Ұстазымыз әрбір мәселені кәсіби түрде шешетін

24 қазан, 2023

Менің бұл естелігім өзінің бар саналы өмірін ғылымға, нақ­тырақ айтқанда, қазіргі таңда қарқынды дамып келе жатқан ғы­лымның бағыты – криптографияға арнаған белгілі ғалым, мате­матик, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ақпараттық және есептеуіш технологиялар инс­ти­тутының Ақпараттық қауіпсіздік зертханасының меңгерушісі Бияшев Рүстем Гакашұлына арналады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың магистратурасында «Алгебра, геометрия және математикалық логика» кафедрасында білім алып жүрген кезімде ұстазымыз Ержан Байсалов тобымызға крипто­гра­фия бойынша арнайы курс оқыды. Сол кездері орыс тілінде ақпаратты қорғау мен криптография бойынша кітаптар өте сирек кездесетін, ал қазақ тілінде мүлде жоқтың қасы еді. Сол себепті, лекторымыз ма­те­риалды ағылшын тіліндегі әде­биет­тен аударуға мәжбүр болатын. Со­ған қарамастан, ол өзінің пәніне деген қызығушылығымызды оята білді және біз оның дәрістерін үл­кен ықыласпен тыңдадық. Диплом­дық жетекшіні таңдау уақыты кел­ген­де, курстас магистранттармен бірге Ержан Рахметуллаұлын ғы­лыми жетекшілікке, ал, магистрлік диссертация тақырыбын крип­то­гра­фия саласы бойынша таңдадық.

Оқу барысында Ержан Рах­метул­­лаұлы бізге Информатика және басқару мәселелері инсти­тутының Ақпараттық қауіпсіздік зертханасы туралы ақпарат беріп, бізді осы институттың белді ға­лымы Рүстем Гакашұлымен та­ныс­тырды. Сол жылдары, дәлірек айтқанда, 1994 жылы Р.Бияшев институт директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары қыз­метін атқаратын. Сонымен қатар инс­титуттың Ақпараттық қауіп­сіздік зертханасының меңгерушісі болатын. Аталған зертхана қыз­мет­­керлері еліміз үшін тың бағыт бо­лып саналатын ғылымның сала­ла­ры бойынша іргелі және қол­дан­балы зерттеулер жүргізді. Атап айтқанда, модульдік арифметика негізінде ақпаратты қорғаудың симметриялы және асимметриялы криптографиялық жүйелерін, оның ішінде ұсынылған криптоберіктілік деңгейінде әзірлеу, зерттеу және модельдеу, мәліметтер қорына қолжетімділікті шектеуді басқару жүйелерін әзірлеу сияқты бағыт­та­рын қарастырды. Рүстем Гакашұлы таныстықтан кейін ғылымның осы саласы бойынша қысқаша сұхбат жүргізіп, бізден криптография ба­ғы­тына неге қызығушылық та­ныт­­қа­нымызды сұрады. Кездесу со­ңын­да «Жарайды, танысып бас­­таңдар, ізденіңдер» деп қоры­тындылады. Кейін білгенімдей, бұл «іздену» ұстазымның мектебіне қо­сылуымның алғашқы кезеңі екен. Жас мамандардың өтуі қажет «бақылау» кезеңі Рүстем Бияшевтің педагогикалық даналығының көрі­ніс­терінің бірі болды. Осылайша, жұмыстың осы түріне бейім адам­дарды ол табиғи түрде таңдайтын және олардың өмір жолын таң­дау­дағы қателіктердің мүмкіндігін азай­­татын.

Осыдан кейін, біз, 3 магистрант Ақпараттық қауіпсіздік зертха­на­сына инженер болып жұмысқа қабылдандық. Менің ғылымдағы жолым осылай басталды.

Магистратураны аяқтағаннан кейін ҚР БҒМ Информатика және басқару мәселелері институтына 05.13.01 «Ақпаратты жүйелік тал­дау, басқару және өңдеу» маман­ды­ғы бойынша сырттай аспиран­тураға түстім. Ақпаратты қорғау үшін ақырлы алгебралық құрылым­дар­ды қолдану саласына маман­дан­дым. 2009 жылдың ақпан айын­да Р.Бияшев пен С.Нысанбаеваның жетекшілігімен аталған мамандық бойынша техника ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алуға ұсынылған «Ағындық шифр­лар үшін кілттік тізбектерді генера­ция­лау мен таратуды әзірлеу және зерт­теу» тақырыбында диссер­тация­лық жұмысымды сәтті қор­ғадым.

Қазір зертханаға жұмысқа ор­на­ласуға келген жастармен таныс­қа­нымда Рүстем Гакашұлының біздің зертханада осындай тәртіпті ор­натқан кезде қаншалықты пара­сат­тылық танытқанына көз жет­кіз­гендеймін. Онымен тілдесу өте оңай және кез келген мәселе бо­йынша әрқашан кеңес алуға бола­тын. Ол әрқашан қиын жағдайдан шығудың дұрыс жолдарын көр­сететін және көптеген мәселелерді кәсіби түрде шешетін.

