КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті физик-ғалым Бэла Ахметова
көзі тірі болғанда 85 жасқа толар еді
Атақты физик-ғалым Бэла Ахметованың аяулы есімі, жарқын бейнесі ел есінде. Мүйізі қарағайдай қазақтың оқымысты қызын кім білмейді?! Өзі көрнекті ғалым әрі анау-мынау кісінің тісі батпайтын физик болса, оның үстіне осы салада ашқан жаңалығы үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығын алса, біздің қоғам ондай адамды қалайша ұмытады?! Бар ғұмырын ғылымға арнаған адамды ардақтап, қадірлемегенде, кімді құрметтейміз?!
Рас, табиғаты таза, шынайы, нағыз ғалым өз ісімен, өзінің жақсы көрген шаруасымен айналысады. Сондықтан болар, ғылымнан алыс адамдардың кейбірі аса дарынды, елге еңбегі сіңген ғалымдарды біле бермейді. Түсін түстеп, тани алмайды. Ал, негізінде, «қағаз кемірген» ғалымдардың ерен еңбегі, маңдай тері өлшеусіз. Өйткені ғылымсыз қоғам алға жылжымайды, дамымайды. Былайша айтқанда, ғылым – қоғамның қозғаушы күші. Мұны түсінген мемлекет білім мен ғылымға ерекше көңіл бөліп, демейді.
Бүгін біздің әңгімемізге арқау болып отырған бірегей ғалым Бэла Ғабдолғалиқызы 1938 жылы Алматыда дүниеге келген. 1956 жылы №40 орта мектепті үздік аяқтаған соң, ҚазМУ-дың физика-математика факультетінің «Физика» мамандығына оқуға түседі. Жоғары оқу орнын 1961 жылы бітіріп, М.Ломоносов атындағы атағы айдай әлемге аян Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасына қабылданады. 1964 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінің Ядролық физика институтының ғылыми қызметкері болады. Мәскеудегі жылдар жас ғалым үшін үлкен ізденіс, үздіксіз білім-ілім жинаумен өтеді. Соның нәтижесінде сол кездегі орталықтан физика-математика ғылымдарының кандидаты деген ғылыми атақ алып, бір кездері өзінің ұшқан ұясына – қара шаңырақ ҚазҰУ-ына қайта оралады. Бірде Бэла Ғабдолғалиқызынан сұхбат алған тілші «Физиканы қалауыңыздың себебі неде?» – деген сауал қойғанда, зерделі ғалым: «Орта мектепте бізге физика пәнінен Александр Александрович деген ұстаз сабақ берді. Ол физиканы тамаша білетін, бойындағы білімін оқушы санасына құюға әсте бір жалықпайтын. Сондықтан болар, біздің сыныптың оқушылары зертханадан шықпайтын. Сол кезде-ақ менің қиялымда «физикалық құбылыстардың құпиясын ашсам» деген құштарлық болушы еді. Шамасы, ғылымның бұл саласын зерттеуіме бала кезден физика пәнін сүйіп оқуым ықпалын тигізген шығар», – деп жауап қайырған екен.
Шынында да, адамның тұла бойындағы ғылымға деген сүйіспеншілік пен бейімділік туа біткен, қанмен келетін қасиет шығар, әйтпесе өмірде жетістікке жетуің неғайбіл. Бэла Ахметованың әкесі Ғабдолғали, атасы Ахмет өз заманының білімді, оқымысты, бақуатты, озық ойлы зиялысы болған. Әкесі Ғабдолғали Алматыда музыкалық училищеде басшылық қызмет атқарған, оқытушы, шәкірт тәрбиелеген ардақты ұстаз. Ал көне көз қариялардың айтуына қарағанда, атасы Ахметтің даңқы әрісі Омбы, берісі Торғай, Павлодар, Қарағандыға жеткен, көзі ашық, көкірегі ояу жанашыр азамат болған. Ол кісі табын-табын асылтұқымды жылқы ұстапты. Соның бәрін ашкөз қызыл империя құртқан. Кейін Алматыға бас сауғалап келгенде, қалған аз-маз жылқыны әскерге пайдаланыпты. Міне, осындай текті тұқымнан тараған Бэладай бір дәнек балалығынан оқу-білімге құштар болған. Сол құштарлық оны ғылымның даңғыл жолына жетелеп алып келеді.
