Ғылымға құштарлығымды айналама сездіргім келеді
Жас ғалым Әсет Болатов 1989 жылы Семей қаласында дүниеге келген. Анасы дәрігер, әкесі теміржолшы болған бала оқушы кезінен химия әлеміне қызығушылық танытты. 2008 жылы қаладағы №26 орта мектепті үздік бітіріп, кейін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенттері қатарына қосылды. Білім ордасының аудиторияларында оның химияға деген құштарлығы арта түсті.
2012 жылы Әсет Қуанышұлы көп қырлы ғылымда бакалавр дәрежесін алды. Ал 2014 жылы магистратураны бітіріп, химиялық реакциялар мен заттардың әлеміне тереңірек үңілді. 2017 жылы докторлық дәрежесінің табалдырығында «Бейорганикалық заттардың химиялық технологиясы» мамандығы бойынша PhD диссертациясын қорғады. Оның зерттеулері KBaR(BO3)2 қатарындағы күрделі борат кристалдарын қатты фазалық синтездеуге және өсіруге бағытталған. Мұндағы R – сирек жер элементінің катионы. Бұл оның ғылым жолындағы маңызды кезең болды.
Содан бері Әсет Қуанышұлы ағарту ісі мен ғылымға ден қойды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жалпы және бейорганикалық химия кафедрасының аға оқытушысы ретінде білімі мен білігін химиктердің жаңа буынымен қызыға бөлісті. 2012 жылдан бастап жас ғалым физика-химиялық зерттеу және талдау әдістері орталығының ғылыми қызметкері қызметін атқарып келеді.
2020 жылы Әсет Болатов ұлттық ғылымның дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Білім және ғылым министрлігінің стипендиясымен марапатталды. 2021 жылы оған ҚР Білім және ғылым министрлігінің жоғары оқу орнының үздік оқытушысы сыйлығы берілді. 2022-2023 жылдары Әсет Қуанышұлы «Болашақ» бағдарламасы аясында Францияның Нанси қаласындағы Лотарингия университетінде постдокторант қызметін атқарды. Осы кезеңде Әсет Қуанышұлы графит тәрізді көміртек нитридіне g-CN негізделген қосылыстардың фотокаталитикалық қасиеттерін синтездеу, сипаттау және зерттеу, оларды реакциялардың фотокатализаторы ретінде пайдалану, соның ішінде суды ыдырату арқылы Н2 алу үшін зерттеулер жүргізді. Әйтсе де, Әсеттің өмірі зертхана мен аудиториялардың арасында өтпейді. Ол бос уақытында футбол, бадминтон және шаңғы спортымен шұғылданады. Өз әлемін аниме мен кітап арқылы толықтыруды ұнатады. Оның бұл хоббиі жаңа жетістіктерге шабыттандырады.
Екеуара әңгімеде Әсет Қуанышұлы: «Мен үшін химия тек ғылым емес, материяның тереңіне енетін сиқыр. Мұның бәрі, бәлкім, өткен ғасырда ядролық сынақ жасалған Семей қаласында дүниеге келгенімнен шығар. Бала кезімнен мені жұмбақ атомдар мен ядроның химиясы туралы әңгімелер қызықтырды», – дейді.
Химия жас ізденушіге қоршаған әлемнің қалай тіршілік ететінін түсінудің кілтіне айналды. Ол элементтер әлеміне еніп, олардың қасиеттері мен өзара әрекеттесуін зерттеді. Кейбір заттарды басқасына айналдырып, жаңа және таңғажайып дүние жасауға болатынына таң қалды. Оған атом ядросы мен химиясы ерекше тартымды болды. Сөйтіп, химияда, атомның ішінде өзара әрекеттесу қалай жүретіні, оны қандай күштер сақтайтыны туралы сұрақтарына жауап тапты.
Осылайша, оның Семей қаласының тарихымен, шежіресімен байланысы химияға деген құштарлығының оянып, қалыптасуына ықпал етті.
«Болашақта өз өмірімді материалдардың қасиеттері мен құрылымын зерттеуге арнаған материалтанушы ретінде елестетемін. Соңғы кезде фотокатализ және суды ыдырату арқылы сутек газын алудың тиімді әдістерін жасауды зерттеп жүрмін. Өзім молекулалық деңгейде болып жатқан процестерге қатты қызығамын. Ғылыми зерттеуім фотокаталитикалық қасиеттері жақсартылған жаңа материалдарды жасауға арналған. Менің ойымша, бұл технология жаңартылатын энергия көзі ретінде сутек өндірісін айтарлықтай жақсарта алады», – дейді жас ғалым Әсет Қуанышұлы.
