Еңбектері заң ғылымының алтын қорын құрайды
ҚР еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Ұлттық ғылым академиясының академигі, заң ғылымының докторы, профессор Әбдуәлі Ереновтің туғанына 100 жыл толды. Әбдуәлі Еренұлы ұзақ жылдар бойы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетімен тығыз байланыста жұмыс істеді.
Академик А.Еренов көптеген жылдар бойы 12.00.06 – жер құқығы, экологиялық құқық және аграрлық құқық мамандығы бойынша университеттің докторлық диссертациялық кеңесінің мүшесі, заң факультетінің түлектері үшін МАК төрағасы және көптеген аспиранттардың, ізденушілер мен докторанттардың ресми оппоненті болды.
Қазақстанның заң ғылымы, оның дамуы мен халықаралық деңгейде танылуы белгілі ғалым Ә.Ереновтың атымен тығыз байланысты. Академик – Қазақстандағы жер құқығы, экологиялық құқық және аграрлық құқық ғылымдарының негізін қалаушылардың бірі.
Ә.Еренов қазақ қоғамындағы жер қатынастарының тарихы бойынша бірнеше іргелі ғылыми еңбектер жазып, көптеген халықаралық конференцияларда тарихшылар мен заңгерлермен ғылыми пікірталастарға белсене қатысып, өз тұжырымдамасын талай мінбелерден қорғаған заңгер-ғалым. Көрнекті ғалымның көтерген мәселелері, оның ұсынған қорытындылары мен шешімдері, бүгінгі күнге дейін өзінің өзектілігін жойған жоқ және қазіргі уақытта да осы тақырып төңірегінде зерттеу жүргізіп жүрген жас ғалымдарды қызықтырады.
Академик Әбдуәлі Еренұлы 1923 жылы 30 қыркүйекте Түркістан қаласында дүниеге келген. Теміржолшы отбасында өскен ол жас кезінде инженер болуды армандады. Арманының орындалуына соғыс кедергі болды. Ұлы Отан соғысына аттанып, Сталинград шайқасына қатысты. Оң қолынан айрылып, әскерден босатылды. Әбдуәлі Еренұлы майданнан оралғанда жасы небәрі 19-ға толған еді. Алғашында «қалай өмір сүретінімді, не істерімді білмей қалған кезім болды» деуші еді. Бала кезіндегі арманы көкке ұшты.
Бірақ жаңа өмірді бастауға күш-қуат тауып, Ташкент мемлекеттік заң институтына оқуға түсіп, оны 1949 жылы үздік бітіріп шығады. Әбдуәлі Еренұлы институтты бітірген соң арнайы жолдамамен Мәскеуге барып, КСРО Ғылым Академиясы Құқық институтының аспирантурасына оқуға түседі. 1952 жылы Мәскеуде КСРО Ғылым Академиясы Құқық институтында «Кеңестік Социалистік мемлекет дамуының бірінші кезеңіндегі Қазақстандағы жер-су заңнамасы» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады.
Академик 1952 жылдан өмірінің соңына дейін, яғни, 2004 жылға дейін 52 жыл бір жерде, яғни ғылым ордасы Қазақстан Республикасы ұлттық ғылым академиясында жұмыс істеді. Ғұмырын ғылымға арнаған ғалым екенін осыдан білуге болады.
1963 жылы Алматыда Қазақ КСР Ғылым академиясының Философия және құқық институтында «Қазақ КСР-де социалистік жер қатынастарының пайда болуы мен дамуы» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. 1965 жылы Ә.Еренов профессор атағын алып, 1967 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болды. 1983 жылы Қазақ КСР ғылымының еңбек сіңірген қайраткері, 1985 жылы «Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мен қорғауды құқықтық қамтамасыз етудің теориялық мәселелері» еңбегі үшін Қазақ КСР Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығы берілді.