Бэла Ғабдолғалиқызының жұлдызы жарқыраған жыл ғалымның 1972 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығымен марапатталуы еді. Бэла Ғабдолғалиқызы – қазақ қыздарының арасынан осынау сыйлықты кеудесіне таққан тұңғыш физик-ғалым. Ол кісі мұндай марапатқа қалай ие болды? Ендігі әңгіме аз-кем осы жөнінде өрбісін. 1970 жылдың қаңтар айында Мәскеуде, МГУ профессоры, физика-математика ғылымдарының докторы А.Ф.Тулиновтың ғылыми жетекшілігімен «Протонографияның кейбір мәселелерін зерттеу» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап, физика-математика ғылымдарының кандидаты деген дәреже алады. Ядролық физика дегеніңіз – аса күрделі, қатпарлы, ұңғыл-шыңғылы тым терең сала. Бэла Ғабдолғалиқызының бойынан ғылымға деген зор құлшынысты байқаған ғалым-ұстаз А.Ф.Тулинов өзінің көптен бері зерттеп жүрген жобасына қарапайым қазақтың қызын қосады. Анығында, бұл үлкен, беделді атақ монокристалдар үшін ядролық реакцияларда көлеңке эффектісінің ашылуы мен зерттелу еңбегіне сай берілген еді. Бұл тақырыпты жоба жетекшісі 1964-65 жылдардан бері індете зерттей бастапты. Құрамында үш аспирант, бірнеше лаборант болған команда ұзақ уақыт зертханалық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, тамаша ғылыми эксперименттер жасайды. Топ ғалымның тыңғылықты ізденісі, табанды тәжірибесі үлкен нәтиже береді.
Шынында да, Тулинов командасының зерттеуіне дейін зат құрылымын анықтайтын бірден-бір құбылыс толқын дифракциясы деп саналып келген. Бұл құбылыс монокристалдар арқылы гамма сәуле, электрон не нейтрондар өткенде байқалады екен. Зат атомдарының реттелуіне тек дифракция ғана емес, басқа да құбылыстардың әсері болатынын А.Ф.Тулинов дәлелдеген. Осындай құбылыстардың бірі – монокристалдар арқылы зарядталған бөлшектердің өту кезінде пайда болатын көлеңке эффектісінің мәнісі белгілі бір процесс кезінде кристалдың тор түйінінен бөлініп шыққан зарядты бөлшектердің жолында «тыйым салынған» бағыттар пайда болады. Ғалымдардың ашқан жаңалығы көлеңке эффектісінің көмегімен адам көзіне ілінбейтін шағын әлем – микродүниенің кейбір қасиеттері, ядролық реакцияның өту уақыты анықталады әрі қатты дене физикасына байланысты мәселелер зерттеледі. Міне, осындай өте ауқымды тақырыпты зерттеген ғалымдардың еңбегі, маңдай тері бағаланып, кеңес дәуіріндегі ең атақты сыйлықтың берілуі жобаның жүгін арқалап тұр. Қазақтың ғалым қызы Бэла Ахметованың осындай аса күрделі, сан қатпарлы ғылыми жобаны зерттеуі екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерлік десек, артық айтқандық емес. Академик Зейнолла Қабдоловтың өзі Бэла Ғабдолғалиқызын «Біздің лауреат келініміз» деп бағалап, «Айналайын, ақ Бэла, лауреат десе – лауреат! Анау-мынау емес, әркімнің тісі бата бермейтін ядролық физика саласынан 1972 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығын алып, айды аспанға бір шығарды», – деп жазады өзінің естелігінде.
