Тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадам

31 қазан, 2023

Ел тарихының Тәуелсіздік кезеңіне жол салып берген, Тәуелсіздік жолындағы алғашқы қадамға құқықтық негіз болған Тәуелсіздік туралы Декларацияның қабылданған күні – 25 қазан маңызы зор, ерекше тарихи күн. Алғаш рет бұл айтулы күн 1992 жылы Республика күні ретінде ресми атап өтіле бастады да, 2001 жылдан бастап мемлекеттік мерекелік күндер қатарына енгізілді. Ал 2009 жылғы «Мерекелер туралы» заңда ол күн ешбір себепсіз алынып тасталды. 

Осыған байланысты 2022 жылдың 16 маусымында Ұлы­тау­да өткен Ұлттық Құрылтайда сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт То­қаев былай деген еді: «...Елдің тарихи жадын жаңғырту үшін үйлесімді саясаттың болуы ерекше маңызды. Ұлттық ме­ре­келер мен атаулы күндер тіз­бесіне бірқатар өзгеріс ен­гізген жөн. Мен Республика күні­не ұлттық мереке мәр­те­бесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қа­зақ­станның Егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолын­дағы тұңғыш қадамы болатын. Республика күні елдің мем­лекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек». Сөйтіп, Құрылтай ше­ші­­мін жүзеге асыру мақ­са­тын­да Ел Президенті 2022 жылдың 29 қыркүйегінде қол қойған «Қа­зақстан Респуб­лика­сын­дағы мерекелер туралы» Заң­ның 2-ші бабында «Қазақстан Республикасындағы Ұлттық мереке – 25 қазанда атап өті­летін Республика күні болып табылады» деп айрықша атап көрсетілді.

Енді осы Ұлттық мерекенің пай­да болуы мен маңызына тоқталсақ.

1990 жылдың дәл осы күні Алматы қаласында Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің 12-шақы­рыл­ған күзгі мәжілісінде – «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Мемлекеттік егемендегі туралы Декла­ра­ция» деп аталатын аса ма­ңыз­ды тарихи құжат қабылданған еді. Бұл құжат – біріншіден, сол тұстағы Кеңестер Одағындағы қалыптасқан ішкі қоғамдық-саяси өмірдің айнасы болса, екіншіден, Қазақ КСР-нің бо­ла­шағын айқындап көрсеткен құжат болып саналды. Құ­жат­тың пайда болу тарихы былай қалыптасып еді. 1985 жылы наурыз айында КСРО атты алып империяның КОКП-ның Бас хатшысы боп сайланған М.С.Горбачев, сол жылы сәуір айында экономиканы қар­қын­ды түрде дамыту үшін «же­дел­дету» ұранын жария етті. Ал бір жылдан соң «қайта құру» деген атауға ие болған саясатты жүргізуге кірісті. «Қайта құру» саясаты жарияланғаннан ке­йін­гі 3-4 жыл ішінде КСРО кө­лемінде қордаланған барлық мәселелер 1989 жылдың ма­мыр-маусым айларында өткен КСРО Халық депутаттарының І съезінде аузы ашылған ж­а­радай толығымен көрініс бер­ді. Съездің ашылған алғашқы сәтінен бастап-ақ оның жұмыс бағыты Кремль басшылығы ой­ла­ғандай болмады. Грузиядан сай­ланған бір депутат 1989 жылы сәуір айында Тбилиси қаласында болған қырғынның құрбандарын еске алу үшін үнсіз орындарынан тұруды және сол оқиғаға қатысты съез­дің шешімімен комиссия құруды ұсынғаны есімізде. Одан кейін сөз алған барлық депутаттар өз аймақтарындағы әртүрлі проблемаларды айтып жатты. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы туралы депутат М.Ша­ха­нов осы съезде сөйлегені есімізде.

