17 ҚАРАША – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СТУДЕНТТЕР КҮНІ
Құрметті ҚазҰУ студенттері, білім алушы жастар!
Сіздерді 17 қараша – Халықаралық студенттер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға арнаған үндеуінде: «Бүгінгі жастар – Қазақстанның келбеті. Біздің қандай ел боларымыз өскелең ұрпаққа байланысты. Сондықтан жастарымыз отаншыл, білімпаз, еңбекқор, үнемшіл, әділ әрі жанашыр болуы қажет», – деп атап өтті.
Біздің мақсатымыз – жаңа Қазақстанды қалыптастыратын, әр салада бәсекеге қабілетті білікті маман даярлау.
Бүгінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ зерттеу университеті ретінде халықаралық байланыстарын кеңейтіп, ғылымды дамытуға басымдық беруде.
Университетте 27 мың білім алушы бар, оның 3000-ға жуығы әлемнің 50 елінен келген студенттер.
Ағымдағы оқу жылында ҚазҰУ-ға 10 719 талапкер қабылданды. Бұл – білім ордасы тарихында бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш.
Университетте 625 білім беру бағдарламасы бекітілген.
Оның ішінде 120 мамандық бойынша Еуропа, АҚШ, Оңтүстік-Шығыс Азия, Ресей университеттерімен қос диплом бағдарламасы жүзеге асырылады.
ҚазҰУ ғалымдары жақында бағдарламалық нысаналы қаржыландыру байқауында 3,8 млрд. теңгенің мегагрантын ұтып алды. Ауқымды жоба Батыс Қазақстан өңірінің тұрақты экологиялық-әлеуметтік-экономикалық дамуы мен су ресурстарын ұтымды пайдалануға арналған маңызды міндеттерді шешуге бағытталған.
Жалпы қазіргі сәтте университетте жалпы құны 8,1 млрд.теңге болатын 400 ғылыми жоба іске асырылуда.
Биыл ҚазҰУ жанынан Ми институты құрылды. Елімізде алғаш рет аталған нейроғылым орталығында миға іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізілетін болады.
Қазақстан Президентінің мамыр айындағы Қытай Халық Республикасына ресми сапары аясында ҚазҰУ-да Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің филиалын ашу жөнінде келісімге қол қойылды. Нәтижесінде 12 қазан күні университет базасында Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің филиалы өз жұмысын бастады.
Сондай-ақ «Бір белдеу – бір жол» бастамасының 10 жылдығына орай Қытай-Орталық Азия жоғары оқу орындарының ынтымақтастық форумы өтті.
ҚазҰУ 130 миллион теңгеден астам қаржыға БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын іске асыруға бағытталған (ТДМ) сапалы білім – (4 ТДМ), гендерлік теңдік (ТДМ-5) көрсеткіші бойынша ЮНИСЕФ білім беру бағдарламасын сәтті жүзеге асырды.
Осы бағдарлама аясында Орталық Азияның үш елінен 200-ден астам қыз наноспутниктерді дамыту курстарынан өтті. 2000-нан астам қатысушы онлайн курстарға қатысты.
Сондай-ақ ҚазҰУ-дың 6 білім беру наноспутниктері атмосфераның жоғарғы қабатына ұшырылды.
2024-2027 жыл аралығында ҚазҰУ құрылысының ІІ кезеңі іске асырылады. Қалашықта 8 оқу корпусы, технопарк және 12 жатақхана салу жоспарлануда.
2024 жылы 3 180 орындық 3 жатақхана құрылысы басталады.
Қазіргі сәтте ҚазҰУ жанынан өнеркәсіптік робототехника және роботтандыру саласындағы инженерлік шешімдер орталығы салынуда. Жоба Tech Garden «Инновациялық технологиялар паркі» автономды кластерлік қорымен бірлесіп қолға алынады.
Инженерлік шешімдер орталығын Орта Азиядағы бірінші Индустрия 4.0 модельдік фабрикасы ретінде қарастыруға болады.
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және Дүниежүзілік банктің «Өнімді инновацияларды ынталандыру» гранттық бағдарламасы негізінде қаржыландырылады.
Бұған қоса, ҚазҰУ-да суперкомпьютермен қамтамасыз ету жөніндегі үкіметаралық жоба жүзеге асырылады. Қазір ҚХР-да тендер өтуде, жеңімпаз компания суперкомпьютерді жеткізумен айналысады. ҚазҰУ оларды орнату үшін инфрақұрылым дайындап отыр.
Қазіргі сәтте ҚазҰУ жанынан өнеркәсіптік робототехника және роботтандыру саласындағы инженерлік шешімдер орталығы салынуда.
Осы игіліктердің барлығы сіздердің алаңсыз білім алып, ғылыммен айналысуларыңызға бағытталған.
Біздің алдымызда білім сапасын жақсарту, еліміздің дамуына ғылымның қосатын үлесін арттыру және университет қалашығын жаңғырту жөнінде нақты міндеттер тұр.
Келесі жылы университетіміздің құрылғанына 90 жыл толады.
Мерейлі белесті бірге бағындырып, алдағы мақсаттарға бірге жете берейік.
Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, білім, ғылым жолында үлкен табыстар тілеймін!
Әл-Фараби атындағы
Қазақ ұлттық университетінің
Төрағасы – Ректор Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