Ғылым көгіндегі тау тұлға

24 қараша, 2023

Қазақ ұлттық университетінің география және табиғатты пай­далану факультетін өткен ғасырдың 70-жылдарынан бе­рі бітірген түлектер арасында Амангелді Темірбеков есімін біл­мейтін жан жоқ шығар. Мәскеу мемлекеттік универ­си­тетінің аспирантурасын бітірген соң, география ғылымынан кан­дидаттық диссертациясын қорғап келіп, сол кездегі география факультетінің Экономикалық және әлеуметтік география кафедрасында бастаған ассистенттік қызметтен бүгінгі ҚазҰУ профессоры дәрежесіндегі жарты ғасырлық еңбек жолын жалғастырып келе жатқан ғалым-ұстаз биыл мерейлі 80 жасқа толып отыр. 

Осы жылдарда факультеттің, кафедраның өркендеп өсуіне Амангелді Тәжіұлының қосқан үлесі өлшеусіз. Факультеттегі бі­лім, ғылым және тәрбие са­ла­­сын­да жасаған еңбектерінің нә­тижелері бүгінде тек мақ­та­нышқа лайық. Атап айтар бол­сақ, университет Қазақ мем­ле­кет­тік болып аталғанымен, 1990 жылға дейін факультеттегі барлық мамандықтар бойынша мамандар даярлау тек ресми орыс тілінде ғана жүзеге аса­тын. Бұл орны толмай тұрған олқылық еді. Сол кезде декан орынбасары қызметінде жүріп, алғаш рет факультетте қазақ топтарын ашу жөнінде батыл бастама көтерген Амангелді Тәжіұлы болатын. Әрине, әріп­тес­тері тарапынан бұл ұсыны­сы көптеген сын-пікірге ұшы­ра­ды. Басты себеп – қазақ тілін­дегі оқулықтардың бол­ма­уы және қазақша дәріс оқитын профес­сор­лық-оқытушылар құра­мы­ның тапшылығы. Соған қара­мас­тан, «Көш жүре түзе­ле­ді» де­гендей, география ма­ман­­ды­ғы бойынша өзі қызмет ат­қарып жүрген Эконо­ми­калық және әлеуметтік география ка­фе­драсына География инс­ти­­ту­тынан, Ғылым акаде­мия­сы­нан, ғылыми-зерттеу инс­­титут­­тары­нан білгір қазақ­тіл­ді ғалым ма­мандарды шақырып, 1990 жы­лы алғаш рет қазақ тобының ашы­луына мұрындық болды.

Экономикалық және әлеу­мет­­тік география кафедра­сы­­ның меңгерушісі қызметін ат­қар­­­ған кезде Ғылыми ди­с­­сер­­тациялық кеңестер ашы­лып, қазақша кандидаттық дис­­сертациялар қорғалды. Сол диссертанттардың басым көпшілігіне Амангелді Тәжіұлы ғылыми жетекшілік етті. Уақыт өте келе, бұл игілікті істі басқа да кафедралар қолдап, жалпы факультетте мемлекеттік тілді қолданудың аясы кеңейе түсті. Мамандар даярлау талабына сай, біртіндеп студенттерге ар­налған қазақша оқулықтар шы­ға бастады. «ҚазҰУ хабар­шы­сы» ғылыми журналының «Гео­­­гра­фия» сериясында қазақ тілінде мақалалар жария­ла­нып, ғылыми конферен­ция­ларда қазақша баяндамалар жасала бастады. Амангелді Тә­жі­ұлы­ның 90-жылдары тіл жа­нашыры болып көтерген бұл бас­тамасы қазіргі күнде то­лыққанды өз жемісін бере оты­рып, факуль­тет­тің бүкіл іс­қа­ғаз­дары мем­ле­кеттік тілде жүр­гізілетін жағ­дайға жетті.

Бакалавр, магистрант, до­к­­то­ранттарға білім беруде Аман­­гелді Тәжіұлының ерекше өзін­дік әдістемесі бар. Оқу бағ­дар­ламалары арасында не­гізінен «Дүниежүзінің эко­но­ми­калық және әлеуметтік гео­­гра­фиясы», «Ауыл шаруа­шы­­лығы географиясы» т.б. пән­­дер­ден дәріс оқу ба­ры­сын­да үнемі жаңа материалдарды пай­даланып қана қоймай, олар­­­ға терең талдаулар жа­сай­­ды және кез келген сала­да­ғы үрдістердің себеп-сал­да­ры­ның мәнісін географиялық тұрғы­дан ашып көрсете біледі. Кез келген мәселеге әлемде қазіргі күнде қалыптасып отыр­ған экономикалық, әлеу­мет­тік, геосаяси жағдайға бай­ланысты баға бере отырып, ал­дағы уа­қытта сол үрдістің қа­лай өрби­ті­ніне болжам жа­сайды. Әсі­ре­се әлемдегі бо­лып жатқан гео­саяси мәсел­е­лер­ге өзінің ұзақ жылғы жүр­гіз­ген ғылыми тәжірибесіне сүйеніп жан-жақ­ты сараптама жасай оты­рып, көрегендікпен шешімін дәл тауып айтады. Про­фес­сор­дың әр дәрісі өте қызықты өтетін­дік­тен, сабақ­тан бос оқыту­шы­лар да дә­рі­сіне қатысып, ерек­ше ше­бер­лігіне тәнті болады.

Ғылыми-зерттеу жұмыстары саласында да Амангелді Тәжі­ұлы­ның ауыз толтырып ай­татын еңбектері көп. Оның н­е­гізгі ғы­лыми зерттеу бағыты: ауыл ша­руа­шылығы гео­гра­фия­сы. Уни­вер­ситет, фа­куль­тет де­ң­гейін­де, одан басқа халық­ара­лық ғылыми-әдісте­ме­лік кон­фе­ренцияларға жиі қа­тысып, баяндамалар жа­сай­ды. АҚШ, Түркия, Ресей, Өз­бекстан, Қыр­ғызстан және т.б. елдерде өткен халықаралық ғылыми конференцияларда жа­саған баян­дамалары негі­зін­дегі ма­қа­лалары халық­ара­лық ғылы­ми Scopus жур­нал­дарында жа­рық көруде.

Сексеннің сеңгіріне шыққан География, жерге орналастыру және кадастр кафедрасының таудай тұлғасы Амангелді Тәжі­ұлына мерейтойыңыз құт­ты болсын, өнегелі өміріңізбен біз­ге үлгі болып жүре беріңіз деген тілек айтамыз. 

География, жерге орналастыру және кадастр кафедрасының ұжымы атынан шәкіртіңіз

Орал ҒАБДОЛЛА,

 аға оқытушы