Съезден кейін әлеуметтік-экономикалық ахуал одан әрі те­реңдей түсті де, ол ішкі-сырт­қы саяси жағдайға әсер етіп жатты. Ал оны тоқтатудың, дағдарыстан шығудың жолын Мәскеудегі Орталық билік таба алмады. Дәл осы кездегі КСРО жағ­дайын толқынды күні те­ңізде ескегінен айырылған қа­йық­шыға теңесе болар еді. Ал­ғаш рет осы тұста Балтық жа­ғалауындағы рес­публи­ка­лар­да «тәуелсіздік», «еге­мен­дік» туралы ойлар ашық айтыла бастады. Литва, Латвия және Эстония өз егемендіктерін жариялап, өзге респуб­ли­ка­лар­ға үлгі көрсетіп, батыл қа­дамдар жасады.

Осы тұста Қазақстанда да дәл Орталықтағыдай, Батыс жағалауындағы елдердегідей, Украина мен Грузиядағыдай болмаса да, саяси өмір жан­дана бастаған еді. Ол қоғамдық өмірді айқындайтын күшке айналмаса да, оның айқын көрінісі бола білді. Демо­кра­тиялық күштер мен жария­лы­лықтың ықпалымен 1988 жылы қараша айында алаш арыстары ақталып, одан кейін Желтоқсан оқиғасына қатысып соттал­ған­дарға кешірім жасала бастады. 1990 жылы шілдеде еліміздегі барлық ұлттық-демократиялық бағыттағы саяси күштердің бірігуімен «Азат» респуб­ли­ка­лық азаматтық қозғалысы дү­ние­ге келіп, өз жұмысын бел­сене жүргізе бастады. Қоз­ғалыстың атынан көрініп тұрғандай, оның мақсаты – елдің азаттығы, егемендігі, тәуелсіздігі болды.

Елдегі мұндай саяси демо­кра­тиялық үдерістер мемле­кет­тік билікке де әсер ете бас­та­ды. 1990 жылы 25 нау­рызында республика Жоғары Кеңесінің кезекті XII шақы­ры­лымына сайлау болып, ол сәуір айында өз жұмысына кірісті. Бұған дейінгі Жоғары Кеңеске сайлаулар шексіз билікті ие­ле­ніп отырған Коммунистік пар­тияның басқаруымен, қатаң бақылауымен жүргізіліп, әрбір депутаттыққа үміткер қатаң тексерістерден өткізілетін. Бұл жолғы сайлауда қоғамда бо­лып жатқан демократиялық үде­рістер ескеріліп, терри­то­риялық принципке сай сайлау округтерімен қатар қоғамдық ұйым­дар мен шығармашылық одақтар атынан 90 депу­тат­тық мандатқа рұқсат берілді. Со­ның нәтижесінде халық қалау­лы­лары 90 депутаттық ман­датты бірнеше ондаған елі­мізге белгілі, алдыңғы қа­тар­лы заңгерлер, экономистер, қоғамтанушы ғалымдар, жо­ғары оқу орындарының рек­тор­лары, шығармашылық одақ­тың жетекшілері, мү­ше­лері сайланды. Барлық 360 депутаттың 7-уі ҚазКСР Ғылым Академиясының академиктері, 48-і ғылым докторлары мен кандидаттары, 23 адам КСРО мен ҚазКСР мемлекеттік сый­лығының иегерлері, 11 адам Кеңестер Одағының Батыры мен Социалистік Еңбек Ері атағын иеленгендер еді. Сай­ланған 7 академик сол тұстағы Қазақ елінің ұлы ғұламалары – Жабайхан Әбділдин, Өмірбек Жолдасбеков, Мұхтар Әлиев, Манаш Қозыбаев, Шахмардан Есенов, Айтмұхамед Абдуллин, Салық Зиманов болатын. Осы жерде мынадай жағдайды айта кетсем деймін. Университеттің бұрынғы ректоры академик Өмірбек Арсланұлы Жолдас­бек­ов сайлауға түскен Бос­тан­дық ауданындағы (бұрынғы Ка­линин ауданы) сайлау окру­гіне біздің университет пен бас­қа да жоғары оқу орын­дарының жатақханалары еніп, оларда тұратын студенттер сайлаушылардың басым бөлігі болатын. Сол кезде біздер, студенттер даусымызды ака­де­мик Ө.А.Жолдасбековке бер­­дік және академиктің се­нім­ді бес өкілінің бірі – тарих фа­культетінің 5 курс студенті Мұрат Иманқұлов деген до­сы­мыз болды. Сайлау қоры­тын­дысы бойынша академик Ө.А.Жолдасбеков депутат бо­лып сайланды.