Жас химик-ғалымның жұмысы үнемі шығармашылық пен жаңа идеяларға ашықтықты қажет етеді. Сол үшін халықаралық ынтымақтастыққа, тәжірибе бөлісуге тура келеді. Алайда, ғылыми аспектілерден басқа, оның миссиясы жас ізденушілерді оқыту, оларды демеу, қалаберді шабыттандыруға бағыттау. «Мен білім алушыларға ғылымға деген құштарлығымды жеткізіп, ғылыми қоғамдастықтың бір бөлігі болу қаншалықты маңызды әрі қызықты екенін көрсеткім келеді», – деген ойымен бөлісті Әсет Болатов. Ол өзін материалтану және фотокатализ саласындағы зерттеулері сутек алудың таза және тиімді технологияларын дамытуға үлес қосатын ғалым ретінде көреді. Бұл біздің әлемді орнықты әрі экологиялық тұрғыда таза етуге көмек береді.
«Мен қазіргі жастардың ғылымға, оның ішінде химия саласына деген қызығушылығын жоғары бағалаймын. Жастар ғылыми зерттеулерге белсенді қызығушылық танытып, әртүрлі салаларда, соның ішінде химияда білімдерін тереңдетуге ұмтылады. Бұл ғылым мен инновацияның болашақ дамуы үшін өте үмітті тренд. Менің ойымша, заманауи ғалым ең алдымен әмбебап ойшыл және шығармашылық зерттеуші болуы керек. Оның көзқарасы кең, күрделі мәселелерді шешу үшін әр түрлі саладағы білімді талдай және байланыстыра білуі керек. Ойлаудың икемділігі және тез өзгеретін ғылыми парадигмаларға бейімделу қабілеті де өте маңызды», – дейді ол.
Қазіргі ғалым коммуникативті және ынтымақтастыққа ашық болғаны абзал. Өз саласындағы әріптестермен ғана емес, сондай-ақ басқа пәндердің өкілдерімен де пікрлесе білу маңызды. Бұл жаңа идеялар мен перспективалы ғылыми бағыттардың пайда болуына ықпал етеді.
Деректерді талдаудың заманауи технологиялары мен әдістерін қолдану қазіргі заманғы ғалымның кәсібилігінің ажырамас бөлігі болып саналады. Жаңа технологиялардың пайда болуымен ғылыми зерттеулердегі мүмкіндіктердің шегі кеңейіп, ғалымдарымыз оларды пайдалануға дайын болуға тиіс. Сонымен, қазіргі заманғы ғалым жауапты және этикалық маман болуы керек. Бұл зерттеудегі адалдықты, этика мен стандарттарды сақтауды және зерттеуге қатысушылардың құқықтары мен мүдделерін құрметтеуді қамтиды. Жалпы, қазіргі заманғы ғалым – бұл тез өзгеретін әлем жағдайында білімді шығармашылық ізденуге және өзекті ғылыми міндеттерді шешуге дайын, мол зияткерлік жүгі бар адам екенін білеміз.
Одан әрі өз әңгімесінде Әсет Қуанышұлы мынадай ойын ортаға салды: «Дамушы елдер, оның ішінде Қазақстан бірінші кезекте білім беру мен ғылыми зерттеулерге инвестиция салуы қажет. Бұған білім беру инфрақұрылымын жақсарту, оқу орындарын жаңарту, дарынды студенттер мен зерттеушілерді қолдау кіреді. Жас ғалымдарды шетелден мүмкіндік іздемей-ақ өз Отанында ғылыммен айналысуға ынталандыру өте маңызды. Бұған түрлі грант, шәкіртақы, сондай-ақ перспективалы ғылыми орталықтар мен зертханалар құру арқылы қол жеткізуге болады. Бұдан өзге, ғылыми мекемелер мен өндірістік кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастықты дамыту қажет. Мұндай серіктестіктер технологияларды тасымалдауға, инновацияларды дамытуға және жоғары технологиялық өндірістерді құруға ықпал ете алады. Сонымен бірге, ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастыққа да назар аударған жөн. Бұл басқа елдермен білім, тәжірибе және технологиялар алмасуға мүмкіндік береді әрі ғылыми прогресті едәуір жеделдете алады. Тұтастай алғанда, дамушы елдерде ғылымды дамыту үшін оқыту мен зерттеулер үшін қолайлы жағдайлар жасау, сондай-ақ жас ғалымдарды қолдау және елдің ғылыми-техникалық әлеуетін дамыту қажет».
Қуантарлығы, елімізде соңғы жылдары ғылым мен білімнің дамуына көбірек көңіл бөлінуде. Ел билігі университеттер мен ғылыми орталықтардың инфрақұрылымын жақсартуға, сондай-ақ ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастыққа жәрдемдесуге күш салуда. Бұл қадамдар Қазақстанда ғылыми саланы дамыту және талантты зерттеушілер мен студенттерді тарту үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Қазақстанда жас ғалымдарды қолдауға көңіл бөлінуде. Ғылыми гранттарды қаржыландыруды ұлғайту арқылы жас зерттеушілерге өз жобаларын іске асыруға және еліміздің ғылыми саласының дамуына үлес қосуға қосымша мүмкіндіктер беріледі. Мұндай қадам олардың белсенділігі мен кәсіби өсуін ынталандыруға ықпалды. Бұл өз кезегінде Қазақстандағы ғылымның жалпы даму деңгейіне жағымды әсер ететіні анық.
Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