25 қазан – Республика күні

27 қазан, 2023

25 қазан республика күніне орай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде әр түрлі танымдық іс-шаралар өтті. Мәселен, ұлттық мереке қарсаңында ел жастары #RepublicDay мерекелік челленджін бастады. Акцияның мақсаты – Республика күнін мерекелеу аясында жастар арасында ұлттық мерекенің мән-маңызын ашу және насихаттау, жастардың жеткен жетістіктері мен елдің дамуына қосудағы үлесін жариялау. Бұл шараға университетіміздің студенттері белсенді қатысты. Сонымен қатар 21-қазан 2023 жылы университеттің аквапоника аймағында ҚазҰУ агробиолабораториясы және Алматы облысы Жамбыл ауданының ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкеде ауылшаруашылығы өнімдері мен қолөнер бұйымдары ұсынылды. 24-қазан 2023 жылы Ө. Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында республика күніне арналған салтанатты жиын өтті. Мерекелік кеште оқытушыларға марапат-мадақтамалар табыс етіліп, кеш концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

 Филология факультеті А.Байтұрсынұлы атындағы қазақ тіл білімі кафедрасының оқытушысы Сәрсенбай Ж.А. және орыс филологиясы және әлем әдебиеті кафедрасының оқытушылары Қайырбек М.Н., Оспан А.О. бірлесіп Республика күніне орай Филология факультеті мен Медицина және денсаулық сақтау факультетінің 1 курс студенттерімен Алаш қозғалысының рухани көсемі, мемлекет және қоғам қайраткері, ақын, ғалым Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен шығармашылық жолына арналған мұражай-үйіне саяхат жасады.

Аталған іс-шараның мақсаты - қазіргі кезде өз алдымызға тәуелсіз ел болып тұғырымыз қатайғанда, осы жолда өздерінің салиқалы ғұмырларын құрбан еткен азматтарымыздың халқы үшін сіңірген ерен еңбектерін саралап, жаңа заман талабына сай «ақтаңдақтардың» бет пердесін ашып зерделеу болашақ мамандар үшін өте маңызды. Студенттер өткен тарихын талдап, есінде сақтап, одан әрдайым сабақ алып отыруы қажет екенін түсіндіру. Ал шетелдік студенттерге қазақтың ұлттық рухы мықты қазақ зиялыларының бірі, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен еңбек жолын туған жеріміздің мәдениетімен ұштастыра отырып таныстыру.

Студенттер мұражай қызметкеріне өз сұрақтарын қойып, көптеген  құнды ақпараттар алды. Экскурсияны жүргізген мұражай қызметкері 4 залдан (бөлмеден) тұратын мекемені аралатып, А. Байтұрсынұлының туған жері, шыққан тегі, отбасы мүшелері, еңбек жолы, педагогикалық, әдеби, саяси қызметі туралы мәлімет берді. Атап айтқанда, қоғам қайраткерінің бала оқытып бастаған кезеңінен бастап саяси қуғын-сүргіннің тұтқыны болған кезеңдерге, соның ішінде халқының сан алуан көкейкесті мәселелеріне, өнер-біліміне негізделген «Сауат ашу», «Оқу құралы», «Тіл құралы», «Әліпби» және т.с.с оқулықтарының муляждарын көрсетіп, ғалым еңбектерінің қазақ ғылымындағы алар орнына  ерекше тоқталып өтті. Сондай-ақ, студенттер   мұражай-үйдің бөлмелерінде орналастырылған тарихи тұлғаның көзі тірісінде қолы тиген, өміріне байланысты мұрағаттық материалдар (туған жерінің топырағы, жусаны, тұрмыстық заттары, жазу машинкасы мен музыкалық аспаптары), түрлі құжаттар, қолжазба мұралары, фото суреттер, сирек кездесетін кітаптарды көзбен көріп ерекше әсер алып қайтты.

                                                           

 

 

Қайырбек М.Н.

Оспан А.О.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