Рүстем Гакашұлы көптеген кәсі­би мамандармен, белгілі ғалым­дар­мен және ақпараттандыру са­ласындағы қызметкерлермен қа­рым-қатынаста болды. Олармен қызмет пен өмірдегі көпжылдық байланыстарының өзіне деген көп фак­торлы әсерлерін ерекше жы­лулықпен және үлкен риза­шы­лықпен айтып отыратын. Олардың ішінде ҚазКСР ҒА корреспондент-мүшесі профессор И.Я.Акушский, АЕО директоры профессор Д.И.Юдиц­кий, ҚР ҰҒА академигі, профессор В.М.Амербаев, сондай-ақ ғылым докторлары профес­сор­лар И.Т.Пак, Ю.Г.Дадаев, Ю.А.Ми­хеев, П.И.Братухин, В.А.Гадасин, А.Л.Щерс, В.Н.Квасницкий, В.А.Ге­ра­сименко, Ю.Н.Черкасов, В.А.Ко­няв­ский, В.Г.Лисицын сияқты көр­некті ғалымдар мен тағы басқа да тамаша адамдар ерекше орын алды.

Рүстем Гакашұлы ақпараттық қауіп­сіздікті қамтамасыз ету мә­селесі нормативтік-заңнамалық, ұйымдастырушылық, бағдар­ла­ма­лы-техникалық және басқа ша­ра­ларды біріктіретін кешенді жұмыс еке­нін көтерген алғашқы ғалым­дар­дың бірі. Біздің елімізде ақ­паратты қорғауда негізінен шетелдік аппаратты-бағдарла­ма­лық құрылғылар басым қолданы­ла­тындығы, бұның құрушылар үшін ашық екенін айтып отыратын. Ақ­па­раттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету­дің отандық жүйесін құру, олар­ды кейіннен аппараттық-бағдар­ла­ма­лық іске асыра отырып, құпия­лылықтың әртүрлі деңгейлері үшін ақпаратты қорғау әдістерін, мо­делін және алгоритмдерін әзірлеу қажет екендігін сөз ететін.

Рүстем Гакашұлының еңбегінің ар­қасында Информатика және бас­қару мәселелері институтында жүргізілген теориялық зерттеу­лер­дің нәтижелері практикалық қол­да­ныс тапты. Мысалы, крип­то­графия мен электронды қол­­таң­баны қалыптастыру жұ­мыс­тары бо­йынша құрылған әдістері – талапкерлерді кешенді тестілеудің бағдарламаларын қорғау үшін қол­данылды. ҚР Жоғары аттестаттау комиссиясы, респуб­ликалық «Же­ке­шелендіру» ақпараттық-есеп­теу жүйелері және «Қалқаман» қала­лық ауруханалары үшін авто­мат­тан­дырылған жүйелері құрыл­ды.

Р.Г.Бияшев әріптестері арасын­да үлкен бедел мен құрметке ие бол­ды. Ол өзінің ақылдылығымен, әріптестеріне – жанашырлығымен, өзіне – талапшылдығымен, жұмыс­қа – адалдығымен, адамдарға – мейі­рімі мен риясыздығымен ерек­шеленетін. Ғалым өмірінің соңғы күндеріне дейін Ақпараттық қауіпсіздік зертханасының қызмет­кер­лері айналысатын ақпаратты қорғаудың криптографиялық алго­ритмдерін әзірлеу, зерттеу және іске асыру бойынша ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бағдарламалы-нысаналық және гранттық қаржыландыру жобалары бойынша ғылыми-зерттеу жұмыс­та­рына жетекшілік етті.

Біздің және Рүстем Гакашұлымен араласқан адамдардың есінде ол әрқашанда адалдықтың, шыншыл­дықтың және риясыздықтың мәң­гілік үлгісі болып қала бермек. Оның жанында болу бақыты бұйыр­ған кез келген адам үшін ол әр­дайым көмекке келуге дайын мейі­рім­ді жан ретінде мәңгі есте сақ­талатыны хақ. Ал жас ғалымдар үшін Рүстем Гакашұлы үлгі тұтуға ла­йық тұлға болып тарихта қала­тынына кәміл сенімдімін.

Ұстаздың ұлық өнегесі шәкірт­те­рінің жадында мәңгі жаңғырып тұрмақ. Рүстем Гакашұлы тамыры терең ғылым саласының қайта­лан­бас қайраткері, біздің мәңгілік мақтанышымыз.

Нұрсұлу ҚАПАЛОВА,

ҚР БЖБМ АЕТИ жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к., қауымдастырылған профессор