Тәуелсіздік Декларациясын қабылдауда қоғамдық ұйым­дар, ғылыми мекеме­лерден жә­не шығармашылық одақ­тардан сайланған депутаттар – тұлғалар ерекше рөл ат­қар­ды. Ұлттық құрам жағынан ал­ғанда барлық 360 депутаттың 181-қазақ, 100-і орыс, қал­ған­дары басқа ұлт өкілдері болды. 12-шақырылған Жоғары Кеңес Төралқасының төрағасы болып мамандығы экономист Ерік Асан­баев сайланды. Бұл Жо­ғары Кеңес ел тарихында екі тарихи заңды қабылдауымен ерекшеленді. Алғашқы заңға – «Президент туралы» заң жа­тып, осы заңға сәйкес Жоғары Кеңес 1990 жылы 24 сәуірде Қаз КП ОК бірінші хатшысы Н.На­зарбаевты Қазақ КСР-ның президенті етіп сайлады.

Екінші заң – «Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі ту­ра­лы» декларация болды. 1990 жылдың көктемі мен күз ай­ла­ры аралығында КСРО-ның сая­си өмірінде ыдырау үдерісі өте жоғары қарқынмен жүре бас­тады. Балтық елдерінің еге­мен­дігін басқа республикалар жалғастырып, егемендіктері туралы декларацияларын бар­лық республикалар жарыса жа­риялап жатты. 1990 жылдың қазан айына дейін тек Қа­зақ­стан мен Қырғызстан ғана әлі жариялай қойған жоқ еді.

Айтуға оңай болғанымен, бұл маңызды құжатты қа­был­дау депутаттар арасында үлкен идеялық, саяси күрес ар­қылы жүрді. Негізінен, еге­мендік туралы Декларацияның үш жобасы дайындалады. Бі­ріншісін, Жоғары Кеңестегі «Демократиялық Қазақстан» деп аталатын қазағы бар, оры­сы бар, басқалары бар орыс тілді 30-дан астам мүшеден тұратын депутаттар тобы даяр­лайды. Олар Декларация жобасын қазан айының ба­сында мерзімді баспасөз бет­те­рінде жариялап жібереді. Бұл жоба бойынша Қазақ­стан­да көпұлтты этностар өмір сү­ріп жатқандықтан жаңа қо­ғамды құру ұлттық мем­лекеттілік тұжырым негі­зін­де емес, азаматтық қоғам ұстанымы негізінде болуы қа­жет, өйтпеген жағдайда, бо­ла­шақта ол қоғамда келеңсіз жағ­дайларды көп туғызады де­лінеді. 1989 жылы қыр­күйек­те қабылданған қазақ тілі тура­лы заңның болуына қарамастан олар жасаған Декларация жо­басында орыс тілі ресми мем­лекеттік тіл болады деп жазды. Бұл жоба, әрине қазақ аза­мат­тарының қатты қарсылығын туғызды.

Жоғары Кеңестің жұмыс то­бы Декларацияның негізгі жо­басын дайындап, талқылауға ұсынды. Қазан айының бірінші жартысы Декларация жоба­ла­рын талқылауға кетті десе бо­лады. Сондай-ақ халық қалау­лы­ларынан, қоғамдық ұйым­дар мен еңбек ұжым­дарынан, жекелеген азамат­тар­дан көптеген ұсыныстар, толықтырулар, өзгерістер ту­ралы пікірлер Жоғары Кеңеске түсіп жатты. Осылардың бәрін ескере келе, Жоғары Кеңес заңгер-академик, алдыңғы ойлы ұлтжанды азамат, де­пу­тат Салық Зиманов бастаған арнайы комиссия құрып, оған ескертулер мен ұсыныстарды ескере отыра Декларацияның жаңа, толықтай нұсқасын, бас­қа­ша айтқанда үшінші нұсқа­сын жасауды тапсырады. Са­лық Зиманов бұған дейін ака­демик Ж.Әбдилдиннің бас­қа­руымен алаш арыстарын ақтаған комиссия құрамында жұмыс істеген еді. Бір аптадан астам уақыт бойы жұмыс іс­те­ген С.Зиманов комиссиясы Декларацияның соңғы жоба­сын Жоғары Кеңеске 15 қа­зан­да ұсынды.

