Ректор ұсынысымен құрылған оркестр

10 қараша, 2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ха­лық аспаптары оркестрі 1975 жылы академик, осы универ­ситеттің ректоры Өмірбек Жолдасбековтің тікелей ұсынысы бойынша құрылды. Оркестрге барлық факультеттің сту­денттері шақырылып, солардың ішінен жүзден жүйрік шық­қан­дары таңдалды. Бұдан өзге, Өмірбек Арысланұлының бастамасымен барлық факультеттерде ұлт аспаптық оркес­тр­лер құрыла бастады. Өнерпаздарға арнайы ұлттық киім­дер тігілді, ұлттық аспаптар сатып алынды. Университет ғи­маратынан арнайы бөлме жабдықталып, қатысушы сту­денттерге жағдай жасалды. Оркестр мүшелерінің қатары 50 адамнан асты. Оқу ордасының талантты оқытушылары (А.Жиенбаев, Г.Есбергенова, Қ.Алпысбаев т.б.) да оркестр­мен өз өнерлерін көрсетті. 

Оркестрдің дайындығын ұй­ым­дастыру, аспаптармен қам­­тамасыз ету, оның мүше­ле­ріне жағдай жасау сол кез­дегі оқу ордасының басшысы Ө.Жол­дасбеков, проректор С.Са­вицкий, студенттік проф­ком төрағасы А.Конава­лен­ко­ның басқаруымен іске асты.

Оркестрдің бас дирижері ре­тінде Құрманғазы атындағы мем­лекеттік консерва­то­рия­ның доценті, дарынды музы­кант Батыр Әбдіқалықовты, же­текші ретінде Жанас Бе­кен­тұровты шақырды. Студент жас­тарды оркестрге тарту жа­ғына физика факультетінің сту­денті, дарынды домбырашы, өнер­паз Айтқазы Шарық­баев­ты жауапты етіп сайлады. Уни­верситеттің әр жиналысы ұлт аспаптар оркестрінің концерт­тік бағдарламасымен өтетін бол­ды. Аз уақыттың ішінде ор­кестр студент қауым мен оқы­ту­шылардың үлкен қошеметіне бөлене бастады. 1976 жылы университеттің қазақ ұлт ас­пап­тары оркестрі Шымкент қа­ла­сында өткен Бүкілодақтық көр­кемөнерпаздар фестива­лінің лауреаты атағын жеңіп ал­ды. Бұл оркестрдің ең ал­ғашқы шығармашылық жеңісі еді.

Университет ректоры Өмір­бек Арысланұлы ағамыз ор­кес­тр ұжымына өз ақыл-ке­ңесін айтып, ризашылығын жет­кізді. Сонымен қатар ор­кестр мүше­ле­рін жазғы ка­ни­кул кезінде ақысыз про­фи­лакторияда де­ма­луын, студент жастардың сти­пендияларын үзбей алып тұруын қамтамасыз етті. Бел­сен­ділерге қосымша қаржылық көмектер таға­йын­дады.

1977 жылы 7 қазанда Қазақ мемлекеттік университетінің ұлт аспаптары оркестрі Мәскеу қаласында КСРО-ның жаңа Конституциясын қабылдау ке­зінде, Кремльдің съездер са­райында Бүкілодақтық көр­кем­өнерпаздар фестивалі лау­реат­тарының қатысуымен өткен концерт беру құрметіне және съезд депутаттарының алдында қошеметке ие болды. Осы концертке қоғам қай­рат­кері Өзбекәлі Жәнібеков ба­с­тап барып, оркестрге Шамғон Қажығалиев, Алдаберген Мыр­­­­забеков, Батыр Әбді­қа­лықов, Рысбай Ғабдиевтер ди­ри­жерлік етті. Сол кездегі КСРО-ның білім және оқу ми­нистрі Қазақ мемлекеттік уни­верситетінің ректоры Ө.Жол­дас­бековке арнайы Алғыс хат жолдады. Концерт соңында Қа­зақстан Компартиясының бі­рінші секретары Дінмұхамед Қо­наев оркестр ұжымына рақ­метін айтып, шығарма­шылық табыс тіледі. Мәскеуден орал­ған­нан кейін ректор Ө.Жол­дас­беков оркестр ұжымын қа­был­дап, шынайы тілегін білдірді. Студенттермен әр кездесуінде Өмірбек аға оркестр мүше­ле­рінің оқу барысын, әлеуметтік жағ­дайларын сұрап тұратын.

1978 жылы ұлт аспаптар ор­кестрі КСРО-ның Мәдениет министрлігі жанынан құрылған арнайы мемлекеттік комис­сия­ның шешімімен «Халық ас­пап­тары оркестрі» атағын қорғап шықты. Бұл жетістік оқу орын­дарының қара шаңырағы – Қа­зақ­тың мемлекеттік уни­вер­ситетінің абыройын асқақтата түсті. Өнерге, білімге, ғылымға тал­пынған студент жастарға жасаған қамқорлығы үшін сол кез­дегі ректорымыз Ө.Жол­дас­бековтің мәртебесі артты. Осылайша студент жастар қалаған мамандықтарын иге­ру­мен қатар, өнерге де бет бұрды. Университет қабыр­ға­сында ұйымдастырылған сан алуан үйірмелерге қатысып, таланттарын шыңдады.

