Ғалым, педагог және халықаралық сарапшы

20 қараша, 2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті гео­графия және табиғатты пайдалану факультетінің Гео­гра­фия, жерге орналастыру және кадастр кафедрасының профессоры, география ғылымының докторы Шерипжан Надыров 75 жасқа толды. 

Шерипжан Марупұлы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының жаратылыстану-география фа­культетін 1971 жылы «Гео­гра­фия-биология» мамандығы бойынша өте жақсы деген үлгеріммен бітіріп шығады. 1971-85 жылдар аралығында Қазақ КСР Ғылым акаде­мия­сының география секторында кіші ғылыми қызметкер ата­нып, осы уақыттарда ол «Шы­ғыс Қазақстанның өн­дір­гіш күш­тері» тақы­ры­бын­дағы ғы­лыми-зерттеу жұмыстарымен ай­на­лысты. «Ертіс-Қарағанды ка­­налының құрылысындағы әлеуметтік-экономикалық жағ­дай» және «Қазақстан мен Орта Азиядағы Сібір өзендері салалары бөліктерінің әлеу­мет­тік-экономикалық мәсе­ле­лері» тақырыбында жұмыс істей отырып, 1977-80 жыл­да­ры осы академияның Гео­гра­фия институтында аспиран­ту­ра­ны аяқтайды. 1981 жылы Жданов атындағы Ленинград мемлекеттік университетінің арнайы кеңесінде «Кенді Алтай аумақтық-өндірістік кешенінің экономикалық-географиялық мәселелерінің қалыптасуы мен дамуы» тақырыбында канди­дат­тық диссертациясын сәтті қорғады.

1985 жылы Шерипжан Ма­руп­ұлы Абай атындағы ҚазПИ-де жаратылыстану-география факультетінің Экономикалық география кафедрасына аға оқытушылыққа конкурс бо­йын­ша қызметке алынды. 1989 жылы ҚР ҰҒА Шығыстану инс­ти­тутында аға ғылыми қыз­мет­кер болып еңбек етті. 1990-91 жылдары Үрімшідегі ҚХР Ғы­лым академиясының Синьцзян география институтында ғы­лы­ми тәжірибеден өтеді. Ол жер­де қытай тілін үйренумен қатар, қытай ғалымдарымен бірлесіп Қазақстан мен КХР-дың аймақтық мәселелерін зерт­теумен айналысты. Үз­дік­сіз ғылыми еңбегінің нә­ти­жесінде Ш.Надыров 1995 жылы Әзірбайжан Республикасы Ғы­лым академиясы жа­нын­да­ғы Гео­графия институтының ар­найы кеңесінде «ҚР және ҚХР-дағы ШҰАР халық ша­руа­шы­лығындағы аумақтық құ­ры­лымдардың өзгеруіндегі экономикалық-географиялық мәселелер мен интеграциялық үдерістердің дамуы» тақы­ры­бында докторлық дис­сер­та­ция­сын қорғады.

Шығыстану институтында бір­неше жыл бойы эконо­ми­калық және саяси қатынастар бөлімін басқарып, дирек­тор­дың орынбасары қызметінде болды. Геосаясат пен ха­лық­ара­лық қатынастар мәселелері бойынша ғылыми зерттеулер жүргізді.

1998-2000 жылдары ҚР Пре­зи­дентінің жанындағы Қазақ­стан стратегиялық зерттеулер институтында экономикалық қауіпсіздік бөлімін басқарды. Осы уақыттарда Ш.Нады­ров­тың басқаруымен ҚХР-мен бай­ланысты дамытуда серия­лық аналитикалық тізім дайын­дал­ды. Сонымен қатар бірлесіп дайындалған ғылыми жұмыс­тар­да трансшекаралық өзен­дер­дегі (мысалы, Сырдария өзені) су-энергетикалық ре­сурс­тарды пайдалану, Қа­зақ­стан Республикасының ішкі эк­о­номикалық саяси концеп­ция­сын құру және қолдану мәселесімен айналысты.

Ш.Надыровтың ғылыми зерт­теу жұмысының аумағын басты үш бағытқа бөлуге бо­лады:

Бірінші бағыт: теориялық мә­селелерде аумақты кеңіс­тіктік ұйымдастыру, өндірістік-аумақтық даму интеграция типі және экономикада аумақ­тық тиімділікті көтеруді ұйым­дас­тыру.