Әрине, ғылымның даңғыл жолына түсу, оны дамыту, өзіңді дәлелдеу, ашқан жаңалығыңмен дүйім жұртты мойындату оңай шаруа емес. Айтуға ғана оңай шығар. Бір қолыңда қаламың, бір қолыңда қазаның, етегіңде бөбегің, сөйте жүріп, жеңіл-желпі сала емес, ядролық физикада зор табысқа кенелу – Құдайдың сүйген құлына бұйыратын бақ шығар. Әрине, Бэла Ғабдолғалиқызының өмірлік серігі, екі баланың әкесі, айтулы ғалым Өтеғали Шәденовтің қолдау-қамқорлығынсыз, бәлкім, мұндай дәреже бұйырар ма еді, бұйырмас па еді. Сондықтан бұл жерде экономика ғылымының докторы, профессор, ҚазҰУ-дың ұлағатты ұстазы Өтеғали Шәденовтің ерен еңбегін атап өтпеске болмайды.
Кезінде атағы жер жарып, Мәскеуде оқып, кандидаттық диссертациясын қорғап жұлдызы жарқыраған Бэла Ғабдолғалиқызы сол жақта қалып қойса да ешкім ештеңе демесі анық еді ғой. Жоқ, бойына ана сүтімен дарыған елі мен жеріне деген перзенттік сүйіспеншілік, Отанға деген құрмет көрнекті ғалымды ару Алматыға алып келді. Бір кездері өзінің түлеп ұшқан алтын ұя – ордасына қондырды. Бұл туған топырағын сүйген нағыз патриот, рухы да, руханияты да мықты адамның игі ісі еді. Бүгінгі ұрпаққа, еліміздің келешек тұтқасына ие болатын жастарға үлгі-өнеге. Бэла Ахметова қара шаңырақ оқу ордасына табаны тигеннен әрі оқытушылық қызметпен, әрі ғылымның қара қазанында қайнап, мыңдаған студентке сапалы білім, саналы тәрбие берді.
Қаншама ғылыми еңбек жазды. Мың сан жобаға жетекшілік жасап, шәкірттерін ғылымның даңғыл жолына салды. Әрине, Бэла Ғабдолғалиқызының білім мен ғылым саласына сіңірген адал еңбегі мемлекет тарапынан шама-шарқынша елеп-ескерілді. 1975-77 жж. Алматы қаласы Совет аудандық кеңесінің депутаты болды. 1973 жылы «Социалистік жарыс жеңімпазы» төсбелгісімен, 1985 жылы «Білім» қоғамының төсбелгісімен марапатталған. 2006 жылы Халықаралық ақпараттандыру академиясының толық мүшесі атанады. 2009 жылы 6 маусымда, өкінішке қарай, қазақтың көрнекті физик ғалымы Бэла Ахметова өмірден озды.
Профессор Бэла Ғабдолғалиқызының өмір жолына қарап отырып, қазақ ғылымына осыншама үлкен үлес қосқан зерделі ғалымға тәуелсіз Қазақстанның бірде-бір марапаты бұйырмағаны мені таңғалдырды. Осыдан он жыл бұрын, 2013 жылдың 22 қарашасында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың физика-техникалық факультетінде КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, профессор Ахметова Бэла Ғабдолғалиқызы атындағы аудитория ашылды. Осы жерде айта кететін тағы бір мәселе, 2018 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұжымы, Алматы қаласы Бостандық аудандық әкімшілігі мен осы ауданның ардагерлер кеңесі және жалпы білім беретін №63 орта мектеп ұжымы осы мектепке отандық ғылымның дамуына қосқан зор үлесі үшін әрі кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде есімін беру туралы Алматы қаласы әкімінің атына ұсыныс хат жолдаған еді. Осы ұсыныс ковид кесірінен, одан кейінгі қайғылы қаңтар оқиғасы салдарынан кейінге ысырылып қалды. Осы мәселені енді бірегей ғалым Бэла Ахметованың туғанына 85 жыл толған мерейтойы қарсаңында қайтадан қарап, №63 мектепке есімін беру мәселесін күн тәртібіне шығару керек. Сонда көрнекті ғалымның қазақ ғылымының дамуына қосқан өлшеусіз еңбегі еленіп, есімі ел есінде қалары анық. Ұлттық ғылымның «отымен кіріп, күлімен шыққан» Бэла Ахметовадай бірегей ғалымның есімін №63 мектепке беру қазақ ғылымына көрсетілген құрмет деп түсінеміз.
Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