ҚАЗҰУ ҒАЛЫМДАРЫ КӨШПЕЛІЛЕР ӨРКЕНИЕТІНІҢ ЕРЕКШЕЛІГІН ЗЕРТТЕУДЕ

20 қазан, 2023

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Орталық Азия көшпелілерінің дәстүрлі өркениеттерін зерттеу» ғылыми-зерттеу орталығының ғалымдары көшпелі халықтардың этникалық мәдениетіндегі символдар мен атрибуттардың тарихы мен семантикасы бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізуде.

Орталық ғалымдары «Халық тарих толқынында», «Рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың Жеті қыры» атты мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында Орталық Азияның көшпелі халықтарының этногенезі, тарихы мен мәдениетінің концептуалды мәселелерін әзірлеуде. Олар қол жеткізген ғылыми тұжырымдар мен нәтижелерге сүйене отырып, бірнеше ғасырлар бойы бір өркениетті кеңістікте қалыптасқан түркі халықтарының тарихи және этномәдени тамырларының бірлігін негіздеу бойынша жаңа ғылыми көзқарасын ұсынып отыр.

Ғалымдар классикалық жазба деректермен қатар ауыз әдебиеті үлгілерінің кең  көлеміне деректанулық талдау жасап көшпелілер тарихындағы этногеосимволиканың мәні мен оларлың социомәдени кеңістікті модельдеу үлгілерінің ерекшеліктерін зерттеуде. Тарихшылар мен этнографтар, археологтар мен лингвистер тобынан құралған зерттеу тобы қазақ жерінен қазіргі Түркия респубикасының аумағына дейінгі ұлан-байтақ аумақтағы кейбір археоэтнографиялық мұраларымыздағы символдар мен атрибуттарға тарихи салыстырмалы талдау жасауда. Зерттеу этноархеология бағытын, сондай-ақ артефактілерді материалдық емес мәдениет тұрғысынан қарастыруды қамтып отыр. Мәселен, Ұлытаудағы Алаша хан кесенесі, Сарайшық, Қышқала және Көктам қалаларынан табылған бөрінің ізі түскен кірпіш этнографиялық далалық экспедиция барысында зерттеліп, «тұмар-кірпіш» деп танылды. Алаша хан, Болған ана кесенелері, Қышқала медресесі кірпіштеріндегі ою-өрнектердің қазақ қолөнері бұйымдарында кездесетін ою-өрнектермен ортақтығына салыстырмалы сараптау жасалды.

Жобаны орындау барысында жүзеге асқан ғылыми іс-сапарлар, әсіресе Өзбекстан Республикасы Самарқанд, Ташкент қалалары мен Түркия Респуликасының Бурса қаласында орналасқан тарихи-мәдени мұражайлар қорларында сақталған жәдігерлер (мысалы, қызғалдақ, жұлдыз, ошақ, бәйтерек немесе киелі ағаш, асатаяқ және т.б.) мен еліміздің аумағында орналасқан археологиялық ескерткіштерге этнографиялық талдау жасау барысында қызғылықты мәліметтер қоры жинақталды.

Зерттеу нәтижесінде көшпелілердің этникалық мәдениетіндегі айырымдық белгілер элементтерінің қасиеттілігі мен символдық мәні сарапталды. Көшпелі социумның рухани құндылықтары арқылы көрініс тапқан мәдени құбылыстар зерттеліп, дәстүрлі этномәдени жүйенің қалыптасу ерекшеліктері туралы ғылыми тұжырымдар жасалды.  

* Осындай бөрінің ізі түскен тұмар-кірпіш Алтын Ордалық Сарайшықтан, Ортағасырлық Көктам қаласынан табылған.  Бөрі ізді кірпіш қала тұмары ретінде қызмет еткен.