Нагендра Прасад мырза шығыстану факультетінде қонақта болды.
Шығыстану факультетінің Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы үндітану бөлімі Тұрақты даму мақсаттары аясында «Хинди дивас» – хинди тілі күніне арналған мәдени шара өткізді. Бұл күн хинди тілін Үндістанның ұлттық тілі ретінде тарату мақсатында ресми түрде аталып өтеді. Шешім 1949 жылы 14 қыркүйекте қабылданып, кейін Үндістанның Конституциясымен бекітілді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Хинди Дивас мерекесі 1998 жылы алғаш хинди тілі бөлімі ашылғаннан бастап 25 жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді. Мәдени шараға мәртебелі қонақтар – Үндістанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нагендра Прасад, Свами Вивекананда атындағы үнді мәдени орталығының директоры Санджай Веди, Үндістан Консулының ассистенті Н.Бора, Дж.Неру атындағы университеттің Халықаралық қатынастар факультетінің деканы, профессор Шрикант Кондапалли, Үнді мәдени Кеңесінің өкілі Бхаскар Бикрам Четия, қазақ-үнді классикалық би орталығының директоры Ақмарал Қайназарова қатысты.
Үндістанның мемлекеттік әнұраны флейтаның сүйемелдеуімен орындалғанына қонақтар тәнті болды. Кеш барысында үнді әндері орындалып, хинди тілінде өлең-жырлар оқылды. Үндітанушы-студенттер хинди тілінің тарихы туралы бейнебаян даярлап, белсенділік танытты. Үндістан мен Қазақстан арасында саяси-экономикалық, дипломатиялық қатынастардың серпінді дамуына байланысты үнді аймағын зерттеушілерді даярлау маңызды екені айтылды. Хинди тілінде еркін сөйлеп, Үндістанға қатысты терең білімдерін көрсеткен болашақ үндітанушы студенттерге қонақтар риза болды. Шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін үндітану бөлімінің меңгерушісі Сымбат Исмагулова және басқа да үндітану бөлімінің оқытушылары мен білімгерлеріне Үндістан Елшісі атынан алғыс хат, сыйлықтар тарту етілді.
Кеш соңында қонақтарға үнді шайы мен тағам түрлері ұсынылып, еркін сұхбаттасу жалғасты.
Бота СЕРІКҚАНҚЫЗЫ,
Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының
доцент м.а. PhD
Шығыстану факультеті