2003 жылдан бастап ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі. 1958-1985 жылдары ҚазКСР ҒА Философия және құқық институтында аға ғылыми қызметкер, бөлім меңгерушісі, бас ғылыми қызметкер, 1985-1995 жылдары Аграрлық-құқықтық ғылымдар бөлімінің меңгерушісі, 1995-2004 жылдары ҚР ҰҒА Мемлекет және құқық институтының, КАЗГЮУ Мемлекет және құқық институтының Азаматтық-құқықтық қатынастар және экология бөлімінің бас ғылыми қызметкері. Академик Әбдуәлі Еренұлы 1 және 2 дәрежелі Отан соғысы ордендерінің және «Құрмет белгісі» орденінің, көптеген медальдардың иегері. Ғалым 2004 жылы 27 қыркүйекте Алматы қаласында қайтыс болды.
Академик Ә.Ереновтің ғылыми еңбектерінде көтерілген мәселелер мен олардың шешу жолдары әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ. Әбдуәлі Еренұлы өзінің «Очерки по истории феодально-земельных отношений у казахов» атты монографиясында «қазақ көшпелілердің феодалды қатынастарының негізіндегі жер қатынасы туралы мәселелер әлі күнге дейін шешілмеген деп баяндайды. Феодалды жер қатынастарының мәселелері тек Қазақстанда ғана емес, басқа елдерде де пікірталастық сипатқа ие», – деген тұжырымдама жасайды.
Академик Ә.Ереновтың «Возникновение и развитие социалистических земельных правоотношений в Казахской ССР» атты монографиясы еліміздегі жер қатынастарының пайда болуы мен дамуының өзекті мәселелеріне арналған.
Ә.Еренов өзінің әріптестері Н.Мұхитдинов пен Л.Ильяшенкомен бірге жазған «Предмет и система советского земельного права» атты монографиясында қолданыстағы заңнама мен оны қолдану тәжірибесі негізінде кеңестік жер құқығының пәнін, жүйесі мен принциптерін жан-жақты қарастырды. Монографияда жер құқығымен реттелетін қоғамдық қатынастардың ерекшеліктері ашылып, кеңестік жер құқығының, оқу пәні мен ғылымының дербес саласы ретіндегі жер құқығы жүйесінің принциптері мен ұғымдарына терең талдау жасалады, жер құқығының басқа құқық салаларымен арақатынасы анықталады. Сондай-ақ, Ә.Еренов профессорлар Н.Мұхитдинов пен Л.Р.Насыровамен бірге жазған «Эффективность природоохранительного законодательства (на материалах Казахской ССР)» атты монографияда «Кең мағынада, құқық қолдану тиімділігі ұғымы, бір жағынан, социалистік құқықтық нормалардың бүкіл жиынтығының кемелдігін, әлеуметтік белсенділігін, екінші жағынан, оларды қолданудың жоғары тиімділігін, оның заң шығарушы қойған мақсаттарға сәйкестігін білдіреді. Тар мағынада бұл тұжырымдама құқықтың жекелеген салаларына қатысты көрсетілген критерийлердің болуын көрсетеді. Табиғатты қорғау заңнамасына қатысты бұл ерекшелік табиғатты дұрыс қорғауды да, табиғатты ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету туралы қамқорлықты да ескеру қажеттілігімен анықталады», – деп тұжырым жасайды.
Академик Ә.Ереновтің шығармашылық мұрасының елеулі бөлігі өткен ғасырға тиесілі болғанымен, оның зерттеулерінің теориялық бағыттылығының, қарастырылып отырған мәселелерді талдаудың тереңдігінің арқасында қазіргі кезеңде де өзектілігін жойған жоқ. Ә.Ереновтың іргелі еңбектері еліміздің заң ғылымының алтын қорын құрайды. Оларға Ресейдегі және басқа да ТМД елдеріндегі белгілі ғалымдар жиі сілтеме жасайды. Ғалымның еңбектері ҚР экологиялық, аграрлық және жер құқығының дамуына айтарлықтай әсер етті.
Ә.Еренов аға және кіші ұрпақтың сабақтастығын қамтамасыз етуді ғылымды дамытудың міндетті шарттарының бірі деп санады. Ол көп уақытын жоғары білікті кадрларды даярлауға арнады. Оның басшылығымен 20-дан астам адам докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғады.
Академик Әбдуәлі Еренұлының есімі Қазақстан заң ғылымының тарихында мәңгі қалады!
Гүлдана ҚУАНАЛИЕВА,
заң ғылымдарының докторы, профессор
Қалдарбек ҚУАНДЫҚОВ,
заң ғылымдарының кандидаты