«Заманауи баспа ісі: проблемалары және болашағы» атты дөңгелек үстел өтті
16.11.2023 күні әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, журналистика факультетінде, Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен, «Баспагерлік, редакторлық және дизайнерлік өнер» кафедрасының ұйымдастыруымен «Оқырман ұлт» жобасының аясында «Заманауи баспа ісі: проблемалары және болашағы» атты дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстелдің мақсаты:
— Баспа саласындағы мәселелерді талқылау;
— Баспа саласының нарықты даму бағытына баға беру;
— Білікті маман даярлау.
Дөңгелек үстелде, ҚР Кітап палатасының директоры, Баспагерлер, полиграфистер және кітап таратушылар ассоциациясының президенті Ә. Қойтанов, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, журналистика факультетінің деканы Т.Көпбаев, Баспагерлік, редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының меңгерушісі А.Рамазан, «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Б.Құдияр, «Аннұр сапа» баспасының директоры Е.Әбдіраман, «Қазына» баспасының негізін қалаушы А.Шайкен, баспагерлік, редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының профессорлары Қ.Мұқатайқызы, «Асаба» баспасының директоры Д.Смаил, «Арман-ПВ» баспасы директорының орынбасары Қ.Қараева, «Мазмұндама» баспасының редакторы Х.Зияданқызы, баспагер, маркетолог М.Кесебаев, «Amal books» баспасының редакторы М.Салық, «Steppe and world» баспасының редакторы С.Бекжан және журналистика факультетінің оқытушы профессорлар құрамы қатысып, баспа ісіндегі өзекті мәселелерді талқылады. Солардың ішінде, ҚР Ұлттық Кітап палатасының директоры Ә. Қойтанов «Аманат» партиясымен бірлесе отырып, облыстарға оннан аса кітап дүкендерінің ашылғандығын, сонымен қатар жоспарда одан да көп кітап дүкендерінің ашылатынын айтып, көпшілікті қуантты. «Kitapal» клубының негізін қалаушы, маркетолог Мирас Кесебаевтың бастамасымен «Ауылға кітап» жобасының қолға алынып, еліміздің алыс аймақтарына 5500 кітап таратылғаны айтылды. Осы орайда, Баспагерлік редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының профессоры Қ.Мұқатайқызы «Кітап әлеуметі» деген ұйым ашуды ұсынып отыр. Расыменде, кітапты топырлатып шығармас бұрын, оқитын оқырманның ойымен санасуды үйреніп, оқырман сұранысын қанағаттандыратын дүние шығаруымыз керек. Әлемнің қай жерінде болмасын, кітап оқу сәннен қалған емес, ұлттық мәдениетіміз бен руханиятымызды ілгері дамыту үшін, қазақ кітабының атқаратын рөлі зор екені белгілі. Бұл жиын, баспа ісіндегі шешімін таппай жүрген көптеген мәселелерді көтеріп, оның жауабын табуға арналған ұсыныстарды қарастырды. Саналы да салиқалы ұрпақ тәрбиелеп отырған Қазақ ұлттық университетінде, осындай бас қосулар әлі де жалғасын табады деген сенімдеміз.
Баспагерлік, редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының
аға оқытушысы Ақмөлдір Тілепберген