«Фараби сазы» студенттік ұлттық аспаптар оркестрі өз репертуарын жаңартты
Халқымыз ерте заманнан әндері мен күйлерін асыл мұра ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, көзінің қарашығындай сақтап келген. Өнердің ең жоғарғы түрі, ең саңлағы, ең әулеттісі де – халық өнері, яғни жылдар өтсе де мұқалмай сыны қашпай сақталып келе жатқан – халық қазынасы. Халық қазынасы, ол – домбыра мен қобыз, егіз өнер, қос өнер. Халқымыздың ішкі жан-дүниесі, арман мүддесі мен болмысының сырын үнімен жеткізетін мол мұрасы.
Арт-орталығында домбыра мен қобыз аспабын насихаттау, үйрету арқылы, жастарды рухани тәрбиелеу, ұлттық үрдістерімізді олардың бойына сіңіру, өнерге деген қызығушылығын арттыру мақсатында "Фараби сазы" ұлт-аспаптар оркестрі, қобыз жəне домбыра үйірмелері жұмыс істейді.
Оркестрді 1997 жылы ең алғаш құрған ҚР-ның мəдениет қайраткері Б.Қ.ƏМІРХАНОВ. 2007 жылдан бері қобыз және домбыра үйірмелерінің, 2019 жылдан бері оркестрдің көркемдік жетекшісі Сванбаева Зита
Негізгі құрамда 50-ге жуық студент бар. 30 домбырашы, 10 қобызшы, сонымен қатар баян, бас домбыра, шаңқобыз, сазсырнай, дарбука, сылдырмақ, ұрмалы аспаптары бар.
Репертуарында күйлер, қазақ халық композиторлары мен шетел классикасиктерінің шығармалары бар. Үйірме студенттері республикалық түрлі байқаулардың, сонымен қатар “Дельфий ойындары”, “Жас жұлдыз” байқауларының бірнеше дүркін жеңімпаздары. Жыл сайын Тəуелсіздік мерекесіне орай Ресей, Израиль, Иордания, Қытай, Үндістан, Сауд Арабиясы сынды мемлекеттерінде оркестр студенттері қазақ өнерін насихаттап, шетелдік көрерменнің ықыласына бөленіп келеді.
Жаңа оқу жылы басталғалы бері Қазанғаптың "Құс қайтару", Түркештің "Көңілашар" күйлерін сахнаға дайындадық. Сонымен қатар "Әгугай", "Саржайлау" әндері де бар.
Қазіргі уақытта Сүгірдің "Ыңғайтөк" күйін талдау үстіндеміз.
Оркестр жетекшісі, дирижер Зита Сванбаева