Ғылымның маңыздылығы неде?

3 қараша, 2023

Мектептегі ғылыми жоба дегеніміз не? Ғылыми жоба – белгілі бір салада бірегей өнім мен қызметті құруға ба­ғыт­талған ғылыми ізденіс жұмысы. Мектептегі ғылыми жоба – ғылыми жарыс, яғни жобадан әр салаға байланысты тың идеялар күтеді. Жалпы ғылыми жобалар оқушылардың ғылыми-зерттеу және оқу-танымдық жұмыстарын ынта­лан­дыру; сыни ойлауын дамыту және еліміздің интеллектуалды әлеуетiн қалыптастыруға үлес қосу мақсатында ұйым­дас­ты­рылады. Таяуда оқушылар мен мұғалімдер арасындағы ғылыми – зерттеу белсенділіктерін дамыту және олардың шығармашылық бастамаларын қолдау бойынша тәжірибе мен идея алмасу; мектеп оқушыларына арналған ғылыми жобалардың өткізілу барысындағы мәселелерді талқылау мақсатында Қазақ ұлттық университетінде мұғалімдер мен магистранттар және мектеп мұғалімдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстел барысында білікті ма­ман­дар өз тәжірибелерімен бөлісіп, ғылыми жоба жасау­ға нұсқаулық ұсынды.

Дөңгелек үстел бары­сын­да­ғы талқылау «Ғылым неге ма­ңыз­ды?» деген сұраққа жауап іздеуден басталды. Қарапайым түрде алып қарағанда ғылым – дамуға мүмкіндіктер ашып, әлемге жаңаша көзқараспен қарауды үйретеді. Ғылымның дамуы – қоғамның дамуы, ал қо­ғамның дамуы – тұлғаның да­муынан бастау алады. Сон­дық­тан тұлға, қоғам және ғы­лым дамулары тығыз бай­ла­ныста екенін аңғаруға болады. Яғни байланысты ашып қа­рай­тын болсақ, тұлға коғамдағы қандай да бір мәселені зерттеу нысаны ретінде алып, оның мәселесін қарастырып, сол мәселеге болжам ретінде өзінің көзқарасы тұрғысынан шешімін ұсынады. Ол мәселені бақылап, ұсынған шешімі бо­йын­ша эксперименттер жүр­гізеді. Жүргізілген эксперимент нәтижесінде тиімді деп таныл­ған шешім қолданысқа енгі­зі­ліп, қоғамның, ғылымның да­муы­на үлесі қосылады. Ғылыми зерт­теу жұмысының ең ма­ңызды сәттерінің бірі – та­қы­рып таңдау. Жақсы тақырып тиянақты идеялардан құралуы тиіс. Тақырып таңдалу ба­ры­сын­да оның өзектілігіне және ол тақырыптың оқушының жеке қызығушылығы бойынша таң­да­луына мән берілуі керек. Се­бебі ғылыми жұмыс – оқу­шы­ның жеке шығармашылық жұ­­мысы болғандықтан «жасау керек немесе мұғалімнен баға алуым керек» деп емес, оқушы бар ынтасымен, қызығу­шы­лы­ғымен зерттеу жұмысын же­тек­шісінің көмегімен өз бе­тін­ше жүргізгені дұрыс. Ғылыми жо­балар жасаудағы, оны қор­ғау барысындағы ең үлкен қа­те­ліктердің бірі – осы тақырып таң­дау. Көп оқушылар жетек­ші­лерінің сілтеуімен таңдап бе­рілген түсініксіз тақы­рып­тарды алып, оны қы­зы­ғу­шы­лық­сыз орындап, қорғап шы­ға­ды. Одан келер оқушыға да, қо­ғамға да пайда жоқ. Бұл мәселенің шешімі қарапайым: ұстаз – бағыт-бағдар беруші, ал оқушы – ізденуші болуында. Екінші мәселе – зерттеу жұ­мысы кезіндегі тәжірибе жүр­гі­з­у мүмкіндігінің, құрал-жаб­дық­тар мен реагенттердің аз­дығы. Қазіргі кезде мек­теп­тер дамып, түрлі құрал-жаб­дықтармен қамтамасыз еті­луде. Дегенмен, сол құ­рал-жабдықтар сыныптардағы сө­ре­лердің сәні болып шаң басып тұрудан басқа пайдасы жоқ. Бұл мәселенің шешімін табу үшін ізденуші де, бағыт-бағдар беруші де «Барлық мүм­кін­дік­терді қолдандым ба?» деген сұрақты өзіне қоя білуі қажет: Ең бірінші ғылыми жұмысқа қа­жетті құрал-жабдықтар тізімі жа­салып, қолда барын қарап, іздестіріп, тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін пайдалану ке­рек. Яғни, мектептер бір-бі­рі­мен тығыз байланыста болып, бірігіп жұмыс істеп, бір-бірі барымен бөлісіп отырса; қол­дау көрсетіп, бірлескен жо­ба­лар жасалса қоғамда қалып­тас­қан ғылыми жоба ұғымына басқаша түсінік қалыптасар еді.
Қорытындылай келе, оқу­шы­лардың ғылыми-зерттеу жұ­мыстары білім берудің не­гізгі бөлігі және білім сапасын арт­тырудың тиімді тәсілі болып саналады және оны универ­си­теттегі ғылыми жобалармен байланыста болған дұрыс. Зерттеу жұмысын жасау ба­ры­сын­да жобаның тақырыбын оқу­шы өз қызығушылығымен таң­дап, оған алдын ала бол­жам жасай алса және тәжірибе жасап, оның нәтижелерін өң­деп, анализдеп; жоба бары­сын­да жасалған жұмыстарға ба­ға бере алса, оқушының қы­зы­ғушылығынан туындаған қа­ра­пайым жоба – болашағы зор жаңа бір жобаның бастамасы болуы әбден мүмкін!

Ләйла ҚҰДРЕЕВА, 
доцент 
Балауса САРДАН, 
№199 гимназияның химия мұғалімі