Бұл «Халық аспаптары ор­кестрі» атағын Қазақ мем­ле­кет­тік университеті 1990 жылға дейін, яғни 12 жыл бойы сақ­тады. 1980 жылдан бастап ор­кестрге Жамағат Темірғалиев ағамыз жетекшілік етті. Жыл сайын факультет, жоғары оқу орын­дары арасында сайыстар, «Сту­денттік көктем» фес­ти­валь­­дері ұйымдастырылып тұр­­ды. Қазақ университетінің ха­­лық аспаптар оркестрі В.И.Ленин атындағы Респуб­ли­калық сарайда үкіметтік концерттерде Құрманғазы атын­­дағы халық аспаптар ор­кестрімен, атақты ән­ші­ле­рі­міз Бибігүл Төлегенова, Роза Бағ­ланова, Әлібек Дінішев, Нұр­ға­ли Нүсіпжановпен бірігіп өнер көр­­сетті. Халық аспаптар ор­кес­­трінің репертуарында Чай­ков­ский, Моцарт, Глинка, Штраус, Брамс, Құрманғазы, Ди­на, Түркеш, А.Жұбанов, Дәу­лет­керей, Тастанов, Қазанғап, Тәт­тімбет, Сүгір, С.Мұха­мет­жанов, Н.Тілендиев т.б. күй­ші­лердің шығармаларымен қа­тар, классикалық және халық ән­дері болды.

1979 жылы Қазақ универ­си­тетінің халық аспаптары ор­кес­трі КСРО-ның Мәдениет ми­нис­трлігі мен Кәсіподақ ко­­­ми­тетінің жоспарлауымен Вен­­грия Халық Респуб­ли­касында, 1980 жылы Тәжікстан ас­танасы Душанбе, Күляб қа­лаларында, Нүрек ГЭС-і жұ­мыс­­шыларының алдында өз өнерлерін көрсетті. 1982 жылы КСРО-ның әлеуметтік қамта­ма­сыз ету министрі Д.Аб­дра­хи­мованың жетекшілігімен Бол­гария Халық Респуб­ли­ка­сына барды, 1985 жылы Қазан қаласында өткен фестивальдің лауреаты атанып, үлкен жетіс­тік­терге жетті. Осылайша ор­кестр кеңес заманында Қазақ университетінің ректоры Өмір­бек Арысланұлының қамқор­лы­ғының арқасында қазақ халқының өнерін, мәдениеті мен салт-дәстүрлерін КСРО-ның одақтас республи­кала­ры­нан басқа, Батыс Еуропа ха­лық­тарына жеткізуіне өз үлес­терін қосты.

Қазақ университетінің ха­лық аспаптары оркестрінің ал­ғаш­қы ұйымдастырушылары қа­зір еліміздің түкпір-түк­пірін­де әр салада еңбек етіп келеді. Айта кетсек, Ж.Бекентұров – Қазақтың мемлекеттік Құрман­ға­зы атындағы академиялық халық аспаптары оркестрінің дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ж.Темір­ға­лиев – ұстаз, Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері, А.Ша­рықбаев ҚР Білім ми­нис­тр­лігінде бөлім бастығы қыз­метінде болып, қазір құрметті де­малыста, Қ.Мұсаев, Ж.Жұ­ба­тов, Қ.Арынов, А.Белеков, С.Жет­пісбаев, М.Рамазанова, С.Бекмолдин, А.Сәрсенбинов, Д.Тас­танов, Р.Жалмұрзина, Г.Са­парханова, А.Нүсіпова – ғы­лым жолында, А.Алдияров – сот, Б.Тәшенов – жеке кәсіп­кер. Ал оркестрдің алғашқы мүшелері өз мамандық­та­ры­мен қызмет атқарып, бүгінгі таңда құрметті демалысқа шық­ты, зейнеткер. Оркестрдің бі­раз мүшелерінің уақыты ке­ліп, бұл дүниеден өтті.

 Қоғам қайраткері, академик Ө.Жолдасбековтің туғанына 80 жыл толуына орай, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситетінің ұйым­дас­ты­руы­мен өткен іс-шара кезінде уни­верситеттің халық аспаптары оркестрінің алғашқы мүшелері жиналып, ардақты ұста­зы­мыз­ды еске алу құрметіне оның сүйіп тыңдайтын күйлерін орын­дау біздің той шашуымыз болды.

Ендігі алға қойған мақ­са­тымыз Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдық мерейтойында «Алатау» оркестрінің алғашқы мү­шелерінің ұйымдас­ыруымен кон­церттік бағдарлама ұсын­сақ деген ойымыз бар.

Қазақ ұлттық университетінің халық аспаптары оркестрінің алғашқы мүшелерінің атынан

Айша БЕГАЛИЕВА,

Бауыржан РАХИМОВ