Тәуелсіз елдің төл валютасы

3 қараша, 2023

Тәуелсіз еліміздің ұлттық валютасы – теңгенің дүниеге келгеніне биыл 30 жыл толып отыр. Ұлттық валюта 1993 жылы 15 қарашада айналымға енді. Ол – Қазақстан Республикасы көлемінде пайдаланы­ла­тын заңды төлем құралы.

 

«Теңге» сөзінің мағынасына түсінік беретін болсақ, түркі халқының орта ғасырда есеп айырысқан күміс монеталары, яғни «денге» немесе «танга» атынан пайда болғандығын аң­ғарамыз. Теңге қазақ халқының тарихындағы алғашқы айна­лым­ға енген ақша бірлігі емес екені сонау өткен тари­хы­мыз­дан белгілі.

Ұлы Жібек жолы бойында ор­наласқан ежелгі қазақ да­ла­сында айырбас саудада баға­лы аң тері­ле­рін, металдан жа­сал­ған теңгелерді тауар ай­­на­лымы ретінде қолданған. Та­рихи еңбектерде алғашқы теңгелерді І ғасырда-ақ ғұндар жасаған деген мәлімет бе­рі­леді. Оның бір бетінде пехлеви, екінші бетінде түркі руна (эф­та­лит) жазуы болған. Бұл тең­гелер V-VI ғасырларда сауда айналымына пайдаланылған. Теңгенің пайда болуы мен сауда айналымына енуіне Ұлы Жібек жолының қазақ жері ар­қылы өтуінің және оған ежелгі түркілердің ие болуының ық­па­лы өте зор болды. Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағы Қазақстанның оңтүстігі мен Жетісу арқылы өткен. Оның Суяб, Тараз, Испиджаб қала­ла­ры арқылы өтетін телімдері бойында орналасқан ежелгі қа­зақ даласында сауда, айыр­бас сауда түрі ертеден қалып­тас­қан. Испиджабқа одан сол­түстік-батыс жақтағы Фарабқа, Шауғарға және одан әрі қарай Сырдарияның төменгі ағысы мен Орталық Қазақстанға ке­те­тін тармақтары шыққан. Сол тармақтарының бойында ор­на­ласқан қалаларда мате­риал­дық игіліктен басқа сауда да жасалды. Қалалар тауар айыр­басының негізгі үш ба­ғыты: елдер арасындағы, қала мен оның төңірегі арасындағы және қала мен көшпелі дала арасындағы бағыттары то­ғы­сып жатты. Қазақ халқы айыр­бас түрінде сауда жасауда мал­дың терілерімен қатар бағалы аң терілері, қымбат ме­тал­дар алтын және күміс ке­сектерін сауда-саттыққа жұм­са­ған. Ал одан бөлек, ұсақ бөл­шек сауда жасауда көбіне мыстан жасалған фельстер қол­даныста болған. V-VIІІ ға­сыр­ларда Шу, Талас, Сыр бо­йындағы қалалардың өрлеуі барысында қоладан билеу­ші­лердің таңбасы бейнеленген теңгелер жасалды. Мәселен, Суяб, Тараз қалаларындағы теңге шеберханаларында Аши­на әулетінің рәмізі деп есеп­телген арыстан бей­не­лен­ген. Жетісуды мекендеген түр­геш­тердің теңгелерінде «Түр­кеш қаған теңгесі» немесе «Түр­кінің көк ханының теңгесі» деген жазулар болды. Тарихи деректер бойынша түргеш­тер­дің сауда орталықтары ежелгі Суяб пен Тараз қалалары бол­ған Қазақ жерінде ақшаны жа­сау ісі Қарахан әулеті тұсында жақ­сы өріс алды. Қарахан әу­ле­ті ислам дінін мемлекеттік дін ретінде қабылдағаннан ке­йін, ақша айналымындағы тиын­дардың атауы да «динар, дирхем, фулс» деген арабша атауға ие болды. Яғни Қыпшақ тайпасы жайлаған Дешті қып­шақ даласында күміс және мыс ақшаны қазіргі біз қолданып жүр­ген ақшаның атауымен ата­ған. Мәселен, алғашқысын танга (теңге), кейінгісін пул (пұл) деп атаған. Орта Азияның он алты қаласында шамамен 1260-1280 жылдардың өзінде-ақ, монета соғатын ірі са­рай­лар болған. Қазақстан ау­ма­ғын­дағы сол кездегі Тараз, Жентте т.б. қалаларда теңге сарайлары болған. Теңгелерде көбіне арыстан, сұңқар, балық суреттері бейнеленген. Кейбір дирхемдер мен пұлдарда шоқ жұлдыздардың бейнесі са­лын­са, кейбірінде тоты­құстың су­ре­ті салынған. Динар деп ал­тын­нан соғылған тиынды ай­­татын болса, күміс тиынды дирхем деп атаған. Ал Әмір Темір монеталары XIV ға­сыр­дың соңында қазақ жерінде айналымға енеді. Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан қалаларда сауда-саттық жа­сау­да дирхем, динар, пени, ма­нат, фулс, ділдә, жамбы сынды ақша бірліктері айналымға түс­кен. Ата-бабаларымыз қағаз ақшаны аққұйрық, ал, металл ақшаны бақыр, қара бақыр, күреш, қара күреш, шақа, со­қыр, жармақ, тиын деп түрлі атау­мен атаған. Сонымен қа­тар көлемі мен салмағына қарай алтын мен күмісті тай­тұяқ, атантұяқ, қойтұяқ, бо­та­гөз деп атаған. Сонымен әр түр­лі кезеңде жасалған тең­ге­лердің өз ерекшеліктері бол­ған. Ресей империясының отар­лауы барысында қазақ­тар­дың төл ақшасы ығыс­ты­ры­лып, орыс ақшалары, халық ара­сында «сөлкебай» деп ата­лып кеткен монеталар сауда ай­налымында болды. Ресей 1992 жылы 26 шілдеде өзінің төл валютасын енгізді. Сол кез­ден бастап, рубль айма­ғын­дағ­ы елдер Қазақстан, Өз­бек­стан, Тәжікстанда қаржылық жүйе­лерін бөліп жіберді. Қа­зақ­станға Ресей Орталық банкі қазақ нышандары бар рубльді шығарып беруді ұсынды. Со­нымен қатар Қазақстан рубльді пайдалану үшін Ре­сей­дің құрамына, Ресей Фе­де­ра­циясының субъектісі ретінде енуі керек және тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жинаған небәрі 700 млн-нан астам АҚШ долларындағы алтын-валюта резервін Ресейдің орталық бан­кіне тапсыруы керек деген талаптар қойды.

