Жатақханада тұру ережесін білу – шарт
Жатақхана – студенттердің екінші үйі. Студенттердің қызыққа толы өмірінің бір бөлігін осы жатақханада өткізетіндіктен, көп адам студенттік шақты еске алғанда жатақханада тұрған бақытты шақтарын да ыстық ықыласпен еске алады. Жатақханаға студенттер еліміздің түкпір-түкпірінен келіп, жоғарғы оқу орнына, таңдаған мамандығына түсіп, сол жердегі студенттермен бір отбасыдай болып кететіні анық.
Ел экономикасының өркендеуіне қарамастан студенттерді жатақханамен толық қамтамасыз ету әлі де өзекті мәселе екені белгілі. Сондықтан жатақханаға тұруға деканаттан рұқсат қағаз алған студенттің бір сәт болса да арманы орындалғандай болады. Себебі, студенттердің жылдың екі айынан басқа күндерінің бәрі осы жатақханада өтеді. Сондықтан олардың жатақхана тұрғындары ретінде міндеттері мен құқығын сақтау ережесін білулері өте қажет. Мәселен, жатақханада темекі шегу, шу көтеру, төбелесу, т.б. тыйым салынады. Жатақханада тұрып жатқан студенттердің тәртіп сақтау, тынығу, сабаққа дайындалуы жайындағы мәселелері жиі қозғалады. Осы орайда әр топтың кураторлары өз топтарына жатақханада тұру ережелерін түсіндіріп, бөлмелеріне барып, олардың қалай тұрып жатқанын көзбен көргені абзал.
Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының «6B05202 – Экология», «6В11201 – Қоршаған ортаны қорғау және өмір тіршілігінің қауіпсіздігі» мамандықтарының куратор-эдвайзерлері Қ.Хамитова, Н.Жексенбаев, Ә.Оразбаева, А.Керімқұлова, А.Құтжан жатақханада тұратын студенттерге барып, тұрмыс-тіршіліктерімен танысып, ҚазҰУ студентінің қағидасына қайшы келетін ережелерді бұзудың алдын алу бойынша жұмыстар жүргізді.
Сәуле ҚАЛДЫБАЕВА,
Тұрақты даму
бойынша ЮНЕСКО кафедрасының PhD, т.ғ.к., аға оқытушы
Ақнұр ЖОЛДАСБЕК,
оқытушы