Екінші бағыт: ҚР аума­ғын­дағы экологиялық-эконо­ми­ка­лық мәселелерді шешу.

Үшінші бағыт: Геосаясат, ха­лықаралық қатынастар және аумақтық мәселелерді кеңістік тұрғысынан дамыту.

Көрнекті ғалым осы бағыт­тар бойынша халықаралық кон­грестерде, конфе­рен­ция­лар­да, семинарларда баян­да­малар жасады. Жарық көрген 250-ден аса ғылыми мақа­ла­лары мен 10 монографиясы, ЖОО-ға ар­нал­ған «Дүние­жү­зінің эконо­ми­ка­лық, әлеуметтік және саяси гео­графиясы» атты қа­зақ ті­лінде 1-бөлім, 10-сы­ныпқа ар­нал­ған «Дүниежүзінің эко­но­ми­калық және әлеуметтік гео­графиясы» атты (орыс тілінде) еңбегі кең таралған жә­не орнымен пайдала­ны­луда. Қазақ, орыс, ағылшын, фран­цуз, қытай және т.б. тіл­дерде көптеген мақа­лалары АҚШ, Үн­дістан, Франция, Қы­тай, Түр­кия, Ресей, Украина, Өзбек­стан, Түрікменстан, Қыр­­­ғыз­стан, Әзірбайжан ел­дерінде жарық көрген.

Шерипжан Марупұлының келесі ғылыми-педагогикалық қызметі Қазақ ұлттық универ­си­тетінде география факуль­те­тінің Экономикалық және әле­уметтік гео­графия ка­фе­дра­­сымен бай­­ланысты. Бұл жерде 1997 жыл­дан бері сабақ бере оты­рып, аға оқытушы қызметінен бастап, кафедра профессоры, Экономикалық және әлеу­мет­тік география кафе­дра­сы­ның мең­герушісі, гео­графия фа­куль­­тетінің де­ка­ны қыз­мет­терін атқарды.

Ш.Надыров дәрістер оқып, өнеркәсіптік тәжірибелерде жетекші әрі бакалаврлардың, магистранттар мен док­то­рант­тардың дипломдық жұмысына жетекшілік етеді. Оның жетек­ші­лік етуімен бір ғылым док­торы, 20 ғылым кандидаты, бір PhD докторы және 120-дан аса магистрант пен бакалаврлар диссертациялық жұмыстарын қорғады.

ҚазҰУ-да бірегей ғалым гео­­графия ғылымының докто­ры деңгейінде Диссертациялық кеңестің төрағасы қызметін де атқарды.

Ұлағатты ұстаз халықаралық жобалардың жетекшісі және орындаушысы, сонымен қатар бірнеше ғылыми гранттарды жеңіп алып жетекшілік жасады.

2007-08 жылдар аралы­ғын­да ҚазҰУ мен Экономикалық зерт­теу институтының бірлес­кен «ҚР халқының қоныстануы және аймақтық экономикалық даму потенциалын зерттеу» тақырыбындағы жобаның же­тек­шісі болды. Нәтижесінде бұл жобаның негізінде «Кеңіс­тік­те аймақты ұйымдастыру және 2030 жылға дейін ҚР хал­қының қоныстануы» (Ас­та­на-2008, 1000 бет) атты бірік­кен моно­гра­фиясының үш то­мы жарық көрді. Бұл еліміз үшін өте құнды еңбек болып табылады.

Ш.Надыров жақын және алыс шетелдердің аса көрнекті ғылыми және сарапшылар қауымдастықтарының құрмет­ті мүшесі.

Ғылыми, педагогикалық жә­не халықаралық сарапшы Ше­­рип­жан Марупұлының шә­кірт­те­рі еліміздің барлық об­­лыс­тарымен қатар, АҚШ, Германия, Ауғанстан, Чехия және Қытай елдерінде жемісті еңбек етуде. Бұл Шерипжан Марупұлының Қазақ елімен қатар, әлемдік ғылым мен бі­лімге қосқан өте үлкен еңбегі деп білеміз.               

География, жерге орналастыру және кадастр кафедрасының ұжымы атынан шәкіртіңіз, г.ғ.к.

Әлім МЫЛҚАЙДАРОВ