Англияның атақты «Харри­сон және ұлдары» компа­ния­сы­мен ұлттық валюта – теңге жасау туралы келісімшарт жа­салып, 1993 жылы теңгенің ал­ғашқы партиясы басылып шық­ты. Теңге сол жылы қарашаның 15-і күні айналымға енді.

Бүгінде теңге мемлекеттің дамуында маңызды рөл ат­қа­ра­ды. Онсыз мемлекетаралық қатынастарды орнықтыру мүм­кін емес. Мемлекет ішіндегі қар­жы операциялары да теңге арқылы орындалады. Сонымен қатар, бүгінде ұлттық валюта барша мемлекеттер мен ха­лық­тар үшін өте ыңғайлы және экономикалық негізі бар қаржы құ­ралы. Ел тарихындағы тағ­дыр­лы сәтте дүниеге келген ұлт­тық валюта­мыз 30 жыл уақыт ішінде Қазақстанның дер­бес қаржылық, эконо­ми­калық жүйесін қалыптастыруға негіз қалады. Бүгінде тәуел­сіз­дігіміздің символына айналған ұлттық валютамыз – теңге уа­қыт талабына сай оның дизайны өзгеріп, қорғаныштық қабілеті жетілдіріліп, халықтың қа­жетін өтеп келеді. Төл тең­геміз 30 жыл ішінде дизайны, сапасы, сонымен қатар, әлем­нің валюталары арасындағы 18 қор­ғаныс дәрежесі бар ең қорғалатын валюталардың бі­рі. Үш жыл қатарынан – 2011, 2012, 2013 – әлемдегі ең әдемі ақша деп танылды. Бүгінде қа­зақстандық теңге қорғаныс элементтері бойынша әлемдік валюталар арасында үлгі бо­лар­лықтай сапаға ие.

Гүлнар ҚОЗҒАМБАЕВА,

т.ғ.к., профессор