Жобаны талқылау өте қызу және қарқынды жүреді. Тал­қы­лау барысында арнайы жұмыс тобының мүшесі, белгілі заң­гер-академик, тағы бір ұлт­жанды азамат, депутат Сұлтан Сартаев өте белсенділік та­нытып, қойылған сұрақтарға жа­уап­тар бере отыра, «Еге­мен­дік туралы Декларацияның» басты ұстанымы мен баптарын қорғауда белсенділік көр­се­теді. Сондай-ақ ұлтжанды де­пу­таттар – зиялы қауым өкіл­де­рі, әсіресе, қоғамдағы бе­делі өте зор академиктер басқа депутаттар арасында түсіндіру жұмыстарын бел­сен­ді жүргізді. Осылайша, ел тағ­ды­ры үшін аса маңызды құ­жат­тың қабылданылуы күрделі жағдайда өтеді. Сөйтіп, 1990 жылдың 25 қазаны күні 18 сағат 55 минутта ҚазКСР-нің 12-ші шақырылған Жоғары Кеңесі «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мем­ле­кет­тік егемендігі туралы» Декла­ра­ция­ны көпшілік дауыспен қа­был­дайды. Дауыс беру қо­ры­тындысы бойынша Дек­ла­рацияны 261 депутат қолдап, 18 депутат қарсы дауыс береді, 2 адам қалыс қалса, 1 адам мүлде дауыс бермейді. Осы­лай­ша, Қазақ КСР-і Одақ құ­ра­мындағы республикалар ара­сында 14-ші болып егемендік туралы Декларациясын жария етті.

Қабылданған Егемендік ту­ралы Декларация 17 тармақтан тұр­ды. Онда Қазақ мем­ле­кет­тілігін құруда, қоғамды қалы­п­тастыруда жалпы адамзаттық құндылықтар мен принциптер басшылыққа алынатындығы айтылды. Сондай-ақ Дек­лара­ция­да Қазақстандағы биліктің қайнар бастауы және иесі Қа­зақ­стан халқы деп жа­рия­лан­ды. Сонымен бірге бұл ма­ңыз­ды құжатта Қазақ КСР-нің тер­риториясы тұтас, оған қол сұ­ғыл­майды және елдің келі­сі­мінсіз оны ешкім пайдалана алмайды делінді.

Декларацияда мемлекеттік биліктің үш тармаққа бөлі­не­тіндігі – заң, сот және орын­дау­шы болып бөлінетіндігі жария етілді. Сонымен бірге Қазақ КСР аумағында Ата Заң мен ел заңдарының үстемдік құратын­ды­ғы, ел аумағындағы ұлттық байлыққа республиканың дер­бес меншігі болатындығы, ха­лық­аралық қатынастарда Қа­зақ КСР-і жеке субъект бо­­­ла­­тындығы және ішкі сая­сатты өз мүддесіне сай анық­тай­­тын­дығы, егемендіктің бас­ты бел­гілері – мемлекеттің елтаң­ба­сы, туы және әнұраны бо­ла­тындығы мәлімделді.

Арада 1 жыл және 1,5 ай өт­кеннен соң Қазақстан Респуб­ликасы егемендік туралы Декларацияны негізге ала отыра, 1991 жылы 16 желтоқ­сан­да Қазақ Елінің Тәуелсіздігі туралы Заңды қабылдады. Сөйтіп, егемендік Декла­ра­циясы ел Тәуелсіздігіне негіз қа­лаған және жол ашқан та­рихи маңызды құжат болып саналады. Сол себепті де осы құжат қабылданған күн – 25 қазан ел тарихындағы аса маңызды тарихи күн және ұлттық мереке – Республика күні болып саналады. Мереке құтты болсын!

Берекет КӘРІБАЕВ,

ҚР ҰҒА академигі,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері